Accessibility links

«Көлік құрау» дауынан реніш шығуы мүмкін бе?


Lada Largus көліктерін құрастыратын «АвтоВАЗ» зауыты. (Көрнекі сурет)
Lada Largus көліктерін құрастыратын «АвтоВАЗ» зауыты. (Көрнекі сурет)

Қазақстан автобизнес қауымдастығы Еуразия экономика одағына мүше елдердің моторлы транпорт құралдарын құрастыру құқықтары тең емес деп мәлімдеген депутаттық сауалды теріске шығарады. Сауал авторы «дискриминациялық нормалар бар, олар саланың дамуын тежейді» дейді.

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға келерден сәл ертеректе «Ақ жол» партиясынан сайланған парламент депутаты Кеңес Абсатиров Еуразия жоғарғы экономикалық кеңесінің 2014 жылғы мамырдың 29-ындағы №72 шешіміне қатысты шағымданған болатын. Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше елдердің территориясында моторлы транспорт құралдарын өнеркәсіптік көлемде құрастыру шарттары әлгі шешімде бекітілген.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолданған депутаттық сауалда әлгі шешімде «Қазақстанның мүдделері шектелгені анық» делінген. Мысалы, Кеңес Абсатиров оның «Қазақстан пен Беларусь елдерін моторлы транспорт құралдарына қатысты бірнеше тауар позициясы бойынша жаңа келісімдер бекітуді тоқтатуға міндеттейтін» екінші тармағын келтірген. Депутат Еуразия экономика одағына (ЕАЭО – Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Армения) мүше емес елдермен Қазақстан және Беларусь автомобиль жинау жөнінде жаңа жобалар бастай алмайтынын көрсеткен.

«Егер міндеттемелер келісімге қол қойған үш тараптың екеуіне ғана жүктелсе, бұл қандай теңдік? Бұл саладағы жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру құқығы бір елге ғана берілсе, бұл қалай өзара тиімді болмақ? Демек қалған елдер қазіргі заманға сай транспорт құралдарын сол елден ғана әрі монополиялық тәртіппен сатып алуға мәжбүр бола ма?» деп сұрайды депутат Кеңес Абсатиров.

«Ақ жол» партиясы сайтында танысуға болатын депутаттық сауалда эмоциялық репликалар көп, бірақ сауал авторы қарсылық білдірген әлгі Шешімнің мәтіні келтірілмеген. Оқырманға қандай «жаңа жобалар» екенін түсіну қиын. Кей БАҚ-тар Кеңес Абсатировтің сауалын болашақта «қазақстандық» Toyota, Nissan, Mercedes-Benz сияқты көліктерді шығару мүмкіндігі болмайды деген сипатта берген.

Шектеулердің бәрі ортақ сипаттағы шектеулер. Бір тарапқа ғана қолданылып, екінші тарапқа қолданылмайтын шектеулер жоқ.

Елдің ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов депутаттың сауалына жауап қайтарды. Сүлейменов LS қазақстандық экономикалық басылымына «депутаттың айтқандары онша дұрыс емес, өйткені детальдары жоқ» деген пікір айтқан.

«Шектеулердің бәрі ортақ сипаттағы шектеулер. Бір тарапқа ғана қолданылып, екінші тарапқа қолданылмайтын шектеулер жоқ» дейді Тимур Сүлейменов. Ол Кеңес Абсатировке «…меніңше, бәріміз әзірленіп жатқан құжаттарды мұқият, түсініп оқығанымыз жөн шығар» деген кеңес берген.

АВТОӨНДІРУШІЛЕРДІҢ ӨЗДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының баспасөз қызметі Шешім тармақтары нарыққа қатысушылардың жаңа өндірістер ашуына мүлде тыйым салмайды деп санайды. 2017 жылғы наурызда Қазақстанда GM Uzbekistan концерні автомобильдерін жинау өндірісі толық іске қосылады деп жоспарланған. Sputnik агенттігі дерегінше, бұл жайлы Өзбекстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Ачилюай Раматов хабарлаған. Оның дерегінше, Қазақстанда GV MAN Avto Uzbekistan кәсіпорны шығаратын транспорттық техниканы, «СамАвто» автобустары мен жүк көліктерін құрастыруды ұйымдастыру жұмыстары басталған.

Ресейдің Калининград облысындағы Kia Cerato көліктерін құрастыратын зауыт.(Көрнекі сурет)
Ресейдің Калининград облысындағы Kia Cerato көліктерін құрастыратын зауыт.(Көрнекі сурет)

Қазақстандық автобизнес қауымдастығы баспасөз қызметінің Азаттыққа берген комментариіне қарағанда, Еуразия жоғарғы экономикалық кеңесінің 2014 жылғы мамырдың 29-ындағы шешімін қабылдау жөніндегі келіссөз процесіне қауымдастық сарапшылары да қатысқан. «Біз өндіретін брендтерді өз қалауымызша таңдаймыз, әлдебір қысым байқалмайды, кәсіпорындарымызды жаңғырту, бәсекеге қабілеттілігін арттыру және экспорттық қуатымызды дамытумен айналысып жатырмыз» деп жазады Қазақстандық автобизнес қауымдастығының баспасөз қызметі.

