«Бегалин кітапханасы» тәуелсіздігі кімнің қолында?

Сапарғали Бегалин атындағы балалар кітапханасының ғимараты.

Алматы қаласындағы Сапарғали Бегалин атындағы белгілі балалар кітапханасының дербес статусын жоғалтуына қатысты туған дау әлі толастамай тұр. Азаматтық белсенділер билікпен диалог жүргізіп жатыр.

Алматылықтар ауызекі тілде «Бегалинка» атайтын кітапхана тағдыры әлеуметтік желілерде де талқыланып келеді. Пессимистердің пікірінше, қайта құру бұл кітапханаға жақсылық әкелмейді. Билік өкілдері кітапхана ешқайда кеткен жоқ, керісінше, жұмысы жандана түсті дейді.

АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛЕРДІҢ ПЕССИМИЗМІ

Былтыр наурыздың 26-сы күні Алматының сол кездегі әкімі Ахметжан Есімов Сапарғали Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасы мен Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасын Алматының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне (ОКЖ) қосу туралы қаулыға қол қойған болатын. Бұл шешімнен шыққан дау бір жылдан бері әлі толастаған жоқ. Бегалин кітапханасына қатысты мән-жайды анықтауға енді директоры Бағила Ахатова бастаған «Қазақстан коммуникативтік қауымдастығы» қоғамдық ұйымы (2010 жылдан бері жұмыс істейді, бұдан ары – ҚазКҚ) кіріскен. Ұйым өкілдерінің пікірінше, «Бегалин кітапханасын» ОКЖ-нің бір бөлігі емес, қалалық дербес кітапхана ретінде сақтап қалған дұрыс. Жуырда белсенділер Алматыда азаматтық билік өкілдерінің қатысуымен тіпті дөңгелек үстел де өткізген.

Азаматтық белсенділер «қайта құру процесі басталғанға дейін «Бегалин кітапханасы» жақсы жұмыс істеген» дейді. Олардың айтуынша, кітапханада демеушілер есебінен ашылған көптеген тегін инновациялық үйірме болған, ал 2015 жылы кітапхана «497 шара» да өткізген. Азаматтық белсенділердің пікірінше, қайта құру кесірінен «Бегалин кітапханасының» жұмыс жүйесі бұзылады.

ҚазКҚ-ның тағы бір мүшесі әрі профессор, заң ғылымы докторы Сайлаубек Әлібековтің пікірінше, «балалар кітапханасын ОКЖ жүйесіне қосқан кезде заңды тұлғалардың ерікті бірлестігі сияқты өзге модельді қолдану керек еді». Профессор-заңгер «іс жүзінде еріктілік принципі бұзылған, яғни қалалық жүйеге мәжбүрлі түрде қосылған бұл кітапхана енді жойылды деуге болады» дейді.

"Бегалин кітапханасы" бойынша өткен тыңдаудың модераторы Бекнұр Қисықов (сол жақта) пен мәдениет жөніндегі комиссия төрағасы Құсман Шалабаев. Алматы, 13 маусым 2016 жыл.

ҚазҚК директоры Бағила Ахатованың пікірінше, «Бегалин кітапханасы» тағдырын Алматы қаласының жаңа әкімі Бауыржан Байбек қана шеше алады. Сондықтан ҚазКҚ оған хат жолдамақ.

- Кітапханаға қатысты мән-жайды анықтауды және 2015 жылы наурыздың 26-сы шыққан қаулыға түзету енгізуді сұрап, әкімге хат жазамыз. Яғни, «Бегалинканы» әлгі қаулыдан шығаруды өтінбекпіз. Бұрынғы мәртебесін қайтарса, кітапхана ақылы қызмет көрсету арқылы өзін жартылай қаржыландыруға көшіп, бюджеттен қаржыландыруды қысқартуға болар еді, - дейді ол.

Азаматтық белсенділер «Бегалин кітапханасына» қатысты дауды Алматы қаласы әкімдігі жанынан қайта құрылған қоғамдық кеңес (ҚК) талқысына салды. Олар мәдениет комиссиясы төрағасы Құсман Шалабаев және өзге белсенділердің қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізді. Сапарғали Бегалин атындағы балалар кітапханасына қатысты ұсыныстар мәдениет комиссиясы қарауына жолданды. Кейін олар ҚК президиумына түседі. Ал ол бұл проблемаға қатысты ұсыныстарын мәдениет басқармасы мен Алматы әкімінің қайсысына жолдауды шешуі тиіс. Бірақ ҚК президиумы мүшесі Бекнұр Қисықов «Біздің ұсыныстарымызды әкімнің оқитынына кепілдік жоқ» дейді.

