НҰР-СҰЛТАНҒА ҰСЫНЫС
Жиын кезінде Батыс елдерінің көбі Қазақстаннан азаматтарға бейбіт митингіге шығуға рұқсат беруді сұрады.
АҚШ өкілі Нұр-Сұлтан азаматтардың сыни ойын ашық айтуға мүмкіндік беруге шақырды. Ал Финляндия Қазақстандағы ЛГБТ өкілдерінің жағдайына алаңдайтынын мәлімдеді. Бұл ел Қазақстан билігінен бейбіт митинг өткізу туралы заңды, Қылмыстық кодекстің 174-бабын (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздыру) қайта қарауды ұсынды. Финлияндия өкілі Нұр-Сұлтаннан бейбіт митингіге шыққандарды күштеп ұстауды тоқтатуды сұрады.
Франция да Қазақстан бейбіт митингіге шығу заңын қайта қарап, елдегі сайлауларды халықаралық стандарттарға сай әділ өткізуі тиіс деп санайды. Германия Қазақстан билігін халыққа өз ойын ашық айтуға, бейбіт митингілер мен наразылық шараларына рұқсат беруі керек және елде ашық әрі демократиялық стандарттарға сай сайлау өткізуі тиіс деп санайды. Германия Қазақстанға БАҚ туралы заңды қайта қарады ұсынды. Австрия Қазақстан билігін журналистердің жұмысына кедергі келтірмеуге шақырды.
Нидерланд маусымның 9-ы, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні полицияның билікке қарсы наразылыққа шыққандарды жаппай ұстағанын сынады. Бұл ел Қазақстаннан ойын ашық айтқандарды, митингіге шыққандарды қудалауды тоқтатуды, халықаралық қауымдастық алдындағы міндеттерін толық орындауды сұрады.
Видео: 9 маусымда полиция адамдарды қалай ұстады?
Your browser doesn’t support HTML5
Биыл наурызда елді 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев кенеттен президенттік өкілетін тоқтатқан. Бірақ ол президенттіктен кетсе де, «Нұр Отан» партиясының лидері және Қауіпсіздік кеңесінің мәңгі төрағасы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр. Ал маусымдағы сайлауда Назарбаев таңдаған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз деп танылған.
ЕҚЫҰ бақылаушылары маусымда өткен президент сайлауын заңға сай өтпеді деп бағалаған. Бұл ұйым Қазақстанда өткен осыған дейінгі президент және парламент сайлаулардың бірде-бірін заңды деп танымаған. 7 қарашада БҰҰ жиынында Ұлыбритания өкілі Нұр-Сұлтанға ЕҚЫҰ-ның сайлау заңнамасына қатысты ұсыныстарын жүзеге асыруды ұсынды.
Исландия ресми Нұр-Сұлтан әйелдерге қарсы кез келген заңсыз әрекеттерді қылмыс деп танып, әйелдердің мүмкіндігі мен таңдауын кеңейту керек деп есептейді. Ирландия Қазақстан билігі бейбіт митингіге шыққандарды күштеп ұстауды, белсенділерді, құқық қорғаушыларды, журналистерді қудалауды тоқтатуы тиіс деп санайды.
Чехия билігі Қазақстаннан қамауда отырған белсенді Макс Боқаевты (2016 жылы Жер митингі кезінде ұсталып, «араздық қоздырды», «жалған ақпарат таратты» және «бейбіт митинг өткізу заңын» бұзды деп сотталған) түрмеден босатуды сұрады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Халық билікке талабын орындатқыза алатынын көрсетті"Италия мен Эстония Қазақстан өлім жазасына мораторийді сақтап, алдағы уақытта өлім жазасынан толық бас тартуға шақырды. Италия Қазақстан қыздарды ерте жастан тұрмысқа берумен және түрмедегі азаптаулармен күресуді сұрады.
Женевадағы жиынға қатысушылар Қазақстан билігінен үкіметтік емес ұйымдарды тіркеуді жеңілдетуді, тәуелсіз кәсіподақтардың жұмысына кедергі келтірмеуді сұрады. Кейбір елдің өкілдері Қазақстан билігі Қылмыстық кодекстен «Жала жабу» және «Жалған ақпарат тарату» бабына алып тастауы тиіс деп санайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда жала жабудың жазасын күшейте ме?Дәл осы ұсыныс 2010 және 2014 жылғы Қазақстанның БҰҰ алдындағы есебінде де айтылған. Бірақ одан кейін экс-президент Назарбаев бірнеше рет жала жабу бабын күшейтуді тапсырған. Кейбір құқық қорғаушылар Қазақстан билігі «Жала жабу» бабын сыншылардың аузын жабу үшін пайдаланады деп есептейді.
