Сейсенбі күні Алматыдағы «Нұр Отан» партиясы кеңсесінің алдында Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуге қарсы мәлімдеме жасап, наразылық акциясын өткізген жастарды полиция ұстап алып кетті.
Қаңтардың 11-і күні таңертеңгі сағат 11-ден кете Алматыдағы «Нұр Отан» партиясы кеңсесінің алдына келген «Рух пен тіл» жастар пікірталас клубының мүшелері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуге өздерінің қарсы екендерін айтып, мәлімдеме жасады.
«Бұл соңғы жылдары орын алған түрлі жантық әрі жағымпаз ойлардың ішіндегі ең масқара, ең сорақы идея екенін мойындау қажет», – деді қоғамдық ұйым белсендісі журналист Инга Иманбай.
Шара басталғанына бес минут өтпей жатып, акцияға құқық органдарының өкілдері «араласа» бастады. Өзін Алмалы аудандық прокурорының орынбасары Ермек Рахымбаев деп таныстырған адам наразылық акциясын өткізуге келгендерге іс-әрекеттерінің заңсыз екенін ескертіп, олардың тарап кетулерін талап етті.
– Ресми түрде заңды түсіндіре кетейін. Бұл жерге жиналғандар бейбіт түрде митинг, жиындарды ұйымдастыру мен өткізу туралы заңды өрескел түрде бұзып отыр. Бұл заңды бұзған ұйымдастырушылар мен қатысушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертіп өтейін, – деді прокуратура өкілі.
Прокуратура өкілінің ескертуінен кейін полиция мәлімдемені оқып тұрған журналист Инга Иманбайды ұстап әкетпекші болды. Бірақ акцияға жиналып қалған көпшілік оларға бөгет
Алмалы аудандық прокуратура өкілі Ермек Рақымбаев референдум өткізуге қарсылығын білдіруге келгендерге ескерту жасап тұр. Алматы, 11 қаңтар 2011 жыл.
жасады.Бұл арада жастар «демократия» деген сөз жазылған қағазды қорапқа салып, оның үстіне құм төгіп «жерлеу» рәсімін жасап та үлгерді. Осы кезде көптің қарсылығына қарамастан, полицейлер Инга Иманбай мен өзге де белсенділерді көлікке сүйреп әкетті.
Полицейлердің ісіне наразылық танытқан жиналған жұрт олардың ізінен: «Сөйтіп, жастарыңды қамай беріңдер!» деп айғайлап жатты.
Жастар аяғына дейін оқып үлгермеген мәлімдемеде Қазақстанда Назарбаевтың президенттік өкілетін ұзарту туралы референдум өткізу идеясын көтерген топ «демократияны жерлеушілер емес пе?» деген көпшілікке арналған сұрақ бар.
Акция өтіп жатқан жерге бірқатар ақпарат құралдарымен қатар оппозиция белсенділері, қарапайым қала тұрғындары да келді. Солардың бірі Бибігүл Рымқұлова референдум өткізуге қарсылық шарасын қолдауға келгенін айтты.
Референдум өткізуге қарсы акция болып жатқан жерге келген Алматы қаласының тұрғыны Бәкеш Жоламанов қазіргі қоғамдағы жағдайға өз бағасын берді.
Наразылық шарасын қолдауға келген «Студенттердің тәуелсіз кәсіподағы» ұйымының жетекшісі Ринат Кибраев мұндай акциялардың алдағы уақытта жалғасатынын айтты.
«Ұлтшыл-патриоттармен көзқарасымызда айырмашылықтарға қарамастан «Рух пен тілді» қолдау үшін келдік. Біз алдағы уақытта да референдум мен президенттің өкілетін ұзартуға қарсы акцияларды қолдаймыз», – деді ол.
Бүгінгі наразылық шарасына «Рух пен тіл» жастар клубының жетекшісі, журналист Жанболат Мамай да келуді жоспарлапты. Алайда акция болатын күні таңертең ол кенеттен жол көлік оқиғасына түсіп, шараға келе алмаған. Бұл туралы Азаттық радиосына Жанболат Мамайдың өзі айтып берді:
Полицейлер сейсенбі күні Алматыдағы «Нұр Отан» партиясы кеңсесінің алдынан ұстап әкеткендерді Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінде үш сағат ұстап, арнайы құжат толтырғаннан кейін босатып жіберген. Бұл туралы Азаттыққа Жанболат Мамай хабарлады.
«Рух пен тіл» жастар клубының жеті белсендісіне қатысты әкімшілік сот бейсенбі күні болмақшы.
Бұған дейін Назарбаевтың президенттік өкілетін ұзартуға қарсы акция Орал қаласында өткенін Азаттық радиосы хабарлаған. Орал соты ол акцияға қатысқан жергілікті журналистер Санат Орыналиев пен Лұқпан Ахмедияровты бес тәулікке абақтыға қамауға шешім шығарды.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастамашыл топтың жетекшісі, Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бұған дейін Азаттық радиосына берген сұқбатында «Қазақстандағы барлық сайлаушылардың жартысы референдумды өткізуді қолдап отырғанын» мәлімдеді.
Ерлан Сыдықовтың айтуынша, бастамашыл топ 4,2 миллионнан астам қол жинаған және оның барлығын құжаттап, сейсенбі күні Орталық сайлау комиссиясына тапсырмақ.
Қаңтардың 10-ы күні ҚазТАГ агенттігіне берген сұқбатында Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев:
«Президент сайлауға дайын. Бірақ егер парламент ветоны еңсеретін болса, президент референдум өткізуге де әзір. Ол әзірге сайлауға қатысам деген ниетте. Маған бұл туралы өзі айтты», – деген.
Өткен аптада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өкілетін 2020 жылға шейін ұзарту жөнінде Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты республикалық референдум өткізу туралы ел парламентінің ұсынысын қабылдамай тастаған.
Қаңтардың 14-і күні Қазақстан парламенті қос палатасының бірлескен отырысы өтеді. Оның күн тәртібінде қандай мәселе қаралатыны әзірге жарияланған жоқ.
Былтыр 70 жасқа келген президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды үздіксіз басқарып келе жатқанына 20 жылдан асты. Ол соңғы рет 2005 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті болып жеті жылға қайта сайланған болатын.
Қазақстан президентінің кезекті сайлауы 2012 жылы өтуі тиіс.
«Рух пен тіл» жастар клубының белсенділері өткізген шарадан түсірілген видеоны қараңыз:
Your browser doesn’t support HTML5