БҰРЫНҒЫ ДИРЕКТОРДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ

«Бегалин кітапханасының» жақтастарының айтуынша, кітапхана онда жұмыс істеген қызметкерлердің арқасында балалар қызығып келетін орынға айналған. Кітапхана ардагерлері айына 30-60 мың теңге (стажына қарай) мардымсыз жалақыға шығармашылық құлшыныспен жұмыс істеген. Бұрын осы кітапхана директорының міндетін атқарған Елена Фоменко «жас кітапханашылар келгенімен, ұзақ тұрақтамайтын» дейді.

- Бірақ жұмыстың ұшы-қиыры жоқ, ал жалақы мардымсыз. Сондықтан олар бірер айдан кейін жұмыстан шығып кететін, - дейді ол.

Софья Раева «Бегалин кітапханасында» 43 жыл жұмыс істеген. 28 жыл осы мекеменің директоры болған. Жұрттың көбі «Бегалин кітапханасының» атын шығарған сол кісі деп санайды. 2014 жылы желтоқсанның 2-сі күні ол Алматы мәдениет басқармасынан «сізбен келісім-шарт ұзартылмауы мүмкін» деген ескерту хат алған. Софья Раева «дәл туған күнімде хат жолдағандары әрі зейнет жасындағы қызметкерлерге кітапхананың 65 жылдық мерейтойы қарсаңында жұмыстан шығуды ұсынғандары - жымысқылық» деп атайды.

Сапарғали Бегалин атындағы балалар кітапханасының ғимараты Алматының орталығында әжептәуір аймақты алып жатыр. Кітапхананың басқа бөлімшелері ғимараттардың бірінші қабатында немесе шағын бірқабатты үйлерде орналасқан. Алматы, 20 қазан 2013 жыл.

Ал «Бегалин кітапханасын» дербес мекеме ретінде жоюға қатысты ол «Мен бір нәрсені түсінбеймін. Жақсы жұмыс істеп жатқан кітапхананы неліктен жою керек. Сауатты түрде біріктіру керек еді» дейді.

Софья Раеваның айтуынша, Мәскеуде орталықтандырылған кітапханалар желісіне қосылмай, сәтті жұмыс істеп жатқан бірнеше кітапхана бар. Оның пікірінше, кітапхана орталықтандырудың кесірінен қызметкерлері мен оқырмандарын жоғалтады. Софья Раева кітапханалардың мүшкіл жағдайын «шенеуніктердің сауатсыздығы мен материалдан хабарсыздығынан» көреді.

«КІТАПХАНА ЕШҚАЙДА ЖОҒАЛҒАН ЖОҚ»

Алматы қаласы мәдениет басқармасы директорының кітапханалар жұмысын қадағалайтын орынбасары Наиля Мулюкова мен ОКЖ директорының кітапханаларды дамыту жөніндегі орынбасары Алма Қонарова кітапхананың «ешқайда жоғалмағанын, бұрынғы қызметкерлерінің жұмыс істеп жатқанын, тек тоғызы ғана жұмыстан кеткенін (бұрынғы қызметкерлер 25 адам кеткенін айтады)» айтады. Наиля Мулюкова қайта құру басталғаннан кейін «Бегалин кітапханасы» жұмысының қарқыны жақсара түскенін көрсететін бірнеше санды да келтіреді.

- 2012 жылы кітапханада тоғыз тегін және бес ақылы үйірме жұмыс істеген. Ал қазір 14 тегін үйірме бар. 2015 жылдың бірінші тоқсанында 6783 оқырман болса, 2016 жылдың бірінші тоқсанында оқырман саны 7178-ге дейін жетті. Маусымның 1-і күні өткен мерекеге 10 мыңға жуық бала келді. Мұның бәрі -кітапхананың қарқынмен дамып келе жатқанының белгісі, - дейді ол.

Кітапханада 15 үйірме (сандарда сәл алшақтық байқалады) жұмыс істейтінін қазір ОКЖ құрамына енген бұрынғы «Бегалин кітапханасының» кураторы Алма Қоңырова да растайды. Ақша қызметкерлерді қысқарту есебінен табылған. Үнемделген ақша үйірме жетекшілеріне айлық төлеуге жұмсалады.

Алматы мәдениет басқармасы мен орталықтандырылған кітапханалар жүйесі өкілдері «Бегалинканың жұмысы өрлеп тұр, қайта құру оның жұмысына зиян келтірген жоқ» дейді.