"Әлімжеттік көргенін айтудан жасқанады"

Гүлсім Жиенбаева қазір "Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықта" уақытша тұрып жатыр. Ақтөбе, 12 маусым 2018 жыл.

Ақтөбе облысында жыл басынан бері отбасында зәбір көрген 207 әйел шағымданған. Осы кезең ішінде 6 қылмыс оқиғасы тіркелген. Полиция өкілі тұрмыстағы әлімжеттіктен жапа шеккендердің кейбірі шағымданудан жасқанып, зорлық-зомбылыққа үнсіз көнетінін айтады. Азаттық тілшісі Ақтөбедегі дағдарыс орталығын паналап жатқан әйелдермен кездесіп қайтты.

"БЕС ЖЫЛ БОЙЫ ӘҢГІРТАЯҚҚА ШЫДАДЫМ"

39 жастағы Гүлсім Жиенбаева қазір Ақтөбе қаласындағы "Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықта" тұрып жатыр. Үш баласы бар әйел бұл жерге осыдан үш ай бұрын Алға ауданынан пана іздеп келген.

- Мұнда келгелі өзімді адам сезіне бастадым. Уақытында тамақ ішеміз, айран, сүт, салат береді. Ешкім айқайламайды. Күйеуіммен бірге тұрған бес жылда мұндай өмірді көрген емеспін, қарным тойып тамақ та ішпеппін. Өзімді бас бостандығы жоқ адамдай сезінетінмін, - дейді ол.

Талай рет қылғындырып, пышақ көрсетті. Көк-ала торғайдай етіп сабап, құлағымды да сындырды

Гүлсім Жиенбаева Алға ауданында құс фабрикасында жұмысшы, кафеде ыдыс жуушы болып, әртүрлі уақытша жұмыстар істегенін айтады. Бұрын бір рет тұрмыста болған келіншек осыдан бес жылдан астам уақыт бұрын өзінен 22 жас үлкен адаммен отасқан. Гүлсім отбасында күйеуінен көрген қорлығы мен зорлық-зомбылық жайлы айтқанда көз жасын тоқтата алмайды. Әйел не алған мамандығы, не тұрақты жұмысы мен баспанасының жоқтығын ойлап, күйеуінің ұрып-соққанына еріксіз төзіп баққанын айтады.

- Талай рет қылғындырып, пышақ көрсетті. Көк-ала торғайдай етіп сабап, құлағымды да сындырды. Бәрінен жаныма қатты батқаны – оған тұрмысқа шыққанда өзіммен еріп келген жасөспірім ұлыма қол жұмсағаны болды. Дастархан басында отырғанда "мен тапқан тамақты шамалап ішіңдер, менің үйімде, жылы жерде отырсыңдар" деп күн көрсетпейтін. Бөлек қазан көтеріп, үйдегі тамақтың дәмдісін өзі ғана ішетін. Бізге қара шай мен қара нан ғана беретін, – дейді ол.

Күйеуінің әңгіртаяғынан әбден зәтте болған әйел ақыр соңында бір түнде қашып шыққанын айтады. Бірі бестен асқан, екіншісі екі жарым жастағы екі баланы күйеуі бермей алып қалған. Гүлсім Жиенбаева басындағы жайтты баяндап, полицияға шағымданған. Әйеліне қол жұмсаған күйеуі әкімшілік жазаға тартылған.

Биліктің шешімімен әкесі екі баланы анасына қайтарған. Күйеуінен заңды түрде ажырасқан Гүлсімнің үш баласын "Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық" қызметкерлері Ақтөбе қаласының сыртындағы "Шағала" шипажайына орналастырған.

Гүлсім Жиенбаева өз басынан өткен жағдай туралы:

Your browser doesn’t support HTML5

Тұрмыстағы әлімжеттіктен жапа шеккен әйел

ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫН ПАНАЛАҒАНДАР

Азаттық тілшісі "Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталыққа" барған кезде бөлмеде Гүлсіммен бірге Гүлнұр Оразалина есімді әйел бар екен, өзге үш әйел жұмыстарына кетіпті. Орталықты уақытша паналап жатқан Гүлсім мен Гүлнұрдың тағдырларында ұқсастық көп. Екеуінің де аналары ерте дүние салған, екеуінің мамандықтары да, тұрақты жұмысы да жоқ.

37 жастағы Гүлнұр екі жастағы баласымен бірге бұл орталықта мамыр айынан бері тұрып жатыр. Өз айтуынша, азаматтық некеде болған жұбайы ұрып-соққаннан кейін келіншек баласын алып одан кетуді ұйғарған. Сот шешімі бойынша күйеуінен баласына алимент алып отыр.

Гүлсім Жиенбаева (оң жақта) мен Гүлнұр Оразалина "Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталығында" отыр. Ақтөбе, 12 маусым 2018 жыл.

Журналистке отбасында көрген теперішті айтып тауыса алмаған екі әйелдің сөзін Гүлнұрдың қалта телефонына соғылған қоңырау бөле берді. Бірақ Гүлнұр тұтқаны көтерген жоқ. "Банктің қызметкерлері ғой..." деді сосын көзі жасаурап.

