Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа күшті қарсылас болған бұрынғы премьер-министрдің сол кездегі серіктері Қазақстанда бұрын-соңды болмаған адамды сыртынан соттау үкімін «саяси тапсырыс» деп бағалады.
НАЗАРБАЕВТЫҢ ЫМЫРАҒА КЕЛМЕЙТІН ҚАРСЫЛАСЫ
Әкежан Қажыгелдин 1998 жылы елден қуылып, шет елде қызу оппозициялық жұмыстар жүргізгендіктен және оның өзін ұстау мүмкін болмағандықтан, Қазақстан заңына адамды сырттай соттауға рұқсат беретін өзгерістер енгізіліп, осы шаралардың барлығы 2001 жылдың жазында Астанада қызу жүріп жатты. Осыдан соң сырттай соттау тәжірибесі талай рет іске асты. Тіпті президенттің бұрынғы күйеу баласы және Әкежан Қажыгелдиннің қарсыласы Рахат Әлиев де сырттай сотталды.
Елден жырақта Қажыгелдин Қазақстанның республикалық халықтық партиясын (ҚРХП) құрып, басқарды. Партия ресми тіркеуден өтпеді, ал 2001 жылдың күзінде саяси қызметі тоқтап қалды. Партияның бұрынғы көрнекті қайраткерлері қазір «Азат» социал-демократиялық партиясының құрамына кіріп кетті немесе саясаттан мүлдем бас тартты.
Жақтастарының сөзіне қарағанда, Қажыгелдин президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатты қауіп тудырған алғашқы ірі оппозициялық саясаткер
болды. Ол оппозициялық қызметін Назарбаевтың дербес және бітімге келмейтін қарсыласы болып бастады.
Алайда кейінірек Назарбаевпен қарым-қатынасында ымырашылдық белгілері пайда болды. Азаттық радиосы 2011 жылдың сәуіріндегі кезекті президент сайлауы қарсаңында да, сайлаудан кейін де Әкежан Қажыгелдинмен сұхбаттаса алмады. Әкежан Қажыгелдин Қазақстандағы демократияға қарсы шаралардың ары қарай да жалғасып жатқанына қатысты ешнәрсе айтпайды, өз пікірін ешқайда жарияламайды. Қажыгелдин Азаттық радиосы тілшісі Астана қалалық сотының он жыл мерзімге соттаған үкіміне он жыл толуына байланысты пікірін сұрап жазған электрондық хатына да жауап бермеді.
ЭКС-ПРЕМЬЕР ОППОЗИЦИЯҒА ҚАЛАЙ ӨТТІ?
Азаттық радиосы қазіргі және бұрынғы саясаткерлерге, Әкежан Қажыгелдиннің бұрынғы серіктеріне «Қазақстанның саяси сахнасында Әкежан Қажыгелдин кім болған еді?» деген сұрақ қойды.
Саясаткерлер мен сарапшылар Әкежан Қажыгелдин қазір Қазақстандағы саяси өмірге ықпал етпейді дегенді айтады. Журналист және бұрынғы оппозициялық саясаткер, кейін билікшіл «Мысль» журналының редакторы Сейдахмет Құттықадам қазір ешқандай саяси мәлімдеме жасағысы келмейтінін жеткізді. Ол өзінің бұрынғы пікірлерін тек «уақыты мен жария көрген жерін көрсету арқылы» ғана пайдалануға келісім берді.
Сейдахмет Құттықадам 2010 жылы жарық көрген «Казахская драма. На сцене и за кулисами» атты кітабында «Мемлекеттегі екінші адамның оппозиция қатарына өтуі халық арасында, әсіресе шенеуніктер ортасында біраз толқу тудырды» деп жазады. Ол сондай-ақ Әкежан Қажыгелдиннің оппозициялық қызметінің алғашқы маңыздылығы жайлы біраз ақпар береді.
«Оппозицияның ауаны да кәдімгідей өзгеріп сала берді. Бұрын барлық оппозициялық партиялар мен қозғалыстар төменнен, стихиялы түрде пайда болатын және ешқандай қаражаты мен өз ақпарат құралдары болмайтын. Қазақстанның республикалық халықтық партиясы жоғарыдан пайда болып, үлкен қаржылық және ақпараттық ресурстарға ие болды» деп жазады Сейдахмет Құттықадам.
Ол сонымен бірге Әкежан Қажыгелдиннің әлсіз саяси тұстарының себебін де ашып көрсетуге тырысады: «Бірақ бұл партияның әлсіздігі мынада: көзді
...саяси сахна шыңына шығып үлгірген партия басшысы Әкежан Қажыгелдин елдегі қоғамдық көңіл-күйді және кімнің орны қандай екенін толық білген жоқ.
