Дүйсенбіде Астанада өткен арнайы жиында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов пен Үлбі металлургия зауытының және АБУ банкі басшылығы «банк дайындығы туралы» есеп берді. Шараға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, энергетика министрі Қанат Бозымбаев және Атом энергиясы бойынша халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) директоры Амано Юкия қатысты. Назарбаев Юкияға уран банкінің символдық кілтін ұсынды.
МАГАТЭ мен Қазақстан үкіметі арасында аз байытылған уран қоры банкін құру туралы келісім 2015 жылы тамызда жасалған. Қазақстан үкіметінің мәлімдеуінше, уран резерві – дербес қор, ол тек әлемдік уран нарығында дағдарыс туған жағдайда пайдаланылады. Қалыпты жағдайда бұл қордың қажеті болмайды.
Атом электр станциялары тұтынатын аз байытылған уран қоры Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында гексофторид түрінде цилиндрлерде сақталмақ.
Шарада сөйлеген президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ядролық қарудан бас тартуын және АБУ банкін құруын әлемді ядролық қарудан азат етуге қосқан үлес ретінде атап өтті.
- Өз үлгімізбен ядролық қаруға асыққан елдерді бұл жолдан бас тартуға шақырамыз. Ортақ үйіміз – Жердің қауіпсіз болашағы ядролық амбициялардан анағұрлым қымбат. Сол себепті біз Қазақстанда қару ретіндегі уран банкі емес, бейбіт атом банкін – АБУ банкін ашып жатырмыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Саясаттанушы Айдос Сарымның ойынша, АБУ банкі Қазақстанға технологиялық алға басу және ұлттық қауіпсіздік тұрғысында пайдасын тигізбек.
- Ядролық қару жасауға да жарайтын отынның қоры болғаннан кейін Қазақстан белгілі бір клубтардың, МАГАТЭ, ядролық қаруы бар мемлекеттердің клубының мүшесі болады және олардың ойын ережелерін сақтауға мәжбүр болады. Яғни «Солтүстік Корея, Иранмен дос болуға хақың жоқ, терроризм өршіген мемлекеттерге жууға мүмкіндігің жоқ» деген сөз. Есесіне үлкен мемлекеттердің ықыласы мен ниеті көбейеді. Қазақстан уран қоры мен өндіруші ретінде әлем бойынша бірінші орында. Енді оны өндіру, өңдеу, сақтау технологияларын дамытса, әлемдік ойыншылармен сауда-саттық, серіктестік кеңейеді. Мысалы, Қытаймен, я Ресеймен арамызда мәселе туындайтын болса, басқа ойыншылар «бұл елмен қойын-қолтық жұмыс істейміз, байқаңдар, осы елден келетін өнімге біз өте қатты тәуелдіміз» деген әңгіме туындайды. Бұл аз нәрсе емес, - дейді Айдос Сарым.
Саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, Қазақстан билігі ел ішінде айтылып жүрген «Қазақстан әлемнің ядролық қоқысына айналады» деген түсініктен арылу үшін жұмыс жасауы қажет.
- Халық уран қорын «қала шетіндегі үйіліп жатқан қоқыс» деп қабылдайды. Бізде совет үкіметінен қалған ядролық, биотехнологиялық орталықтар бар. Олар үлкен қауіпсіздікпен сақталатын дүние. Оны қорғайтын әскердің өзі қаншама. Осы қауіпсіздік шараларын журналистер мен блогерлер арқылы көрсету міндет. Сонда ғана «Қазақстанды әлемдік қоқысқа айналдырып жатыр екен» деген жалған әңгімеден құтылатын шығармыз, - дейді Айдос Сарым.
Бірақ АБУ банкінің қауіпсіздігіне алаңдай қарайтындар бар. Эколог Вадим Ни АБУ банкінде авария болса, аз байытылған уранның не оған қосымша химикаттардың сыртқа ағып кетуі немесе террорлық шабуыл жасалу қаупі бар екенін айтады. Мұндай жағдайда қоршаған ортаға радиация тарау қаупі төнеді. Экологтың пікірінше, қордағы қауіпсіздікті бөлек министрлік ашу арқылы қадағалап, не болмаса тәуелсіз ведомствоға тапсыру қажет. Себебі өндіріске мүдделі мекеме қауіп-қатер туралы анық ақпарат бермеуі мүмкін.
- Қордағы қауіпсіздікті энергетика министрлігіндегі атом және энергетиканы бақылау мен қадағалау комитеті қарайды. Бұл функция осы салаға мүдделі ведомство құзырынан шығарылуы қажет. Мәселен мен жобаның дамуына мүдделі бола тұрып, оның қауіпсіздігіне жауап беруім дұрыс емес, - дейді Вадим Ни.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ядролық отын банкі Қазақстанға жақсылық па, қатер ме?
Қазақстан үкіметі Өскеменге Ресей мен Қытай арқылы тасымалданатын уранның «аса берік контейнерлерден» сыртқа шығып, қоршаған ортаны ластауы мүмкін емес екенін мәлімдейді. Ресми хабарламаға сәйкес МАГАТЭ-ден арнайы сертификат алған контейнерлер кең ауқымды табиғи және техногендік апаттарға да төтеп бере алады. АБУ банкін салу жобасына 150 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Бұл қаржыны «Nuclear Threat Initiative» ұйымы, АҚШ, Еуропа Одағы, Кувейт, БАӘ және Норвегия сияқты бірқатар елдер аударған. Бұл сома қазіргі нарық бағалары бойынша 60-80 тонна аз байытылған уран сатып алып, Өскемендегі сақтау орнына жеткізу үшін жеткілікті деп саналады.