Алматыда төрт студенттің біреуіне ғана жатақхана бұйырады

Жатақханаға келіп жатқан студенттер. Алматы, 8 қыркүйек 2013 жыл.

Қазақстанда жаңа оқу жылы басталғанда жатақхана ала алмай жүрген студенттердің шағымы көбейеді. Студенттерге жатын орын жетпейтінін университет өкілдері де айтады. Мамандардың сөзінше, елде жатақхана мәселесін шешу стратегиясы жоқ.

Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) 3-курс студенті Әсемайдың (толық атын жарияламауды сұрады) жатақхана ала алмай жүргеніне он шақты күн болған. Университет басшылығы оған "1-курсқа көп студент түскендіктен орын жетпейді" деген.

– Үйім Алматы облысы Райымбек ауданында. Ол жақтан Алматы қаласына жету үшін үш жарым сағат қажет. Сонда мен күнде Райымбек ауданынан қатынауым керек пе? – дейді студент.

Осы университеттің Қарлығаш (есімі өзгертілді) есімді студенті де "4-курс студенті болғандықтан және Алматы облысы Есік қаласынан келгендіктен" жатақханаға іліге алмаған.

– Биыл ҚазҰУ-ға 1-курске рекордтық көлемде [студент] түсті, соларға беретіндерін айтты, – дейді ол.

Бес бала екі бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Айына бірігіп 110 мың теңге төлейміз.

Алматыдағы Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің М. есімді 4-курс студентіне де жатақхана жетпеген.

– Қапшағай қаласында тіркеудемін. Сол үшін жатақхана бермеді. Қазір бес бала екі бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Айына бірігіп 110 мың теңге төлейміз, – дейді ол.

"ЖАТАҚХАНА САЛАТЫН ОРЫН ЖОҚ"

Азаттық тілшісі хабарласқан университет өкілдері жатақхана жетпейтінін ашық мойындады. Кей университеттер жатақхана салуға жер және қаржы жоқ екенін айтады. Мәселен, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар университетінің жатақханаға жауапты қызметкері Асылбек Еркінбаевтың айтуынша, университет жоспарында жатақхана салу мәселесі қаралмаған.

– Әрине, жатақхана жеткіліксіз. Университетте жатақхана салатын орын тапшы. Сондықтан жоспарымыз да жоқ, – деді ол.

Көрнекі сурет.

Абылайхан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің әкімшілік-ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі проректоры Өмірзақ Нұрғабылов та "жатақхана салу жоспарда қарастырылмағанын" айтты.

– Университетте 5 мың студент оқиды. 1200 орындық үш жатақхана бар. Екеуінде толық студенттер тұрады. Біреуін шетелдік студенттер мен мұғалімдерімізге береміз. Қала сыртынан келетін студенттер туысқандарында тұрады. Кей студенттер Қапшағай, Талғардан келіп оқиды, – дейді проректор.

Ал 20 мың студент оқитын ҚазҰУ-дегі жатақханалар 6 мың адамға жетеді. Университет қалашығының директоры Әбдіқаһар Сейітжанов бұл мәселені шешу үшін алдағы жылы 1500 орындық жатақхананың құрылысы басталатынын айтты.

Жатақханадан орын бөлгенде бірінші және екінші курсқа басымдылық береміз. Бұл – оларға университет тарапынан көмек.

– ҚазҰУ-ге жыл сайын түсіп жатқан студенттер көбейіп келеді. Әрине, жатақхана жетіспейді. 6 мың орнымыз бар, биылдың өзінде бірінші курсқа 7 мың студент түсті. Мәселені шешу үшін жұмыс жасап жатырмыз. Екі жыл бұрын тоғыз қабатты бір оқу ғимаратын алып, жатақханаға айналдырдық және магистранттар мен докторанттарға арналған 300 орындық жатақхана аштық. Енді 1500 орындық жатақхананың жұмысы басталады. Жатақханадан орын бөлгенде бірінші және екінші курсқа басымдылық береміз. Бұл – оларға университет тарапынан көмек, – деді ол.

Ал Астанадағы 11 мың студенті бар Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің қызметкері Хадиша Алимова әрқайсысы 800 орындық сегіз жатақханалары бар екенін айтты. Былтыр бір жатақхана ашқан бұл университеттің алдағы уақытта жаңа студенттер үйін салатын жоспары жоқ.

"ЖАТАҚХАНА ЖЫЛЫН ЖАРИЯЛАУ КЕРЕК"

"Болашақ" жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов Қазақстанда жатақхана мәселесін шешетін кешенді жоспар жоқ екенін айтып қынжылады.

– Жыл сайын Қазақстанда студенттер саны артып келеді. 2005 жылы елде туу деңгейі күрт көбейді. Алдағы үш-төрт жылда студенттер саны да күрт артады. Сол кезде жатақхана мәселесі арта түседі. Білім және ғылым министрлігінде жатақхана мәселесін шешетін бірде-бір стратегия, жоспар жоқ. Жатақхана мәселесі – кешенді түрде шешетін өткір мәселе. Үкімет бір жылды "жатақхана мәселесін шешу жылы" деп жариялап, жаппай жатақхана салуы тиіс. Бұл мәселені шешпесе ушыға береді, – дейді ол.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің жатақханаға орналасқан студенттері. Алматы, 22 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ал педагогика ғылымдарының магистрі, АҚШ-та білім алған Әсем Құмарованың пайымдауынша, тұратын жері жоқ студенттің сапалы білім алуы қиын.

Жатар жері, тағамы дұрыс болмаса студенттің сапалы білім алуы қиын.

– АҚШ және Батыс елдерінде жатақханаға тұруды міндеттейді. Жатақхана ала алмай қаламын-ау деген қорқыныш та болмайды. Оқу құнына жатақхананың бағасы да кіреді. Ал Қазақстанда жатақхана оқу бағасына кірмейді. Елде жыл сайын оқушы саны да, халық саны да артып келеді. Оқу бағасы да жыл сайын өседі. Бірақ жатақхана салу, жатақхана мәселесін шешу туралы сөз жоқ. Ал жатар жері, тағамы дұрыс болмаса студенттің сапалы білім алуы қиын. Сондықтан Қазақстан үкіметі арнайы бағдарламамен жатақхана санын көбейту туралы бағдарлама жасауы тиіс, – дейді магистр.

Статистика агенттігінің дерегінше, қазір Қазақстанда 470 мыңнан астам студент бар, оның 131 мыңы Алматыда оқиды. Биліктегі "Нұр Отан" партиясы "Жас Отан" жастар қанатының дерегінше, Алматыда 30 мың орындық 94 жатақхана бар – яғни қаладағы төрт студенттің шамамен біреуіне ғана жатақханадан орын тиеді.