УАҚЫТША ТІРКЕУ
Ақтөбедегі автоЦОН (мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жұрт арасында осылай аталады) шетелден алған көліктерді уақытша тіркеудің жай-жапсарын білгісі келетіндерге толы. Бірақ ақпан басталғалы бірде-бір ақтөбелік Еуразия экономика одағы (ЕАЭО) елдерінен әкелген көлігін тіркетпеген. Мұнда келген жұрт уақытша тіркеудің жай-жапсарын біліп кетіп жатыр. Жергілікті биліктің дерегінше, шетелден әкелінген көліктердің көбі ескі, уақытша тіркеуге жарамсыз.
Биыл Қазақстан билігі елде қырғызстандық, армениялық, ресейлік нөмірмен жүрген көліктерді тұрақты тіркеуге міндеттеген. ЕАЭО-ға мүше елдерден көлік әкелгендер тұрақты тіркеудің тым қымбат екенін айтып, наразылық білдірген. Осыдан соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден әкелінген көліктерді 2021 жылдың наурызына дейін уақытша тіркеуге мүмкіндік берген. Бірақ осы уақыт ішінде шетелдік автомобиль иесі көлігін бәрібір тұрақты тіркеуге қоюы тиіс.
"КӨЛІГІМ СТАНДАРТҚА САЙ ЕМЕС"
АвтоЦОН-ға көлікті уақытша тіркеу жайлы білуге келгендердің бірі – Ақтөбе тұрғыны Эдгард Иванов. Ол зауыттан 2004 жылы шыққан Toyota Alphard көлігін Арменияда үш миллион теңгеге сатып алған. Отыз жылдан астам көлік жүргізіп келе жатқан заңгер 2019 жылы қыркүйек айында, Армениядан көлік әкелмес бұрын, автоЦОН-ға келіп кеңес алып кеткенін айтады. Сөзінше, сол кезде ешкім шектеу қоймаған. Биыл ақпанның 4-і күні Ақтөбедегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына тағы келген Иванов шетелдік нөмірі бар көлігін уақытша тіркете алмайтынын білді. Себебі оның көлігі Еуро-4 я Еуро-5 стандартына сай келмейді.
- Зауыттан шыққалы небары 122 мың шақырым жол жүрген көлігім Еуро-4 стандартына сай емес болып шықты. Демек, бұған сары нөмір таға алмаймын, яғни уақытша тіркеуге қоя алмаймын. Уақытша тіркеу акциясы кім үшін, не үшін өткізіліп жатқаны белгісіз. Өйткені Қазақстанға Еуразия экономика одағы елдерінен әкелінген көліктің 80-90 пайызы ескі. Мемлекет "көлігің стандартқа сай болсын" дейді. Бірақ Қазақстанда, басқаны айтпағанда, сол Еуро-5 стандартына сай бензин де сатылмайды ғой, - дейді Эдгард Иванов.
Қазақстанда шетелден әкелінген көліктерді уақытша тіркеу үшін автомашина Еуро-4, Еуро-5 стандартына (2005 жылдан кейін шыққан көліктер) сай келуі тиіс. Еуростандарт сертификатының құны – 250 мың теңге. Бұдан бөлек, уақытша тіркеу үшін бастапқы алымды да төлеу қажет. Ал бастапқы алым, Салық кодексіне сай, көліктің зауыттан шыққан уақытына байланысты төленеді. Екі жыл болған көлікті бастапқы тіркеу үшін 0,25 айлық есептік көрсеткіш (662,75 теңге), 3 жыл болған көлікке – 50 АЕК (132 550 теңге), 3 жылдан асқан көлік үшін 500 АЕК (1 325 500 теңге) көлемінде төлем белгіленген.
АвтоЦОН-ға келген қала тұрғыны Дастан Құлдановтың да зауыттан 2005 жылы шыққан, шетелден әкелінген Nissan X-Trail жеңіл автокөлігі уақытша тіркеудің техникалық регламент талаптарына сай емес болып шыққан. Жас отбасы бұл көлікке жұмсалған екі миллион теңгені жылдар бойы жинағанын айтады.
- Техникалық регламент талабына сай болу үшін көлігіме фронтальды қауіпсіздік жастықшалары, күндіз анық көрінетін шамдар керек екен. Салонда SOS түймесінің болмауы да уақытша тіркеуге кедергі болып шықты. SOS түймесі жол апаты бола қалған жағдайда құтқарушыларға спутник арқылы хабар береді деседі. Қазақстанның өзге өңірлерін қайдам, Ақтөбеде SOS түймесінің сигналын қабылдай алатын орталық жоқ. Яғни, мемлекет алдымен "отауын сайламай, көсеуін сайлап" отыр, - дейді ол.
Бұл көлікті Қазақстанда да, Ресейде де сата алмаймын. Кеткен шығын ақталмайды.
Ақтөбелік Кирилл Титовтың 2007 жылы шыққан Lexus RX 350 маркалы автокөлігі Еуро-4 стандартына сай келеді. Бірақ ол көлігін тұрақты тіркеу екі есе шығын екенін айтады. Кирилл көлікті шеттен әкелу шығынын есептегенде 13 мың доллар (шамамен 4,9 млн теңге) жұмсапты. Өз есептеуінше, шеттен алған көлігін енді Қазақстанда тіркеуге қою үшін 24 мың доллар (шамамен 9 млн теңге) керек.
- Бұл көлікті Қазақстанда да, Ресейде де сата алмаймын. Кеткен шығын ақталмайды. Керісінше шығынға батамын. Сондықтан басқа бір шешімі болар деп үміттенуден және күтуден басқа амалым жоқ. Өйткені 24 мың доллар мен үшін тым көп, - дейді ол.
