Желтоқсандықтар қозғалысы тағы да дағдарысқа кезігіп отыр. Олар қазір екіге бөлініп алған. Біреулері билікке қызмет етсе, екіншілері шынайы тәуелсіздікке қол жеткізу үшін әлі күресіп жүр дейді Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысушылар.
«Желтоқсандықтар» Қазақстан коммунистік режимінің қолындағы қуыршақ ұйымға айналғаны жайында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларынан соң бірден айтыла бастаған еді. Жақында Алматыда Ұлттық баспасөз-клубындағы «жұмыртқа лақтырушылар» отқа май құя түскендей болды. «Желтоқсандықтар» енді тәуелсіз Қазақстандағы авторитарлық биліктің қолжаулығына айналғанына күмәнданатын ешкім қалмады десе болады.
Бүгінде «желтоқсандықтар» жеті бірдей ұйымы бар. Олар өзара қарым-қатынаста, жұмсартып айтқанда, бір-біріне жылы қабақ танытады деуге келмейді, ал турасын айтқанда, олардың тіпті қарама-қайшы келіп қалатын тұстары да бар. 1990 жылдардың басында олар Халық майданын құратындарын мәлімдеген болатын және ол кезде бұған қажетті алғышарттар да бар еді.
Ал «желтоқсандықтар» армандаған ондай мықты халық майдандары көптеген постсоветтік республикаларда құрылғаны мәлім. Олардың өз егемендігін жария түрде мәлімдеуіне қазақтардың 1986 жылғы 16-17 желтоқсанда мәскеулік билікке ашық қарсылығы түрткі болды. Оның үстіне бір кездегі бауырлас республикалардағы мұндай халық майдандары мен қозғалыстар мықты саяси күшке айналды. Бұған мысал ретінде Украинадағы ұлтшыл-патриоттарды айтуға болады.
Ал қазақ қоғамында, арада ширек ғасыр өтсе де, әлі күнге дейін бұл оқиғаның табиғаты жайында, 1986 жылғы желтоқсан айындағы қазақ жастарының бейбіт шеруінің мәні қандай болды, оны ұйымдастырған кім, мақсаты мен міндеттері қандай еді деген мәселелерде пікір таластыру толастар емес.
Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысқандар желтоқсандықтардың 1986 жылғы және арада 24 жыл өткен соң бүгінгі күнгі рөлі жайында мәселені талқылады.
Пікірталасқа: Желтоқсан оқиғаларына қатысушы, бүгінде оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин (Алматы); тәуелсіз журналист, қазақстандық БАҚ-тардың және қоғамдық қозғалыстардың шолушысы және тарихшы Андрей Свиридов (Алматы); Желтоқсан оқиғаларына қатысушы және «Желтоқсан» қозғалысының белсендісі Ғалым Оспанов (Алматы); Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларының зерттеушісі, «Мемориал» құқыққорғау ұйымы Орталық Азиялық бағдарламасының директоры Виталий Пономарев (Мәскеу) қатысты.
Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының тілшісі Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізді.
ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАЛАРЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ МАЙДАНЫ
Жүргізуші:
– 1980 жылдардың соңында «желтоқсандықтар» өздері мәлімдегендей Халық майданын неге құра алмады? Оларға не кедергі болды?
Жасарал Кунышәлин:
– Осы оқиға болған сәттен бастап мен «Желтоқсанның» мәселелерімен айналыса бастадым. Кейінірек түрлі жағдайларда осы оқиғаға қатысты күтпеген мәселелерді шешуге қатыстым. Солардың бірін еске алғым келіп отыр. Бұл Желтоқсан оқиғаларына кінәлі деп танылған қызметтегі адамдар
Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин президенттік сайлауға үміткер ретінде қатысатыны туралы мәлімдеме жасап отыр. Алматы, 3 қараша 2010 жыл.
мен мемлекеттік органдарды жауапкершілікке тартуға байланысты сот ісінің қаралуы болатын.«Азат» қозғалысының съезінде трагедияға кінәлілерді сотқа беру туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, 1993 жылы Конституциялық сотта сот үдерісі басталды. Сол бір желтоқсан оқиғалары болған күндердің шындығын ашуға септігін тигізетін толып жатқан құжатты материалдар, фактілер мен деректер көтерілді. Бірақ, арада екі жыл өткен соң, 1995 жылы бұл іс тоқтатылды. Оның тоқтатылуына жоғарыдан келген нұсқаудың себепкер болғандығы даусыз. Шамасы, бұған дейін белгісіз болып келген әлдебір фактілер жарыққа шыға бастаса керек.
