Қамалғандардың туыстары Тұрсыновтың ақылымен хат жаза бастады

Әлия Тұрысбекова - Владимир Козловтың әйелі. Алматы, 21 мамыр 2012 жыл

Жанболат Мамайдың әкесі Мамай Құрмашұлы Ақтауда ұлымен кездескенін айтты. Ал саясаткерлер «Ермек Тұрсыновтың жолымен» өзге айыпталушыларды босатып алу мүмкін емес деп ойлайды.

Ақтауда қамауда отырған қоғам белсендісі Жанболат Мамай мен әкесі Мамай Құрмашұлының кездесуіне рұқсат берілді.

ЖАНБОЛАТ МАМАЙДЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Жеті күннен бері ұлымен кездесе алмай жүрген Мамай Құрмашұлы бұл туралы Азаттық тілшісіне 5 шілдеде хабарлады.

- Қазір ғана кездесуден шықтым, енді түстен кейін тағы барамын. Рұқсатты кеше, шілденің 4-інде алдым. Сол күні бірден Жанболатқа кірдім. Жағдайы жақсы, көңіл-күйі көтеріңкі, - деді Мамай Құрмашұлы Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Жанболатпен кездесуге ешқандай шектеу қойылмаған. «Қашан және қанша уақытта кездесемін десем де, рұқсат бар» деді Мамай Құрмашұлы.
Қолында ҰҚК-нің қаулысы болғанына қарамастан өткен аптадан бері Мамай Құрмашұлы ұлымен кездесе алмаған еді. Соған алаңдаймын деп қарт кісінің қан қысымы көтеріліп кеткен болатын. Оның айтуынша, Жанболат қазір карантинде.

Mамай Құрмашұлы, Жанболат Мамайдың әкесі. Алматы, 15 маусым 2012 жыл.


«Ештеңеге шағымданып отырған жоқ. Жағдайы жақсы» деді Мамай Құрмашұлы.

Маусымның 15-і күні Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қоғам белсендісі Жанболат Мамай мен театр режиссері Болат Атабаевты үйлерінен ұстап әкетіп, кейін этаппен Ақтауға жеткізген.

Бұған дейін екі бап (164, 170) бойынша айыпталып келген театр режиссері Болат Атабаев қылмыстық кодекстің 65-ші бабы («шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату») бойынша айыпталушыдан куәгерге айналып, шілденің 4-іне қараған түні абақтыдан босап шықты.

Қазіргі күні «әлеуметтік араздық тудыру» ісі бойынша Ақтауда төрт айыпталушы қалған: Владимир Козлов, Серік Сапарғали, Ақжанат Аминов және Жанболат Мамай.

АҚЖАНАТ АМИНОВТІҢ ЖАҒДАЙЫ

Ақпарат бойынша, Ақжанат Аминов қазір Жаңаөзендегі тергеу изоляторында қамауда. Кеше Twitter-де Ақтауда жүрген журналистердің бірі оның денсаулығы күрт нашарлап кетті деп жазған еді.

Оның адвокаты Мұхтар Әбілеевтің айтуынша, осыдан бір апта бұрын оның жағдайы жақсы болған. Ол соңғы бірнеше күннің ішіндегі жағдайынан хабарсыз екенін айтады.

– Ол кісі менің қызметімнен бас тартты деп естігем. Ол кісімен тек келесі аптаның басында кездесе алам, - дейді Мұхтар Әбілеев.

Ақжанат Әминовтың бауыры Мырзағали Аминов те қамауда отырған бауырының жағдайынан хабарсыз болып шықты. Оның айтуынша, оған туыстарын кіргізбейді. Изолятордың кіре берісінде тек беріп жіберген заттарды ғана қабылдайды.

Ақжанат Аминовтің үстінен «әлеуметтік араздық тудыру» және «конституциялық құрылысты күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру» бабы бойынша айыптар тағылған.

– Денсаулығы жаман емес, жақсы деп естігем. Бізді кіргізбейді. Оны көзбен көргеміз жоқ. Оның қазіргі адвокатын да білмеймін. Ақтаудағы інілерім жалдаған адвокатты, - дейді Мырзағали Аминов.

Жаңаөзендегі ішкі істер басқармасына хабарласқанымызда телефонды көтерген өзін Гүлмаржан Әбиева деп таныстырған хатшы қыз басшылардың жоқ екенін, қайта хабарласуды өтінді. Ал ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары «бұл істі ҰҚК қарайды. Соларға хабарласыңыздар» деді. Ал Астанадағы ҰҚК-інен жауап ала алмадық.

