Қалыңдық ұрлау немесе қыз алып қашу проблемасы – Орталық Азияның өзге елдері тәрізді Қазақстан үшін де әрі өзекті, әрі пікірталас туғызатын тақырып. Кейбіреулер оны ежелгі дәстүрге баласа, енді біреулер тұрмыстағы зорлық-зомбылық көрінісі әрі қылмыс деп біледі. Социологтар бұл проблема бойынша сауалнамалар жүргізеді.
Журналистер қыз алып қашу оқиғалары туралы оқтын-оқтын хабарлап тұрады. Ал енді біреулер тақырыпты театр қойылымы арқылы қозғауға тырысады. Алматыдағы "Трансформа" мәдени алаңында осындай спектакльдің премьерасы өтті. "Қыз қуу" спектаклінің продюсерлері – Марина Константинова мен Айггүл Сұлтанбекова, хореографы – Екатерина Шмонина.
КӨКЕЙТЕСТІ ТАҚЫРЫПТЫ ҚИМЫЛМЕН ҚОЗҒАУ
Шын мәнінде, бұл - алматылық көрермендер үшін онша үйреншікті емес қойылым. Драмада кейіпкер сөзі жоқтың қасы, өйткені бұл – пластикалық спектакль. Өзгеше айтқанда, артистер оқиғаны, қойылым кейіпкерлерінің ішкі сезімдерін би қимылдары арқылы баяндайды. Ал сценарий авторы әрі спектакль хорегорафы Екатерина Шмонинаның сөзінше, оқиға желісі мүлде қарапайым. Кейіпкер қызды ұнататын жігіт бойжеткенді алып қашу үшін оның ең жақын құрбысымен құпия сөз байласады. Бойжеткенді алып қашып кетеді. Бірақ соңында бас кейіпкерді бұл жағдайдан құрбысының өзі құтқарады.
"Қыз қуу" қойылымынан үзінді көріңіз:
Your browser doesn’t support HTML5
Спектакльде сегіз артист ойнайды, көбі – кәсіби емес, әуесқой артистер. Жиыны бес бойжеткен және үш жігіт.
Спектальде пайдаланылған музыканың көбін қазақстандық "Бугарабу" соқпалы аспаптар тобы жазған. Қойылым авторларының сөзінше, олар авторлық құқық талабын орындау өте маңызды деп санайды. Сондықтан "Бугарабу" тобының жетекшісі Юрий Леонтьев музыкасын пайдалануға келісімін берген. Бұдан бөлек, спектакльдің кей тұсында қазақтың халық әндері фон ретінде пайдаланылады.
Спектальдің алдында – көрермендер жиналып жатқан кезде үлкен мониторда қыз алып қашу құрбандарының әңгімелері жазылған видеолар көрсетілді. Бірақ экран көрермендердің бір бөлігіне көрінбейтін қабырғаға ілінген екен. Сондықтан олардың видеодағы сөздерді ғана естуіне тура келіп, ақпаратқа онша мән бермегендей көрінді.
Спектакль алдында продюсер Марина Константиновадан қойылымды сахналауға не себепті пластикалық театр формасы таңдалғанын сұраудың сәті түсті. Маринаның сөзінше, пластикалық театр – Алматы жұртына әлі таныс емес деуге болатын әлемдік тенденция. Бұдан бөлек, пластикалық театр адамдар түрлі тілде сөйлесетін қоғамға арналған, ал би қимылдарын аудармасыз түсінуге болады.
"Қыз қуу" қойылымы премьерасы алдында өткен брифингте продюсерден көрермендердің бірі Орталық Азия халықтары арасында көп тараған ұлттық ойынды білдіретін атауды таңдау себебін де сұрады. Ойын шарты бойынша, қыз бен жігіт атпен жарысып, жігіт қызды қуып жетсе, оның бетінен сүйеді.
Продюсер Марина Константинова оның себебін спектакльден кейін түсіндірді:
– Бір жағынан, бұл – ең тура аудармасы. Ал бір жағынан, қыз алып қашу – қоғамдық ойынның бір бөлімі болуы мүмкін. Сондықтан қалыңдық ұрлау кейде қызды зорлап алып қашу болмаған. Адамдар кейде өзара келіседі.
ФОТОКӨРМЕДЕН ПЛАСТИКАЛЫҚ ДРАМАҒА ДЕЙІН
"Қыз қуу" қойылымы – Алматы театрларының бірінде бірнеше жыл фотограф болып жұмыс істеген Марина Константинованың алғашқы театрлық жобасы. Оның мамандығы – психолог әрі би тарихын зерттеуші. Жуырда ол зәбір көрген әйелдерге арналған фотосуреттерінің көрмесін өткізген. Көрмеде зорлық-зомбылықты қыз алып қашу түрінде де көрсеткен. Ал фотосуреттерінің кейіпкері – күйеуге алып қашып кеткен қыз, сондықтан спектакль сол келіншектің тағдыры негізінде қойылған.