1994 жылы мен парламент депутаты болып жүрген кезде «желтоқсандықтар» Желтоқсан оқиғаларына қатысты мәселелерді тексеру жөніндегі Жоғары кеңестің жаңа комиссиясын құруды талап етіп бір жарым ай аштық жариялады. Нәтижесінде мұндай комиссия құрылды. Өкінішке қарай, оның да ғұмыры ұзаққа бармады. Бар болғаны бірнеше ай ғана өмір сүріп, өз міндетін атқара алмады. Өйткені, Жоғары кеңес таратылып кеткен еді.
Осылайша, барлық тексерулерді сол кездегі билік, оның ішінде Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев басқарған, содан кейінгі, бірақ енді президенттік таққа отырған тағы сол Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі түбірімен жойып отырды.
Осы уақытқа дейін түсініксіз болып келе жатқан жайлар өте көп. Бұрынғы және қазіргі биліктің желтоқсан қасіретіне тікелей қатысы бар болатын. Сол себепті ол шындықтың ашылуына мүдделі болмады. Мен бұны атап айтқым келеді, Қазақстанда «желтоқсандықтарға» немесе өзге біреулерге Халық майдандарын құруға мүмкіндік бермеді.
Өзге республикаларда жағдай басқаша болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ ол жақтағы басшы органдар қоғаммен бірігіп, демократиялық бағыттағы түрлі ұйымдардың, оның ішінде халық майдандарының құрылуына мүмкіндік берді. Ал дәл осы кезде Қазақстанда мұндай әрекеттердің жолы кез-келген тәсілмен кесіліп отырды.
Менің ойымша, Қазақстанның ерекшелігі мынада. Назарбаевтың ескі және жаңа билігі елді демократияландыру, «Желтоқсан» шындығын ашу, осы бағыттағы әлдебір демократиялық күштердің бірігуі жолындағы басты кедергі болып табылады.
Андрей Свиридов:
– Халық майданын құруға алғашқы әрекет 1988 жылы қазан айында жасалды, ол Алматы халық майданы деп аталғанын еске сала кетейін. Шыны керек, оны Желтоқсан оқиғасының қатысушылары құрған жоқ. Өйткені олардың көпшілігі бұл кезде әлі бостандыққа шықпаған еді. Оны құрған жалпы демократиялық принциптерді ұстанатын ұлты қазақ емес азаматтар болатын.
Олардың арасында Сергей Дуванов және басқалар бар еді. Қазір көпшілігінің аттары да ұмытылып қалды. Олар Ғалымдар үйіне жиналып, Алматы Халық майданын құру жөніндегі жарғыны қабылдады. Геннадий Колбин бастаған сол кездегі басшылық жүз мыңдаған адам жиналғандай шала бүлінді.
Халықтық майданды ұйымдастырған аз ғана топқа барлығы да дүрсе қоя берді. Оларға құқық органдары тиісумен болды. Ал «Казахстанская правда» газетінің бетінде оларға қарсы ең көп мақала жазған бүгінде аты әйгілі Татьяна Квятковская болды. Кейінірек Жасарал Қуанышәлин депутаты болған 13-ші шақырылымдағы Жоғары кеңесті таратуға да осы Квятковскаяны пайдаланғаны белгілі.
КГБ-ның 1988 жылғы террорын да еске түсіруге болады. Бұл кезде адамдарды тұтқындай алмайтын. Уақыт басқа еді. Бірақ оларды шамалары келгенше қорлап бітетін.
1989 жылдың ақпан айында Халық майданына қатысушылар өздерін-өздері таратуға мәжбүр болды. Бұл кезде «Невада – Семей» қозғалысы құрылып, енді Колбиннің билігі ешкімді де ақырына дейін жазалай алмайтын болып қалды, ал Назарбаев Министрлер кеңесінің төрағасы болатын. Олар бір қолымен Халық майданын тұншықтырып, екінші қолымен жаңа қозғалыс тарапынан болар қысымды тежеп отырды.
Колбин Қазақстаннан кеткен соң Назарбаев бірінші хатшы қызметіне отырды, 1989 жылдың мамыр айында Мәскеуде халық депутаттарының бірінші съезі өтті. Уақыт түбегейлі түрде өзгере бастады. 1989 жылы экологиялық, әлеуметтік, идеологиялық және өзге де тұрпаттағы он шақты ұйымдар пайда болды. Тіпті Қазақстанның тәуелсіз қоғамдық ұйымдарының қауымдастығы да құрылып, оған Хасен Қожа-Ахмет бастаған «желтоқсандықтар» да енді.
