"Желтоқсандыққа" ара түскен ұстаздың әділдік іздегеніне ширек ғасыр

Брежнев атындағы алаңға жиналған жастар. Алматы, желтоқсан, 1986 жыл. (Мемлекеттік орталық мұрағаттан алынған фотокөшірме)

Алматы cәулет және құрылыс институтының бұрынғы оқытушысы Валерий Каро-Мадэ 1986 жылы әріптесі әрі диссидент Әркен Уақты қорғағаны үшін қуғын көрдім деп санайды. Осы институттың бұрынғы ректоры Павел Атрушкевич жазалау науқанына қатысқан жоқпын деп ақталады.
1986 жылы Алматы қаласындағы cәулет және құрылыс институтының (қазіргі Қазақтың бас сәулет және құрылыс академиясы) доценті болған Валерий Каро-Мадэ әріптесі Әркен Уақты (Уақов) сотта қорғаған еді. 1986 жылы қатардағы мұғалім, болашақта ірі диссидент, күрескер болып өмірден өткен Әркен Уақтың екінші қорғаушысы Нинель Фокина болды.

Ол кезде институт ректоры Павел Атрушкевич еді. Азаттық радиосының тілшілеріне онымен байланысып, сұрақ қоюдың сәті түсті. Оның айтқан жауаптарын осы материалдың соңында беріп отырмыз.

Сот Әркен Уақты саяси қылмыскер деп тауып, оны сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Әркен Уақ Колыма түрмесінен бір-ақ шығады. Арада төрт жыл өткенде, ол елге, Алматыға оралады. Бірақ үй тұтқынында болады. Рас, ол кейін ақталды.

Әркен Уақ 2003 жылдың наурыз айында өмірден озды. Ол көзі тірі

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы үшін сотталған диссидент Әркен Уақ.

кезінде 1986 жылғы Желтоқсанға қатысты алаңдағы бейбіт шеруді күшпен таратудың соңы қалай репрессияға жалғасқанын кітап етіп жазып, шығарып үлгерді.

Нинель Фокина болса, институттан кетіп, құқық қорғаушылыққа ауысты. Қазір Алматыдағы Хельсинки комитетін басқарады. Павел Атрушкевич он жылдан астам уақыт бойы институт ректоры болып отырды. Кейін Қазақстан халықтар ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Ассамблея төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев еді. Атрушкевич қазір Одесса қаласында тұрады.

Валерий Каро-Мадэ бір кезде өзіне төнген қуғын-сүргіннен бас сауғалап, уақытша Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған. Арада бес жыл өткенде Қазақстанға оралады. Сонан бері ол өзін бұрынғы жұмысына қабылдауын, төленбей отырған зейнетақысын төлеуді талап етіп, күресумен келеді. Қазір жасы 77-ге келген ол бүгінге дейін зейнетақы алмағанын айтады.

ИТЖЕККЕНГЕ АЙДАЛҒАН ЖЕЛТОҚСАНДЫҚ

– Каро-Мадэ мырза, сіз кезінде Әркен Уаққа ара түскен едіңіз. Оған 1986 жылы студенттерді антикоммунистік, антисоветтік идеяға үгіттеді деген саяси айып тағылып, Колымаға жер айдалған еді. Ол сіздің институтта бірге жұмыс істеген әріптесіңіз болғандықтан, сот барысында Әркен Уақты қорғап сөз сөйлепсіз. Бұл шындығында да солай болды ма?

– Бәрі сіз айтқандай болғаны рас. Сот құжатында Әркен Уақ үгіттеуші

Валерий Каро-Мадэ. Алматы, 15 желтоқсан 2009 ж.

емес, Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушы жетекшілердің бірі ретінде көрсетілген. Оны осындай айыппен тұтқындап, қамауға алып, сегіз жылға соттады. Ол сегіз жылдың төрт жылын түрмеде, төрт жылын үй қамағында өткізді. Кейін оның ісінде қылмыстық іс болмағаны дәлелденіп, ол ақталды.

