ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ НАРАЗЫЛЫҚ
Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың жаңа жылдан бастап қымбаттағанына наразы жүздеген адам 3 қаңтарға қараған түнді алаңда өткізді. Дүйсенбіде түске қарай Азаттық тілшісі моноқалаға жеткен кезде жергілікті тұрғындардың үкіметтен газ бағасын төмендетуді талап етіп осы жерде тұрғанына 30 сағаттан асқан еді.
Алаңда мыңнан астам адам тұр. Кешеден бері бұл жерде интернет байланысы істемей қалған, сондықтан сырт жақпен байланыс жоқ. Айтуларынша, талаптары орындалғанға дейін наразылық акциясында тұруға бекініп шыққан жұрт осында түнеген, от жағып жылынып, үйден шай алдырып ішкен. Алаң шетінде полиция қызметкерлері көрінеді. Бірақ наразы жұртқа тиіспеген.
Журналистпен әңгімелескен тұрғындар өз талап-тілектерін айта бастады.
– Өз жерімізден шығатын газдың бағасын аспандатып жіберді. Барлық нәрсе газға тәуелді болып тұр ғой, газ бағасы көтерілсе, барлығы қымбаттайды. Табысы онсыз да ары-бері тартса жетпейтін қарапайым халықтың халі мүлде нашарлап кетті. Газ бағасын литріне 50-60 теңгеге түсірсін, болмаса еңбекақымызды 200 мың теңгеге дейін көтерсін. Әйтпесе біз мына қымбатшылықта өмір сүре алмаймыз. Газ жетіспейді, елу жыл бұрын салынған зауыт тозып, ескірді дейді, сонда 30 жыл бойы не істеді, ай қарап отырды ма? – деді Ерлан Сарғұлов.
Оның сөзін өзге адамдар да қоштап, "иә, бағаны түсірсін, оған келіспесе жалақымызды көбейтсін" деген талап айтты.
Наразылардың сөзінен олардың аймақ, қала басшылығына көңілі толмайтыны аңғарылды.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін халық өзі сайлауы керек деді. Облыс, қала әкімдерін халық өзі сайлауы керек! Бізге ана Ақордадан келетін ақ қуыршақтар мен ақсаусақтар керек емес! Халықтың қамын ойлайтын, елім, жерім дейтін азамат керек. Халық осылай қиналып отырғанда бізден сайланды дейтін мәжіліс депутаттары қайда жүр? Ешқайсы келіп, халымызды сұраған жоқ. Керек емес ондай біреудің қуыршағы боп отырған депутат, мандатын тапсырып, кетсін. Сосын кеше жергілікті басшылар "газ бағасын шеше алмаймыз" деді. Ең көкейкесті мәселені шеше алмайтын басшының да бізге керегі жоқ! – деді Жоламан Сейілов есімді жергілікті тұрғын. Жиналып тұрған көпшілік "дұрыс айтады, халық өзі сайласын басшысын" деп оған қолдау білдірді.
Жаңа жылдан бастап газ бағасының әуелі 98 теңге, келесі күні 120 теңгеге дейін қымбаттауы төзімін тауысқанын айтқан ашулы халық 2 қаңтарда таңертең Жаңаөзеннің орталық көшелеріне шығып, жолды жапқан еді. Көліктердің басым көпшілігі отын ретінде газды пайдаланатын аймақ тұрғындары онсыз да мардымсыз табысы қымбат газ сатып алуға мүлде жетпейтінін айтып шағынады.
Жергілікті билік өкілдерінің "газ бағасы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа сай қойылды" деген жауабына қанағаттанбаған наразы халық Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа үндеу жасап, әлеуметтік көкейкесті мәселені дереу шешуді талап етті.
"Газдың қымбаттауы күнделікті тұтынатын басқа да тауарлардың, ең алдымен азық-түлік бағасының өсуіне алып келеді" дейді наразы халық. Жаңаөзендіктердің талабын Жетісай, Бейнеу, Құрық, Жетібай мен Ақтауда жұрт қолдап, биліктен осы мәселені шешуді сұрады.
Президент Тоқаев дүйсенбіге қараған түні сағат үшке қарай Twitter-дегі парағына "Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар, бірақ, бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек" деп жазды.