Содан соң, 1990 жылдың шілде айында «Азат» қозғалысы құрылып, жалпыдемократиялық, құрамы орыстілділерден тұратын ұйымдар негізінде Қазақстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) құрылды. 1991 жылға дейін ҚСДП, «Желтоқсан» және «Азат» одақтастар болатын, бірақ араласып кеткен жоқ. Үлкен өзгеріс әкелген 1991 жылдан кейін бұл ұйымдардың әрқайсысының өз тағдыры қалыптасты. ҚСДП 1995 жылдары жұмысын тоқтатты. Ал «Желтоқсан» мен «Азат» байсалды қалыпқа түскендей болды.
Ғалым Оспанов:
– 80-ші жылдардың соңы мен 90-шы жылдардың басында «Желтоқсан» қозғалысы Балтық жағалауындағы немесе Грузиядағы сияқты Халық майданын басқара алмайтын еді. Және де қоғамымыздың және бүкіл
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы және «желтоқсандықтар» қозғалысының белсендісі Ғалым Оспанов. Алматы, 4 қараша 2010 жыл.
халықтың дұрыс бағыттағы және алдыңғы қатарлы күштерінің келісімі мен бірлігі үшін осылай жасады.«Желтоқсанның» өзі, керісінше, өзге азаматтық қозғалыстармен, мысалы «Азатпен» бірігіп кетті. «Невада – Семей» қозғалысында көптеген «желтоқсандықтар» болды. Егер қоғамда прогресшіл күштер жоқ болса, онда «Желтоқсан» осындай Халық майданын құруға мәжбүр болатын еді. «Желтоқсан» қозғалысы үшін бірінші кезектегі маңызды нәрсе – халықтың тәуелсіздігі мен мемлекеттің егемендігі еді. Егер бұның барлығы болмаған болса, біз егемендікті талап етіп, рухты көтерер едік.
80-ші жылдардың соңы мен 90-шы жылдардың басында біздің қоғамымыз тәуелсіздік пен егемендікті қабылдауға моральдық жағынан даяр болатын. Әрине, бастапқы кезеңде қиындықтар да болды. Бірақ, қазіргі жағдай көрсетіп отырғандай, соған қарамастан біз өз міндетімізді атқарып шықтық.
Виталий Пономарев:
– 1986 жылғы оқиғаларға сол кезде өмір сүрген мемлекеттік басқару жүйесімен тікелей байланыстырып баға беру керек. Біріншіден, тоталитарлық идеологияға негізделіп, тығырыққа тірелген коммунистік жүйе ол кезде әлі бар болатын. Екінші жағынан, патшалық Ресей мен одан талай дүниені мұраға алып қалған Совет Одағы колониялық империя болғандығын да естен шығармау керек. «Империя» сөзін мен әдетте
Мәскеулік «Мемориал» құқыққорғау ұйымы Орталық Азиялық бағдарламасының директоры Виталий Пономарев. Алматы, 15 желтоқсан 2009 жыл.
жарияланымдарда қолданатындай ерекше бір эмоциялық бояумен айтып тұрған жоқпын. Мен бұны бүкіл әлемді үлкен империялардың бөліп алып, кейін олардың ыдырай бастаған тарихи кезең ретінде ғана бағалаймын.Осындай тарихи сәттерді қаперге алар болсақ, 1986 жылғы оқиғада алғаш өзін танытып, кейінірек саяси, экологиялық және өзге де ұйымдарды құруға қатысқан Қазақстандағы ұлттық-демократиялық қозғалыстың құрамдас екі бөлігі бар еді. Оның бірі – антиколониялық, ал екіншісі – коммунистік жүйені қиратуға бағытталған жалпыдемократиялық бөлік болды.
Қазақстандағы 1986 жылғы оқиғаларға баға беру барысында ұлтаралық қатынастарға назар көбірек аударылғанымен, бұл саяси жағдайда демократиялық көзқарас та өте маңызды рөл атқарды. Міне осы бір екіжақтылық Совет Одағы тарқағанға дейін, тіпті Қазақстан тәуелсіздік алған соң да Қазақстанның ұлттық-демократиялық қозғалысында байқалып тұрды.
Мен осы демократиялық қозғалыстың кейбір қатысушылары әлі күнге дейін Назарбаевқа қарсы оппозицияда екенін білемін. Сонымен бірге, Қазақстан тәуелсіздік алған соң өз мақсатымызға жеттік деп есептегендіктен 1992 жылы саясаттан шеттеп қалған адамдар да бар.
