Диплом жазатын студентті оқытушы «бопсалайды»

Алматы студенттері. (Көрнекі сурет)

Қазақстан жоғары оқу орындарында диплом жұмысы тақырыбын бекіту және соңғы курс студенттерінің диплом қорғау маусымы басталды. Азаттыққа бірнеше студент хабарласып, «жетекші таппай жүргенін, өтініш жасаған оқытушылары диплом жұмысын сатып алуды талап еткенін» айтты. Студенттер диплом жұмысын сатып алуды талап етіп, жетекші болудан бас тартқан оқытушылардың аты-жөнін айтудан қаймығады.

«ТЕК ҚОРҒАУҒА КЕЛЕСІҢ, БЕС АЛУҒА КӨМЕКТЕСЕМІН»

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің география және жаратылыстану институтының аты-жөнін жариялағысы келмеген 3-курс студенті «келер жылы қорғайтын диплом тақырыбын бекіткенін, бірақ әлі диплом жазу жұмысына жетекшілік ететін оқытушы таба алмай жүргенін» айтады. Студент институттағы бірнеше доцент, профессордан «жетекші болуды өтінген, бірақ олар қисынсыз талаптар қойған».

Your browser doesn’t support HTML5

Диплом жазудың машақаты. Аудиоподкаст.

- Жетекші таңдау керек. Доцент, профессорларға барсақ, «сенің тақырыбыңда дайын диплом бар, соны ала сал. Жазып әуре болмайсың» деді. Өзім жазғым келеді десем, жетекшілікке алмады. Олар ақшаға жаздыратын студенттерді алғысы келеді, [диплом жұмысының] бағасы - 45 мың мен 90 мың теңге арасында. Базардағыдай саудалассаң, 40 мың теңгеге келісуге болады. Әзірге жетекшім жоқ. Кей студенттер ақшаға жаздыра саламын деп отыр, - дейді ол.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (Сурет университеттің ресми сайтынан алынды).

Студент «төрт жыл оқыған еңбегімнің қорытындысы саналатын диплом жұмысымды қалайда өзім жазуым керек» дейді. Азаттыққа шағымданған осы университеттің тағы бір студенті «доцент, профессорлардан «ақшасын берсең, тек қорғауға ғана келесің» деген ұсыныс естігенін» айтады.

Кейбірі «90 мың теңге берсең бәрін дайындап беремін, тек қорғауға келесің, бес алуға да көмектесемін» деп отыр. 45 мың теңге төлесең, жартылай жазып береді және қорғау кезде өзің жүгіресің.

- «Жетекшілікке сізді таңдадым» деп барсам, «сатып алмасаң басқаға бар» деді. Мұғалімдердің әрқайсысының «ставкасы» бар. Кейбірі «90 мың теңге берсең бәрін дайындап беремін, тек қорғауға келесің, бес алуға да көмектесемін» деп отыр. 45 мың теңге төлесең, жартылай жазып береді және қорғау кезде өзің жүгіресің. Қазір енді тақырыбыма қатысы жоқ оқытушыны жетекшілікке алмақпын, - дейді студент.

Азаттық тілшісі осы мәселеге қатысты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің география және жаратылыстану факультеті деканатына хабарласқан еді. Декан орынбасары Жазира Мұқатаева «студенттердің шағымы орынсыз» дейді.

- Студенттерге жетекші табу еш қиын емес. Деканатқа келіп, өтініш жазса, біз таңдаған оқытушысын жетекшілікке береміз. Әр оқытушы үш-төрт студентке жетекші болуы тиіс. Сондықтан мұғалімдердің өздері студенттерге жетекші болуға мүдделі. Қандай да бір шағымдары болса, бізге ресми түрде шағымдансын. Университетте тұрған шағым жәшігіне мәселелерін жазып кетсін, қарастырамыз, - деді университет өкілі.

Қандай да бір шағымдары болса, бізге ресми түрде шағымдансын. Университетте тұрған шағым жәшігіне мәселелерін жазып кетсін, қарастырамыз.

Азаттық тілшісі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доцент, профессорларымен де хабарласуға тырысқан еді. Алайда олардың ішінен биология профессоры Әбдіразақ Бабашев қана телефонын көтерді. Ол студенттер пікірімен келіспейді.

- Студенттер бізге келіп ақылдасады, жетекшіні өздері таңдайды. Бізде бәрі диплом базаға енеді. Ол қайта қорғалса, плагиаттық тексеруден шығады. Бізде дайын материал сатылмайды. Биыл біздің университетте өте қатал. Студенттердің көбі жұмыс істейді. Біз оларға істеп жүрген жұмысың дипломға келсе, соны қорғауыңа болады деп кеңес береміз, - деді оқытушы.

