Сот «Антигептил» белсендісіне қылмыстық іс қозғалғанын растады

«Антигептил» белсендісі Сәкен Байкенов. Астана, 28 ақпан 2014 жыл.

«Антигептил» қозғалысы белсендісі Сәкен Байкенов қылмыстық кодекстің 174-бабы (әлеуметтік араздық қоздыру) бойынша айыпталып, екі айға қамауға алынды. Мұны Азаттыққа Астана қалалық сотының баспасөз қызметі растады.

«Антигептил» қозғалысы мүшесі Сәкен Байкенов екі айға қамауға алынды. Астана қалалық сотының баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне Сәкен Байкеновке қатысты сот отырысы наурыздың 9-ы күні кешкі сағат 18-де өткенін растады. Астана қалалық сот баспасөз қызметінің өкілі Ботагөз Баянова:

- [Астананың]​ Сарыарқа ауданы №2 соты Сәкен Байкеновты екі ай мерзімге қамау туралы бұлтартпау шарасын санкциялады. Оның үстінен қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлімі бойынша («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» - ред.) қылмыстық іс қозғалды. Ол Facebook әлеуметтік желісіне адамдардың ар-намысына тиетін өз пікірін жариялаған, – деді.

Ал Сәкен Байкеновтың адвокаты Төлеген Шайков сотқа қатыспағанын айтады.

- Бізді, Сәкен Байкеновтың туыстарын сотқа шақырған жоқ. Ешкімді де қатыстырмады. Кеше түскі екіден кешкі сағат беске дейін сот ғимараты алдында жүріп, ақпарат ала алмадық. Сәкенге қандай айып тағылғанын білмеймін. Себебі, іспен әлі таныстырған жоқ. Кездесуге де кіргізбей отыр,– деді адвокат Төлеген Шайков.

Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 соты ғимараты. (Көрнекі сурет)

Астана қалалық сот баспасөз қызметінің өкілі Ботагөз Баянова Азаттық тілшісіне "Сотқа мемлекет тағайындаған адвокаттың қатысқанын, соттың адвокатсыз өтпейтінін" айтты.

Сәкен Байкеновтың әйелі Қарлығаш Мырзаділованың Азаттыққа айтуынша, жұбайын наурыздың 7-сі күні таңертеңгі сағат 11:00 шамасында Алматыдағы жалдап тұрып жатқан пәтерінен ҰҚК қызметкерлері ұстап, сол күні түстен кейін Астанаға ұшақпен жеткізген. Олар әйеліне белсендінің «ұлттық алауыздықты қоздырғаны» үшін ұсталғанын хабарлаған, бірақ оның нақты қандай іс-әрекет екенін айтпаған. ҰҚК қызметкерлері Байкеновпен бірге оның үйінен ноутбук, iPad планешті, екі ұялы телефон және 4G интернет байланысы модемін алып кеткен. Қарлығаш Мырзаділова содан бері Астанадағы ҰҚК мен өзге құқық қорғау орындарына қанша хабарласса да ері жайлы ешбір ақпарат біле алмай отырғанын айтқан еді.

"АНТИГЕПТИЛ" БЕЛСЕНДІСІ

Астанада туып-өскен, Еуразия университетін бітірген 37 жастағы Сәкен Байкенов «Антигептил» қозғалысының белсендісі ретінде наразылық акцияларына қатысқаны үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Жұбайы Қарлығаш Мырзаділова Азаттыққа наурыздың 8-і күні «күйеуіне әлдекімдердің телефон арқылы қоқан-лоқы жасағанын» айтқан еді. Оның сөзінше, «күйеуіне біреулер телефон шалып «тыныш жүрмейтін болсаң сазайыңды тартасың» деген». Байкеновтер отбасы үш және бес жасар екі баласымен бірге Алматыға былтыр қарашада көшіп келген.

"Антигептил" қозғалысы белсенділері Сәкен Байкенов пен Мақсат Ілиясұлы. Астана, 28 ақпан 2014 жыл.

"Антигептил" қозғалыстың мүшесі Мақсат Ілиясұлы бастаған топ әлеуметтік желілерде Сәкен Байкеновты босату туралы қол жинап жатыр. Мақсат Ілиясұлы алдағы күндері өздерінің талаптары мен ашық хаттарын Қазақстан Бас прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тапсыратындарын айтады.

Бұл қозғалыс 2013 жылы шілде айында, Байқоңырдан ұшырылған ресейлік "Протон-М" зымыран-тасығышы апатқа ұшырағаннан кейін құрылған. Ұйым содан бері Қазақстанда зиянды гептил отынын пайдаланатын ресейлік зымырандарды ұшырмауды, Қазақстан аумағындағы Ресей әскери-жаттығу полигондарын жабуды талап етіп, бірнеше акция өткізген.