Манас есімді көлік жүргізушісі Алматы қаласында бір айдың ішінде екі рет трамвай кесірінен болған ірі жол-көлік апаттарынан кейін көшеде көлікпен жүруден де қорқып қалғанын айтады.
– Күндіз қала ішінде кісі тасимын. Кейде трамвай линиясы тартылған көшелермен жүруге тура келеді. Тіпті трамвай жолының үстімен де жүреміз. Өйткені қала көшесі тар. Бірақ соңғы уақыттардағы оқиғалардан кейін трамвай жолына тақау жүруден қорқып қалдым, – дейді ол.
«ПІКІР БІЛДІРУГЕ РҰҚСАТ ЕТПЕЙДІ»
Алматыда биыл күзде әуелі қыркүйектің 21-інде Байтұрсынұлы пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында жүргізушісі түсіп қалған трамвайдың кесірінен 14 көлікті апатқа ұрынып, төрт адам зардап шеккен. Ал қазанның 13-і күні тағы бір трамвай Мақатаев көшесі мен Сейфуллин даңғылының бойында он шақты көлікті соғып, бес адамды жарадар еткен.
Алматылықтардың бірі Илияс есімді тұрғын «трамвайлардың апатқа ұшырауы ескіруіне байланысты» деп біледі.
– Біздегі трамвайлар – совет заманынан қалған ескі көліктер. Сол себепті бірінен кейін бірінің тежегіші істен шығып жатыр. Олардың қанша жөндегенімен пайда жоқ. Сондықтан оларды пайдаланудан алып тастау керек, – дейді ол.
Азаттық тілшісі Алматыдағы трамвай және троллейбустерге ие «Алматыэлектротранс» мекемесіне хабарласып, бұл апаттарға не себеп болғанын сұрады.
– Қазір ішкі тергеу жұмыстары жүріп жатыр, сол себепті басшылық 21 қыркүйек пен 13 қазандағы жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдіруге рұқсат етпейді, – деп жауап берді компанияның баспасөз қызметінің жетекшісі Гауһар Дәуренқызы.
Мекеменің тілшімен сөйлескен трамвай жүргізушілері де «басшылық тарапынан қандайда бір ақпарат беруге тыйым салынғанын» айтады.
– Оқиғаның қалай болғанын нақты білмеймін. Естуімше, жүргізуші көліктен түсіп кеткен кезде болған. Жүргізушінің орнында жүргінші отырғаны айтылып жатыр. Егер шынымен солай болатын болса, онда жүргізуші кінәлі. Ол жүргізушіні танимыз – тәжірибелі жүргізуші. Сондықтан сыртынан тон пішіп ештеңе айта алмаймыз, – деді аты-жөнін айтпауды өтінген трамвай жүргізушісі.
«Алматыэлектротранстың» басқарма төрағасы Төрәлі Төлегенов қыркүйектің 21-індегі апаттан кейін жергілікті сайттардың біріне: «Тежегіші істемей және еңіске қарап тұрған кезде болмаса, трамвай басқа уақытта вагон вожатыйынсыз орнынан қозғалмайды. Техникалық сипаттамасы бойынша трамвайда апат кезінде автоматты қосылатын тежегіш жоқ» деп жауап берген.
Қалалық ішкі істер департаменті бұл оқиғалар тексеріліп жатқанын хабарлады.