Киев пен Астана «Әблязов ісіндегі» коррупцияны терістейді

Оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов.

«Ашық диалог» құқық қорғау ұйымы «Мұхтар Әблязовтің ісін тергеуде Украина мен Қазақстан бас прокуратуралары арасында коррупциялық байланыс бар» деп мәлімдейді. Ресми ведомстволар мұны терістейді.

Қазақстан мен Украина бас прокуратураларының арасындағы байланыстың астарында «Егер Франция Мұхтар Әблязовті Украинаға экстрадицияласа, оны Қазақстанға бере ме?» деген сұрақ жатыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаевты қатты сынайтындардың бірі Мұхтар Әблязов 2013 жылдың жазында Францияда тұтқындалған. Париж билігі сот инстанцияларының шешімін растаса, оны «қаржылық аялаяқтық жасады» деп айыптаған Ресей немесе Украинаның біріне беруі мүмкін.

Қазақстан-Франция арасында екі елдің азаматтарын экстрадициялау туралы келісім жоқ. Скептиктер «ресми Астана Мұхтар Әблязовті Ресей немесе Украина арқылы алуға тырысып отыр» деп болжайды. Астана мұндай саудаластыққа қатысты комментарий бермегенімен, Әблязовті «ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы» деп атайды.

ЯНУКОВИЧ ҚУЫЛДЫ, АЛ ӘБЛЯЗОВТЕН АЙЫПТАР АЛЫНБАДЫ

Польшадағы «Ашық диалог» құқық қорғау ұйымы сайтында «Украинадағы Мұхтар Әблязовтің ісі туралы есеп (Қазақстан билігімен коррупциялық байланыс Украина құқық қорғау органы жаңа басшылығының беделіне нұсқан келтіреді)» деген баяндамасын жариялады. Баяндама сарапшыларының мәлімдеуінше, оппозициялық саясаткер әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовке тағылған айыптарды тергеу ісінде Украина ішкі істер министрлігі (ІІМ) мен бас прокуратурасы қызметкерлері Қазақстан билігімен «коррупциялық байланыс» орнатқан.

Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович (оң жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Киев, 14 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Украинада Мұхтар Әблязовке қатысты қылмыстық іс 2009 жылдың қазанында - Киев-Астана достығы жарасып тұрған және бұрынғы президент Виктор Януковичтің тұсында қозғалған. Украинадағы Әблязовке қатысты тергеу амалдары «Еуромайдан» оқиғаларынан кейін демократиялық жолмен сайланған жаңа президент Петр Порошенко тұсында да жалғасып келеді.

Кейбір бақылаушылар Мұхтар Әблязовпен байланыстыратын «Ашық диалог» қоры «Қазақстан билігінің Украинадағы тергеу амалдарына ықпалы Янукович режимі тұсында басталған. «Еуромайданнан» кейін Қазақстан прокуратурасы Украинаның бас прокуратурасы мен ІІМ-інің жаңа басшылығымен тез тіл табысып, коррупциялық схема бұрынғысынша сәтті түрде жалғасып келеді» деп мәлімдейді.

Құқық қорғау ұйымы «Украина ІІМ-інің тергеушісі Максим Мельник тергеу жүргізудегі әрекеттерін Қазақстан билігі ұстанымымен келісіп отырған» деп мәлімдейді.

«Ашық диалог» ұйымы баяндамасында «Украиналық тергеуші Қазақстан әзірлеп берген құжаттарға қол қойып қана отырған. Ал Украина бас прокуратурасы тергеушінің «Франция сотында Украина мүддесін Қазақстан жалдап берген шетелдік заңгерлер қорғайды» деген шешімімен бірнеше мәрте келіскен. Заңсыз шешім қабылдаған тергеуші Мельникке қатысты қылмыстық істі Киев прокуратурасы екі мәрте жауып тастаған. Яреманың тұсында Киевтегі бейресми кездесулерінде Украина бас прокуратурасы қазақстандық әріптестерінен Әблязовтің ісі бойынша кеңестер алып отырған. Сөйтіп, Украинаның сот төрелігі іс жүзінде Қазақстан билігінің ықпалымен орындалған» деп жазылған.

УКРАИНА ӘБЛЯЗОВТІ БЕРМЕУГЕ УӘДЕ ЕТТІ

Украина бас прокуратурасы Азаттыққа берген комментариінде бұл айыптарды терістейді әрі «қазақстандық әріптестер Әблязовті экстрадициялау мәселесіне қатысты бізбен хабарласқан жоқ» деп мәлімдеді.

Украина бас прокуратурасы ғимараты. Киев, 19 сәуір 2015 жыл.