– Осы жерде тағы да мынандай сұрақ туындайды. Әркен Уақтың студенттерінің бірі Қайрат Рысқұлбеков Желтоқсан күндері жасақшыны өлтірді деп айыпталды. Әркен Уақ пен Қайрат Рысқұлбековтің арасында қандай байланыс бар?

– Сот жүріп жатқан кезде қолында кісені бар Қайрат Рысқұлбековті алып келді. Оған: «Егер Әркен Уақтың үгіттеп, айдап салуы болмаса, мен алаңға бармас едім, адам өлтірмеген болар едім» дегенді айтқызғылары келді. Сөйтіп, билік Әркен Уақты адам өліміне қатысы бар етіп көрсеткісі келді.

Қайрат адами арын сатқан жоқ, сақтап қалды. Ол: «Мен - бірінші курстың студентімін. (Әркен Уақ жоғарғы курсқа сабақ беретін – Каро-Мадэ). Мені ешкім алаңға бар деп айдап салған жоқ. Мен бұл адамды сотта бірінші рет көріп тұрмын» деді. Сіз мұның сол кезде қандай жағдай екенін түсінесіз бе? Қайратты: «Егер сен жаланы жартылай оған жапсаң, сенің жазаң жеңілдетілетін болады» деп үгіттеген. Әркен Уақтың сотында осындай көріністер болды.

Қазір біздің Қазақ бас сәулет және құрылыс академиясы орналасқан

Солдан оңға қарай: Е.Көпесбаев, Т.Тәшенов, Қ.Рысқұлбеков және К.Күзембаев өздеріне шығарылған сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 16 маусым 1987 жыл. Советтік ҚазТАГ тілшісі Юрий Беккер түсірген сурет.

көше Қайрат Рысқұлбековтің есімімен аталады.

Ал, институттың сол кездегі ректоры Петр Атрушкевичке келсек, сөз басқаша...

– Әркен Уақты жақтаушылар осы күнге дейін, сол кездегі билік Желтоқсан оқиғасын қоғамдағы әділетшіл адамдардан құтылу үшін пайдаланып қалды деген пікірде. Оны сізден өзге доцент Нинель Фокина да қорғады. Кейін ол құқық қорғаушы болып кетті. Сіздер Әркен Уақтың шарты түрде болса да, еркіндікке шығуына қалай қол жеткіздіңіздер? Елге оралған соң Уақтың өмірі қалай жалғасты?

– Оны ақтау, қамаудан босату туралы жазылған талаптар мен хаттардың есебі болмады. Ең соңында түрме бастығының өзі шыдамай: «Бұл адамды қайда алып кетсеңдер де, алып кетіңдер! Біз үздіксіз келетін құқық қорғаушылардан көз ашпайтын болдық. Оны Қазақстанда алып кетіңдер!» деді.

Бізді сол кезде зиялы қауым арасынан Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов қолдады. Солардың сөзі мен ісінің арқасында, біз Әркен Уақты қамаудан босаттық. Қалған төрт жылды ол үй қамағында өткізді.

Колымадан оралған соң ол өмірін Алматыда өткізді. Жергілікті ішкі істер бөлімінде есепте тұрды, барып көрініп, белгі соқтырып жүретін. Бірақ ол сотты болғандықтан өзінің бұрынғы ұстаздық қызметіне орала алмады. Саяси сенімсіз ұстазға қалай студенттерді сеніп тапсыруға болатын еді?!

Ол өзіне тиесілі сегіз жылды түгел өтеп болған соң, оның қатардағы ұстаз ретінде жұмысқа орналасуына мүмкіндік болмады. Ол бұрынғысындай кафедра басқаруына да болатын еді. Бірақ ол өзі ақталған соң институтқа келіп «Мені қорғаған адамдар ақталмайынша, олар жұмыс орнына оралмайынша, мен жұмысқа келе алмаймын» деді. Ол сол қалпы оралмады.