"КӨЛІКТІ ЕЛДЕН ШЫҒАРУДАН БАСҚА АМАЛ ЖОҚ"
АвтоЦОН-да полиция, кеден және салық қызметі өкілдері де отырды. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы процессинг орталығының мемлекеттік аға көлік инспекторы Данияр Сарқұловтың сөзінше, ақпанның 1-4 күндері аралығында 80 шақты тұрғын кеңес сұрап келген.
- Кеңес сұрағандардың 70 пайызының көлігі ескі. Еуро-5 стандартын айтпағанның өзінде, Еуро-4 стандартына да сай емес. Ескі көлікті уақытша тіркеуге тыйым салынған. Оны елден шығарудан басқа амал жоқ, - дейді инспектор.
Ал АвтоЦОН-да жүрген Ақтөбе қаласы мемлекеттік кіріс басқармасының маманы Қуаныш Спанов шетелден көлік алғандардың көбі бастапқы алымды да қымбатсынатынын айтады.
- Уақытша нөмір (сары түсті) бастапқы тіркеу алымын толық төлеген соң ғана беріледі. Азаматтар бастапқы тіркеу алымын қымбатсынып отыр. Өйткені көбінің көлігі ескі. Осы кезге дейін кеңес алғандар арасында зауыттан шыққанына екі жыл толмаған жаңа көлік алған ешкім болған жоқ. Ең жаңа деген көліктің өзі зауыттан 2015 жылы шыққан. 2015 жылғы шыққан көліктің бастапқы алымы да бір миллион теңгеден асады, - дейді ол.
Бастапқы тіркеу алымын бірден төлеп, уақытша нөмір алғандар утилизация алымы мен кедендік баж салығын 2021 жылғы наурыздың 1-іне дейін бөліп төлеуіне болады.
- Қазақстанда кедендік баж салығы көлік бағасының 16 пайызына тең. Ал Арменияда ол – 10 пайыз. ЕАЭО елдерінен көлік сатып әкелгендер Қазақстанда кедендік баж салығының 6 пайыз айырмасын ғана төлейді. Көлікті заңдастыру кезіндегі төлемдердің ең азы да осы кедендік баж салығы, – дейді Ақтөбе кеден бекетінің бас маманы Нұрлан Құдайбергенов.
ШЕТЕЛДІК КӨЛІКТІ ТІРКЕУ МӘСЕЛЕСІ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
Ішкі істер министрлігі биыл қаңтарда "Қазақстан аумағына кірген Армения, Қырғызстан мен Ресейдің тіркеу нөмірі бар көліктерді заңға сай тіркеу керегін" мәлімдеді. Министрлік шетелден көлік алғандарға бастапқы алымды, утилизация алымын және баж салығын төлеп, автомашиналарын тіркеуді ұсынды.
Үкімет шетелдік көлігін тіркегісі келмегендерге автомашинасын Қазақстаннан отыз күнге шығарып, кейін елге қайта кіргізуді немесе шетелден алған көлікті шетке қайта апарып сатуды ұсынады.
Бұл Армения, Қырғызстан мен Ресейден көлік алғандардың жаппай наразылығына түрткі болды. Қаңтар айының ортасынан бастап Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Орал, Петропавл және Семей қалаларында автожүргізушілер жиналып, көлікті тіркеудің шығыны тым көп екенін айтып, үкіметтен автомашиналарын жеңілдікпен әрі арзан жолмен тіркеуге мүмкіндік беруді талап етті. Олар тұрақты тіркеу құны көлік бағасынан асып кететінін айтып, тіркеуді жеңілдетуді талап етті. Билік Қазақстанда тіркелмеген шетелдік көліктер заң бұзса, жазадан құтылып кетеді деп санайды.
Жүргізушілер наразылығынан соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік нөмірі бар көліктерді 2021 жылдың наурызына дейін уақытша тіркеуге қоюды тапсырды. Уақытша тіркелген көліктерге сары түсті нөмір беріледі. Бірақ шетелден автомобиль әкелгендер 2021 жылдың наурызына дейін бастапқы алымды, утилизация алымын (утилизация – көлік ескіргенде иесінен алып, жою) төлеп, көлігін тұрақты тіркеуге қоюы тиіс. Жүргізушілер утилизация алымы тым қымбат дейді. Экология заңына сәйкес, утилизация алымы жеңіл көліктерге 900 мың теңгеден 3 миллион теңгеге дейін, ал жүк көліктеріне 20 миллион теңгеге дейін жетеді.
Биліктің бұл шешіміне алғашқылардың бірі болып ақтөбелік жүргізушілер наразылық білдірген. Олар талаптарын айтып, бірнеше мәрте көшеге шықты, әкімдікке де барды.
- Билікпен диалог орнатқымыз келеді. Бірақ әзір нәтиже болмай тұр. Ақтөбедегі атқарушы биліктің бізді бейресми болса да, қолдайтынын сеземіз. Бірақ бәрі саусағын көкке шошайтып, "ана жақ шешеді" деп отыр. Ал ол жақтан (биліктен) әзір көңіл көншітер жауап жоқ, - дейді Эдгард Иванов.
Билікпен диалог орнатқымыз келеді. Бірақ әзір нәтиже болмай тұр.
Ақтөбелік жүргізушілер Қазақстан президенті Тоқаевқа петиция жолдап, ендігі жерде өз құқықтарын бірге қорғау үшін қоғамдық бірлестік құрмақ.
Ақпанның 5-і күні Ақтөбеде наразылықтың тағы бір формасы ретінде жүргізушілер ЕАЭО елдерінен алынған көліктерінің әйнегіне "Біз ЕАЭО елдерінде еркін қозғалуды қолдаймыз" деп жазылған жапсырма тағып жүре бастады.