Бір ерекшелігі, сол кездерде Қазақстанда 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларынан соң іле-шала болған жазалаулармен байланысты ерекше саяси ахуал қалыптасқан болатын. Өзге республикаларда халық майдандары құрылып жатқан кезде, мысалы Өзбекстанда «Бірлік» қозғалысы пайда болды, Қазақстанда бұқаралық ұлттық-демократиялық қозғалыстың бір түрі «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы дүниеге келді. Өйткені, ол кездері 1986 жылғы оқиғалардан соң қалыптасқан саяси жағдайға байланысты саяси құрылымдарды ашықтан ашық құру мүмкін емес болатын. Әрине, түрлі саяси ұйымдар пайда болып жатты. Бірақ олардың қатарында кісі саны аз болатын. Біраз «тізе батырған» соң олардың көпшілігі жоқ болып кетті.
Жүргізуші:
– 1986 жылғы желтоқсан толқуының артында билік немесе биліктің ішіндегі әлдебір саяси топ тұрғандықтан қазақ жастары Қазақстан Компартиясының қолындағы қуыршаққа айналды деген пікірлер де айтылып жүр...
Виталий Пономарев:
– Мұндай болжамдар сол кезде де айтылған, Целиноградтағы 1979 жылғы оқиғаларды еске алған да мақалалар болды. Желтоқсан оқиғасы кезінде ашық қимылдай алмаған билік құрлымдарының бұл оқиғаға жасырын қатысқандығына қатысты қарсылық айта алмаймын. Бірақ оған қарағанда маңыздырақ, объективті алғышарттардың болғандығы сөзсіз. Міне, осы әртүрлі факторлар біріге келіп 1986 жылы желтоқсан оқиғаларына алып келді.
Бір сөзбен айтқанда, бұл билік элитасы ішіндегі адамдар жасырын басқарған жастардың жай ғана бас көтеруі болса, онда бұл оқиғаның жаңғырығы Қазақстаннан тысқары жерлерге тарамаған болар еді.
Ол кезде мен МГУ-дің экономика факультеті аспирантурасының бірінші курсында оқитынмын. Достарыммен бірге Қазақстанда болып жатқан оқиғаларды талқылағанымыз есімде. Мәскеуде бұл оқиғаға коммунистік басқару жүйесінің дағдарысы, бұдан ары қарай коммунистік жүйенің ыдырауына алып баратын алғышарт ретінде қараған болатын.
БАҚАЙ ЕСЕПКЕ ҚҰРЫЛҒАН САЯСАТ
Жүргізуші:
– Тәуелсіздік пен Нұрсұлтан Назарбаев билігінің алғашқы онжылдығында «желтоқсандықтардың» орны мен рөлі қандай болды?
Ғалым Оспанов:
– «Желтоқсан» қозғалысы өз міндетін атқарды. Қазақстан тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Әрине, бүкіл он жыл бойы «желтоқсандықтар» бірінші президентпен бірге заманауи және тәуелсіз мемлекетті құруға ат салысты. «Желтоқсан» қозғалысының басты міндеті мен мақсаты – бұл халықтың тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған әрекеттер. Сондықтан бұл мәселеде біз қазір де президентпен біргеміз.
Жасарал Қуанышәлин:
– Желтоқсан көтерілісінен кейінгі он жыл мен жоғарыда айтып кеткен жағдайлармен сипатталды. Бұл – шынайы егемендік пен тәуелсіздік үшін күресуге даяр күштер мен билік арасындағы текетірестер жылдары болды. Ал, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшылығынан жедел түрде Қазақстан президентіне айнала салған Назарбаевтың жаңа билігі әу бастан-ақ «Желтоқсанға» жат болатын. Билік әуел бастан өз халқынан айрықша қорықты. Сонымен бірге олар күрестің дәмін татып
1986 жылы желтоқсанда Брежнев алаңына шеруге шыққан қазақ жастары. Алматының орталық мемлекеттік мұрағатындағы сурет.
қалған жастар бұдан ары да күресе беруі мүмкін деп үрейленді.Қатаң қудалауға ұшыраған жас жігіттер мен қыздар оқуларынан шығарылып, жұмыстарынан босап қалды. Не болмаса Алматыдан тысқары жерлерге қуылды. Мен осы күресте өмірін қиғандарды айтып тұрған жоқпын. Олар дәл осы билікті жақсы көре алмайтын еді. Осыны жақсы сезінген Назарбаев бастаған билік пен оның айналасы бұл адамдарды тізгіндеп ұстауға тырысты. Олардың біреулерін өз қатарларына тартса, екіншілерін қорқытып қойды, ал үшіншілерінің әйтеуір ептеп көңілдерін тауып, риза қылды.