ҚАСҚЫРДЫҢ КҮНІ

– Сіздер институттың бұрынғы ректоры Павел Атрушкевичпен ұзақ уақыт соттастыңыздар. Сіздер оған не деп кінә тағып отырсыздар? Бүкіл Қазақстанға мәлім болған сот ісі немен аяқталды?

– Сот ісі аяқталған жоқ. Әлі жалғасып жатыр. Қазір аса ауыр осы сот ісін менің қорғаушым Нұрбек Әбдіраймов жүргізеді. Қазір мен Ресейдемін, Қазақстанға қаңтар айының басында келемін. Атрушкевич маған берген мінездемеге: «Қазақстан жоғарғы соты соттаған Уақовты еш негізсіз қорғады» деген сөздер жазған.

Айналып келгенде осы сөз менің жұмыстан кетіп, өмір бойы қудалануыма себеп болды. Өйткені, осындай мінездемеден соң институт кеңесі: «Каро-Мадэ онсыз да студенттердің сопромат пәні бойынша көрсеткішін төмендетіп жіберді, біз оған онсыз да ұзақ уақыт кешіріммен қарап келдік. Ал енді келіп ол мемлекеттік қылмыскер Уақовты қорғап отыр. Мұны біз кешіре алмаймыз» деген шешім шығарды.

Бұл – 1987 жылдың 3 наурызы еді. Бұл күн Михаил Горбачевтің туған күні болатын. Сол себептен де, бұл күн менің есімде жақсы сақталып қалды.

Кеңестің 18 мүшесінің 14-і маған қарсы дауыс берді. Тек төрт адам менің жұмысымның желтоқсандықты қорғағаныма еш қатысы жоқ деген пікірде, мені жақтап қол көтерді. Сөйтіп, мен жұмыссыз қалдым. Осы уақытқа дейін жұмыссызбын.

Мен Атрушкевичті мені жұмыстан заңсыз шығарғаны үшін айыптаймын. Ол жалғыз мені ғана емес, Желтоқсан оқиғасына қатысы бар деген 70 мұғалімді жұмыстан шығарып, 360 студентті оқудан қуды. Бірақ ол мұны

Орталық алаңға қарай бара жатқан жастар. Алматы, желтоқсан, 1986 ж.

ешбір құжатта көрсеткен жоқ. Барлық бұйрықта студенттерді «нашар үлгірім» мен «нашар тәртібі үшін», мұғалімдерді «нашар жұмыс істегені» үшін институттан шығарды.

«Желтоқсан» деген сөзді ол еш жерде жазған емес. Сенбесеңіз, 1987 жылғы институт бойынша шығарылған бұйрықтарды тауып, қараңыз, бірде біреуінен «желтоқсан» деген сөзді көрмейсіз. Ал Атрушкевичтің маған берген мінездемесі бойынша, мені өмір бойы жұмысқа алмай қойды. Шын мәнінде, менің көрген күнім, қасқырдың күні десе де болады.

– Каро-Мадэ мырза, Азаттык радиосы Павел Атрушкевичпен хабарласқанда ол: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде мен институтта ректор болған жоқпын. Жұмыстан шығарылған ұстаздар мен оқудан қуылған студенттерге менің еш қатысым жоқ. Ал Каро-Мадэнің маған айып тағуы – заңсыз» дегенді айтты.

– Жалған! Ол Совет одағы коммунистік партиясы орталық комитетінің атақты «Қазақ ұлтшылдығы туралы» қаулысынан кейін ректор болған. Сол кезде жоғары оқу орындарының қазақ ректорларының орнына орыс ұлтының өкілдерін қою жаппай жүргізілді. Біздің қолымызда Атрушкевичтің Колбиннің қабылдауында болғаны, сол кезде оның «Мен қазақ ұлтшылдарымен күресемін» деп уәде бергені туралы бейресми айғақ бар. Оны сол сөзі үшін ректор етіп тағайындаған. Ол құрылыс ісінің маманы емес, оның, тіпті, құрылысқа үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ол өзінің орта білім бойынша, жер өлшеуші. Атрушкевич ректор ретінде емес, желтоқсандықтарды қудалау, көзін жою үшін тағайындалған.

