Айтысқа енді «Нұр Отан» «ие болды»

Ақындар айтысына қатысушылар. Астана. 5 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«Нұр Отан» 6 қазанда Астанада өтетін айтыста биліктегі кемшіліктерді баса айтуды тапсырды» дейді ақындар. Партия өкілінің сөзінше, «бұл айтыс – партия доктринасын талқылау іспетті».
Биліктегі «Нұр Отан» партиясы негізгі ұйымдастырушы әрі демеуші болып өткізгелі жатқан, «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» деп аталатын айтысқа қатысатын ақындардың бірі – Мұхтар Ниязов.

– Жақында бізді Бауыржан Байбек («Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары – ред.) қабылдап, осы айтысқа депутаттар мен министрлердің көбісінің келетінін ескертіп, «Сол жерде біз біліп алайық: кімде қандай қателіктер кетіп жатыр – соны басып айтсаңдар» деді, – дейді Мұхтар Ниязов Азаттық тілшісіне.

«АЙТЫС БҰҒАН ДЕЙІН ИЕСІЗ ЖАТҚАН ЕДІ»

Мұхтар Ниязов соңғы уақытта суырып салма жыр бәсекесін ұйымдастыру деңгейі құлдырап кетті, «айтыс иесіз қалды» деп ойлайды.

– Бұл жолы «ананы айту керек, мынаны айту керек» деген нақты нұсқау болған жоқ. Оның үстіне ақындардың арасында да жазу-сызудан кенде қап қойған

Мұхтар Ниязов, айтыскер ақын. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

ешкім жоқ – өлер жерлерін біліп айтысады. Бізге де халықтың алдында бедел керек, – деді ол.

Айтысқа қатысатындардың енді бірі Біржан Байтуов «айтыстың негізгі тақырыбы – Абылайханның 300 жылдығы, елдік, тәуелсіздік мәселесі» екенін айтты.

– Бауыржан Байбек өзі бас болып, «қоғамда түрлі мәселелер боп жатыр, көтеріңіздер, ауыздарыңызға ешкім қақпақ болмайды» деді, – дейді Біржан Байтуов.

Бірақ Азаттық тілшісінің «Нақты қандай мәселелерді айт деді?» деген сауалына айтыскер жауап беруден қашқақтады.

«ДОКТРИНАНЫ ТАЛҚЫЛАУ ІСПЕТТІ»

Өзін «билеуші партия» деп сипаттайтын (ресми сипаттамасы «халықтық-демократиялық») «Нұр Отанның» қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбек осы аптада қазақстандық газеттердің біріне берген сұхбатында

"Нұр Отан" партиясы кеңсесі . Астана, 12 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«Бұл айтыс («Кіл жүйрікте кім жүйрік?» – ред.) «Нұр Отан» партиясы съезінің қарсаңында қоғамда талқыланып жатқан саяси доктринасының аясында өтетінін», «бұл доктринаны айтыс алаңында талқылау іспетті» екенін айтқан.

Азаттық тілшісі «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» деп аталатын айтысқа байланысты толық ақпарат алу мақсатында «Нұр Отан» партиясына хабарласты,

– Айтысқа қатысты мәліметтерді енді дайындап жатырмыз. Тек жексенбі күні ғана (айтыс өтетін 6 қазан күні – ред) бере аламыз, – деді партияның баспасөз қызметі жетекшісі Гүлшат Сүйіндік.

Ал өзін «партияның баспасөз қызметінің кеңесшісімін» деп таныстырған Бағылан Төрехан есімді азамат:

– Қазір басшылық алда болатын сьездің шаруасымен шапқылап жүр. Сондықтан ешқандай ақпарат ала алмай отырмын, – деді.

«Кіл жүйрікте кім жүйрік?» деп аталатын айтысқа қатысатын сегіз ақынды kazaitys.kz сайтының оқырмандары ұсынған. Олар – Балғынбек Имашев, Айнұр

Астана күніне орай өткен айтысқа келген көрермен бала. Астана, 5 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Тұрсынбаева, Біржан Байтуов, Айбек Қалиев, Жандарбек Бұлғақов, Мұхтар Ниязов, Сара Тоқтамысова және Қытайда тұратын Қанатбек Зәйтолла.

«Нұр Отан» партиясы демеуші болатын бұл айтыста бас жүлдеге – 2 миллион теңге, бірінші орынға – 1,5 миллион теңге, екінші орынға – 1 миллион теңге, үшінші орынға – 750 мың теңге тігілген.

Дәстүрлі суырып салып сөз жарыстыру бәсекесі, яғни айтыс өнерінің сахналанған түрі 1940 жылдардың ортасынан Совет Одағы құлағанша барынша бейсаяси түрде ұйымдастырылып келген. Айтыс 1990 жылдар мен 2000 жылдардың басына дейін суырып салма жыр үлгілерімен қатар өткір саяси-әлеуметтік мәселелер де қозғалатын мінберге, танымал тележобаға айнала бастаған. Бірақ соңғы он шақты жыл ішінде айтыс бәсекелері билік тарапынан барынша бақылауға алынды. 2012 жылы мәдениет министрлігіне қарасты мекемелердің ішінен айтыс бөлімінің құрылғаны туралы хабарланды.