«Орташа оқып, қара жұмыс істеген» күдікті

Ақтөбеде қарулы шабуыл жасады деп сипатталған адамдар түскен YouTube видеосының скриншоты.

Ақтөбедегі қарулы шабуылға қатысты күдікті ретінде аталған адамдардың бірі Рүстем Омаровтың туыстары оның өлі-тірісін біле алмай отыр.

Маусымның 7-і күні қазақстандық басылымдар Қостанай облыстық ішкі істер органдарына сілтеме жасап, Ақтөбеде өткен жексенбіде «полиция мен әскерге қарсы ұйымдастырылған қарулы шабуылдарға қатысы болуы мүмкін» деген күдікке ілінген адамдардың аты-жөндерін жариялады. Азаттық тілшісі күдіктілердің туған-туыс, таныс-тамырларын іздеп көрген еді. Аты-жөні аталған азаматтардың арасында Ақтөбе облысының тұрғыны Рүстем Берікұлы Омаров та бар.

Your browser doesn’t support HTML5

Күдікті Рустем Омаров жайлы. Аудиоподкаст.

Рүстем Омаровтың туыстары Азаттық тілшісіне қазірге дейін оның өлі-тірісін біле алмай отырғандарын айтады.

– Ақтөбедегі жағдайды естіген кезде әке-шешесі шок жағдайында болды. Әкесі ауырып ауруханада жатыр. Анасы да ауырып жатыр. Олардың телефонмен сөйлесетіндей жағдайлары жоқ. Қандай жағдай болмасын әке-шешесінің кінәсі жоқ қой, - дейді есімін айтпаған туыстарының бірі.

«МЕКТЕПТЕ ОРТАША ОҚЫҒАН»

Жақындарының айтуынша, Рүстемнің әке-шешесі өте еңбекқор қарапайым азаматтар. Ауыл тұрғындарының бірі оларды «қара термен тиын-тебен тауып, соған бала-шағасын асырап жүрген адамдар» деп сипаттады.

Азаттық тілшісі Рүстемнің туыстарымен және таныстарымен сөйлесіп, оның өскен ортасы мен жеке тұлғалық ерекшеліктерін тануға тырысып көрді.

Ақтөбе қаласын әуеден бақылап жүрген тікұшақтар. Ақтөбе, 5 маусым 2016 жыл.

Рүстем Омаров 1990 жылғы желтоқсанның 1-інде Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Тереңсай ауылында дүниеге келген. Отбасында Рүстемнен басқа одан кіші бес бала бар. Рүстем үйдің үлкені екен.

Көп балалы отбасынан шыққан Рүстем ауылдағы жалғыз мектеп – Тереңсай мектебінде орта білім алған. Осы мектептің оқу ісінің меңгерушісі Ақмарал Сұлтанбекқызының айтуынша, мектепте ол орташа оқыған.

– Мектепте үш пен төртке оқыды. Аса көзге түскен жоқ. Белсенді болды деп те айта алмаймын. Әйтеуір келіп кетіп жүрді, - дейді Ақмарал Сұлтанбекқызы.

9-сыныптан соң Рүстем Омаров Әйтеке би ауданының орталығы Комсомол ауылындағы көп салалалы колледжге (ауызекі тілде СПТУ) түскен. Мектептегі оқу ісінің меңгерушісі одан арғы өмірінен хабарсыз екен.

«ҚАЛАДА ҚАРА ЖҰМЫС ІСТЕДІ»

Ауыл тұрғындарының айтуынша, отбасын құрған Рүстем біраз уақыт Тереңсайда тұрған.

– Келіншегі, баласы болды. «Біреулермен байланысы бар екен. Әйелі қара киім жамылған екен» деп естідік. Ауылда ерсі көрінеді ғой мұндай. Өзінің де сақалы болды. Сосын қалаға көшіп кетті, - дейді есімін айтпауды өтінген ауылдастарының бірі.

Рүстемнің өзі Ақтөбе қаласына келген соң қара жұмыс істепті.

Полиция қызметкерлері жерде жатқан адамдардың жанында жүр. Ақтөбе, 5 маусым 2016 жыл.

– Рүстем ана жаққа, мына жаққа барып, әртүрлі қара жұмыс істеп жүрді. Жақсы бала болды. Момын бала болды. Өз еңбегімен тиын-тебен тауып жүрді. Естуім бойынша, базарда жүкші тәрізді әртүрлі жұмыстар істеп жүрген. Ал соңғы кезде оны мүлде көрмей кеттім. Мүмкін, әке-шешесімен сөйлесіп, солардың үйлеріне барып жүрген болар. Ал бірақ бізге келген жоқ, - дейді қаладағы туыстарының бірі.

Азаттық тілшісі Рүстемнің ата-анасына хабарласа алмады.

Әлеуметтік желіде Рүстем Омаров деген есіммен тіркелген аккаунттар өте көп. Солардың арасында «ВКонтакте» желісінде жеке мәліметі полиция таратқан деректерге ұқсайтын «Рүстем Омаров» есімді аккаунт иесі кездеседі. Туған жылы, қаласы полиция хабарламасымен сәйкес келеді. Алайда аккаунт иесінің суреті қойылмаған. Жеке мәліметтер деген бөлімде бес жасар Халел атты ұлы бары жазылған. Аккаунт иесінің парақшасында араб тіліндегі діни видеолар мен жазбалар өте көп.

Рүстем Омаровқа байланысты жергілікті құқық қорғау органдарынан дерек алу мүмкін болмады.

Ақтөбеде маусымның 5-інде «бір топ адам екі қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуыл жасап, полициямен атысты» деп хабарланды. Қарулы шабуылдар салдарынан және күдіктілерге қарсы арнайы операциялар барысында қаза тапқандардың жалпы саны 19 адамға жетті. Полиция күдіктілерді «радикалдық діни топ жақтастары» деп сипаттайды.

Қазір Ақтөбе ауруханаларында қарулы шабуыл мен террорға қарсы операция кезінде жараланған 21 адам емделіп жатыр. Олардың бесеуі – «шабуыл жасады» деген күдікті.

Қадірлі оқырман, Ақтөбедегі шабуыл кезінде күдікті ретінде аты аталған қандай да бір оқиға кейіпкерін танысаңыз Азаттыққа хабарласыңыз.

Электронды поштамыз – azattyq@rferl.org

WhatsApp нөміріміз - +7 777 328 38 88