Сондықтан оның «жұмыстан қуылған ұстаздар мен оқудан шығарылған студенттерге қатысым жоқ» дегені – бастан-аяқ өтірік. Менің сөзіме сенгісі келмегендер институтта 1987 жылғы сәуір айы мен қыркүйек аралығында шыққан бұйрықтарды қарауына болады. Әрине, егер ол оны жойып жібермесе...

Тағы бір еске, есепке алатын құжат бар. Әркен Уақ 1987 жылдың 24

Құқыққорғаушы, Алматылық Хельсинки комитетінің жетекшісі Нинель Фокина.

шілдесі күні сегіз жылға сотталды. Осы жылдың 29 қыркүйегінде институтта ашық партия жиналысы болып, онда «Әркен Уақтың ісі бойынша» мәселе қаралады. Бұл мәселе негізінде біз Нинель Фокина екеуміз жұмыстан қуылдық.

Мен ашық партия жиналысының болатынын білмедім, білген күнде міндетті түрде барған болар едім. Атрушкевич жиналысқа қатысушыларға менің желтоқсандықты қорғағаным туралы айтып, мәселе етіп көтеріп, дауысқа салған. 103 адамның 102-і Әркен Уақты қорғағаным үшін менің үстімнен қылмыстық іс қозғау керек деген. Атрушкевич мұны өте ұтымды пайдаланды.

Мені тұтқынға алатыны туралы естіген кезде мен Қазақстаннан кетіп қалдым. Менің тұтқындалатыным туралы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бір подполковнигі күні бұрын ескертіп, елден кетуге, онда да ұшаққа отырмауға кеңес берді. Ұшаққа отырған күні трапта мені тұтқындауға дайындық жасалған екен. Сонымен мен Фрунзеге, одан әрі Мәскеуге кеттім. Ол жақта менің туысқандарым бар еді. Арада бір аптадай уақыт өткенде әйелім менімен хабарласып, мені тұтқынға алу туралы ордері бар милицияның үйге келгенін жеткізді. Әйелім оларға менің қайда кеткенімді білмейтінін айтып: «Біз бірге тұрмаймыз, ажырасып кеткенбіз» деген.

Ол сөйтіп мені қорғап қалды. Егер ол менің қайда кеткенімді айтса, олар мені Мәскеуден де тауып алған болар еді.

– Институттағы әріптестеріңіз, өзіңіз білетін студенттердің сізге деген көзқарастары қандай еді? Сіз бұрындары институттағы бірқатар мұғалімдер Атрушкевичке жағыну үшін, Әркен Уаққа жала жапқаны туралы айтқан едіңіз. Бұл Әркен Уаққа қарсы, Желтоқсан оқиғасынан кейін жүргізілген репрессия кезінде, тіпті, Колбин Қазақстаннан кеткеннен кейін де жалғасқанын сөз еткен болатынсыз. Колбин кеткен соң бірқатар адамдар өздерін ақталуға күш салып, сотқа шағым түсіріп жатқан кезде де болған. (Әркен Уақ сотқа шағымданып, ақталып шыққан). Сіз адамның қандай болмысын танып-білдім деп ойлайсыз?

– Бұл жағымпаздық пен екіжүзділіктің көрінісі болатын. Мұнымен қатар адамның ең жоғарғы адами қасиеттері де менің алдымнан шықты. 70 мұғалім жұмыстан шығарылды. Олардың арасында Нинель Фокина, института қандай жағдай орын алғанын көзімен көрген соң, өз еркімен жұмыстан кетті. Әркен Уақ сырттай бөлімге сабақ берген кезде «екілік» қойған студенттері, сотта оның қорғаушылары болды. Олар тізімге айыптаушы ретінде тіркеліп, сот кезінде Уақты жақтап сөйледі.

