Алматыдағы шеруде «Назарбаев, кел! Халықты көр!» деген ұран айтылды

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алған жиын. Алматы, 24 наурыз 2012 жыл.

Наурыз айының 24-і күні Алматы қаласындағы Абай және Достық даңғылдарының қиылысар тұсында, «Қазақстан» қонақүйінің жанындағы қалтарыста Жаңаөзен оқиғасына 100 күн толуына орай жиын өтті. Жиналған жұрттың саны 1000-нан асты. Сағат 12-де басталған жиын 2011 жылы 16 желтоқсанда болған Жаңаөзен оқиғасында полицияның оғынан қаза тапқан марқұмдардың рухына құран бағыштаумен ашылды.

Алдын-ала тараған ақпараттарға қарағанда, жиын түскі 12-де басталуы тиіс еді. Азаттық тілшілері сағат 11-ден өте Абай даңғылы жақтан жиын өтер тұсқа жеткенде Достық даңғылының бойында он шақты жолаушылар автобусы тізіліп тұрғанын көрді. Бұл автобустар Республика сарайын да, Абай ескерткішін де қалқалап жауып тұрды.

Достық даңғылына жақындаған сайын қатты шығып тұрған музыка дауысы бұл жерде еске алу жиыны емес мерекелік шара өтіп жатқанын аңғартқандай еді. Осы тұстан өтіп бара жатқандардан сұрағанымызда «әкімшілік наурыз тойын өткізіп жатқан болар» деп жауап берді.

«ТЕМІР ҚОРШАУДЫҢ ІШІНДЕГІ КОНЦЕРТ»

Бірақ автобустардың қалқасынан өтіп, Абай ескерткішінің жанына келгенімізде мерекелік шараның жалпыға бірдей арналмағаны белгілі болды.

Ескерткіш тұсындағы темір шарбақтарға тірелген соң, Республика сарайының жанына қойған қақпасына айналып барғанымызда, ондағы полициялар «бұл жерге

Республика алаңында өткен концерт. Алматы. 24 наурыз. 2012 жыл.

кішкентай баласын ертіп келгендер ғана кіре алады, басқаларға рұқсат жоқ» деп өткізгісі келмеді. Тілші куәлігін көрсеткен соң ғана полиция лейтенанты «бастықтан рұқсат сұраңыз» деді.

Бір топ полиция қызметкерлерінің арасында тұрған әлдебір майор Республика сарайы алдына әкімшілік балаларға арналған мереке өткізіп жатқанын, енді бұл шараның апта сайын өткізілетінін айтып берді. «Осы тұста жиын болады дегенді естімедіңіздер ме» деген сауалымызға:

– Сондай сөздер айтылып жатыр, бірақ олар балалардың мерекесін бұзбайтын шығар, – деп жауап қатты.

Майордың рұқсатымен темір қоршаудың ішіндегі мерекелік шараға кіргенімізде ұйымдастырушыларды табу оңай болмады. Әуелі өзін «ақ шаңқан қазақы қиіз

Концерт өткен Абай ескерткішінің алдында тұрған полиция көліктері. Алматы, 24 наурыз. 2012 жыл.

үйдің иесімін» деп таныстырған жігіт пен қыз бұл жерде жиын өткелі жатқанын «бүгін ғана білгендерін», өздерінің «жай ғана аниматор екендіктерін» айтып құтылды.

Алаңы кең болса да, адамы сирек мерекелік шарадан қайта шыққанымызда темір тордың сыртына қарақұрым халық жинала бастағанын көрдік. Бірақ арнайы ұйымдастырушысы болмағандықтан жиналған жұртшылық тротуар бойында әр жерге шоғырлана бастады.

Осыдан бір ай бұрын өткен жиындағыдай емес, бұл жолы келген көліктерді тоқтауға мұрша бермей әрі қарай асырып жатқан жол полициясынан өзге құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы жасақ сарбаздар байқала қоймады.

Алайда жұртшылық полиция күштері Республика сарайының төңірегіндегі қалтарыстарда автобус ішінде «тиесілі бұйрық күтіп отырғанын» айтып жатты. Сонымен қатар полиция киімін кимесе де, «тәртіпті реттеп» тұрған жас жігіттер шоғыры да көзге түсті.

«ӘДІЛ СОТТЫ БАЙҚАМАДЫ ӨЗ БАСЫМ»

Азаттық тілшісі жиналған жұрттың кейбірінен «бүгін қандай жиынға келгенін» сұрап, сөзге тартқан еді. Олар өздерінің ешқандай да саяси жиынға келмегенін, ондай жиын болатынын естімегенін, ұйымдастырушылары да жоқ екенін» айтып, әңгімеге құлықты болмады. Өзіміздің журналист екенімізді «дәлелдегеннен» кейін ғана шешіле сөйлегендер болды.