Қауымдастық Еуразия экономикалық кеңесі шешімі «дәл осы экономикалық ұтымдылықты» көздейді, өйткені Ресей - үлкен нарық көзі, ал қазақстандық автоөндірушілер ЕАЭО аясында кедендік баж салығын төлеуден босатылған деп санайды.

Біздің өндірушілерді үлкен Еуразия кеңістігі аясында кедендік баж салығынан босату жеңілдіктерінің қарастырылуы - №72 шешімнің айқын артықшылығы.

Қауымдастықтың баспасөз қызметі Азаттыққа «Біздің өндірушілерді үлкен Еуразия кеңістігі аясында кедендік баж салығынан босату жеңілдіктерінің қарастырылуы - №72 шешімнің айқын артықшылығы» деп хабарлайды.

2014 жылғы мамырдың 29-ында қабылданған шешім мәтініне қарағанда, шешімде ЕАЭО мүше емес елдермен ынтымақтастық орнатуға қатысты тура шектеулер жоқ. Өнімдері ЕАЭО территориясында еркін сатылуы үшін қазақстандық автоөндірушілер заңды тұлғалар реестріне тіркелуі қажет. Тіркелудің шарты – жергілікті өндіріс көлемі 30 пайыздан кем болмауы тиіс, қарапайым тілмен айтқанда, шетелдік маркалы автомобильдің кемі 30 пайызы «қазақстандық» болуы тиіс. 2018 жылғы шілденің 1-інен бастап бұл талап 50 пайызға дейін ұлғаяды. Бұған қоса, реестрге енудің тағы бір шарты – көлік шанағы елдің ішінде дәнекерленіп, боялуы тиіс. Мұндай технологиялық операция үшін өндіруші компания тиісті құрал-жабдық сатып алып, қомақты қаржы жұмсауы керек. Өніміне жаппай сұраныс барын байқаса, автоөндірушілер мұндай шығындарды жұмсайды.

САУАЛДАҒЫ ТҮЙТКІЛДЕР

Қазақстан парламенті депутаты Кеңес Абсатиров ЕАЭО-ға мүше емес шетелдік әріптестермен бірлесіп іске қосылған жобаларға қатысты әлі алаңдайды.

... кей автоөндірушілердің қолында моторлы транспорт құралдарын өнеркәсіптік көлемде құрастыру туралы келісімнің жоқтығы жұмыс істеп тұрған өндірісті тоқтатуға ұласып, саланың дамуын тежейтін факторға айналуы мүмкін.

- Біздің пікірімізше, кей автоөндірушілердің қолында моторлы транспорт құралдарын өнеркәсіптік көлемде құрастыру туралы келісімнің жоқтығы жұмыс істеп тұрған өндірісті тоқтатуға ұласып, саланың дамуын тежейтін факторға айналуы мүмкін, - дейді ол Азаттыққа берген комментарийінде.

Оны парламенттегі «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев те құптайды. Азаттықтың «Қабылданғанына үш жылдай болған құжатқа қатысты сұрақтар неліктен дәл қазір қозғалып жатыр?» деген сұрағына Азат Перуашев:

- Шешімнің тармақтары «іске қосылды», өйткені бізге реестрге кірмей қалғандықтан жабылуға немесе «әлдекімнің қол астына кіруге» мәжбүр болған жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар жүгініп жатыр, - деді.

Азат Перуашевтің пікірінше, Еуразия жоғарғы экономикалық кеңесі шешімі тармақтарының «проблемалық тұсы» - 2012 жылға қарай болмаған жаңа жобалар бастауға тыйым салынуы.

- Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға мұндай тыйым тиімді, өйткені бәсекелестерінен құтылады. Ал өздері қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқаны белгісіз, - дейді Азат Перуашев Азаттыққа.

Перуашевтің сөзінше, сауал жолдауды Кеңес Абсатиров ұсынған, бірақ әріптестерінің ұсынысы партия отырысында талқыланып, «сұрақтар бар екенін мойындауға тура келген».

- Біріншіден, құжат кәсіпкерлік еркіндікті шектейді. Ақшасын салып, тәуекел етуге әзір инвесторлар табылса, оларға неге тыйым салу керек? Мұны нарық шешуі тиіс. Екіншіден, елдің болашақтағы өз жобаларын ескермей Қазақстанды Ресей Федерациясының индустриалдық саясатына қосақтап қойды, - дейді Азат Перуашев.

Бұған қоса, ол 30 және 50 пайызға қатысты талаптар қойылғаны жөн дегенімен, бірақ өндіріс ашпай бұл көрсеткіштерге жету мүмкін емес екенін айтады.

Қазіргі кезде Қазақстан территориясында KIA, Chevrolet, Skoda, Lada, SsangYong, Hyundai, Peugeot, JAC, Iveco, ISUZU, КамАЗ, DAEWOO (автобустар) бренд үлгілері құрастырылады.

XS
SM
MD
LG