АҚТАУДЫҢ ОРТАЛЫҚ АЛАҢЫНДА ТҮНІМЕН ТҰРҒАНДАР
3 қаңтарда таңертең Ақтауға ұшақпен жеткен Азаттық тілшісі әуежайдан қалаға дейін таксимен жету бағасы бұрынғыдан үш есе өскенін байқады. Бұрын такси әр адамға 1 мың теңгеден алса, қазір 3 мың теңге сұрайды. "Газбен жүреміз, қымбаттап кетті ғой" деп түсіндірді такси жүргізуші.
Ақтаудың орталығындағы Ынтымақ алаңына келгенде оның жан-жағында ондаған полиция қызметкері мен арнайы жасақ тұрғанын көрдік. Фотоаппарат асынған журналисті байқаған олар сөйлесуге құлық танытпай, теріс бұрылып кетті.
Алаң маңында интернет байланысы істемейтінін байқадық. Алаңда отыз шақты адам тұр екен, соларды сөзге тарттық.
"Мәселемізді шешуге ешкім келмеді". Ынтымақ алаңы, Ақтау, 3 қаңтар 2022 ж.
Your browser doesn’t support HTML5
– Бұл жерде жексенбіде сағат 20:00 шамасында жиналдық, міне, қазір таңертеңгі 10:00-нан кетті, әлі тұрмыз. Бірақ билік өкілдерінен бірде бір адам бізбен сөйлесуге келген жоқ. Кеше кешке жолды да жаптық, мыңнан аса адам жиналған. Түнде олардың көбін полиция мен ОМОН күштеп, алаңнан шығарып тастады. Осы маңайдағы дүкен, әжетхананы түгел жапқызып тастады, интернетті өшірді. Бізді құрсауда (кеттлинг) ұстады, әжетханаға шығармады. Газ бағасын 60 теңгеге түсірсін деген талабымыз орындалғанша тұрамыз, – деді Ынтымақ алаңында тұрғандар. Олар аты-жөнін айтудан бас тартты.
Жексенбіден бастап билікке талап қойып, наразылық акциясын бастаған Жаңаөзен халқын Маңғыстау өңіріндегі басқа елдімекендерде жұрт қолдаған.
Облыс орталығы Ақтауда, Қарақия ауданындағы Жетібай кенті мен Құрық ауылында, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында тұрғындар жиналып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен аудан әкімдеріне видеоүндеу жолдады. Онда халыққа сатылатын сұйылтылған газ бағасын 50-60 теңгеден асырмауды талап еткен.
Қазақстанның табиғи қазба байлығы мол батыс өңіріндегі тұрғындардың көбінің, мұнай-газ саласында жұмыс істемейтіндіктен, табысы аз, сондықтан газдың қымбаттауы қарапайым халыққа қатты білінеді дейді олар.
НҰР-СҰЛТАНДА ЖАҢАӨЗЕНГЕ ҚОЛДАУ БІЛДІРГЕНДЕРДІ ПОЛИЦИЯ ӘКЕТТІ
3 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы Кенесары ескерткішінің жанында Жаңаөзендегі акцияға қолдау білдіріп келген үш адамды полиция ұстап алып кетті. Бұған қоса полиция Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі келтіріп, видео түсіруіне бөгет жасады.
Үш адам Кенесары ескерткіші жанына келіп, қымбатшылыққа байланысты талаптарын айта бастаған еді. Полицейлер біраз тыңдап тұрған соң көп ұзамай арнайы жасақ өкілдері келіп, оларды полицияның сары автобусына күштеп салды. Маңайда полицейлер көп. Тәртіп сақшылары автозак әкеліп қойған, автобустар да байқалады.
Нұр-Сұлтанда полицейлер үш адамды ұстап, журналист жұмысына кедергі жасады. 3 қаңтар 2022 ж.
Your browser doesn’t support HTML5
Полицейлер Азаттық тілшісінің камерасын көлегейлеп, ұстауды түсіруге кедергі жасады. Бір топ полиция қызметкері тілшінің жолын бөгеп, адамдарды ұстап жатқан жерге жібермей тұрды. Полицейлер аты-жөнін атамады, бұл әрекетінің себебін түсіндірмеді.
Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда, Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі алдына жиналған бір топ адамға полиция өкілдері, азаматтық киімдегі адамдар келіп, жиынның заңсыздығын айтып, таратпақ болған. Бұдан соң арнайы жасақ өкілдері оларды күштеп автобусқа салып әкеткен.