Мәселен, Шаргина деген студент менің есімде. Ол студенттер тобының старостасы болатын. Ол сот кезінде: «Әркен Баталович, сіз бізді кешіріңіз. Мен сізге өзімнің әкеме айтқандай сөз айтқым келеді. Сізді жала жауып, соттағалы жатыр» деген болатын жылап тұрып. Әркен болса, қатты толқып: «Рақмет, қызым!» деген еді. Соттан кейін әлгі қыз: «Ол кісі маған «екі» қойған болатын. Бірақ мен бәрібір ол кісіні қорғауға келдім!» дегені есімде. Міне, осылай, адамдардың ұлтына, нәсіліне қарамастан, осындай адами оқиғалар болды.

Ол кезде ұлтшылдықтың бас көтергені де рас, шовинизм де болды. Бірақ ұлтаралық татулық та халықтың арасында мықты сақталған болатын.

ЕШКІМ ҚАЙТА ОРАЛҒАН ЖОҚ

– Каро-Мадэ мырза, арада 25 жыл өтті. Ширек ғасыр бойына сіз өзіңіздің қуғын-сүргінге ұшырағаныңызды айтып, шағымданып келесіз. Атрушкевичпен соттасып жүргеніңізге де 25 жыл. Сіздің жаныңызда, құқық қорғаушы болып жүрген Нинель Фокина ғана бар. Сіз әлі әділетсіздікпен күресіп жүрсіз. Желтоқсаннан кейін 5 жыл өткенде тәуелсіздік алған Қазақстанда әділеттілікке жету неге қиын? Неге бұл іс жедел шешілмейді?

Қазақстанға Колбинді басшы етіп тағайындау – Горбачевтің үлкен саяси қателігі болды.

– 25 жылда Қазақстанда қандай жақсы, игі істер жүзеге асты, қандай өзгерістер болды?

– Жастар қазір саясатқа араласқысы келмейтінге ұқсайды. Меніңше, олар қатты қорқып-үркіп қалған. Мәселен, біздің институттан алаңға шыққандардың арасынан кейбірі қайтпай қалды, көбісі соққыға жығылды...

– Сіздің басыңыздағы жағдайға қатысты мәселені шешу үшін неге 25 жыл керек болды?

– Мен бірнеше рет сотқа шағым түсірдім. Сот екі-үш рет жұмысқа қайта орналасуым туралы шешім шығарды. Мұндай кезде Атрушкевич араласады да, сот өз шешімін қайтадан өзгертеді. Атрушкевич өзінің қолында бар әкімшілік ресурсты пайдаланып бақты.

Бір сот отырысында сөз алған оның қорғаушысы: «Біз оны Желтоқсанға қатысты емес, нашар жұмыс істегені үшін шығардық» деді. Мен ол

Диссидент Әркен Уақтың «Геноцид» атты кітабының мұқабасы.

институтта 20 жыл бойы ешбір ескертусіз жұмыс істеген болатынмын. Мұның бәрі Әркен Уақ ақталғаннан кейін болған жағдай. Мен Қазақстанға, ұмытпасам, 1995 жылы оралып, өз жұмысыма орналасқым келді. Бірақ, Атрушкевич үнемі менің жолымды кесе берді...

– Сіз 1986 жылы Желтоқсанға қатысты институт бойынша 70 мұғалім жұмыстан шығарылды дедіңіз. Олар жұмыстарына қайта оралды ма?

– Әркен Уақтың жұмысқа орналасуына шешім болды, бірақ ол жұмысқа шықпады. Одан өзге ешкім институтқа қайта оралғысы келмеді. Олар ешкіммен соттасқан жоқ, басқа жоғары оқу орындарына жұмысқа орналасып кетті. Күресіп жүрген жалғыз мен ғана. Мені басқа жоғары оқу орындары жұмысқа шақырды, мен барған жоқпын...

– Неге бармадыңыз? Сіздің 25 жыл бойы күрескендегі мақсатыңыз не?

