Абақтыдағы бүлікке байланысты үш адам сотталды

КА 168/1 мекемемесінде "бүлік ұйымдастырды" деп айыпталған Әділет Қанапин. Ақтөбе, 4 ақпан 2013 жыл.

Ақтөбеліктер «Бесінші» деп атайтын тергеу изоляторында 2012 жылы шілденің 11-і күні «бүлік шығарды» деп айыпталған үш жігітке қатысты сот үкімі бүгін шықты.
Ақтөбе қалалық 2-соттың судьясы Гүлнәр Тілепованың ақпанның 4-індегі үкімімен айыпталушы Мейрам Дербісалин – 15 жылға, Әділет Қанапин – 7 жылға, Александр Петухов – 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот былтыр шілде айындағы 13 сағатқа созылған бүліктен абақтыдағы 540 мың теңгенің мүлкі бүлінгенін айтып, соның 358 мың теңгесін Әділет Қанапин, Мейрам Дербісалин мен Александр Петуховтан өндіріп алуға үкім етті. Тергеу изоляторының мүддесін қорғаған адвокатқа тиесілі 100 мың теңгені де айыпталушылар төлеуі керек.

«БҰЛАРДЫ СОТТАМАСА, ТҮРМЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ СОТТАЛАДЫ»

КА 168/1 мекемесінде 2012 жылы 11 шілдеде басталған бүлік кезінде «тергеу изоляторындағы режимге наразы 20 адам қарындарын жарып, білектерін тілгілеп тастаған» (қылмыстық атқару жүйесі өкілінің айтуынша).

Сот сол 20 адамның үшеуін Қазақстан қылмыстық кодексі 360-бабының 3-бөлімі (қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететiн мекеме әкiмшiлiгiнiң заңды талаптарына топтасып бағынбауды ұйымдастыру, сол сияқты күш қолданумен немесе өзiне

Мемлекеттік айыптаушы Әсел Таналиева. Ақтөбе, 4 ақпан 2013 жыл.

қандай да бiр қасақана жарақат салумен ұштасқан не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан топтасып бағынбауға қатысу) бойынша айыпты деп тапқан.

– Бүлікті ұйымдастырушы Әділет Қанапин тергеу изоляторында жазасын өтеушілердің арасында үлкен беделге ие. Сезіктілер өзара «смотрящий» деп атайтын бұл азамат бүлік шығарып, өз абыройын одан әрі арттырмақ болған, – деді мемлекеттік айыптаушы Әсел Таналиева.

Прокурордың айтуынша, Әділет Қанапин оқиға болардан бір күн бұрын тергеу изоляторы бастығының міндетін атқарушы Жасталап Басаровқа барып, заңсыз талап қойған.

– Камераларда теледидар мен қалта телефонының болуын, сырттан келетін азық-түлікке, жақындарымен кездесуге ешқандай шектеу қойылмауын талап еткен. Бұл талаптар орындалмаса, абақтыда бүлік болатынын айтып ескерткен, – деді мемлекеттік айыптаушы Әсел Таналиева.

Былтыр шілденің 11-індегі оқиғаға дейін қылмыстық кодекстің 192-бабы (жалған кәсіпкерлік) бойынша істі болып, изоляторда сот үкімін күтіп отырған Әділет

Айыпталушылар Мейрам Дербісалин мен Александр Петухов сот залында. Ақтөбе, 4 ақпан 2013 жыл.

Қанапин өзін «түрме қызметкерлері ұйымдастырған арандатушылықтың құрбанымын» деп атады.

– Мен өзіме тағылған айыпты мойындамаймын. Абақтыдағы адам төзгісіз жағдай мен қысымға шыдамай, денемді тілгілеп тастағаным рас. Мен осылайша өзімді өзім қорғамақ болдым, – деді «бүлікті ұйымдастырушы» деп айыпталған Әділет Қанапин соттағы соңғы сөзінде.

Айыпталушылардың адвокаттары үкімге риза емес екендерін айтты.

– Абақтыда бүлік шығарушылардың әрекеттері әрі кеткенде тәртіптік жауапкершілікке ғана лайық. Мысалы, лаң салушыларды карцерге (оқшау камера) қамауға болатын еді. Бірақ бұларды соттатып жібермесе, түрме қызметкерлерінің өздері сотталады, – дейді «бүлікті ұйымдастырушы» аталған Әділет Қанапиннің адвокаты Берік Жақыпов.