- Күйеуімнен кетіп қалған соң барар жерім болмай, бір таныс әйелмен бірге тұрдым. Ол мені алдап-сулап үш рет банктен несие алғызды. Алғашында оған 330 мың теңге ақшалай несие алып бергенмін. Кейін менің атыма екі рет iPhone рәсімдеді. Үшінші несиеден соң ұрып-соғып, үйінен қуып шықты. Қазір мойнымда миллион теңгеден астам қарызым бар. Балама алимент ретінде ай сайын 15 мың теңге аламын. Банк қарызын содан ұстап қалып отыр, - дейді Гүлнұр Оразалина.

Баспанасыз, бауырында кішкентай балалары бар екі әйел бұл орталықтан шыққан соң қайда баратындарын да білмейді.

"Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық" қызметкері Гүлара Тәжіғалиқызы.

- Біз бұл азаматшаларды орталықта 6 ай ғана ұстай аламыз. Осы аралықта отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдердің құжаттарын қалыпқа келтіріп, құқықтық, психологиялық қолдау көрсетуге тырысамыз. Шектеулі мерзім аяқталған соң әйелге қандай да бір медициналық көмек қажет болған жағдайда ғана орталықты паналау мерзімін тағы үш айға созуға болады, - дейді "Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық" өкілі Гүлара Тәжіғалиқызы.

Ақтөбе қаласындағы "Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Ақтөбеде биыл наурыз айында ашылғаннан бері бұл мекемеде мұқтаж 17 әйелге көмек көрсетілді дейді орталық өкілдері. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, 20 адамға арналған орталықта қазір екі кішкентай баламен 5 әйел тұрып жатыр. Бұдан бөлек 2017 жылдан бері Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде ашылған "Малика" дағдарыс орталығы да жұмыс істейді. Қызметкерлерінің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналған бұл орталықты жыл басынан бері 84 адам паналаған.​

"ЖАПА ШЕККЕНІН АЙТУДАН ЖАСҚАНАДЫ"

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі тобының инспекторы Альмира Аккатова 2018 жылдың алғашқы бес айында облыста тұрмыстағы жанжал кезінде тіркелетін ауыр қылмыс саны өткен жылғымен салыстырғанда азайғанын айтады.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің инспекторы Альмира Аккатова.

- Былтыр осындай кезеңде отбасындағы әлімжеттікке қатысты 21 қылмыс жасалса, биыл 6 қылмыс тіркелді. Бұларға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" бабы бойынша қозғалған қылмыстық істер сотқа берілді. Бірақ, биыл қылмыстық істердің аз болуы отбасындағы зорлық-зомбылық азайды деген сөз емес. Әйелдердің көбі үйдегі ұрыс-керісті сыртқа шығармасам, күйеуім қол жұмсауын қояды деп ойлайды. Өкінішке қарай, олай емес. Өзінің жазасыз қалатынын көрген адам қол жұмсауын үдетпесе, қоймайды, - дейді полиция майоры Альмира Аккатова.

Әйелдердің көбі үйдегі ұрыс-керісті сыртқа шығармасам, күйеуім қол жұмсауын қояды деп ойлайды. Жазасыз қалатынын көрген адам қол жұмсауын үдетпесе, қоймайды

Оның сөзінше, жыл басынан бері Ақтөбе облысында отбасында зәбір көрген 207 әйел полицияға хабарласқан. "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің" 73-бабы бойынша, отбасының шырқын алып, өзімен бірге тұрып жатқан адамды қорлап, балағаттағаны үшін айыппұл салынады, ал егер адамды ұрып-соғып, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірсе – 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған. Бұған дейін қазақстандық әйелдер құқығын қорғаушы белсенділер Азаттыққа отбасындағы әлімжеттік үшін жауапкершілікті Қылмыстық кодекстен алып тастау елде әйелдердің жағдайын айтарлықтай ауырлататыны туралы мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Әлімжеттік көретін әйелге заң өзгерісі ауыр тиді

Полиция өкілі Альмира Аккатованың сөзінше, отбасында зорлық-зомбылықтан жапа шеккен әйелдердің үндемей қалуының тағы бір себебі, күйеуіне салынған айыппұл отбасылық ортақ бюджеттен төленеді. Яғни, әкімшілік жазаның жауапкершілігін жанжал шығарушы ғана емес, оның отбасы да бөліседі.

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспектор билік орындарына күйеуінің үстінен шағымданатындардың басым көпшілігі қала тұрғындары екенін айтады.

- Ауылдық жерлерде бұндай іс-әрекет жайлы тиісті мекемеге шағымдануды әлі күнге ұят санайтындар бар. Тұрмыстағы жанжалдың көбінесе мамандардың көмегімен емес, жасы үлкен туыстардың араласуымен шешілетіні де сондықтан. Күйеуінің үстінен полицияға шағынған әйел туыстар арасында автоматты түрде "халық жауына" айналып шыға келетіндіктен жапа шегуші көбіне үндемей қалуды жөн көреді. Сондықтан да бұл әлі күнге дейін қоғамдық дерт емес, әр әйелдің жеке мәселесі күйінде ғана қалып келеді, - дейді Альмира Аккатова.