"ЗОРЛЫҚ КӨРСЕТКЕН АДАМНЫҢ КІНӘСІН ДӘЛЕЛДЕУДІ СҰРАДЫ"
Олеся Битикеева, Шыңғырлау, Батыс Қазақстан облысы
Бұрынғы жігітім екеуміз 2018 жылдан араласа бастадық. Бізді ортақ достарымыз таныстырды. Көрші болып шықтық. Ол кезде вахталық әдіспен жұмыс істейтінмін. Демалыста едім. Кейін жұмысқа кеттім, сол жақта жүріп, оның бұрынғы әйелі қайтып келгенін естідім. Олар заңды некеде тұрмаған, жай ғана бірге тұратын. Екі-үш ай бірге тұрған соң, мамыр айында әйелі кетіп қалды.
Қыркүйекте ол маған қайтадан хат жаза бастады. Сөйлесіп жүрдік, бәрі жақсы болатын. Желтоқсан айында жігітім және досы үшеуіміз кафеге бардық. Қайтар жолда ол көлікті тоқтатуды сұрап, "телефоныңды әкел" деп бұйырып, мені тоқпақтай жөнелді. Көліктен алып шығып, жол шетіндегі қардың үстіне жатқызып ұрды. Досы араша түскен жоқ. Он минут бойы ұрып-соқты. Бұрын-соңды ондай жағдайға тап болмаған едім, сол кезде өмірімде бірінші рет таяқ жедім. "Үйге қайтайықшы" деп жалынып, оны көндірдім. "Бәрі жақсы, сені жақсы көремін" дедім.
Осыдан кейін бір жарым аптадай төсектен тұра алмадым, тұла-бойым, басым түгел ауырды. Ол кезде дәрігерге барып, полицияға арыз жазбадым. Аяққа тұрған соң қайтадан вахтадағы жұмысыма кеттім.
Демалысқа келгенімде ол қайтадан асты-үстіме түсіп, кешірім сұрап, "екінші рет қайталамаймын" деп ант-су ішті. 2020 жылдың ақпанына дейін бәрі жақсы болды. Пандемияға байланысты елдің бәрін карантинге жауып тастады, мен вахтада қалып қойдым. Ол қоқан-лоқы көрсетіп, ауылда мен туралы жаман сөз тарата бастады: бәріне суретімді жіберіп, "жеңілтек әйел" деп жазды. Вахтадан келгенімде мені көшеге шығарып алып, тағы да ұрып-соғып, телефонымды тартып алды. Полицияға бардым, денеме түскен жарақатты тіркетіп, арыз жаздым. Бес күннен кейін телефонымды үйімнің алдына тастап кетіпті. Арызда мекенжайын көрсетсем де, полиция бірнеше күн бойы оны таба алмады. Арызымды қайтарып алдым.
2020 жыл бойы қыр соңымнан қалмай қойды. Бірнеше рет полицияға арыз бердім: оған 15 мың, 25 мың теңге көлемінде айыппұл салып жүрді.
Биыл шілдеде үйіме терезені сындырып кірді. Қатты қорқып, қалшиып қалғаным соншалық, оның бетім мен аяғымды пышақпен тіліп жібергенін де байқамай қалдым. Бөлмеге жүгіріп кіріп, ішінен жауып алдым. Ол есікті сындырып жатқанда 102-ге хабарлап үлгердім.
Полиция келгенше уақыт созуға тырыстым. Ол мені үйде инсульттан кейін төсек тартып жатқан науқас анамның көзінше ұрғысы келмеді.
Полиция келді, "жеке мүлікті бүлдіріп, моральдық және физикалық шығын келтірді" деп арыз жаздым. Оны полиция бөлімшесіне алып кетті, бірақ тағы да жазаға тартпай, қоя берді.
Ол бірнеше рет телефонымды тартып алды. Бір рет бұған учаскелік полиция қызметкері де куә болған.
Бұл сұмдық үш жылдан бері жалғасып келеді. Басында оған айыппұл салатын, қазір бес-он тәулікке қамайды. Бірақ оған бәрібір, босап шығып, бұрынғы әдетіне қайта басады. Үйдің терезесін сындырады, басқан ізімді аңдиды, үнемі шабуылдауға тырысады.
Қазір бетім мен аяғымда тыртық бар. Соңғы рет ұрып-соққан кезде миым шайқалды. Үш күннен соң орнымнан тұра алмай қалдым, басым ауырды. Қазір кейде аяғымды баса алмай қаламын. Бірақ мұның бәрін "жеңіл жарақатқа" жатқызды.
Әр жолы полицияға барғанда жергілікті бөлімше басшысымен кездесуге тырысамын. Олар "өзің кінәлісің, ұрып-соғуға өзің жеткізесің, өзің шақырасың" деп өзімді айыптайды.
Полиция үнемі "шабуылдаған кезде видеоға түсіріп ал, кінәсін дәлелдейтін дәйек әкел" деп айтады.
Олардың маған айтқанынан түсінгенім, денсаулығыма ауыр зақым келіп, бір жерім сынса ғана қылмыстық іс қозғалады екен. Полиция Оралдағы тұрмыста әлімжеттік көргендерге арналған дағдарыс орталығына баруға кеңес берді, кейін "үйіңді сатып, ауылдан кеткенің дұрыс" деді. Маған полиция қызметкерлерінің айтқан кеңесі сол.