– Өз жұмысыма, өз орныма қайта оралғым келгендегі бірінші себеп, мен үш бөлмелі пәтер алу кезегінде тұрған болатынмын. Жұмыстан қуылған соң кезектен де сызып тастады. Біз отбасымызбен алты адам әлі күнге дейін бір бөлмелі пәтерде тұрып жатырмыз.

Екіншіден, мен ұстаздық еңбек стажымды сақтап қалғым келді. Бірақ, тағы да сол жұмыстан қуылғаныма байланысты, мен мұнан да айырылдым.

– Сіз қазір пәтер алу кезегінде тұрсыз ба?

– Мені кезектен әлдеқашаш алып тастады, ал құжат атаулыны Атрушкевич жойып жіберді. Бірақ менің Желтоқсанға қатысты зардап шеккенімді бәрі біледі. Қалалық әкімдік 2001 жылы пәтер береміз деген, бірақ әлі күнге берген жоқ.

Менің ержеткен ұлым бар. Жұмыс істейді. Олар отбасы болып пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Мен бір кезде, 1978 жылы институт атынан алған бір бөлмелі пәтерді беруіме болар еді, бірақ онда онсыз да алты адам тіркелген.

– Сіз өзіңізді желтоқсандықпын деп есептейтініңізді айтасыз...

– Менің қолымда, бұған қатысты анықтама бар.

– Кейбір ақпаратқа қарағанда, өздерін желтоқсандықтармыз дейтін ұйымның адамдары бір емес, бірнеше қайтара пәтер алған деседі. Бұл туралы сіз не ойлайсыз?

– Иә, ондай жағдайдан менің де хабарым бар. Менің мұнан тыс қалғаным, бес жыл бойына мен Қазақстанда болмадым. Тұтқынға алады, қамайды деп қауіптеніп, кетіп қалдым. Мен Қазақстанға Әркен Уақ ақталған кезде ғана оралдым. Міне, осы екі арада желтоқсандықтардың бірқатары пәтерлі болғанын естідім. Әйелім пәтер алу мәселелсімен айналысқан емес.

ЖАҒДАЙ ЕШ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ

– Халық ассамблеясында Нұрсұлтан Назарбаевтың оң қолы болған Павел Атрушкевич бәрібір елден кетіп тынды. Мұның себебі не? Бұл оның жеке шаруасы болғандықтан ба? Әлде, сізбен екі арадағы сот ісі жалғаса берген соң, ол осындай шешім қабылдады ма? Атрушкевич туралы, оны мадақтаған кітап жарық көрген. Сіз кітап авторын да сотқа бердіңіз. Кітаптың авторы кім? Сот ісі немен аяқталды?

– Бұл кітаптың авторымен де біз әлі соттасып жатырмыз. Кітап 90 пайыз өтірік пен жалғандықтан тұрады. Кітаптың авторы Ольга Бабий, ол

Ольга Бабийдің «Павел Атрушкевич» атты кітабының мұқабасы. Алматы, 13 желтоқсан 2011 ж.

кітапта Атрушкевичті мадақтап, Әркен Уақ екеуміздің атымызға жала жапқан.

Бұл кітаптың өтірік пен жалғандықтан тұратыны туралы сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Ермұханбет Ертісбаевтың атына да шағымданған едік. Бұл хаттың көшірмесі менің қорғаушымның қолында, хатқа 30-дан аса адам қол қойған. Біз министрден бұл кітаптың шығуына, таралуына тыйым салуын сұрағанбыз. Біз министрліктен: «Егер сіздер кітаптың тұсаукесеріне қатыссаңыздар, біз сіздермен жолығып, сөйлескен болар едік» деген жауап алдық. Ал кітаптың тұсаукесеріне, әрине, біз шақырылған да, қатысқан да жоқпыз.

– Қазір қоғамда Желтоқсанға дейінгі Қазақстан мен Желтоқсаннан кейінгі Қазақстан туралы пікірлер бар. Сіз соңғы 25 жылда әділдікке қол жеткізбедіңіз. Қалай ойлайсыз, әділеттілікке қол жеткізе аласыз ба? Қазақстанның құқық органдары туралы не айтасыз?

