Шаңырақ тұрғындары Алматы әкімдігі алдына келгенде есік іштен кілттенген еді

Полиция іштен құлыптанған Алматы әкімшілігін күзетіп тұр. 22 сәуір 2010 жыл.

Алматыдағы «Шаңырақ 5», «Трудовик» аудандарының тұрғындары бейсенбі күні қалалық әкімдіктің алдына жиналып, наразылық акциясын өткізді. Үш жылдан бері жерлерін заңдастыра алмағанын айтқан олар әкімдіктің есігін тоқпақтап тұрды.

ӘКІМДІКТЕ ХАЛЫҚТАН ГӨРІ ПОЛИЦИЯ КӨП

Алматы қалалық әкімшілігі ғимаратының алдына жиналған елуге жуық тұрғын жерлерін 2007 жылдан бері заңдастыра алмай жүрміз деп ашына сөйледі. Шаңырақ тұрғыны Гүлмира Күнтуарованың айтуынша, екі ауданның тұрғындары әкімшіліктегі жер комиссиясының кезекті отырысына қатысу үшін жиналыпты.

- Үміттенген халықтың бармаған жері, баспаған тауы қалған жоқ. Соңғы мәрте қала әкімі Ахметжан Есімовке кіргенде, жер комиссиясының отырысына келіңдер деген еді. Келіп тұрмыз, жиналыстың басталғанына бір сағат болды, бірақ келіпсіңдер деп жатқан ешкім жоқ, - дейді Күнтуарова.
Гүлмира Күнтуарова, Шағырақ тұрғыны. Алматы 22 сәуір 2010 жыл.


Бұл күні әкімдіктің есігі іштен құлыптанып, кіре беріске күзет қойылды. Шыдамы таусылған тұрғындар әкімшілікке кіргізуді талап етіп есікті қақты. Сол уақытта автобус ішінен шыққан ондаған полиция қызметкері тұрғындарды әкімдік ғимаратынан кері ығыстырып шықты.

- Ақорданың көрсеткен үлгісі. Әкімдіктегілерге де қарапайым адам аттап баса алмайды. Билікпен кездесуге келген халықты тежеу біздің елімізде әдеттегі жағдай, - дейді адам құқығын қорғаушы Андрей Гришин.

«ХАЛЫҚ - ДОП»

Бұған дейін де талай мекеменің табалдырығын тоздырғандықтарын айтқан тұрғындар бұл жолы наразылықтарын білдіру үшін арнайы бір көрініс дайындап келіпті.

Көпшіліктің арасында былғары қолғап киіп жүргендері болды. Олар ақ жейдесіне «халық-доп» деп жазып алып, «халық» деген сөз жазылған доппен әкімшілік алдында "футбол ойнауды" көздепті.

Бірақ наразылық көрінісі өтпей қалды. Әкімдік үш кісіні жер комиссиясының отырысына қатыстыру керек деп шешіпті. Комиссия отырысы аяқталған соң халық алдына шыққан Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Бағдат Манзуров тұрғындардың жер мәселесін шешіп беруге уәде етті.
Шаңырақ тұрғындары Алматы әкімшілігі алдында наразылық акциясын өткізді. 22 сәуір 2010 жыл.


- Ол «Мегапром» компаниясына бөлінген жер, бірақ олар оны әлі игерген жоқ. Сондықтан біз келіссөздер жүрігізп жатырмыз. Олар келесі сәрсенбіде келуге уәде берді. Компания түсіністікпен бас тартса, жерді осы азаматтарға бөліп береміз, - деді Манзуров.

Биліктің кезекті уәдесіне сенген халық бұл жолы да бейбіт тарқады.

Алматы қалысында жер мәселесі 2006 жылы мүлікті заңдастыруға байланысты амнистия туралы заң қабылданған тұста одан сайын өршіп кетті. Сол жылы жазда жерлері заңдастырылмаған Бақай және Шаңырақ тұрғындары үйлерді бұзуға келген полицияға қарсылық көрсетті. Шаңырақтағы қақтығыс кезінде бір полиция қызметкері қаза болды.

Сол жылдары мүлікті заңдастыру акциясы барысында республика бойынша 1,3 миллион тұрғын үй заңдастырылды деп хабарланды. Алайда Алматы, Астана және Шымкент секілді ірі қалаларда жүздеген тұрғындар жер телімдерін әлі күнге дейін заңдастыра алмай жүр.

Your browser doesn’t support HTML5

Әкімдік Шаңырақ тұрғындарына есік ашпады