Алматы облыстық прокуратурасы басқармасының бастығы Сәбит Чембеков Азаттыққа берген сұхбатында кейбір фермерлік шаруашылықтардың іс-әрекетін тексерген соң бір жарым миллиард теңгенің мақсатты жұмсалуына қатысты күмәнді жайттарды анықтағандарын айтып берді.
– Мысалы, Жамбыл ауданында шаруа қожалығы алты миллион теңгеге алма ағашын отырғызып, 16 миллион теңге мөлшерінде субсидия алған, яғни, 13 миллион теңгеге жуық ақша заңсыз төленген. Талғар ауданында ірі кәсіпорын шошқа етін өндіру бойынша шығынның орнын толтыруға 108 миллион теңгенің субсидиясын алған. Шаруашылық иелері жалған төлем тапсырмасын пайдаланған және базардағы ет сатушыларының аты-жөні де жалған болып шықты. Сауалнама арқылы ондай көлемде ет өнімінің өткізілмегенін анықтадық. Фирма субсидияның 30 миллион теңгесін заңсыз алған, - дейді Чембеков.
СУБСИДИЯ АЛУДЫҢ ӘЛЕГІ
Ресми деректер бойынша, Алматы облысы жыл сайын 20 миллиард теңге субсидия алады. Бұл соманың жартысынан көбі мал шаруашылығына жұмсалады. Бес миллиард теңгеге жуығы төрт ірі құс фабрикасының азығын арзандатуға кетеді. Бірақ, көптеген шаруа қожалықтары иелерінің айтуынша, бұл қаржының алушыға жетпей қалатын сәттері де аз емес.
Талдықорған құс фабрикасы жұмыртқа мен тауық етін саудаға шығаратын ең ірі өндірушілердің бірі. Кәсіпорын жемді арзандату үшін әлі күнге дейін субсидияны толық көлемде ала алмай отырғанын айтып, сол себепті жақын уақытта өнім бағасын арттырамыз деп мәлімдеген. Заңды демеу қаржыны алу үшін ұжым бірнеше мәрте қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырып, ауыл шаруашылық министрлігіне ондаған хат жолдаған. Мамыр айында үкімет кәсіпорынның мұқтаждығын өтеу үшін ұлттық қордан екі миллиард теңге бөлді, бірақ, шаруашылық басшысының айтуынша, құс фабрикасы ол ақшаны әлі күнге дейін алмаған.
– Ақшаны жергілікті бюджетке аударған, ал ондағы шенеуніктер оны игеру әдістерін білмейді. Сондықтан біз ауыл шаруашылық министрлігі мен Құсбегілер одағына хат жаздық. Менің ойымша, біздің мекемелерде кәсіби мамандар тапшы, соның кесірінен біз жапа шегеміз, - дейді құс фабрикасының директоры Ниязбек Тәтібеков.
Мемлекеттік көмекті қалағандардың бәрі ала бермейтін тәрізді. Фермерлердің көбі «адал жолмен» субсидия алудың мүмкін еместігін айтып шағымданады.
– Фермердің субсидияға тапсырған құжаттарын алу үшін шенеуніктің аузын майлау керек. Олар бізге: «Субсидиясыз күн көре алмайсыңдар ма? Оңай олжаны иемденгілерің келеді» деп өте дөрекі сөйлейді, - деп мұңын шақты Алматы облысы Сарқанд ауданының тұрғыны, асыл тұқымды мал өсіруші Анар Өмірбаева.
– Бағдарламаға іліну мүмкін емес. Мен көп ақша шығындап үш жыл бойы жүгірдім, қаншама құжат жинадым. Керек десеңіз сол құжатқа толы қалың папкамды көрсетейін, - дейді тағы бір фермер Жолаушыбай Уатхан.
Олардың сөздерін Алматы облысында жүргізілген прокурорлық тексеру нәтижесі де растайды. «Облыстағы прокуратура мекемелері бір миллиард 456 миллион теңге сома шамасында заңсыз субсидиялау дерегін анықтады, бес қылмыстық іс қозғалды, субсидия алуға кедергі келтірген үш мыңнан астам жағдай анықталды» делінген прокуратура дерегінде.
ҚАЙТАРЫМ
Фермерлерді тиімді субсидиялау мәселесі жақында өткен шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында талқыланды. Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков сол кезде агроөнеркәсіп кешенінің қызметіне қажетті «жақсы моральдық климат» туралы айтты. Оның айтуынша, «қазақстандық заңнама негіздемесі әлемдік нарық экономикасының талаптарына сай» келеді.
Бірақ, президент Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде мемлекеттің субсидиясының қайтарымы болуға тиіс екенін айтқан.
– Жыл сайын 150 миллиард теңге субсидия береміз, ал аграрлық кешеннің салық түсімі – 27 пайыз. Бұндай бизнес тиімсіз. Әлемдік тәжірибені зерттеу қажет, біздің оған қорымыз бар, - деген Назарбаев.
Ауылшаруашылық министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда ауыл тұрғындарының үлесі 43 пайызды құрайды. Бірақ, ресми деректерге сенсек, ауыл шаруашылығының ел экономикасына қосатын үлесі 4 пайызға әрең жетеді.
Алматы облысының прокуратурасы салық кодексі мен аграрлық мамандарды қаржыландыру ережесіне бірнеше өзгерістер енгізуді ұсынған. Оның бірі – субсидия алушылар үшін бірыңғай портал құрып, фермерлер мен шенеуніктер арасындағы байланысты барынша азайту. Атап айтқанда, шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында қолма-қол ақшамен есептесуді жойып, электронды-кассалық тәртіп енгізу туралы ұсыныс айтылған.
Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.