Бұл шын жүректен шыққан емес, бақай есепке құрылған саясат болатын. Бұның барлығы осы қозғалысқа, көтеріліске қатысқан жастар «Желтоқсан» қозғалысын шынайы саяси күшке айналдырып жібермесі үшін жасалды. Біз бұны үнемі байқап отырдық. «Желтоқсанның» негізінде құрылған
Полицейлер Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алуға жиналған халықты бақылап тұр. Алматы, 17 желтоқсан 2009 жыл.
ұйымдарды тезірек ыдыратып жіберуге тырысатын. Назарбаев бұл тұрғыда өте зұлым саясаткер. Ол «желтоқсандықтарды» жақсылап тұрып бөлшектеді.Егер олардың кейбіреулері өздері ұмтылған тәуелсіздікке қол жеткізген соң міндет орындалды деп есептейтін болса, қатты қателеседі. Өйткені, тіпті қолыңа қару алып тәуелсіздік орнату да оған толық қол жетті дегенді білдірмейді. Тәуелсіздікті орнатқан соң оны нығайтып, қорғау керек. Ал шындығында бұның бірі де болған жоқ!
Меніңше тәуелсіздікті орнаттық деп тұмсығын көкке көтеретіндер – саяси сауатсыз адамдар. Оларды билік пайдаланды да қойды. Назарбаев осылайша бұлталақтап жүрді. Ол бір кездері бір сөз айтса, арада біраз уақыт өткен соң мүлдем басқаша әңгіме айтатын болды. Осылайша өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жылпос саясат жүргізуге тырысты. Және ол осының барлығын жасай алды да.
Сондықтан бүгінгі күні биліктің жетегінде кеткен және сол билікпен күрескен және әлі күнге дейін күресіп келе жатқан «желтоқсандықтарды» көргенде таң қалудың қажеті жоқ. Сонымен бірге, әрине, ешқандай шаруаға араласпай, бейтарап ұстанымда келе жатқандар да бар. «Желтоқсандықтарда» ауызбірлік, ынтымақ болған жоқ. Және олардың ең осал жері де осы еді.
Андрей Свиридов:
– 90-шы жылдардың ортасында «Желтоқсанның» да, «Азаттың» да, ҚСДП-ның да рөлі жоққа тән болды. Саяси сахнада «Азамат» партиясы пайда болып, онжылдықтың соңына қарай бұл да жоғалып кетті.
1998-1999 жылдары Қазақстанның республикалық халықтық партиясы дүниеге келсе, 2001 жылдың қараша айында саяси дағдарысқа байланысты мүлдем басқа оппозиция пайда болды. Жаңадан пайда болған Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысына 90-шы жылдардың оппозициясы қосылды. Бірақ, менің білуімше, оның ішінде «Желтоқсан» болған жоқ.
Виталий Пономарев:
– Егер өзге республикаларда болып жатқан оқиғалармен салыстырар болсақ, «Желтоқсан» ұйымы елеулі саяси салмаққа ие бола алмады. Мысалы, Өзбекстандағы «Бірлік» қозғалысы танымал болып тұрған кезде бірнеше жүз мың адам оның қатарына өтуге тілек білдірді немесе Балтық жағалауындағы халық майдандары да мықты болды.
Олардың кейінгі тағдырларының қалай қалыптасқанына қарамастан ұлттық-демократиялық күштерді топтастырған бұл халық майдандары барынша маңызды саяси рөлге ие болды. Мысалы, Балтық жағалауында мұндай саяси күштердің күресі жеңіске жетті. Ал Өзбекстанда, керісінше, жеңіліске ұшырады.
Қазақстанда «Желтоқсан» қозғалысы бұқаралық сипатқа ие болған жоқ, өйткені негізгі ұйымдастыру формасы, елдегі ұлттық-демократиялық қозғалыстың өзіндік ұйымдастыру мүмкіндігі болмады. Бірақ, бұл қозғалыс дәл сол Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың бір бөлігін біріктірді.
«ЖАБАЙЫ» САЯСАТ
Жүргізуші:
– Кейбір жекелеген «желтоқсандықтардың» Алматыдағы Ұлттық баспасөз-клубында қазан айында жасаған айғай-шуынан соң оларды тек ұлтшыл-патриоттар деп атамай, «қазақ шовинизмін», «неонацизм» белгілерін байқатты деп айыптай бастады. Сонымен бірге, «желтоқсандықтар» биліктің саяси оппоненттеріне қарсы қолданатын құралына айналды деген де пікірлер айтылып жатты. Бұндай айыптауларға негіз бар ма?