«ЖАЛҒЫЗ БІЗДЕН ЕМЕС, БАСҚА ЖОО-ДАН ДА САТЫП ӘКЕЛЕДІ»

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің аты-жөнін жариялағысы келмеген студенті «Қиналғысы келмегендер оқытушыға ақшасын беріп жаздырды. Мен жұмыс істеймін, диплом жазуға уақытым жоқ. Ақшасын беріп, жаздырдым. Енді қорғау ғана қалды» дейді. Қазақ ұлттық университетінің Азаттық тілшісі әңгімелескен бірнеше студенті де дипломдарын жетекшілеріне жаздырып жатқанын растады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғимараты. Алматы, 18 қараша 2010 жыл.

Оқытушылардан диплом жұмысын сатып алатындарын растаған студенттердің түгелге жуығы «уақытым жоқ» деген себеп айтады. Азаттыққа шағымданған студенттердің көбі ЖОО оқытушыларының диплом сатуы «үйреншікті жағдайға» айналып кеткенін айтады.

Плагиат

ДИПЛОМ ЖАЗДЫРУ МЕН ПЛАГИАТТЫ ЖАЗАЛАУ


Шетелдік академиялық ортада плагиат туралы шағым сот арқылы қаралады. Бұл соттарда жергілікті немесе халықаралық құқықтық нормаларға байланысты кейде шығынды (моральдық шығын болуы да мүмкін – ред.) өтеп беру, кейде авторлық құқықты бұзған жауапты тұлғаларды бас бостандығынан айыру сияқты жазаларға дейін қолданылады.

Мәселен Ұлыбритания заңдарында идеялар мен фактілер барлық адамдарға ортақ екені анық жазылған. Сондықтан соттар плагиат деп сөзбе-сөз көшіруді түсінеді. Ал АҚШ-та сот шығармалардың құрылымын салыстырады. Сөздері өзгергенмен, құрылымы, идеялары, фактілері тұтас сәйкес келіп тұрса, онда сот мұны плагиат деп тануы мүмкін.

АҚШ-тың кейбір штаттарында студенттік эссе, курс және диплом жұмыстарын, диссертацияларды, есептер мен оқу барысындағы басқа да жазбаларды сатуға заң жүзінде тыйым салынып, заң бұзған адамдарды сот арқылы жазалау қарастырылған.

Азаттық тілшісі аталған екі ЖОО-ға хабарласқан еді. Қыздар университеті жаратылыстану факультеті деканы орынбасары Ләйла Әнуарованың бұл мәселеден хабардар болып шықты. Бірақ ол студенттерді «ақша әкел» деп ешкім бопсаламайтынын айтады.

- Жаза алмайтын студенттер бар, орысшадан, ағылшыншадан аудара алмайды. Өздері «жаза алмаймыз» деп жылайды. Жақсы оқитындар өздері жазады, мұғалімдер тек бағыт-бағдар береді. Тәжірибелік, эксперименттік бөлім болуы керек, соны қос дегендей кеңес береді. Жаза алмайтындар жалғыз бізден емес, басқа жерден, басқа ЖОО-дан болса да тақырыптарымен іздеп, өздері сатып алып келіп жатады. Бірақ ешкім бізде осыншаға жазып беремін, ақша әкел деп қинамайды. Ондай жоқ, - деді.

Ал Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ саясаттану және философия факультетінің атын атамаған қызметкері «ондай факт бізде тіркелген жоқ» деп қысқа қайырды.

«ЖАЛАҚЫНЫҢ АЗДЫҒЫНАН БАРАДЫ»

Азаттық тілшісі ЖОО-ларда мұндай жағдайдың қаншалықты кең тарағанын білу мақсатында ЖОО-да бірнеше жыл оқытушы болған адаммен де сөйлескен еді. Аты-жөнін жариялағысы келмеген ғылым магистрінің сөзінше, «университетте сабақ беретіндер бұл қадамға жалақының аздығынан барады».

- Оқытушының айлығы 60-90 мың теңге. Мұғалімдерге жүктеме көп, айлық аз. Сондықтан мұғалімдер амалсыздан диплом жазады. Мен де жаздым. Жетекші ретінде де, басқа да студенттерге диплом жазып бердім. Көбіне жұмыс істеп жүрген және бағасы төмен студенттер жаздырады. Менің «ставкам» бакалаврлар үшін 70-80 мың, магистранттар үшін 100-120 мың теңге болды. Ақшаны алдын ала әкеп береді. Бұл - университеттерде үйреншікті жағдайға айналып кеткен. Бірақ процесс құпия жүреді, - дейді ол.

Азаттық бұл тақырыпты бірнеше жыл бұрын қозғаған еді. ЖОО-лардағы бұл тараптағы жағдай кейінгі жылдары да өзгермегені байқалады.

Оқи отырыңыз: «Диплом жаздырту» үйреншікті іс боп барады

Қазақстан университеттерінде қабылданған ереже бойынша, гуманитарлық мамандықта оқитын бакалаврлар кем дегенде 60 бет, ал техникалық ғылым саласында оқитын студенттер 30 бет диплом жазуы тиіс. Магистрлік диссертация кем дегенде 80-120 бет болу керек. Жазған дипломдарын студенттер комиссия алдында 7-10 минут қорғайды және 100 балдық шкаламен баға алады.