Азаттық жолдаған сауалға Украина бас прокуратурасының жауабында «2015 жылдың 20 сәуіріне дейін Қазақстан Республикасы құзырлы органдарынан М.Қ.Әблязовті беру туралы өтініш түскен жоқ» деп жазылған.

Украина бас прокуратурасы «Украина территориясында жасаған қылмыстары үшін жауапкершілікке тарту мақсатында Әблязовті беру туралы Франция әділет министрлігіне 2013 жылы тамыздың 9-ы күні өтініш жолдағанын» жазған. Киев билігінің мәлімдеуінше, «Әблязовті Франциядан Украинаға экстрадициялаған жағдайда, халықаралық құқық нормаларына сәйкес, Украина оны Қазақстанға немесе кез келген үшінші бір елге Францияның келісімінсіз бере алмайды».

Украина бас прокуратурасы «шет мемлекеттердің құзырлы органдарымен ынтымақтастық заңдық көмек әрі экстрадиция саласында Украина қол қойған халықаралық келісім-шарттар аясында және соған толық сәйкес түрде жүргізіледі» деп мәлімдеді.

ҚАЗАҚСТАН БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ЖАУАБЫ

Қазақстан бас прокуратурасы Азаттыққа жолдаған жауабында «Әблязовтің ісіне байланысты Украина бас прокуратурасымен халықаралық құқық нормаларын қатаң ұстанып ынтымақтасып отырғанын әрі ынтымақтастықты жалғастыра беретінін» мәлімдеген. «Әблязовтің ұйымдасқан қылмыстық тобы жасаған қылмыстардың трансұлттық сипатына байланысты бас прокуратура шетелдік, оның ішінде украиналық әріптестерімен халықаралық құқық нормаларын қатаң ұстанып әрі жеке адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен еркіндіктерін құрметтей отырып кеңесіп келеді әрі бұл консультацияларын әлі де жалғастырады» деп көрсеткен.

Қазақстан бас прокуратурасы «Ашық диалог» ұйымының баяндамасы «интернет-ресурстарда жарияланған сенуге тұрмайтын әрі тексерілмеген мәліметтерге негізделген» әрі заңсыз жолмен алынған ақпарат пайдаланылған деп санайды.

Мұхтар Әблязовты Лион сотына әкеле жатыр. 17 қараша 2014 жыл.

«Ашық диалог» ұйымы баяндамасында Мұхтар Әблязовтің жақын серіктерінің бірі, қазақстандық саяси эмигрант Мұратбек Кетебаевтың әшкерелеуші материалдарына сілтемелер берілген. Бұл жазбалар «Қазақстан бас прокуратурасы басшылығы мен украиналық әріптестерінің арасындағы алыс-беріс хат-хабарлар» деп келтірілген. Қазақстан қоғамдық ортасында Мұратбек Кетебаевтың бұл баяндамаларына қатысты көп айтылмаған, билік те комментарий бермеген.

Қазақстанда Әблязов ісіне қатысты тергеу амалдары 2009 жылы наурыздың 2-сі күні, яғни «БТА Банк» үкімет иелігіне өткен тұста басталған. Бірақ қожайыны ауысқаннан кейін көп ұзамай банк күйреп, үкіметке күткендей кіріс әкелмеді. Әблязовті «БТА Банк» активтерін шетелге заңсыз әрі қасақана әкетті» деп айыптаған. Сол тұста «БТА Банк» - ТМД-дағы ең мықты банктердің бірі саналатын әрі Ресей, Украина елдерінде де бизнес жүргізген. Әблязов бұл айыптарды «саяси астары бар» деген уәжбен жоққа шығарады.

Бас прокуратураның Азаттыққа жолдаған хатында «Сотқа дейін жүргізілген тергеу аясында Әблязовке «өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін заңсыз иемденіп алды әрі ысырап жасады, алдау-арбау тәсілдері мен сенімге кіру арқылы бөтеннің мүлкін жымқырды, заңсыз жолмен алынған ақшаны заңдастырды, қызмет бабын асыра пайдаланды әрі ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық етті» деген айыптар тағылған. Тергеу органдары ұйымдасқан қылмыстық топ көлемі жеті миллиард 500 миллион доллардан асатын зиян келтіргенін анықтады» деп жазылған.

Биыл наурызда Париж кассациялық соты Мұхтар Әблязовті Франциядан экстрадициялау туралы Лион соты шешімін күшінде қалдырған. Оның Франция соттарының бұл шешіміне қатысты шағымдану мүмкіндігі әлі бар.