– Менің қорғаушым - өте сауатты адам. Сондықтан, жақын арадағы екі-үш жыл ішінде, біз бұл мәселені шешеміз деп ойлаймын. Бірақ, Қазақстандағы қоғам өзгерді, жақсарды деп айта алмаймын. Мен өзімнің басымнан өтіп жатқан жағдайға қатысты және адамдардың әділдікке қол жеткізе алмай жүргендерін көрген соң, осындай пікірдемін. Бірақ өзім күресімді тоқтатқан жоқпын, әлі күресіп келемін.

– Сіз көздеген мақсат не? Құқықтық талап етуіңіздің мәні неде?

– Ең алдымен жұмысқа орналасуға қол жеткізу, еркімнен тыс жұмыссыз жүрген кез үшін төлемақы талап ету, соңғы 16 жылдағы зейнетақымды қайтару. Бүгінгі күні мен ешнәрсе де алмаймын, тіпті, зейнетақы да жоқ. Менің еңбек өтелім (стаж) зейнетақы алуға жетер еді. Әлі есімде, Атрушкевич маған: «Сен бес жыл болған жоқсың, мүмкін сен екі жерден зейнетақы алғың келетін шығар» деген болатын.

Мен 5 жыл Украинада болдым. Кейін Қазақстанға оралдым. Қазір мен не Украинада, не Қазақстанда зейнетақы алмаймын. Еңбекақым да жоқ. Мен әртүрлі тапсырыстар орындаймын, репетиторлық қызмет көрсетемін, сөйтіп, күн көріп жатырмын. Мен жұмысқа орналасу, жұмыссыз жүрген уақытыма төлемақы алу, зейнетақымды төлетуден өзге, 1985-1987 жылдары берілуге тиіс үш бөлмелі пәтерімді де алғым келеді.

– Сіздіңше, сізге төленуге тиіс төлемақының көлемі қанша?

– 700 мың доллар.

– Жасыңыз нешеде?

– 77-де.

– Сіз 63 жасыңызда, жасыңыз келуіне байланысты зейнеткерлікке шығуыңыз керек еді...

– Мен 63 емес, 60 жаста зейнеткерлікке шығуым керек болатын. Өйткені, ол кезде, 1994 жылы, ер адамдар зейнеткерлікке 60 жасында шығатын. Бірақ бүгін менде ең төменгі зейнетақы да, тіпті, түк те жоқ.

Сондықтан мен осы жоғалтқандарымды түгел қайтарып алғым келеді. Мұның бәрін Атрушкевич біртіндеп қайтарса да болады. Себебі, мен оған қарсы шыққаным үшін, кек алу мақсатымен, ол мені қуғынға салды. Мен оны үнемі сынайтынмын. Ол - өте кекшіл адам, өзін сынағандарды жаратпайды. Атрушкевичтің кесірінен мемлекет мені елден бездіріп жіберді.

– Атрушкевичтің әйелі күйеуінің екі бірдей инфаркт алғанын айтады. Атрушкевич - қазір қуаты қайтқан қарт. Енді ол сізбен кектесе алмайды...

– Мен де инфаркт алғанмын, рас, бір-ақ рет және мұнан төрт жыл бұрын. Бірақ біз оны бәрібір жауапкер ретінде сотқа тартамыз. Оның сотқа келе алмайтынын білеміз. Бірақ оның қорғаушысы Мамедова деген бар. Біз сол арқылы бар нәрсені талап етеміз.

Сұқбатыңыз үшін рақмет.


ПАВЕЛ АТРУШКЕВИЧТІҢ ПІКІРІ

Азаттық радиосы Павел Атрушкевичпен де хабарласып, оған сауалдар қойды. Алматы cәулет және құрылыс институтының бұрынғы ректоры және Қазақстан парламентінің бұрынғы мүшесі Павел Атрушкевич 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан соң оқытушылар мен студенттерді қуғын-сүргінге салғаны туралы өзіне қарсы айтылған айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Павел Атрушкевич қазір Одессада тұрады, зейнеткер. Азаттық радиосының тілшісімен болған қысқа әңгімеде ол 20 жылдан астам уақыт бойы өз тарапына айтылып келе жатқан айыптауларға қатысты жауап берді.

