Базардағы наразылық әкімдіктегі даумен жалғасты

Орталық базардағы наразылық. Ақтөбе. 25 мамыр 2018 жыл

Ақтөбенің Орталық базарындағы наразылықтан кейін жағдайды реттеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.

25 мамыр күні Ақтөбедегі орталық базардың ондаған сатушысы наразылық білдіріп, сол маңдағы автокөлік жолдарын жауып тастады. Саудагерлер базар басшылығының «үш тәулік ішінде орынды босату» туралы талабымен келіспейді.

«ЕНДІ ҚАЙДА БАРАМЫЗ?»

Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі Орталық базар аумағында бірнеше жылдан бері сауда жасап келе жатқан кәсіпкер Дәмегүл Кеңесбаева базар әкімшілігі өзіне бөлінген орынды пайдаланудың нақты мерзіммен шектемегенін және «орынды босатыңдар» деген талапқа таңғалып отырғанын айтады. Оның айтуынша, базар басшылығы кешеден бері бұл орынды босатып, кетуі керектігін айтқан.

Орталық базарда сауда жасайтын Дәмегүл Кеңесбаева әкімдіктегі жиында отыр. Ақтөбе. 25 мамыр 2018 жыл

​ - Енді «тез арада босатыңдар» деп жатыр. Жұрт қолында бар қаржысына сол орындарға сеніп, тауар алып қойды. Біз енді қайда барамыз?! – дейді Дәмегүл Кеңесбаева.

Азаттық тілшісі сөйлескен базарда осындай тәртіппен сауда жасайтын өзге де адамдар бұл талапты орынсыз деп есептейтінін білдірді. Алайда кейіннен анықталғандай, Дәмегүлге бөлінген орын Төтенше жағдай қызметі тыйым салған тұстан тиген екен. Базарда арнайы бөлінген сауда қатары немесе павильондарда емес, осындай орындарға орналасып күнелтіп жүрген адамдардың саны нақты айтылмайды. Белгілісі – олар сол орында тұрып сауда жасағандары үшін ай сайын базар басшылығына ақшасын төлеп келген. Жалға алу ақысы орынның көлеміне қарай әртүрлі.

Орталық базардағы наразылық. Ақтөбе. 25 мамыр 2018 жыл

Бүгін базар басшылығының талабына наразы болған кәсіпкерлер жиналып, сол маңдағы көшедегі қозғалысты тоқтатып тастады. Оқиға орнына келген жергілікті билік өкілдері наразы кәсіпкерлерді сабырға шақыруға тырысқанмен екі тарап арасындағы алғашқы диалог сәтсіз аяқталды. Базар маңына күштік құрылымдардың техникасы көптеп жинала бастағаннан кейін барып, екі жақ мәселені қала әкімдігіне барып талқылауға келісті.

«БҰРЫН ПРОБЛЕМА БОЛҒАН ЕМЕС»

Кәсіпкерлермен кездесуге Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, қала әкімі Ильяс Испанов, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Айдос Майлыбаев және өзге де облыс пен қала басшылары қатысқан. Кездесуде Ақтөбе облыстық Төтенше жағдай басқармасының басшысы Бауыржан Сыздықов базардағы өрт қауіпсіздік жағдайы сын көтермейтінін айтып, кәсіпкерлерден орындарын босатуды не үшін талап етіп отырғанын түсіндіруге тырысты.

Орталық базар маңындағы полиция көліктері. Ақтөбе. 25 мамыр 2018 жыл

Басқарма басшысының айтуынша, Ресейдің Кемерово қаласындағы сауда орталығындағы өрттен кейін басқарма мамандары орталық базарға ескертусіз барып, тексеру жүргізген.

- Біз әдетте, базарды жылына бір рет қана тексеретінбіз. Онда да базар әкімшілігіне бір ай бұрын ескертіп қоятынбыз. 21 сәуір күні ескертусіз барып, 32 заң бұзу фактісін анықтадық. Оларды жою үшін 26 маусымға дейін уақыт бердік. Орталық базардағы өрт сөндіру техникасы жүретін жолдардың бәрі сауда алаңына айналған. Халықты эвакуация жасайтын жол бойындағы сауда орындарын сатушылар тез жанатын маталармен көлегейлеп, шатыр жасап алған. Өрт шыға қалған жағдайда оның бәрі өртеніп, халықтың үстіне құламай ма? Одан бөлек өрт дабылдары да жұмыс істемей тұр. Бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Базар әкімшілігі тексерушілер барар кезде бәрін тәртіпке келтіріп қояды да, кейін білгендерін істейді, - дейді Бауыржан Сыздықов.

Орталық базар басшысы Еламан Итеғұлов (сол жақта) әкімдіктегі жиында отыр. Ақтөбе. 25 мамыр 2018 жыл

Ал Орталық базар басшысы Еламан Итеғұлов талқылау барысында «тәртәпке келтіріп» қоятындарын жоққа шығарды. Оның айтуынша, Сыздықов айтқан тұстарды кәсіпкерлер жалға алғанына 10-15 жыл болған. "Осыған дейін ешқандай проблема болған емес" деп ақталады базар басшысы.

«ЗАҢСЫЗ МИТИНГІ» ҮШІН ЕСКЕРТУ

Талқылау соңынан Ақтөбе қалалық әкімдігінде орталық базардағы жағдайды реттеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Прокуратура, қала әкімдігі және Төтенше жағдай басқармасы мамандарынан құралған бұл топ "мәселені жан-жақты зерттеп, сатушылар мен сатып алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндіктерін" айтып отыр.

Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Айдос Майлыбаев кездесу соңында саудамен айналысатын кәсіпкерлерге заңсыз митинг өткізгендері үшін жауапқа тартылатынын ескертті.

Облыс прокурорының бірінші орынбасары Айдос Майлыбаев. Ақтөбе. 25 мамыр 2018 жыл

- Бұлай жинала салуға болмайды! Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабына сай заңсыз митинг өткізушілерге жауапкершілік көзделген. Мына жиын қазір тіркеліп жатыр. Егер ол қайталанған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатындарыңызды ескертемін, - деді Айдос Майлыбаев.

Базар саудагерлерінің көшедегі наразылығын және әкімдіктегі кездесуін ақпарат құрал өкілдерінен де басқа бірнеше камера түсіріп тұрды.

Орталық базар Ақтөбе қаласындағы үлкен базарлардың біріне жатады. Совет одағы кезінде де жұмыс істеп тұрған бұл байырғы базар одақ тараған соң жекеменшікке өткен.