Мамырдың 10-ы күні таңертеңгі сағат 11-ге қарай Астанадағы бірнеше еуропалық елдің дипломатиялық өкілдіктері орналасқан ғимараттың алдына жиналған ондаған азамат "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін!", "Азаптау тоқтатылсын!", "Масқара!" деп айғайлады. Олар саяси астармен сотталған және тергеуге алынған деп санайтын тұтқындарға бостандық беруді Қазақстан билігінен талап етті.
Азаттық тілшілерінің оқиға орнынан хабарлауынша, билікке талап айтқан адамдар жиналған жерге келген полиция қызметкерлері мен арнайы жасақ ондаған наразы азаматты көлікке күштеп салып алып кетті.
Алматы мен Астанадағы оқиғалардан Азаттықтың тікелей трансляциясы:
Бейсенбі күні дәл осындай наразылық акциясына Алматыдағы Қабанбай батыр мен Панфилов көшелерінің қиылысындағы опера және балет театры жанында ондаған адам жиналды. Олар қолдарына қазақстандық құқыққорғаушылар саяси тұтқындар санатына жатқызған адамдардың портреттерін ұстап, биліктен оларға бостандық беруді және азаптауды тоқтатуды талап етті.
Полиция Астана мен Алматыда көшеге рұқсат етілмеген акцияға шыққандарды күшпен таратып, кейбірін ұстап әкетті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Алматыдағы акциядан 70-тен астам адамды полиция ұстаған. Ұсталғандардың арасында жиын өтіп жатқан жерден кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар да болған.
Алматы мен Астанадағы акциялардан фотогалерея:
Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшілерінің билікке талап айтып бейбіт түрде жиналған азаматтарды не үшін ұстағаны туралы сұрағына полиция шенеуніктері жауап беруден бас тартты. Астаналық полиция өкілі "кейінірек комментарий берілетінін" айтса, Алматыда полиция қызметкерлері журналистерге Алматы қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен сұрауға кеңес берді. Оқиға болып жатқан жерде прокуратура өкілдері көрінбеді.
Бұған дейін құқық қорғаушылар Қазақстанда сот қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының бастамасымен өтеді деп жоспарланған наразылық акциясы қарсаңында ондаған азаматтық белсенді мен қатардағы тұрғындарды полицияға шақыртқаны немесе билік өкілдері өздерімен бірге әкетіп, жеткізгені туралы хабарлаған.
Оқи отырыңыз: ҚДТ-ға тыйым салу нені білдіреді?
Астана соты биыл наурызда "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының негізін қалаушылардың бірі - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ымырасыз сынап жүрген, қазір шетелде тұратын оппозициялық саясаткер әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов бұған дейін әлеуметтік желілер арқылы мамырдың 10-ы күні Қазақстан билігіне саяси көзқарасы үшін қуғындалып, жазаға ұшырағандарға бостандық беру және азаптауды тоқтату талабымен акция өткізу жоспарланғаны туралы хабарлаған.
Белсенділердің айтуынша, бұл наразылық акциясы Еуропа парламенті ресми делегациясының Қазақстанға арнайы сапармен келуіне орайластырылып өткізіліп отыр. Делегация Еуропа Одағы мен Қазақстан арасында жасалған серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің орындалу барысын бағаламақ. Келісімде қарастырылған баптардың арасында Қазақстанда адам құқықтары мен азаматтық бостандықтардың сақталуын қамтамасыз ету де бар.
Видео: Полиция наразыларды қалай ұстады?
Your browser doesn’t support HTML5
Сәуірдің 25-і күні Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының (ПАСЕ) 29 депутаты Қазақстан билігінен халықаралық міндеттемелерін орындауды, солардың арасында сөз бостандығы мен бейбіт жиын өткізу еркіндігін қамтамасыз етуді және әлеуметтік желілерге шектеу қоюды доғаруды талап еткен.
Құқық қорғаушылар Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт үздіксіз басқарып отырған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың авторитарлық билігін саяси қарсыластары мен азаматтық белсенділерді қуғынға салып, соттап, сөз бостандығы, жиын өткізу еркіндігі тәрізді негізгі азаматтық құқықтар мен бостандықтарды шектеп отыр деп жиі сынайды. Қазақстан билігі мұндай айыптауларды жоққа шығарады және елде саяси тұтқын жоқ деп мәлімдейді.
Видео: Астанадағы наразылық
Your browser doesn’t support HTML5