Тергеуде жүрген Данияр Шәбдікәрімовке халықаралық сыйлық берілді

Данияр Шәбдікәрімов, «Әлем-Арт» қоғамдық қорының президенті. Алматы, 10 маусым 2009 ж.

«Әлем-Арт» қорының президенті «Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальмен» марапатталды. Бұл уақытта ол басқаратын қорды Қазақстан билігі сотқа беріп жатыр. Режиссер Болат Атабаев «Әлем-Арт» қорын қудалаудың саяси астары бар дейді.
АЙТМАТОВ АТЫНДАҒЫ АЛТЫН МЕДАЛЬ ИЕГЕРІ

Маусымның 10-ы күні «Әлем-Арт» қоғамдық қорының президенті Данияр Шәбдікәрімов «Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медаль» иегері атанды. Ол осынау халықаралық жүлдеге ие болған қазақстандық екінші адам. Бұған дейін 2003 жылы бұл марапатқа «Бөбек» қорының президенті, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зайыбы Сара Назарбаева ие болған еді.

Ш.Айтматов атындағы алтын медальмен марапаттау жөніндегі бүкіләлемдік комитет президенті Рустан Рахманалиев, бұл марапаттаудың жазушы, ұлы ойшыл Шыңғыс Айтматовтың дүниеден озғанына 1 жыл толуына тұспа-тұс келгендігін айтты.

– Аталмыш медаль Данияр Шәбдікәрімовке «Қазақстан мәдениетін дамытқаны және Ш. Айтматов мұрасын сақтағаны үшін» берілді. Бұл кандидатураны жас та болса да бүкіл әлемдік комитет мүшелері бір ауыздан қабылдады, - деді комитет президенті.

Оның пікірінше, әлемдік бақылаушылар осындай жоғары баға беріп жатқан азаматты Қазақстан үкіметі де бағалау керек.

«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» 850 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ДАУЛАДЫ

Данияр Шәбдікәрімов басшылық ететін «Әлем-Арт» қоғамдық қоры әзірге өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Себеп – қордың барлық есеп шоттары жабылды. Қордың 60 шақты қызметкері белгісіз мерзімге ақысыз демалысқа жіберілді.

Бұл жағдайға «Әлем-Арт» қоғамдық қоры мен «БТА» банкіне қатысты Медеу аудандық прокурорының талап арызы негізінде сотта басталған азаматтық іс түрткі болды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының мүддесін көздеген бұл талап-арыз маусымның 4-інде жіберілген. Талапкер тарап «Әлем-Арт» қорынан 850 млн теңгеге жуық (шамамен 5,7 миллион доллар) қаржыны қайтарып алмақшы.

Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы туралы Рустан Рахманалиевтің кітабы.
«Әлем-Арт» қорының президенті Данияр Шәбдікәрімов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының берген талап-арызының заңды негізі жоқ деп санайды. Ол бұл іске қатысты сот әділ шешім шығарар деп үміттенеді.

- Көрсетілген қаржының жартысы «БТА» банкінің демеушілік көмегі болып есептелінеді. Ал, екінші жартысы – банктің мәдениет саласында ілгерілеу жолында көрсеткен біздің қызметіміздің құны, - дейді Д. Шәбдікәрімов.

«Әлем-Арттың» қорғаушысы Сергей Уткин қордың үстінен түсірілген талап арыздың шикі екендігін айтады.

- Қорда қазір бұл қаржының жоқ екендігі аян. Ол қаржы мәдениет қайраткерлері мен мәдени жобалардың жүзеге асырылуына жұмсалды. Прокуратураның талап-арызында бөлінген 850 миллион теңгеге жуық ақшаны қайтару талап етілген, ал ол қаржыны жұмсаған қор емес, мәдениет қайраткерлері екендігін ескерер болсақ, онда ол ақшаның барлығын сол азаматтар қалтасынан шығаруы мүмкін, - дейді Сергей Уткин.

ӘБЛЯЗОВ ҮШІН ҚУҒЫНДАУ

Соңғы екі жыл бойы «БТА» Банкінің қаржысынан осы қор арқылы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларының толық жинағы, «Отандағы концерттер» фестивалі мен «Қазақстанның 7 кереметі» интерактивті жоба, «қазақтың бұлбұлы» атанған Бибігүл Төлегенованың халықаралық фестивальдері сынды бірқатар мәдени жобаларға қаржы бөлінген болатын.

Сондай жобаның бірі – Орта Азия елдерінде теңдесі жоқ танымал режиссер Болат Атабаевтың басшылығымен ашылған «Ақсарай» театры да бар. «БТА» банкінің басшылығынан Мұхтар Әблязов кеткелі бері «Ақсарайдың» басынан да бақ тайды дейді ол.

- «Ақсарай» театрын соңғы 2 жыл бойы, 2009 жылдың ақпанына дейін «БТА» банкі қаржыландырып келген болатын осы «Әлем-Арт» арқылы. Енді биылғы жылдың қаңтарынан бастап біз қаражат алған жоқпыз. Аблязовтың өтініші бойынша біз билет те сатпай тегін өнер көрсететінбіз. Ал қазір амалдың жоғынан билеттерімізді сатып күн көріп жатырмыз. Содан түскен азын-аулақ ақшаны 49 адам өзара бөлісіп отырмыз. Мен қазір ақша іздеп Астанада жүрмін, - дейді Болат Атабаев.

Қазіргі таңда жаңа қойылым қоюға еш мүмкіндігі жоқ ол бұл істің саяси астары бар екендігін де жоққа шығармайды.

- Әблязовқа байланысты жобалардың барлығы аталмау керек, Әблязов жасаған жақсылықтар теріс болып шығу керек. 1937 жылы солай болған. Түп-тұқиянымен, әйелі, бала-шағасымен қосып қудалап, күн көрсетпеген. Соны қайталайын деп отыр ғой, - дейді режиссер.

Осы іске қатысты «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына хабарласқанымызда баспасөз қызметінің өкілі «қазіргі таңда бұл сұраққа жауап беретін адам іссапарда жүргендіктен ешқандай ақпарат бере алмаймыз. Мүмкін ертең хабарласарсыз» деп жауап берді.

Ал «Әлем-Арт» қорының қорғаушысы Сергей Уткин бұл істің түбі қалай аяқталуы мүмкін деген сауалға өз болжамын айтады.

- Бұл істе тек бір ғана соттың шешімімен шектелмей қаржыны да өндіру қажет болады ғой. Сондықтан, қорды банкрот деп жариялауы мүмкін. Ал, одан кейін барлық қарыз мәдениет қайраткерлерінің мойнына ілінеді. Міне сол кезде оларға шарт қоюы мүмкін, «не қаржыны қайтарасыңдар, болмаса Әблязовтың қатысы бар шаралардың барлығының жамандығын айтып билікке мойынсұнасыңдар» деген сынды. Сол арқылы оларды өздерінің көмекшілері етіп алуы да мүмкін, - дейді Сергей Уткин.