"Қылмыстық істі әйел мертігіп я өліп қалса ғана қозғайды"
Дина Смаилова, тұрмыста және жыныстық зорлық-зомбылық көргендерді қорғаумен айналысатын НеМолчи.KZ қорының негізін салушы:
– Кез келген өркениетті елде адамға зорлық көрсету – қылмыс, ал зорлық жасаған адам қылмыскер саналады. Біздің елде әйелдер арыз жазады, ал сот айыпталушыға ескерту жасап, не бес-он тәулікке қамап, босата салады. Агрессорға бұл тоқтау бола алмайды. Жәбірленуші полицияға миллион рет арыз жазса да, айыпталушы әр жолы бірдей жауапкершілікке тартылады. Қылмыстық іс әйелдің бір жері мертігіп не әлімжеттік салдарынан көз жұмғанда, болмаса жәбірленуші агрессорды өлтірген кезде бір-ақ қозғалады. Сондықтан заң әйелді емес, ер адамды қорғайды деп есептеймін.
"ШІМІРІКПЕCТЕН ӨЛТІРІП КЕТКЕН"
Айнагүл Хайруллина, Орал, Батыс Қазақстан облысы
Айнагүл Хайруллинаның өмірі 30 жасында үзілді. Жарты жыл бұрын Айнагүл күйеуінен кетіп қалған. Биыл сәуірде бұрынғы күйеуі Айнагүлдің жұмысына барып, оған 30 жерден пышақ салған, оның 27-сі әйелдің жанды жерінен тиген.
Туыстары Айнагүлдің күйеуінен жиі әрі себепсіз таяқ жеп келгенін былтыр тамызда бір-ақ білген.
– 2012 жылы тұрмысқа шыққан күннің ертеңіне Айнагүл анасына хабарласып, көңілсіз күйде "Мені алып кетсең қайтеді?" деп өтініш білдірген. Анасы көнбеген соң, Айнагүл артық ештеңе айтпаған. Кейін тағы бір сөйлескенде күйеуінен кеткісі келетінін жеткізген. Бірақ артынша қайта хабарласып, бәрі жақсы деп сендірген, – дейді марқұмның әпкесі Арай Дүйсенова.
Күйеуінің кезекті зорлығынан кейін Айнагүл балаларын (қазір олар алты және сегіз жаста) алып, ата-анасына кетіп қалған. Ол туыстарына жұбайынан көрген азабының бәрін айтып берген. Кейін күйеуі Айнагүлдің жұмысына барып, оған пышақ жұмсап, денесіне жарақат салған.
– Осы оқиғадан кейін полицияға арыз берді. Бірақ көп ұзамай полициядан "қылмыс құрамы жоқ, қылмыстық іс қозғалмайды" деген хабарлама келді. Полиция "агрессордың жәбірленушіге жақындауына тыйым салатын қағаз береміз" деді. Бірақ онда жазылған талаптың қалай орындалып жатқанын кім қадағалайды дейсің?! Полиция қағаз жазып беріп құтылды, бітті, – дейді марқұмның әпкесі.
Осы жағдайдан кейін Айнагүл күйеуінен ажырасуды ұйғарып, арыз берген, бірақ соттың некені бұзу туралы шешімін алып үлгермеген. Айнагүл бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапты.
Айнагүлдің әпкесінің айтуынша, қазір күдікті есінде ештеңе жоғын, қылмысты "ақыл-есіне ие бола алмай" (аффект) жасағанын айтып ақталуға тырысып отыр. Марқұмның туыстары ол "қылмыстық істі басқа бапқа ауыстырып, жазасын жеңілдеткісі келеді" деп алаңдайды.
– Ол кісі өлтіргеннен кейін келініне хабарласып, "оны өлтірдім" деп айтқан. Бұл жерде қандай "аффект" болуы мүмкін? Шімірікпестан өлтіріп кеткен, – дейді Арай Дүйсенова.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті "Б.Хайруллинге қарсы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімінің 5-тармағы ("Асқан қатыгездікпен кісі өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі жүріп жатыр" деп хабарлады.
Полиция департаментінің ресми жауабында "қылмыстық тергеу амалдары жүріп жатыр, күдікті тұтқында отыр. Қазір стационардағы психология-психиатриялық кешенді сот сараптамасы тағайындалды, соның қорытындысына қарай түпкілікті шешім қабылданады" деп жазылған.
Бұған қоса полиция департаменті Олеся Бикитеевадан 14 арыз түскенін растады. Нәтижесінде жәбірленушіге жақындауына тыйым салатын қағаз төрт рет беріліп, агрессордың тәртібіне байланысты "ерекше талап қойылған". Жақында оны тағы да қысқа мерзімге қамаған.
Ресми дерек бойынша, 2021 жылдың 8 айында Батыс Қазақстан облысында тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа жататын 14 қылмыс тіркелген. Оның жартысы ғана сотқа жеткен. Биыл тұрмыстағы құқықбұзушылық фактісі бойынша әкімшілік жазаға тартылған 976 адамның үштен біріне "тәртібіне қатысты ерекше талап қойылғаны" жөнінде қаулы шыққан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зорлық құрсауын бұзғандар. Жаңа өмір бастаған әйелдердің хикаясы ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сені өртеп жіберемін". БҚО тұрғыны әйелі мен қыздарын өлтіргені үшін өмір бойына сотталды