ашып-жұмғанша саяси сахна шыңына шығып үлгірген партия басшысы Әкежан Қажыгелдин елдегі қоғамдық көңіл-күйді және кімнің орны қандай екенін толық білген жоқ. Бұған қоса партиясын елден жырақта жүріп басқарды. Шахмат ойынында тақтаға қарамай ойнауға болатын шығар, бірақ саясатта өз «тасыңның» не істей алатынын білмей тұрып ойнаудың пайдасы жоқ. Әкежан Қажыгелдин мен оның партиясы көтерген күшті толқын осылайша біртіндеп сөнді».
ДУВАНОВТЫҢ БОЛЖАМЫ
Тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов «Әкежан Қажыгелдин президент тағына нағыз үміткер адам болды» дейді.
– Президенттіке үміткер болуға оны азаматтар да қолдады әрі мемлекетті басқару ебі де болды. Өзгермейтін президент Назарбаевтан гөрі Қажыгелдиннің президент болғаны елімізге анағұрлым пайдалы болар еді. Сол себепті де Әкежан Қажыгелдин жазаланып, қуғында жүр, – дейді Владимир Козлов.
Қажыгелдиннің бұрынғы серіктерінің бірі, журналист және саясаттанушы Сергей Дувановтың айтуынша, Қажыгелдин о баста шын мәніндегі
оппозицияның жетекшісі болған. Алайда кейін бұл позициясын жоғалтып, тіпті саясаттан да кетіп қалған. Дуванов Әкежан Қажыгелдиннің қазіргі үн-түнсіз жатуын былай тұжырымдайды:
– Бұған не себеп болғанын қазір айту қиын. Тек билікпен келіссөзге келуі ықтимал деген болжам ғана жасауға болады.
Алайда, Сергей Дувановтың айтуынша, Назарбаев режимімен келіссөзде Қажыгелдиннің берілгеннен өзге жолы қалмаған.
– Әңгіме бұл режиммен басқалай келіссөз жүргізудің мүмкін еместігінде болып отыр. Егер біреу «бұл режиммен тең дәрежеде отырып келіссөз жүргізуге болады» деген үмітпен өзін жұбатып жүрсе, онысы – бос әурешілік, – деп түсіндіреді Сергей Дуванов өз болжамын.
«ҚАЖЫГЕЛДИН РЕФОРМАТОР БОЛДЫ»
Әкежан Қажыгелдиннің бұрынғы жақын серіктесі, қазір «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов «экс-премьерге шығарылған үкімге он жыл толуы – Қазақстанның жаңа тарихындағы оқиға» деді.
– Ол Назарбаевпен бірге 1990 жылдардың ортасында аса танылмаған, бірақ қажеті болған экономикалық реформалардың басында тұрды. Ол реформаларды сол кездегі және қазіргі шетелдік сарапшылар «бүкіл
постсоветтік елдердегі халық шаруашылығына үлгі боларлық нәрсе» деп атап көрсеткен. Сондықтан, ол жұрттың есінде премьер-реформатор ретінде қалып қойды, – дейді Әміржан Қосанов.
Оның сөзіне қарағанда, бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин жаңа пайда болып келе жатқан непотизмге қарсылық білдіріп, «ашық түрде оппозицияға кетті».
«Альтернатива» зерттеу институтының директоры, Қазақстанның республикалық халықтық партиясы басшылығының бұрынғы мүшесі Андрей Чеботарев бұдан он жыл бұрынғы пікірін айтып, Әкежан Қажыгелдинді соттау «қазақ билігінің саяси тапсырмасы» болды деді.
Оның сөзіне қарағанда, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» оппозициялық қозғалысының бұрынғы жетекшісі Ғалымжан Жақияновқа, сондай-ақ президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовқа қатысты шыққан үкімдердің де саяси астары бар.
Андрей Чеботаревтің ойынша, Әкежан Қажыгелдин мен Рахат Әлиевті сотпен тергеу істерінің арасындағы айырмашылық та бар.
– Егер Қазақстан билігі Рахат Әлиевті елге қайтару бойынша шартты әрекеттер ғана жасап қойған болса, ал Қажыгелдинге қатысты ондай шаралар әлдеқашаннан-ақ тоқтап қалған, – дейді Андрей Чеботарев.
Саясаттанушының сөзіне қарағанда, Әкежан Қажыгелдин оппозиция қатарында болған алғашқы жылдары толысқан, жетілген жетекші болды, Нұрсұлтан Назарбаевтың ымыраға келмейтін қарсыласы екенін көрсетті. ҚРХП-ның «Назарбаевсыз Қазақстан!» атты ұраны дәл осы кезде шыққан. «Бірақ Қажыгелдин одан кейін Назарбаев режиміне қатысты ұстанымын біршама жұмсартуына тура келді» дейді Андрей Чеботарев.