ТРАМП ПЕН ПУТИН КЕЗДЕСУІ ӨТПЕЙ ҚАЛУЫ МҮМКІН
Керчь бұғазындағы жағдайға байланысты АҚШ президенті Дональд Трамп Аргентинадағы G20 саммиті аясында Владимир Путинмен жоспарлаған кездесуінен бас тартуы мүмкін. Washington Post-қа берген сұхбатында Трамп Азов теңізіндегі оқиғаға байланысты көмекшілерінен толық есеп күтіп отырғанын айтқан.
"Бәрі де сол есепке көп байланысты. Болуы да, болмауы да мүмкін. Мынадай агрессияны ұнатпаймын. Мүлде жақпайды" деді Трамп.
Оның айтуынша, Керчь бұғазындағы оқиғаға қатысты есеп 27 қарашада Вашингтон уақытымен сағат 18.00-де дайын болуы тиіс. АҚШ президенті Азов теңізінде нақты не болғанын айқын түсінгісі келетінін айтқан.
Бұған дейін АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша көмекшісі Джон Болтон 29 қараша мен 1 желтоқсан арасында Буэнос-Айрестегі G20 саммиті аясында өтетін Трамп пен Путиннің кездесуінде екі елдің қарым-қатынасы, қарулануды бақылау мәселелері талқыланатынын айтқан.
ТЕҢІЗШІЛЕР СОТЫ
27 қарашада кешке Ресей соты Керчь бұғазындағы оқиға кезінде ұсталған үш украин теңізшісін екі айға қамады. Бұлар - Ресей шекарашылары зақымдаған "Яны Капу" буксирінің экипаж мүшесі Виктор Варемеза, "Никополь" бронды шағын артиллериялық катерінің матросы Сергей Цыбизов пен аға матросы Андрей Опрыско. Қалған 9 теңізшіге жаза түрін тағайындау бойынша сот бүгін болады.
Видео: Украин теңізшісі Юрий Будзылоның соты
Ресей соты украин теңізшілерін Ресей шекарасын "заңсыз кесті" деп айыптап отыр. Бұл айып бойынша алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Оқиға кезінде барлығы Ресей тарабының айтуынша - 24 теңізші, Украинаның айтуынша - 23 теңізші ұсталған. "Яны Капу" буксирінің капитаны Олег Мельничуктың адвокаты Эдем Семедляев өзі қорғап отырған азаматқа ұсталған кезде күш қолданғанын, тағылған айыпты мойындамағанын айтты.
Бұған дейін Украина жағы ұсталған бірнеше украин солдатының ауыр жағдайда екенін хабарлаған. Қырымдағы адам құқығы уәкілі Людмила Лубинаның айтуынша, жараланған азаматтар үш-төрт күннен кейін аураханадан шығуы мүмкін.
25 қараша күні таңертең Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, ұстап әкеткен. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелерін территориясына "заңсыз кірді" деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні "алдын-ала ескертілгенін" айтып, Ресей әрекетін "бассыздық" деп атаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина билігі әскери жағдай жариялауды мақұлдадыРесей мен Украина аталған оқиғаға байланысты өз елдерінде қылмыстық іс қозғаған.
Украинада жанжалға байланысты 28 қарашадан бастап елдің бірқатар аймағында 30 күнге әскери жағдай жарияланды.
Батыс елдерінің басшылары Ресейді айыптап, украиналық теңізшілер мен кемелерді босатуға шақырды. Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск Ресейдің күш қолданғанын айыптап, Еуропа Одағының Украинаны қолдайтынын мәлімдеді.
Видео: Керчь бұғазындағы оқиғаны әлем қалай қабылдады?
УКРАИНАДА АҚШ ӘСКЕРИ БАЗАСЫ САЛЫНА МА?
Ресейлік "Известия" газеті Украина жоғары радасының депутаты Иван Винникке сілтеме жасай отырып, Украинаның шығысында Америка базасын орнату туралы мәселе бойынша Вашингтон мен Киев арасында келіссөз жүріп жатқанын жазған.
"Америкалықтармен [бұл мәселе бойынша] диалог жүріп жатыр. Егер заңдық тұрғыда айтсақ, бәлкім Украинаның НАТО-мен тығыз интеграциясы деген жөн болар. База сөз жоқ, керек. Себебі біз Ресей саясатымен байланысты ұзақ мерзімге қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете алмаймыз" деді депутат.
Винниктің айтуынша, болашақ базаның орны "әскери сипаттағы қауіп-қатерлерді ескере отырып" анықталуы тиіс. Ол елдің шығыс шекарасында немесе Қырымға жақын жерде орналасуы мүмкін.
Керчьтегі оқиға Украина мен Ресей азаматтарының өзара барыс-келісіне де әсер еткен. Азаттықтың Қырым қызметінің хабарлауынша, кешеден бері Украина шекарашылары Киев әуежайында түрлі себептермен Ресейдің 80 азаматын елге кіргізбеген.