«Бесіншідегі» бүлікті ұйымдастырды және оған белсене қатысты» деп айыпталғандардың үшеуі де – әлі отызға толмаған азаматтар.

АДВОКАТТАРДЫҢ БҮЛІК ЖАЙЛЫ УӘЖІ

Адвокат Берік Жақыпов айыпталушылардың сөзіне сүйене отырып, оларды түрме қызметкерлері резеңке сойылмен ұрғанын айтты.

– Сот-медициналық сараптамасы да бұл азаматтардың доғал, әрі қатты заттан соққы алып, денелері қанталап кеткенін растап отыр. Мысалы, сотта мен құқын қорғаған Әділет Қанапиннің арқа тұсында көлемі 20 сантиметрлік жарақат болды.

Айыпталушы Әділет Қанапиннің адвокаты Берік Жақыпов. Ақтөбе, 4 ақпан 2013 жыл.

Сотқа куә ретінде шақырылған түрме қызметкерлерінің айтуынша, бүлік шығарушылар өз денелерін өздері жарақаттаған. Оларға сенсек, айыпталушылар бір-бірін ұзындығы 15 сантиметрлік пластик құбырмен сабапты. Абақты қызметкерлері сотта камераларды күн сайын тексеретіндерін айтты. Сонда пластик құбыр қайдан шыққан? Ойлап қараңыздаршы, 15 сантиметрлік құбырмен адамның денесіне 20 сантиметрлік жарақат салуға бола ма? Куәлік етушілер сотта бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай сөйледі. Сотта куәлік еткен 15-16 қызметкердің анкеталық мәліметтері ғана бөлек, – дейді адвокат Берік Жақыпов.

Айыпталушы Александр Петуховтың құқын қорғаған адвокаты әрі анасы Галина Петухованың пікірінше «құнарсыз ас, сыз тартып тұрған қабырғалар мен айлап жуылмайтын төсек-орын сот үкімін күтіп, онсыз да күйзеліп жүрген азаматтардың ашу-ызасын туғызған».

Адвокат Берік Жақыпов былтыр шілде айындағы бүліктен соң прокуратура қызметкерлерінің КА 168/1 мекемесін тексергенін айтады. Адвокаттың қолында сол

Прокурорлық тексеруден соңғы анықтаманың фотокөшірмесі. Ақтөбе, 4 ақпан 2013 жыл.

тексерудің нәтижесі туралы Ақтөбе облысы прокурорының аға көмекшісі Мұрат Әлменов берген анықтама бар. Онда камералардағы ауа жаңартатын вентиляцияның бұзылғаны, кереуеттердің сынық екені, төсек-орынның жыртыла бастаған көнетоз екені жазылған.

Сотта КА 168/1 мекемесінің мүддесін қорғаған адвокат Сисенов. 1949 жылы салынған абақтыда «ара-тұра су болмай, канализация құбырының бітеліп қалатыны рас» екенін айтты.

– Әбден ескіріп тұр. Бірақ изолятор басшылары туындаған проблемалардың барлығын ыждағаттылықпен шешіп отырған, – деді ол.

Бүгінгі сотта үш айыпталушыға үкім шығарған судья Гүлнәр Тілепова бірнеше жеке қаулы қабылдағанын да мәлімдеді. Соның бірі «тергеушілер тобы айыптау ісіне атүсті қарап, сотқа заңсыз дәйектерді ұсынғаны үшін» Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментіне жіберіледі. Екінші қаулы «КА 168/1 мекемесіндегілердің бүлік

КА 168/1-де отырғандарды ұрып-соққаны туралы YouTube-те жарияланған видеодан жасалған скриншот. Ақтөбе, 11 шілде 2012 жыл.

болатынын алдын ала ести тұра ешқандай әрекет жасамағаны үшін» қылмыстық атқару жүйесі Ақтөбе облысы бойынша департаментіне жолданады.

Ол департамент басшылары кінәлілерге қандай шара қолданылғаны туралы сотқа хабарлауы тиіс.

Ақтөбедегі «Бесінші абақты» аталып кеткен КА 168/1 изоляторында 2012 жылы шілденің 11-і күні жазасын өтеушілер бір толқып басылған еді. Абақты күзетшілерінің наразылықты басуы кезінде бірнеше адамның жараланғаны хабарланған.