Виталий Пономарев:
– Шынымды айтсам, бұл айыптаулардың қаншалықты негізді екендігіне баға беру үшін фактілерді білу керек. Соңғы жылдары «Желтоқсанның» ішіндегі өзгерістерді қадағаламағандықтан әлде не деп айту маған қиындау.
Азаматтардың құқығын ұлтына байланысты шектеп, ондайлардың президенттік қызметке өзін ұсына алмайтындығы туралы олардың ұстанымының өзі қолдауға ие бола алмайды. Менің білуімше, постсоветтік кейбір мемлекеттерде, мысалы, Түркіменстан Конституциясында мемлекет басшысының ұлтын белгілейтін ереже осы жақынға дейін бар болатын.
Андрей Свиридов:
– Мен ол жиынға шақырылғаныммен баспасөз-клубында болған оқиғаға куә болған жоқпын. Бірақ ол жайында есіткен кезімде... Не айтуға болады? Әрине, айыптыларды түрлі мерзіммен жазалады. Бірақ, әрине, егер гранат лақтырған болса, онда кәдімгідей жазаланған болар еді. 1986 жылы да, 1990 жылдары да мен
Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев (оң жақта) оппозиция жетекшілері өткізбек болған баспасөз жиынының шырқын бұзғандардың бірі Талғат Рысқұлбековті (ортада) сабасына түсіруге тырысты. Алматы, 27 қазан 2010 жыл.
«Желтоқсанның» қастерлеушісі болған емеспін. Болып жатқан осы үдерістерді сырттай ғана бақыладым.Бірақ, соңғы болған оқиға кезінде Ұлттық баспасөз-клубындағы жанжалды шығарған «желтоқсандықтар» емес, ҰҚК-нің бағыт беруімен әлдебір бұзақылар жасамады ма екен деген ой қылаң берді. Алайда, өкінішке қарай, кейінірек жұмыртқа лақтырғандардың шынымен де «желтоқсандықтар» екендігі анықталды. Бірақ, бұлар менің есімде қалған 90-шы жылдардағылар емес, қатты өзгерген «желтоқсандықтар» екен.
«Жұмыртқа лақтырғыштарды» ақтау үшін талай сөздер айтылды. Кейбір сайттарда «онда не тұр екен, Батыста да жұмыртқа лақтырады, мысалы Бушқа, Блэрге де лақтырды» деген сөздер айтылды. Бұл жерде мен Дувановтың айтқан сөзімен келісемін. Ең бастысы олардың не лақтырғаны, кімге немесе неге тигізгендігінде емес, бастысы олардың не деп айғайлағандығында. Содан соң Жүніс ханымның берген сұқбаты... Мұндай кертартпа ойды біз көптен бері, тіпті, мүлдем естімегенбіз.
Өз арамыздағы жеке күрделі мәселелерге қарамастан, өздері ұлтшыл бола тұра осы шараны, дәл осы идеяны айыптаған Жасарал Қуанышәлин мен Мұхтар Шахановқа ризашылығымды білдіремін. Егер тіркелу кезінде қазақ тілін жақсы білетіндігін дәлелдесе және Конституцияда талап етілген өзге де талаптарға сай келетін болса, Козловтың өз кандидатурасын президенттік қызметке ұсынуға конституциялық құқы бар деген Қуанышәлин мен Шахановтың жария мәлімдемесі өркениетті саясаткерлердің лебізі болды. Мен бұған әрі риза болдым, әрі таң қалдым. Ал анау «жұмыртқа лақтырғыштардың» әрекеті маргиналдардың, тіпті питекантроптардың жабайы саясатының үлгісі болды.
Болмаса 1991 жылы содырлардың Әдебиетшілер үйіне басып кіріп, «келесі жолы автоматпен келеміз» деп айғайлағандары, Путиннің кезінде Ресейдегі оппозициялық шерулерді қуып таратуы, Шымкент пен Өскемендегі митингілер – міне осылардың барлығы бір саяси арнада тоғысатын құбылыстар. Бұл жерде мәселе не лақтырғандығында емес, қандай идеяны көтергендігінде. Содан бері үш апта өткен соң да қоғам тұтастай алғанда бұл идеяны қолдай ма, Козловтың президенттік қызметке өзін ұсынуға құқығы бар ма, әлде ол бұл жайында ләм деп ауыз ашпауы керек пе еді деген сұрақтарға жауап беру маған қиындау.