Продюсердің айтуынша, ол күйеуге алып қашып кеткен келіншектерден қалыңдық ұрлау оқиғалары туралы көп естіген. Әлгі әйелдердің жас шамасы – 18 бен 70 жас аралығы (қарт әйелдер жас кезінде болған оқиғаларды айтып берген). Продюсердің сөзінше, әлгі әңгімелерден қыз алып қашу әлі күнге өзекті проблема екенін аңғаруға болады.
Спектакль алдындағы брифингте қыз алып қашу проблемасы қызу талқыланды. Аудиторияның бұл құбылысты жақтырмайтыны сөздерінен байқалды. "Сорос-Қазақстан" қоры өкілі Сәуле Матаева да пікірімен бөлісті.
– Көп нәрсе араласатын ортаңа, қарапайым адамдарға, әке-шешеге байланысты. Әйелдердің құқығын бұзуға, оларды кемсіту әрекеттеріне деген төзімділік жойылмай бұл проблема өзекті болып қала береді. Бірақ тіпті бұл проблема жойылса да, мұндай спектакльдер оны өткеннің сарқыншағына оралмау үшін еске салып тұратын болады.
КӨРЕРМЕНДЕР ПІКІРІ ЕКІГЕ ЖАРЫЛДЫ
Спектакльден кейін көрермендер әдетте тез тарап кететін, сондықтан ары кетсе екі-үш адамның ғана пікірін біліп қалудың сәті түсетін. Бұл жолы Азаттық тілшісі спектакльді енді ғана көріп шыққан екі бойжеткенмен сөйлесті.
Бірінші бойжеткен өзін Эльмира деп таныстырды. Оның айтуынша, қазір студент, ал бұрын театрлардың бірінде ойнаған екен.
– Қатты әсер алдым, өйткені теледидардан ғана көріп немесе жұрттан көп естігенім болмаса, шын өмірде мұндайды [қалыңдық ұрлауды] көрмеппін. Меніңше, қойылым авторлары Пина Бауштың [белгілі неміс бишісі, хореограф, Германияда пластикалық театр құрған] стилінен шабыттанған, бұл сол кісінің стилистикасы сияқты. Қойылымдағы оқиға өмірімізден алынған. Қыз алып қашу я басқасы болсын, осындай оқиғаға тап болған адамның эмоциялары, ішінде не болып жатқаны, сыртқы және ішкі әлеммен қатынасы көрсетілген, - дейді Эльмира.
Екінші көрерменнің есімі – Ләйлә. Ол гендер тақырыбындағы конференцияларды ұйымдастырушы болып жұмыс істейтінін айтты.
– Маған нақтылық жетіспеді. Бәлкім, спектакльдің символикалық тұстарын онша түсінбеген шығармын. Бірақ тақырып өте өзекті болғандықтан, бұдан гөрі шынайы, нақты мысалдарды күткен едім. Яғни көрерменге арналған месседждің мәнін онша түсінбедім. Сондықтан спектакльге тәнті болдым деп айтпаймын, - дейді ол.
Сахнаның үш жағындағы көрермендерге арналған орындардың бәрі дерлік бос болған жоқ. Спектакльге 60-70-тей адам келді. Көбінесе жастар, оның ішінде қыздар көп болды. Көпшілік көрерменнің қол соғып қошеметтегеніне, жүздеріндегі жағымды эмоцияға қарағанда оларға қойылым ұнаған тәрізді.
"Қыз қуу" спектаклі – көркемдік жетекшісі Антуан Дукравец (оны көрермендер мемлекеттік неміс драма театрындағы рөлдерінен біледі) "Трансформа" мәдени алаңында қоюға дайындаған әйелдердің құқығы, сөз бостандығы, пацифизм туралы үш спектакльдің алғашқысы.
Қаңтардың аяғында "Трансформа" сахнасында 1988-1990 жылдары "Огонек" журналында жарияланған жазбаларға негізделген спектакль премьерасы өтпек. Ал ақпанның соңында ежелгі грек комедиографы Аристофанның феминизм, пацифизм, ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал және трансгендер – ред.), адам құқығы тақырыптарын қозғайтын "Листрата" шығармасы желісімен әзірленген қойылым сахналанбақ.
Спектакльдерді қою идеясын "Трансформа" ұсынып, British Council және "Сорос-Қазақстан" қоры қолдаған. Екі ұйым да Алматыдағы кей театрлық жобаларға демеушілік көрсетеді.