Адвокат Мұхтар Әбілеевтің айтуынша, Ақжанат Аминовтің үстінен «әлеуметтік араздық тудыру» және «конституциялық құрылысты күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру» бабы бойынша айыптар тағылған.

СЕРІК САПАРҒАЛИДЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Айыпталушы Серік Сапарғалиға да екі бап (164, 170) бойынша айып тағылған.
Адвокатының (атын көрсетуді қаламады) айтуынша, тергеу орындары Сапарғалиға да 65-ші бапты қолдану мүмкіндігі турасында айтыпты.

– Мұны о бастан-ақ айтып келе жатыр. Бірақ ол кісі бұған келіспей, қазіргі кезде соңына дейін барам дегендей әңгіме айтып жатыр. «Мойындайтындай мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Қантөгіске мен кінәлі емеспін» деп келіспеді. Ол кісі тіпті Әблязовты да танымайтын болып шықты, - деді адвокат.
Кеше қамаудан босап, Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген театр режиссері Болат Атабаев Серік Сапарғалимен бір камерада отырғанын, оның денсаулығы нашарлағанын айтқан еді.

Жаңаөзен оқиғасына қатысты наразылық жиынына шыққан Серік Сапарғалиді полиция әкетіп барады. Алматы, 17 желтоқсан 2011 жыл


– Серік Сапарғалидың денсаулығы нашар. Қант диабетіне шалдыққан. Бірақ көңіл-күйі жақсы. Қалжыңдайды. Тамақ ішеді. Бірақ туған-туыстардан, достары арасынан барып жатқан бір адамды көрмедім. Сол кішкене моральдық қиындық туғызады. Әлия Тұрысбекова (Владимир Козловтың жұбайы - Азаттық) барады екен. Тамағын апарып береді екен. Сұраған заттарын апарып береді екен. Кітап оқиды. Өлең жазады. Көңіл-күйі дұрыс, - деді Болат Атабаев.

Адвокатының айтуынша, осыдан бір апта бұрын өзі қорғап отырған азаматтың денсаулығы қалыпты болған. Оның айтуынша да, Сапарғали қант диабеті мен жоғары қан қысымы дерттеріне шалдыққан.

ВЛАДИМИР КОЗЛОВТЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Шілденің 5-сі күні айыпталушы Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова Facebook желісінде ҰҚК-нің басшысы Нұртай Әбіқаевқа бағытталған хаттың мәтінін жариялады. Онда хат авторы ҰҚК басшысынан «Тұрсыновқа берілген мүмкіндік сияқты, өзіне де күйеуімен кездесіп қана қоймай, қылмыстық іс материалдарымен танысып, тергеу ісіне араласу мүмкіндігін сұраған». Ол бұл хатты почта арқылы Астанаға жолдап қойыпты.

Әлия Тұрысбекова Азаттық тілшісіне берген сұхбатында алты ай ішінде күйеуімен тек төрт рет қана кездескенін, соңғы рет маусымның 6-сі күні кездесу болғанын жеткізді.

– Бір ай бұрын көрген кезде ол сергек болатын. Рухы сынбаған. Қалыпты жағдайда еді. Қазір берген заттарды еш кедергісіз қабылдап жатыр. Бұл бәлкім, олардың ҰҚК-нің емес, полицияның изоляторында отырғандығынан болар, - деді Әлия Тұрысбекова.

Кеше Болат Атабаев баспасөз мәслихатында тіркелмеген «Алға» партиясының басшысы Владимир Козловтың да түрмедегі хал-ахуалына тоқталған еді.

"Алға" партиясының кеңсесі алдындағы баннер. Алматы, 23 наурыз 2012 жыл.


– Владимир Козловты да көрдім. Оның рухын сындыру мүмкін емес. Ол не істеп отырғанын біледі. Қайратты. Тіпті өзі түгілі бізге де «Бөке, рухтарыңыз түспесін! Секе...» деп қайраттандырып отырды. Жанболатты да қолдады, - деген еді Болат Атабаев.

Ол сөз арасында Козловтың тергеу изоляторындағы екі камераға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, адам тұратындай қалыпқа келтіріп алғанын айтты.

– Серік Сапарғалимен бірге бір камерада отырдық. Владимир Козлов душ, дәретхана сияқты керек заттарды сатып алған. Ол жақта адам сияқты отыру үшін. Екі камераға жөндеу жүргізген. Біреуінде өзі отыр. Екіншісінде біз Сапарғали екеуіміз отырдық, - деді Болат Атабаев.