«Ешбір партияда жоқпын» деп өзін таныстырған Асылбек Мұқашев деген жігіт ағасы:

– Жер қойнына тапсырған адамның жетісін, қырқын, жүзін, жылын беріп, еске алу – ата салтымыз. Бүгін сол үшін келіп отырмын. «Жаңаөзен оқиғасына бұзақылар

Жиынға келген адамдар. Алматы, 24 наурыз 2012 жыл.

айыпты» деп жатыр, олар – бұзақылар емес – қарны ашқан, бала-шағасын асырауды ойлаған адамдар, – дейді.

Асылбек Мұқашев Жаңаөзен оқиғасына орай соттың әділ өтетініне де сенбейтін көрінеді. «Қазақстанның соты әділ сот емес пе?» дегенімізде:

– Ай, әділ сотты байқамадым өз басым. Ал өлгендерді еске алып, құран оқытқалы жатқанда бұлайша концерт қойып, музыканы даңғырлатуы – Алланың алдындағы үлкен күнә, – деді ол. – Дүниенің кеңдігінен не пайда етігің тар болған соң, – деп қосып қойды тағы да.

Мұқатай Берікбол есімді жас жігіт «қандастарымыздың қырылғанына 100 күн толғанына орай құран оқылады деп естіп келгенін» айтады. Жаңаөзен оқиғасына орай өтетін сотқа ол да сенбейтін болып шықты.

– Желтоқсан оқиғасынан кейін де жазықсыздар сотталған болатын, – дейді ол.

Мұқатай Берікбол «елбасына кір келтіре алмайтынын», бірақ президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңаөзенге барайын дегенде бәрі жақсы деп барғызбағанына» да сенбейтінін» айтып берді.

«БИЛІКТІҢ ТҮСІНГЕН ТҮРІ – ОСЫ»

Сағат 12-лер шамасында жиналған жұрттың қарасы көбейіп, «Қазақстан» қонақ үйі мен Республика сарайының ортасындағы алаңқайға қарай ойысты. Айта кетерлігі, өткен жолы полиция өкілдері мен арнайы жасақ қызметкерлері жиынға келушілерге бұл жерді де бермей, «қорғап қалған» еді.

Бұл жолы көпшілік алдына әуелі суретші, қоғамдық белсенді Қанат Ибрагимов

Суретші, қоғамдық белсенді Қанат Ибрагимов. Алматы, 24 наурыз 2012 жыл.

шығып, Жаңаөзен оқиғасының құрбандарына құран бағышталатынын айтты. Құраннан кейін жұртшылық бір минут үнсіздік жариялап, Жаңаөзен құрбандарын еске алды.

Қанат Ибрагимов содан кейін қайта сөз алып, Жаңаөзен оқиғасына орай қамауда отырған Серік Сапарғали, Владимир Козловтармен қатар Айдос Садықов, Арон Атабек, Владимир Курамшиндерді де тұтқыннан босатып, басқа да саяси қуғындауларды тоқтатуды талап етті.

Өзінің флеш-мобтарымен танымал суретшінің жанында таяуда абақтыдан босаған журналист Рамазан Есіргепов, ЖСДП партиясының белсендісі Маржан Аспандиярова, қоғамдық белсенді Гүлжан Ерғалиевалар тұрды. Ұлтшыл-патриоттар санатында аталатын тағы біраз белсенділер де көзге шалынды.

Маржан Аспандиярова жиналған қауымға ЖСДП жетекшілері Болат Әбілев пен Әміржан Қосановтың және Рысбек Сәрсенбайдың Жаңаөзен қаласына кеткенін хабарлады.

Жиынның дауысын басып тұрған мерекелік шара жақты нұсқап: «Жаңаөзен

ЖСДП белсендісі Маржан Аспандиярова. Алматы, 24 наурыз 2012 жыл.

оқиғасындағы халықтың көз жасын биліктің түсінген түрі – осы» деді Маржан Аспандиярова.

Алматылық Валентина Максимовна атты қария:

– Өкімет жендеттерінің қолынан өлген Жаңаөзен құрбандарына Алматы қаласының атынан көңіл айтамыз. Өкіметтің құлағы естімейтін, көзі көрмейтін болды. Мына концерт – соның белгісі, – деді.

«ӘР ҚАЗАҚ – МЕНІҢ ЖАЛҒЫЗЫМ!»

Ортаға шыққан журналист, Janaozen.net сайтының редакторы Қасым Аманжолұлы ақын Сабыр Адайдың «әр қазақ – менің жалғызым» деген сөзін ұран етті.

