«Өзін-өзі тану» пәнін балабақшаға енгізудегі екіұдай көзқарас

№ 30 балабақшадағы "Өзін-өзі тану" пәні сабағы. Aлматы, 7 қазан 2010 жыл.

«Руханият» жасылдар партиясы «Өзін-өзі тану» пәнін балабақша бағдарламасына енгізу артық деп санайды. «Көптеген ата-аналар ашық айта алмағандықтан, осы арызын билікке жеткізуді бізден өтінді», - дейді Руханият жасылдар партиясы төрағасының орынбасары Бешір Жаналтай.
Бұл туралы үкіметтік емес ұйымдардың VІ Алматы форумында айтылған еді.

Биылдан бастап Қазақстандағы барлық мектептер мен балабақшалардың сабақ жоспарына «Өзін-өзі тану» бағдарламасы енгізілді. Бұл жобаның ауторы «Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаева болатын. Бағдарлама жеті жыл сынақтан өткізілді.

Бағдарлама бойынша Сара Назарбаева мынадай сипаттама берген: «Өзін - өзі тану» курсы адамға өзін-өзі анықтауға, жақсы қасиеттерін ашуға, өзіне адалдыққа, өзінің абыройын сақтай отырып, үнемі толық мағынадағы Адам болып қалуға көмектеседі»

– Балаларды өздеріне өздері қарай алатындай жағдайға жеткізіп тәрбиелеу керек. Олар қоршаған ортаны құрметтей білуі қажет. Сондықтан да осындай пән ойластырылды. Сол үшін де адамды үйлесімді дамыту жөніндегі білдей институт құрылды. Бұл пән баланы әлеуметтік бейімдеуге қабілетті. Біз балаға өмірде кездесетін проблемаларды шешуге көмектесеміз, - дейді «Бөбек» қоры жанындағы адамның үйлесімді дамуы институты директорының орынбасары Ботагөз Қинаятқызы.

«АТА-АНАЛАР БИЛІККЕ БАТЫП АЙТА АЛМАЙДЫ»

Дегенмен Назарбаеваның жеті жылдық «жемісін» «Руханият» жасылдар партиясы жоққа шығарды. Олар өзін-өзі тану пәні мектептерге енгізілгенімен балабақшалар үшін әлі ерте деп есептейді.

Партия төрағасының орынбасары Бешір Жаналтайдың айтуынша, мұндай жоба батыстың өзінде әлі қабылданбаған. «Мұны сәби балалар түсіне қоймайды, сондықтан біз үшін өте ыңғайсыз. Біз әлі дайын емеспіз», - дейді Бешір Жаналтай Азаттық тілшісіне.

Бешір Жаңалтай. "Руханият" жасылдар партиясы
төрағасының орынбасары. Алматы, 6 қазан 2010 жыл.
– Алдыменен бізге балаларымызға өз ата дәстүрін үйретуіміз керек. Егер батыс егжей-тегжейлі пайдасын көріп жатса, онда кейін қарауға болады, - дейді «Руханият» жасылдар партиясы төрағасының орынбасары Бешір Жаналтай.

Бешір Жаналтай балабақша бағдарламасына енгізілген жаңа пәнге наразылық танытқан ата-аналар партияға келіп шағымданғанын айтады. Алайда олар, билікке ашық айтуға батылдары бармайды дейді. «Шағымдарын тек қағаз жүзінде қалдырып кетті. Ал БАҚ өкілдерімен кездесіп айтуға қорқады»,- деген Бешір Жаналтай, арызданушы адамдардың аты-жөндері мен байланыс деректерін айтудан бас тартты.

ПӘНДІ КЕЙБІР БАҚШАЛАР ӘЛІ БАСТАМАЙ ОТЫР

«Өзін-өзі тану» пәні биылғы күзден бастап барлық балабақшаларда енгізіліп жатқанымен кейбір мектепке дейінгі мекемелер сабақты әлі бастай қойған жоқ. Алматыдағы №96 балабақша меңгерушісі тек бір ғана маманды арнайы курсқа жібергенін айтады. Яғни осы пәнді меңгерген маман тапшы.

Гүлбану Бектамова, №30 балабақшаның тәрбиешісі. Алматы, 7 қазан 2010 жыл.
Ал, бұл пәнді сынақ ретінде үш жыл бұрын бастап кеткен №30 балабақшаның тәрбиешісі Гүлбану Бектамова «Өзін-өзі тану» пәнінің ең басты мақсаты бала бойында адамгершілік рухани құндылықтарды дамыту дейді.

Сабақ көңілді ойын түрінде жүргізілетіндіктен бала жүйкесіне ауырлық түсіруі мүмкін емес екенін айтады мамандар.

«Өзін-өзі тану» пәні бұған дейін Қазақстан қалаларындағы балабақшалардың кейбіреуінде сынақ ретінде өткізіліп келді. Ал биылдан бастап республикадағы барлық мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің оқу бағдарламасына пән ретінде енгізілді.