Жалпы алғанда бізде Конституцияға әлдебір сырттан келген жай бір парақ қағазға қарағандай қарайды. Менің өзім рұқсат етілмеген митингілерге қатысқаным үшін үш рет сотқа тартылдым. Жалғыз өзімді де, Дувановпен бірге де жауапқа тартты. Сотта біз үнемі Конституцияның 19-шы бабына сілтеме жасаймыз. Ал прокурорлар мен судьялар үнемі миықтарынан күледі де қояды. Сіздер олардың түрлерін көрсеңіздер! Олар тіпті жауап та бермейді, тек иықтарын қиқаңдатып, миықтарынан күледі де қояды.
Бұл, әрине, күйінішті жайт. Біздің билік Конституцияға осылай қарайтынын үнемі байқатып отырады. Ал бұл жолы, дәл осындай қылық 27 қазанда Ұлттық баспасөз-клубында өткен баспасөз-мәслихаты кезінде «Желтоқсанның» бір бөлігіне қатысы барлардан барынша байқалды.
Ғалым Оспанов:
– Меніңше, бұл жерде 27 қазанда Ұлттық баспасөз-клубында болған оқиғаға қатысқан менің жолдастарымды айыптағысы келіп отыр. Мен де дәл сол жерде болғанмын. Білесіздер ме, жұмыртқа лақтыру прогресшіл Батыстың жасаған ықпалы. Кезінде Тони Блэрді, Немцовты, Польшадағы гей-парадты
Оппозиция қайраткерлері шақырған баспасөз жиынының шырқы бұзылды. «Желтоқсан-86» қозғалысының жетекшісі Гүлбаһрам Жүніс (сол жақта) пен тәуелсіз журналист Шәріп Құрақбай (оң жақта). Алматы, 27 қазан 2010 жыл.
дәл осылай жұмыртқалармен атқылаған.Саясатпен айналысатын адам медальдың екінші жағының да бар екендігін есте ұстауы керек. Егер оған шыдамайтын болсаңыз, онда өзге шаруамен, мысалы, мәшине жуумен айналысыңыз. Саясаткердің өмірі – «Оскар» сыйлығына алып баратын даңғыл жол емес. Ал бұл жердегілер жұмыртқаның артынан тағы бір нәрсе лақтырылуы мүмкін дейді. Мысалы, Тони Блэрге жұмыртқадан өзге ешнәрсе лақтырылған жоқ, ал гей-парадқа қатысушылар осы күнге дейін дін-аман. Бұл – халық дипломатиясы. Мұнда тұрған қорқынышты ешнәрсе жоқ.
Не себепті олар жұмыртқадан соң тағы бір нәрсе лақтырылады деп ойлады екен? Бұл тағы да сенімсіздік пе? Мұндай мәлімдемелер, мысалы, қазақ ретінде менің қытығыма тиеді. Егер жұмыртқа лақтырылса, онда зеңбіректер тыныш тұрады. Бұл, біріншіден.
Екіншіден, неонацизм туралы айтудың өзі әдепсіздік. Нацизм, неонацизм туралы айтпас бұрын оқулықты ашып бұл сөздердің мағынасы не екендігін түсініп алу керек. «Нацизм» сөзі «ұлтшыл-социалист» дегеннен шығады. Германияның ұлтшыл-социалистік партиясының мүшелерін осылай атаған. Олар сонда 27 қазанда баспасөз-клубында Германия ұлтшыл-социалистік партиясының мүшелері отырды деп есептейді ме екен? Не деген ақымақтық! Мұндай сөзді білместікпен, болмаса әдейі шымшылау, шағып алу үшін айтады деп ойлаймын.
«Нацизм», «нацист», «неонацист» деген сөздер қазақ жастары үшін арға тиетін сөз екендігін айтқым келеді. Оның ішінде осы баспасөз-мәслихатына қатысқандар үшін де. Жағдайды соншалықты ушықтырып, «түймедейді түйедей қыла берудің» қажеті жоқ. Осы баспасөз-мәслихатында сөйлеген Гүлбаһрам Жүніс те оппозиция қатарында. Сондықтан мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ.
Бір нәрсені айтар кезде абай болған жөн. Егер әлдебір сөздің мағынасын білмейтін болсаңыз, онда оны білетін кәсіби тарихшылармен, мамандармен сөйлесіп, кеңес алыңыз. Бұдан кейін мұндай сөздер «Желтоқсанның» немесе «желтоқсандықтардың» атына айтылмайтын болар деп үміттенемін. Оларды фашизм үшін айыптайтындай бір де бір айғай болған жоқ. Олардың ешқайсысы: «Тілгілеңдер, өлтіріңдер, жәбірлеңдер» деп айғайлаған жоқ. Болмаған нәрсені болды деп айтудың не қажеті бар?
Және бұл жерде биліктің қандай қатысы бар? Мен өзімді республикамның азаматымын деп есептейтіндіктен елімнің тағдыры шешілейін деп жатқан жерге міндетті түрде келемін. Сондықтан, бұл жерде билікті араластыру, менің ойымша, дұрыс емес.