ҚАЗАҚСТАН ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ ЖАУАБЫ
Қазақстан делегациясы елде Қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздыру) бойынша жауапқа тартылғандар саны екі есе азайғанын, бірақ ел бұл заңнан толық бас тарта алмайтынын мәлімдеді. Женеваға барған бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев «Аараздық қоздыру» бабы бойынша ұсыныстар Тоқаев құрған ұлттық сенім кеңесінде талқыланып жатқанын айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Түрмелер азайғанымен азаптау көбейді"Кененбаевтың сөзінше, Қазақстан азаптауларға қарсы, елде бұл қылмысқа жеке заң қабылданған. Ол елде азаптауға ұшырағандарға бюджеттен өтемақы төленетінін, түрмедегі азаптауларға қатысы бар орган қызметкерлері кейін тергеу жүргізе алмайтынын мәлімдеді. Кененбаев Женевадағы жиында жыл басынан бері азаптауға қатысты 24 іс қозғалғанын, оның 11-і сотқа жеткенін, 17 қызметкер сотталғанын жеткізді (құқық қорғаушылар елде азаптау фактілері бұдан да көп екенін, кінәлілердің көбі жазадан құтылып кететінін айтады).
Бас прокурордың орынбасарының айтуынша, Тоқаев жыныстық бопсалау қылмысына жазаны күшейтуді тапсырған, қазір заң жобасы парламентке түскен. Кененбаев елде «сөз бостандығына кепілдік берілгенін», Қазақстанда үш жарым мыңнан астам БАҚ «кедергісіз жұмыс істеп жатқанын» жеткізді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Данияр Есин де Кененбаевтың сөзін қайталап, Қазақстан «сөз бостандығына кепілдік беретінін» мәлімдеді. Ол елде «интернеттегі заңға қарсы контенттер ғана бұғатталатынын» жеткізді. Есиннің сөзінше, Қазақстан билігі халықаралық қауымдастықтың негізінде бейбіт митинг өткізу, кәсіподақтар, саяси партиялар жайлы заңды қайта қарамақ.
Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жакупов Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті «күшейтіп келгенін әлі де күшейте беретінін» айтты.
Ал президент жанындағы адам құқығы комиссиясының хатшысы Тастемір Әбішев Қазақстанда ЛГБТ өкілдеріне кемсітушілік жасалмайтынын айтты. Оның сөзінше, елде ЛГБТ өкілдері үкіметтік емес ұйымдарын құрған.
Қазақстан делегациясы жиында елдегі түрмеде отырғандар саны азайып келе жатқанын, адвокаттардың жұмысына кедергі жасалмайтынын да жеткізді.
«АБСУРД ЕСЕП»
БҰҰ-дағы Қазақстан есебі жайлы Азаттыққа пікір білдірген сарапшылар Женевада айтылған сөз бен елдегі шынайы жағдай бір-бірімен қабыспайтынын айтады.
Қазақстандағы адам құқығы бюросының өкілі, құқық қорғаушы Денис Дживаго «Түрмеде отырғандар саны азайғаны жақсы-ақ, дегенмен біз қаншама әділетсіз сот үкімдері шығып жатқанын көріп отырмыз. Олардың басым бөлігі айыптау сипатында. Бұған қоса, азаптау мәселесі бар. Есеп беру кезінде «азаптау оқиғаларын тергеу биліктің мұқият бақылап отыратыны» айтылды. Мен олай ойламаймын. Себебі біз, яғни заңгерлер, адвокаттар мен құқық қорғаушылар азаптау фактілерін тергеу кезінде үнемі ішкі істер министрлігі өкілдерінің кедергілеріне тап боламыз. Қылмыстық-атқару жүйесі ішкі істер министрлігіне берілгелі азаптау оқиғалары көбейіп кетті. Құқық қорғаушылар біздегі бұл заңды халықаралық стандарттарға сай етіп, өзгертуді сұрап келеміз. Бірақ әзірге еш өзгеріс жоқ және азаматтар құқығы бола тұра билікке өз наразылығын білдіре алмай отыр» дейді.
Ал құқық қорғаушы Ерлан Қалиев Қазақстанның Женевадағы есепті абсурд деп санайды.
- Біріншіден, 9 маусымда наразылық кезінде ұсталғандарға қорғаушы болғысы келген адвокаттарды сотқа жібермеді. Екіншіден, елде бейбіт митингілер кезінде журналистерге қолшатырмен кедергі келтірді. Кейбір журналистер ұсталды, - дейді ол.
Нұр-Сұлтан БҰҰ-дағы есебін халықаралық ұйымдар тарапынан сын күшейген тұста жасады.
Қазақстан адам құқығына байланысты әмбебап кезекті шолуды 2010 жылы ақпан айында және 2014 жылы қазан айында таныстырған. Осы уақыт аралығында үкімет азаптауды тию, әйел мен балаға күш көрсетпеу, сөз бостандығы мен пікір айту еркіндігін қорғау және өзге мәселелер бойынша БҰҰ-ның ұсынысын орындауы тиіс болған. 7 қарашада Женевадағы жиында Германия өкілі Қазақстан ұсыныстарды «өте баяу» жүзеге асырып жатқанын баса айтты.
Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстанның БҰҰ-дағы есебі қарсаңында «президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген уәделері сөз жүзінде қалды» деп сынаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әлем елдері Тоқаевты уәдесін орындауға көндіруі керек"