Елде бір күнде 6407 науқас тіркелді, бірақ билік оның 1226-сын ғана Covid есебіне қосты

Коронавирус стационары. Көрнекі сурет.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен ПТР нәтижесі теріс коронавирустық пневмонияға шалдыққандардың санын жариялауды ақыры бастады. Бірақ билік екі статистиканы біріктіріп емес, екі бөліп жариялап отыр. Ал коронавирустың ресми статистикасына бұрынғыша тек ПТР тестінен коронавирус табылған науқастар қосылды.

БИЛІКТІҢ ЕСЕПТЕУ ӘДІСІ ҚАНДАЙ?

Министрліктің мәліметінше, 1 тамыз күні коронавирус жұқтырғаны зертханада расталған 1226 науқас және тест нәтижесі теріс, пневмонияға шалдыққан 5181 науқас тіркелген. Коронавирустан 36 адам, пневмониядан 30 адам қайтыс болған. Барлығы бір күнде 6407 науқас анықталған, 66 адам көз жұмған.

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустық пневмония дерегін жариялағанымен, оларды коронавирустың негізгі статистикасына қоспау туралы шешім қабылдады. Сөйтіп эпидемия басталғалы коронавирус жұқтырған науқастың қатары 6407 адамға (1226+5181) емес, тек 1226 адамға артып, 91593 науқасқа жетті. Ресми мәліметке сай, елде коронавирустан қайтқандар саны 800-ден асып кетті.

Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасында пневмонияға шалдыққан 5181 адам мен көз жұмған 30 адамның саны бөлек есепте тұр.

Дауға айналған коронавирус статистикасы. Есеп қалай жүргізіледі?

Your browser doesn’t support HTML5

Дауға айналған коронавирус статистикасы. Есеп қалай жүргізіледі?

ДДСҰ-ның аурулардың классификациясында коронавируске екі код берілген: зертханалық талдау арқылы анықталатын U.07.1 коды және зертханалық талдау теріс нәтиже көрсеткен бірақ клиникалық белгілері немесе рентген арқылы көрінетін U.07.2 коды. Кодтары әртүрлі болғанымен, бұл екеуі – бір дерт. Бірақ Қазақстан билігі ауруларға осы екі кодты тағайындап отырғанымен коронавирустың жалпы статистикасына тек U.07.1 кодымен тіркелген науқастарды қосып отыр.

СТАТИСТИКАНЫ "БІРІКТІРУ" ИДЕЯСЫ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Қазақстанға Covid індеті 13 наурызда келді. Үкімет санаулы күн ішінде төтенже жағдай жариялады да, қатаң карантин шараларын енгізді. Осының әсерінен басында вирус елге баяу тарады, денсаулық сақтау жүйесі ауруханаға түскен науқастарды қабылдап үлгеріп жатты. Бірақ ел экономикасы карантиннің ұзақ мерзімге созылуын көтере алмайтын болған соң, екі айға жуық созылған төтенше жағдай 11 мамыр күні аяқталып, карантин шектеулері біртіндеп жеңілдей бастады. 1 маусымға таман блокпостар алынып, қалааралық қатынас қалпына келді, пойыздар жүре бастады.

Алайда жаз басталғанда өкпе ауруына шалдығу күрт артты. Жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адамның пневмонияға шалдыққаны белгілі болды. Оның 32 мыңы маусым айында, 135,6 мыңы шілденің алғашқы екі аптасында тіркелген. Бірақ бұлардың ешқайсысы коронавирус статистикасына кірмеді. Мамандар пневмонияның бұлай өршуі жаз айлары үшін қалыпты жағдай емес, пневмонияның қоздырушысы коронавирус деп дабыл қақты. Билік тек ПТР нәтижесіне сүйенетінін айтып, анализінен вирус табылмаған пневмонияны коронавирусқа жатқызудан бас тартты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Цой "карантин енгізілгелі вирус жұқтырғандар 29% азайды" дейді. Рас па?