– Атрушкевич мырза, Әркен Уақтың жесірі Тоқтар Рахметова мен Валерий Каро-Мадэ, сіз 1986 жылы институтта мұғалімдер мен студенттерді жаппай жазалауға ұшыратты дегенді айтады.

– Мұның бәрі - бос сөз. Мен институтқа ректорлыққа тағайындалғанда, Желтоқсан оқиғасы аяқталған болатын. Мен 1987 жылдың 27 наурызы күні ректор болып тағайындалдым.

Мен ешкімді жұмыстан, оқудан шығарған емеспін. Керісінше, мен оқудан шығып кеткендерді қайтадан оқуға қабылдадым. Маған дейін ректор болған Байболов та студенттерді қайтадан қабылдаған болатын.

Мен инсульттан кейін, дұрыс сөйлей алмаймын. Бірақ сұрақтарға жауап беремін.

– Әркен Уақтың жесірі Тоқтар Рахметова мен Валерий Каро-Мадэнің айтуынша, сіз кәсіподақ, студенттер кеңесі арқылы адамдарды Әркен

Әркен Уақтың жесірі Тоқтар Рахметова. Алматы, 13 желтоқсан 2008 ж.

Уаққа қатысты сотта Уаққа қарсы айдап салғансыз. Олар жалған ақпарат айтқан. Бұл шындыққа қаншалықты жақын?

– Бұл менің ісім емес. Мен, тіпті, сотта да болған емеспін, біреудің обалына қалғаным есімде жоқ. Керісінше, Уақов – ең бір жалақор адам. Оның қырсығы көп адамға тиді. Ол қазақ студенттерінің құжаттарын лақтырған.

Мен ректор болып тұрған кезде, ол менің жүйкемді қатты шаршатты. Ол өте қорқынышты адам. Кешіріңіз, ол туралы үнемі жағымсыз естеліктер ойыма оралып, жүйкем тозып тұр.

– Сіз, институттың құрылыс факультетінің деканы Әділов дегенді білесіз бе?

– Білемін.

– Сізді айыптаушы екі адамның айтуынша, сот кезінде Уаққа қарсы айғақ айтуға Әділовті сіз көндіріпсіз. Бұл үшін, оның қызметін көтеремін деп уәде бергенсіз...

– Олардың бәрі өтірік айтады. Мен оған ешқандай да жамандық жасаған жоқпын. Қазір неғып олар маған қарсы біріге қалды, түсінбеймін. Ол, тіпті, мен депутат болып тұрғанымда, менің үстімнен «ұлтаралық араздық туғызды» деп мақала жазған болатын.

– Тоқтар Рахметова мен Каро-Мадэ, Әркен Уақ қайтыс болғаннан кейін шыққан «Павел Атрушкевич» атты кітапта Әркен Уақ пен Валера Каро-Мадэнің атына жала жабылғанын айтады. Кітаптың авторы Ольга Бабий бір кезде Қазақстан халқы ассамблеясының хатшысы болған, сіз ол кезде ассамблея төрағасының орынбасары болатынсыз. Бұл туралы сіз не дейсіз?

– Ондай кітаптың жарық көргені рас. Ал Ольга Бабийдің жазғаны – сол кезде билік басында болған адамдармен әңгімелескен соң, солардың пікірлерін жинақтаған. Сұлтан Хан, егер білгің келсе, Уақов дегенді білген емеспін, білгім де келмейді.

P. S. Екі арадағы әңгімені оның әйелі Лариса Александровна бөлді. Оның айтуынша, Павел Атрушкевич инсульттен соң дұрыс сөйлей алмайды екен. Болған нәрсенің бәрі оның есінде жақсы сақталған, бірақ оның бәрі есіне түскен кезде қатты толқитын көрінеді.