Козловтың адвокаты Алексей Плугов бұл турасында білмейтінін, әйтеуір «көрген кезде Козлов мұнтаздай таза болып келетінін» айтады. Оның айтуынша, ол төрт орындық камерада жалғыз өзі тұрады. «Қазір оны таза ауа кіріп тұратын камераға ауыстырған» дейді Алексей Плугов.

Плугов Козловқа «65-бапты қолдану жайында ұсыныс болғанын естігенін», бірақ өзінің көзінше бұл мәселе қозғалмағанын айтты.

«ТҰРСЫНОВТЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ»

Кешегі баспасөз мәслихатында «Ермек Тұрсыновтың тәжірибесі негізінде» «әлеуметтік араздық тудыру» бойынша қамалған өзге айыпталушыларды босату мүмкіндігі» жайында да сөз болып еді.

– Онда Жанболат та, Сапарғали, Володя да отыр. Мен бұл адамдарды танымаймын. Алайда олардың жағдайы жақсы таныс, себебі мен де мұндайдан өткенмін. Әрине, оларды босатсын деп тілеймін. Және егер олардың достары болса, олар да менің жолыммен жүрсін – ҰҚК басшылығына арыз жазсын, - деген еді Ермек Тұрсынов.

Режиссер Ермек Тұрсынов Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында. Алматы, 20 сәуір 2012 жыл.


Бұған кейбір саясаткерлер күмәнмен қарайды. Олардың ойынша, саясиланып кеткен баптарды билік әркімге ыңғайына қарай әрқалай қолданады.

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлиннің ойынша, «бұрыннан бері қуғында жүрген Козловты биліктің босатпасы анық».

– Саяси тұрғыдан алған кезде, қоғамдық т.б жағынан қарағанда олардың әрқайсысының салмақтары әртүрлі. Бейнелі түрде айтқанда, ауыр салмақтысы - Владимир Козлов. Оны мақсатты түрде қолға түсіріп, қалайда соттау ниеті билікте бұрыннан бар. Көзге шыққан сүйелдей, «Козловтан қалай құтыламыз?» деген жағдай билікте бұрын қалыптасқан. Бұған дейін неше түрлі шабуылдар да болған. Ақыр аяғында Жаңаөзен жағдайын пайдаланып, қолға түсірді. Енді оны әрі қарай қалайда қолдан шығармай, жоспарлы түрде сотқа жеткізіп, сот арқылы жұмсартып айтқанда «бейтараптандыруды» жоспарлап отыр, - дейді Жасарал Қуанышәлин.

«КЕПІЛГЕ АЛЫНҒАН ТҰТҚЫНДАР»

«Guljan.org» порталының бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның ойынша, «билік адамшылық жолмен немесе заңдық тұрғыда емес, өзінің қалауына қарай әрекет етпек».

- Бұл - таза іріктеу сипатындағы нәрсе. Менің ойымша, жаңағыдай жолмен Козловты шығару мүмкін емес деп ойлаймын. Ал Мамайды шығаруы мүмкін. Себебі билікте Мамайды кінәлайтындай дәлелдері де жоқ. Ол соншалықты ауыр қылмыс жасады дейтіндей. Ал Сапарғалиға қатысты айтар болсам, оны аса танымал саясаткер дей алмаймын. Ол мәселенің ішкі жақтарын көп біледі. Владимир Козлов - Мұхтар Әблязовпен күрестегі кезекті кепілге алынған тұтқын. Жәкішев те кепілдегі тұтқын. Бұған дейін екі рет сотталып үлгерген 30 шақты банкир тұтқын болды. Келесі Козлов болады. Бұл – түсінікті жайт, - дейді Гүлжан Ерғалиева.

Владимир Козлов Мұхтар Әблязовпен күрестегі кезекті кепілге алынған тұтқын. Жәкішев те кепілдегі тұтқын.

«Азат» ЖСДП партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов «әлеуметтік араздық тудырды» деп айыпталып отырған азаматтарға қатысты тергеу амалдарында түсініксіз құпия жайттар көп болғандықтан «Ермек Тұрсынов тәжірибесін» соларды анықтау мақсатында да қолдануға болады деп есептейді.

– Мәселе осы бапты оларға қолдану керек деген тұрғыда ғана емес. Қоғамда беделі бар тұлғалар барып, олармен сөйлесе алатындай, пікір алысып, әртүрлі болып жатқан тергеудің барысын анықтау үшін пайдалануға болады, - деді Әміржан Қосанов.

Саясаткер «Атабаевқа қатысты осындай жолға барған құзырлы органдар басқа тұлғаларға қатысты өзінің оң шешімін беру керек» деп ойлайды.