Халық арасында ресми дерекке күдік келтіретіндер қатары артып, биліктен шынайы ақпаратты беру талабы күшейді. 3 маусымнан бастап коронавирус жұқтырғандарды "симптомдылар" және "симптомсыздар" деп екі бөлек есептеп, негізгі статистикаға тек біріншісін қосып келген үкімет осыдан соң райынан қайтып, 1 шілдеден бастап ауру белгісі жоқ науқастарды Covid дерегіне қосқан болатын. Салдарынан Қазақстанның ресми статистикасы бір күнде ондаған мың науқасқа артып, New York Times газеті Қазақстанды вирус өте қатты өршіп тұрған санаулы мемлекеттің қатарына қосты. Ал Қытайдың Қазақстандағы елшілігі елдегі өз азаматтарына арнаған хабарламасында Қазақстанда "белгісіз пневмонияның" барын айтып, сайтында мәлімдеме жариялады. Елшіліктің бұл хабарламасын халықаралық басылымдар іліп әкетіп, әлем назары Қазақстанға ауды.

Осы жайттардан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуге тиіс" деп, министрлікке статистиканы "біріздендіруді" тапсырған.

17 шілде күні денсаулық сақтау министрлігі ауру белгісі бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмонияны Covid дерегіне қосатынын мәлімдеді. Бірақ кейіннен министрлік "есепті бірге жүргізуге дайындалуымыз керек" деп "біріккен" статистика тек 1 тамыздан басталатынын ескертті. Көп ұзамай министрлік қаңтар-шілдеде пневмонияға шалдыққан 234 мың науқастың бірде-бірін 1 тамызда жарияланатын дерекке қоспайтынын, тамыздағы статистикада коронавирус пен пневмония бөлек көрсетілетінін мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Цойдың сөзінен шыққан дерек. Елде шілдеде 135 мың пневмония тіркеліп, 1555 адам көз жұмды

Осы күнге дейін коронавирустың әлем елдері бойынша тарауын картаға түсіріп, елдерді вирус жұқтырғандар санын есептеп отырға АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университеті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан мәліметін үкіметтің coronavirus2020.kz сайтына сүйеніп жариялайды.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, қазір Қазақстанда 91 593 адам вирус жұқтырған және бұл ел әлем бойынша 27-орында тұр. Егер 1 тамыз күні тіркелген 5181 пневмония жағдайы да жалпы статистикаға қосылғанда Қазақстан Египетті артқа тастап 26-орынға шығушы еді. Коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны бойынша көш басындағы 25 елдің тек онға жуығында ғана тәуліктік өсім 5 мыңнан асып отыр. Егер Қазақстанда алда күн сайын коронавирус пен пневмонияға шалдыққандар 5 мыңның айналасында болса, онда бұл ел жақын арада біраз елдің алдына шығуы мүмкін.

СТАТИСТИКАНЫ БІР-АҚ КҮНДЕ БІРІКТІРГЕН ҚЫРҒЫЗСТАН ТӘЖІРИБЕСІ ҚАНДАЙ?

Қырғызстан үкіметі вирустық пневмонияны коронавирус дерегіне қосатынын 16 шілде күні мәлімдеді де, статистиканы бірге санауға келесі күні-ақ көшіп кетті. Коронавирус науқастарына U.07.1 және U.07.2 кодтарын тағайындап отырған Қырғызстан коронавирус статистикасына екеуін де қосып отыр.

"Статистиканы біріктіреміз, бірақ дайындыққа екі апта керек" деген Қазақстан үкіметі 1 тамызға дейінгі пневмония жағдайларын коронавирусқа жату-жатпауын анықтау техникалық тұрғыда қиын деп айтқан болатын. Қырғызстанның дәлелдеу медицинасы және клиникалық стандарттарды әзірлеу әдістемесі бойынша маманы Бермет Барықтабасова Қазақстан билігінің бұл түсіндірмесін сылтау деп атап, есепті жүргізудің қиын емес екенін айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бұл ұят емес, адалдық". Қырғызстан Covid пен пневмония дерегін қосты. Қазақстанға не кедергі?

Қазақстанда маусымның ортасында коронавирус пен пневмонияға шалдыққандар саны күрт артып, билік 5 шілдеден бастап елде карантин шектеулерін қайта енгізуге мәжбүр болды. Карантин алдымен 2 тамызға дейін, одан соң тағы да екі аптаға, 16 тамызға дейін ұзартылды.