Жасарал Қуанышәлин:
– Жалпы ол жерде «желтоқсандықтар» болды ма? Меніңше, болған жоқ. Ол жерде жанжалқорлар, бұзақылар, арандатушылар, яғни, «желтоқсандықтардың» атын жамылған адамдар болды. Гүлбаһрам Жүніс, Талғат Рысқұлбек дегендер кімдер? Оның біреуі – ең негізгі «жұмыртқа лақтырушы» және бейпіл ауыз. Екіншісі – төбелесқор, бұзақы әйел. Олар
Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға жиналған қазақ жастары, желтоқсан, 1986 жыл. Алматының орталық мемлекеттік мұрағатындағы сурет.
«желтоқсандықтар» емес. Бір сөзбен айтқанда, бұлар бөгденің атын жамылушылар. Осылай әрекет етулері арқылы олар «Желтоқсан» деген сөздің өзіне саналы түрде кір келтірді, қазақтар үшін қасиетті осы бір сөзге, жалпы қазақтардың өздеріне көлеңке түсірді.Екіншіден, жұмыртқа лақтырғанда тұрған қорқынышты ешнәрсе жоқ, Еуропада да осылай жасайды деген сөзбен келіспеймін. Кешіріңіз, егер Еуропада ұлтына бөліп жұмыртқа лақтыратын болса не болатынын білесіз бе? Иә, Блэрге қарай жұмыртқа лақтыра алады. Ал бізде Назарбаевқа лақтыра алмайды. Ол жақта лақтыра алады және бұл қалыпты жағдай саналады. Ол жақта ұлтаралық мәселе, ұлтаралық жанжалды өршіту мәселесі жоқ.
Содан соң менің түсінбейтінім, өздерін «желтоқсандық» деп атап, Назарбаевтың жеке билігінің оппоненттеріне қалай қарсы шығуға болады? Назарбаевтың «Желтоқсан» жайында не айтқанын білесіздер ме? Міне мен оның айтқандарын сөзбе-сөз келтіремін: «Қайдағы бұл қасіретті оқиғалар? 18 желтоқсанда нағыз бұзақылық болды». Бұл – Назарбаевтың 1990 жылы
Совет милициясының қызметкері мен шеруге шығып ұсталғандардың бірі. Алматы, желтоқсан, 1986 жыл. Алматының орталық мемлекеттік мұрағатындағы сурет.
желтоқсан айында «Экспресс-хроника» газетіне айтқан сөзі. Бұл адам «желтоқсандықтарды» бұзақылар деп атады, ал әлгі баспасөз-мәслихатында ол ең бір жақсы адам ретінде аталды. Ол жерде «Назарбаев жасасын!» деген сөз де айтылды.Нағыз «желтоқсандық» адам «Желтоқсанның» жендеті Назарбаевты қолдамайды, керісінше, онымен күреседі. Назарбаевтың жүргізген саясаты «желтоқсандықтарды» бөлшектегенін бағана сөзімде айтқанмын. 27 қазанда дәл сол биліктің қызметшілері әрекет етті, олар биліктің тапсыруымен Назарбаевқа аман-саулық тіледі. Бұл адамдар осы әрекетке саналы түрде барды. Сондықтан бұлардың ондай әрекетке баруын масқара деп есептеймін. Осындай адамдардың әлгіндей жабайы айғайымен «Желтоқсанның» атынан сөйлегеніне қазақ ретінде мен ұялдым. Осылайша олар «Желтоқсанның» жауларына «Желтоқсанның» аузымен сөйлеуге мүмкіндік берді.
Сондықтан олардың кінәсін кешіруге болмайды деп есептеймін. Сот оларға айып салып, жеті тәулікке қамады. Бірақ бұл «желтоқсандықтардың», халықтың алдындағы моральдық-адамгершілік кінәларының жанында түк емес деп ойлаймын. Бұл мәселеге қатысты көзқарасымды мен принцитпі түрде ұстанып қаламын. Өйткені, 27 қазанда биліктің қызметшілері өздерін кеспірсіз, мейлінше жексұрын түрде көрсетті деп ойлаймын. Шындығында олардың бет-бейнесі құбылмалы. Бұл адамдар ешқандай құрметке лайық емес. Бұлар ұлттың арына дақ салғандар.
Жүргізуші:
– Құрметті қонақтар, Азаттық радиосы осымен өзінің дөңгелек үстелін аяқтайды. Пікірталасқа қатысқандарыңыз үшін рақмет.