АЛМАТЫ МЕН ШЫМКЕНТТЕ ДЕ ОРТАЛЫҚ АЛАҢДЫ ПОЛИЦИЯ БАҚЫЛАП ТҰР
Дүйсенбі күні таңертең Алматыдағы Республика алаңы мен Астана алаңын полиция жауып, күзетке алды. Екі алаңның айналасында интернет ажырап тұр.
Полиция алаңның жан-жағынан келген көліктерді алаңға өткізбей, басқа жолға бұрып жатыр.
Екі алаң мен оның айналасында полицияның бірнеше жеңіл көлігі және ішінде полиция қызметкерлері бар автобустар тұр. Алаңды не үшін жапқаны және полиция қызметкерлерінің не себептен көбейгені жайлы Азаттық тілшісінің сұрағына полиция қызметкерлерінің бірі "митингіге байланысты күшейтілген режим" деп қысқа жауап берді. Нақты қандай митингі жайлы екенін айтпады.
Түстен кейін Алматыда диссидент ақын, марқұм Арон Атабектің қырқынан шығып келе жатқан 20 шақты адамды полицияның арнайы жасағы ұстаған. Бұл жөнінде Азаттыққа хабарлаған белсенді Сүйіндік Алдабергеновтің сөзінше, астан шыққан адамдарды полиция жасағы қоршауға алып, "митингіге барасыңдар" деген желеумен екі микроавтобусқа күштеп салып, белгісіз жаққа алып кеткен.
Кешеден бері әлеуметтік желіде түрлі саяси топтардың белсенділері газ бағасын арзандатуды талап етіп наразылыққа шыққан Жаңаөзен халқына қолдау көрсету үшін Алматыдағы орталық алаңға жиналуға шақырған.
Дүйсенбі таңертең Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашы топ жетекшісі Жанболат Мамай сол күні сағат 14-ке орталық алаңға шығуға шақырып, үндеу жариялаған. Біраз уақыттан кейін Алматы қаласы полиция департаменті Мамайды қалалық тергеу басқармасына 3 қаңтар сағат 12-ге "қылмыстық іс бойынша" жауап беруге шақырту жіберді деген ақпарат тарады.
Бұл күні Шымкенттегі Әл-Фараби даңғылы бойын, Арбат пен Қызғалдақ су бұрқағы маңында полиция күзеті күшейтілгені байқалды. Орталық маңындағы көшенің әр тұсына полиция көлігі қойылған деп хабарлады Азаттық тілшісі.
3 қаңтарға қараған түні Шымкенттегі Ордабасы алаңына шығып, Жаңаөзенде газдың қымбаттағанына наразылық білдіргендерді қолдаған белсенділердің үйін полиция күзетіп, кейбіріне ескерту жасады.
ҮКІМЕТ ГАЗ БАҒАСЫ ТӨМЕНДЕЙТІНІН ХАБАРЛАДЫ
3 қаңтарда премьер-министр Асқар Мамин Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыратын комиссия құру туралы шешім қабылдады.
"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет сұйылтылған мұнай газының бағасын реттеу бойынша шаралар топтамасын іске асырады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АЖҚС иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастады. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының АЖҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады" делінген үкімет хабарламасында.
Бұған қоса үкімет 2 қаңтардан бері Жаңаөзенде болып жатқан наразылықты "қоғамдық тәртіпті бұзу" деп атап, оған құқықтық баға беретінін де ескертті.
Бұдан бір күн бұрын Маңғыстау облысы әкімдігі мен Қазақстан энергетика министрлігі газ нарықта қалыптасқан жағдайға және сұраныстың көбеюіне байланысты қымбаттады деп түсіндірген.
Маңғыстау тұрғындарының газ бағасын төмендетуді талап етіп жиналғаны алғаш рет емес. 2020 жылғы қаңтарда Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасы 55 теңгеден 65 теңгеге өскен. Сол жолы да тұрғындар қала әкімдігіне жиналып, газ бағасын 55 теңгеге түсіруді талап еткен.
Жаңаөзенде сұйылтылған газ өндіретін жалғыз компания – Қазақ газ өңдеу зауыты бар. Он жыл бұрын облыста газ бағасы 30–35 теңге болатын. 2011 жылы еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың жеті айға жалғасқан ереуілін 16 желтоқсанда полиция оқ атып (ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тапқа) таратқан Жаңаөзен қаласында одан бері газ бірнеше рет қымбаттаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жаңаөзенде газдың қымбаттағанына наразы ел жолды жапты, оларды басқа өңірлерде де жұрт қолдады