«Ақтөбедегі тұтқындаудың дінге қатысы жоқ» дейді полиция

Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының маңына жиналып қалған айыпталушылардың туыстары. Ақтөбе қаласы, 25 қараша 2013 жыл.

Туыстары Ақтөбеде 23 қараша күні қамалған 70 адамның көбі дін жолын ұстайтынын айтады. Полиция өкілі бұл оқиғаны бұзақылықпен байланыстырады.
Қарашаның 25-і күні Ақтөбеге іргелес Қарғалы елді-мекеніндегі әкімшілік сот ғимараты жанында 100 шақты адам тұрды. Жылап-сықтап жүрген адамдардың айтуынша, «23 қараша күні Ақтөбенің орталық базары аумағында басым бөлігі дін жолын ұстанатын 70 шақты жігіт қамауға алынып, сотқа тартылып жатыр».

«ТЕРГЕУСІЗ ЖАЗЫҚТЫ БОЛЫП ЖАТЫР»

Сот алдында жүргендердің бірі, Ақтөбе қаласының тұрғыны Ерен Көздібаев жиені – қаладағы базардың кіре берісінде ұялы телефон сатып отырған 19 жастағы Наурызбек Байшолақов қарашаның 23-і күні қамауға алынғанын айтады.

Туысының сөзінше, олар Наурызбек Байшолақовты қас қарая іздеп, жергілікті полиция бөлімшелерінің бәрінен таппаған.

– Жиенімнің Сазды полиция бөліміне жеткізілгенін ертеңінде, қарашаның 24-і күні ғана білдім. Бір түнде баланы көк ала қойдай етіп сабап тастапты. Сол жерде

Наурызбек Байшолақовты нағашысы Ерен Көздібаевтың дәрігерлерге қаратып тұрған сәті. Ақтөбе, 24 қараша 2013 жыл. (Суретті Ерен Көздібаев түсірген)

кезекші прокурордың араласуымен жедел жәрдем шақыртып, Наурызбекті фотоға түсіріп алдым, – дейді Наурызбек Байшолақовтың нағашысы Ерен Көздібаев.

Ол аудандық ішкі істер басқармасы жиеніне «әкімшілік кодекстің 355-бабы («құқық қорғау орындары қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаушылық») бойынша айып тағылды» деп, қолын кісендеп қойғанын көргенін айтады.

– Әкімшілік жазаға тартылатын адамның қолына кісен салғанды қайдан көрдіңдер? Олардың адамды үш сағаттан артық ұстауға құқықтары жоқ. Ол аз болса, соққыға жыққан, – дейді ішкі істер саласында 12 жылдан астам қызмет еткенін айтқан Ерен Көздібаев.

Ол бұл оқиғаға байланысты қалалық прокуратура мен ҰҚК-ге шағым жазған.

– Жиенім мен өзге де жас жігіттердің сот пен тергеусіз-ақ жазықты болып,

Ерен Көздібаев. Ақтөбе қаласы, 25 қараша 2013 жыл.

соққыға жығылып жатқанын ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметіне де хабарладым. Бірақ олардан ешқандай жауап болмады, – деді Ерен Көздібаев.

Ол әкімшілік сотта жиенінің құқығын қорғамақ болған, бірақ сот залына айыпталушылардың туыстары да, адвокаттары да жіберілмеді.

Сот алдында жүрген адамдардың енді бірі, бір жас шамасындағы сәбиін көтерген Таңшолпан есімді келіншек те қамауға алынғандардың арасында бауыры бар екенін айтты.

– Аты-жөні – Әділбек Айдаров. Әлі кәмелетке де толмаған бауырымның хабарын екі тәуліктен бері біле алмай жүрмін, – деп жылады Таңшолпан.

Таңшолпанның айтуынша, інісі – «орталық базарда қалта телефонын сатып, өз

Қамалушылардың бірі Әділбек Айдаровтың әпкесі Таңшолпан. Ақтөбе қаласы, 25 қараша 2013 жыл.

күнін өзі көріп жүрген көп мұсылманның бірі».

«БҰЛ ОҚИҒАНЫҢ ДІНМЕН БАЙЛАНЫСЫ ЖОҚ»

Ақтөбенің Ахтанов көшесіндегі орталық базарының жан-жағында бірнеше қақпасы бар. Әр қақпаның алдында соңғы бір жылдың шамасында ұялы телефон мен оның керек-жарағын сатушы жігіттер топталып тұратын. Оларға сауда жасауға арнайы орын бөлінбеген, бәрі алдарына бос жәшіктер мен картон қораптар қойып алатын.

Орталық базарда сауда жасайтын Айгүл есімді келіншектің айтуынша, базардағы азаматтарды ұстау шарасы қарашаның 23-і күні кешкі сағат 4-тердің шамасында болған.

– Базардың барлық есігінен бір мезетте кірген ОМОН-дар (арнайы жасақ – ред.) өңшең жас жігіттерді қолдарын қайырып әкете бастады. Бұрын-соңды автомат асынып, бронежилет киген көп адамды көрмеген басым есеңгіреп қалдым. Есіме түссе, әлі де қорқамын, – дейді Айгүл.

Ол «автомат асынған адамдар күтпеген жерден базарға кіріп келіп, діндар жігіттерді жаппай әкете бастағанда соғыс басталып кеткен шығар деп ойлағанын» айтады.

Ақтөбедегі орталық базар директоры Асқар Ермаханов 23 қараша күнгі оқиға жайлы түсініктеме бермейтінін айтып, полицияға сілтеді.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ардагер Уайдин қарашаның 23-і күні 70 адамның қамауға алынғанын растады.

– Оқиға орталық базарда қалта телефонын сататын бірнеше жігіттің 31 жастағы қала тұрғынын соққыға жығуынан басталған. Қабырғасы сынған зардап шегуші

Сот маңында тұрған адамдар. Ақтөбе қаласы, 25 қараша 2013 жыл.

қазір ауруханада жатыр. Оның шағымы бойынша базар аумағына барған полицейлерге айыпталушылар қарсылық көрсетті. Кейін анықталғандай, олар саудалап отырған телефондардың арасында ұрланғандары да бар боп шықты. Орталық базар – халық көп жиналатын орын. Сондықтан жағдай ушығып кетпеуі үшін арнайы жасақ жіберілді. Бұл деректің дінмен ешқандай байланысы жоқ, – дейді Ардагер Уайдин.

Ол базардағы азаматтарды тұтқындаған кезде жоғарыда сөз болған «Наурызбек Байшолақовты да, басқаларын да полиция ұрмағанын» айтты.

– Тәртіпсіздік барысында полицияға қарсылық көрсеткендердің қолдары артқа қайырылған болуы, сол сияқты тәсілдер қолданылған болуы ықтимал. Арнайы жасақ мәймөңкелесіп тұрмайды ғой. Бірақ олардың ешкімді әдейілеп соққыға жықпағаны анық, – дейді Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ардагер Уайдин.

Оның айтуынша, ұсталғандардың 24-і әкімшілік жазаға тартылып, оларға әкімшілік кодекстің 355-бабы бойынша айып тағылған. 70 адамның өзгесі босатылған.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлзия Мақсатқызы әкімшілік сот 24 адамның ісін әлі қарап жатқанын, сондықтан әзірше толық ақпарат бере алмайтынын айтты.