– Қазақтың қайғы жұтқанына 100 күн болды, бірақ биліктің аузынан бірде-бір адами әңгіме естіген жоқпыз. Жетпістен асса да билікте отырған, ақсақалдық жасқа

Журналист, Janaozen.net сайтының редакторы Қасым Аманжолұлы. Алматы, 24 наурыз 2012 жыл.

жеткен, тәубесін ойлауға тиіс адамдар әлі бір рет халықтың алдында кішірейіп сөйлеген жоқ. Ол неге өйтеді? Өйткені біз әлі бірігіп, жұмыла алмай жатырмыз, – деді ол.

Қасым Аманжолұлы жиынға келген жастардың өткен жолғыдан көп екенін айта келе, «Жетпістегі адам жеңе ме, жастар жеңе ме?» деген сауалды ортаға тастады.

Бұл жиында жұртшылық қолдарын жиі сермеп, жаппай ұрандап тұрды. Белсенді Геройхан Қыстаубаев ұлт-патриоттарының Жаңаөзен оқиғасына орай таяуда қабылдаған мәлімдемесін оқып бергеннен кейін де жиналғандар «Әр қазақ – менің жалғызым» деп бірнеше рет ұрандатты.

Жиында жазушы Софы Сматаев, ақын және қоғамдық белсенді Айсұлу Қадырбаева сөз сөйлеп, билікті айтыптады. Ақпанның 25-інде өткен жиында «Айтшы қане, Нұрсұлтан» деген өлеңімен танылған Оқап Мұқажанұлы бұл жолы «жиынға қатыспай тығылып отырған зиялы қауымды» сынға алды.

«НАЗАРБАЕВ, КЕЛ!»

Жұрт алдына шығып сөйлеген шешендердің тағы бірі Тараздан келген Рақым Ауғанбаев болды.

– Мен өткен жолы «Назарбаев, кет!» дегенмін, енді айтатыным: Назарбаев кел!

Шеруге Тараздан келген белсенді Рақым Ауғанбаев. Алматы, 24 наурыз 2012 жыл.

Халықты көр, халық саған не айтады, – деді ол.

Рақым Ауғанбаев өткен жолы митингіге қатысқаны үшін 16 мың теңге айып төлегенін, «бұл жолы 50 мың теңге айып салса да, тараздық жігіттер көтеріп алуға дайын отырғанын», бүгін Таразда да еске алу күні өтіп жатқанын айтып берді.

Жиындағы жұртшылық Рақым Ауғанбаевтың соңғы хабарына қол соқты.

– Осыған дейін «Қазақстанның басқа көптеген қалаларында осындай жиын өтеді екен» деп еді – рас болды, – десіп жатты жиналғандар.

Жиын соңында «Журналистер қатерде» ұйымының жетекшісі Рамазан Есіргепов қабылданған қарарды оқып, ЕҚЫҰ, Халықаралық Ислам ұйымы, БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардан «қазақ билігін Жаңаөзен оқиғасын ашық тергеуге, саяси астары бар соттар мен оппозицияны қуғындауды тоқтатуға шақыруды» сұрады.

Қарарда «биліктің Жаңаөзенде халыққа оқ атқаны үшін Қазақстан азаматтарынан кешірім сұрауы, мемлекеттік қылмыскерлерді анықтап, лайықты жаза беру қажеттігі де» айтылды.

Жаңаөзен құрбандарын еске алуға арналған жиын бір жарым сағаттан соң тарады. Жиынды жүргізуші Қанат Ибрагимов қазір өздерін тұтқындайтынын айтқанымен жұртшылық көзінше полиция күштері белсенділерге тиісе қоймады.

Өткен айда, ақпанның 25-індегі жиын алдында да бір топ оппозиция жетекшілері мен қоғамдық белсенділерді, сондай-ақ жиын алдында сөйлегендерді жаппай тұтқындаған еді. ЖСДП партиясының жетекшілері Болат Әбілев пен Әміржан Қосанов 15 күн абақтыға қамалып шыққан болатын.

Бүгін де жиынға жетпей жатып тұтқындалғандар болды. Азаттық радиосына түскен ақпарат бойынша, митингтің басталуына бір сағат қалған кезде, сағат 11 шамасында, қоғамдық белсенді, «Ар. Рух. Хақ» ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожинаны Алматы қаласының Медеу аудандық ішкі істер басқармасының полицейлері ұстап әкеткен.

Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігіне орай Астана, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Орал, Шымкент қалаларында да еске алу шаралары, кішігірім шерулер өтті.

2011 жылы 16-17 желтоқсанда Жаңаөзен мен Шетпеде полиция мен халық арасында қақтығыс болып, ресми есеп бойынша 17 адам қаза тауып, 100 шақты азамат жараланған еді.