Бітпеген үйлерді сатып алуда сақ болуға шақырады

Құрылысы бітпеген "Нұрбесік" тұрғын үй кешені. Астана, 5 тамыз 2015 жыл.

Астана әкімдігі «құрылысы бітпеген әрі рұқсат құжаттары жоқ нысандарда пәтерлер сатылуы мүмкін» деген ескерту таратты. Бұл мәлімдеме кейбір үлескерлердің наразылығымен тұспа-тұс жасалды.

Бүгін үлескерлердің бір-біріне қатысы жоқ екі тобы Астананың екі бөлек ауданына жиналды. Біреулері жұмыс тоқтап қалған құрылыс жанына, ал тұрғын үй кешенін пайдалануға өткізуді талап еткен екіншілері құрылыс компаниясы кеңсесі алдына жиналды.

«НҰРБЕСІК»

Астана шетіндегі Көктал-1 ықшамауданындағы «Нұрбесік» тұрғын үй кешені құрылыс алаңына он шақты әйел келді. Олар былтыр тұрғын үй құрылысына ақша беріп, жылжымайтын мүлік агенттігі арқылы үлестік келісім-шарт жасасқандарын айтады. Нысанның жартысы ғана салынған.

Әйелдер үлескерлердің үйін салып жатқан құрылыс компаниясының атауын білмейтінін айтады. Бірақ бітпеген үйдің алдындағы билбордтағы нысан паспортында мердігер компания - «Темірбек» ЖШС, ал тапсырыс беруші – «АСАР» оралмандар бірлестігі республикалық қоғамдық бірлестігі» деп жазылған.

– Кешенді биыл наурызда өткіземіз деп уәде берген. Кейін бәрімізді жинап, маусымда өткіземіз деді. Ал маусымда «Күтіңіздер, шілдеде құрылыс жүргізуге рұқсат аламыз» деген. Міне, уәдені қашан орындайды деп әлі күтіп жүрміз, еш нәтиже жоқ, – дейді үлескер Шолпан Құрманбаева.

Енді компания «құрылысты бастауға әкімдік рұқсат бермей отыр, нысан құрылысы тоқтап қалғаны сондықтан» деп түсіндіреді. Бірақ олар біреудің жеріне келіп, өздігінен іргетас құя алмайды ғой.

Ол әлгі кешендегі екі бөлмелі пәтер үшін 54 мың доллар төлеген. Үлескерлер бұл кешен жайлы жарнамадан білгендерін айтады. Олардың айтуынша, ол кезде кешеннің іргетасы ғана құйылған.

– Енді компания «құрылысты бастауға әкімдік рұқсат бермей отыр, нысан құрылысы тоқтап қалғаны сондықтан» деп түсіндіреді. Бірақ олар біреудің жеріне келіп, өздігінен іргетас құя алмайды ғой. Әкімдік бізге құрылысты жалғастыруға көмектессін, – дейді Әлмира Құрманжанова.

Кейінірек жиналған жұрттың алдына өзін «АСАР» Оралмандар бірлестігі республикалық қоғамдық бірлестігі»төрағасы деп таныстырған бір кісі шықты. «Бүкіл жауапкершілікті өз мойныма аламын» деген ол бір аптадан кейін әкімдіктен құжаттарын алатынын, кешен құрылысы келесі жылы аяқталатынын айтты.

«АРАБИ»

Бүгін 50 шақты үлескер «КВАРТИРЫ НС-М.С.-7 инвестициялық құрылыс компаниясы» кеңсесі алдына жиналды. «Араби -1» және «Араби-2» тұрғын үй кешенінің 200-дей үлескері өз пәтерлерін екі жылдан бері ала алмай жүр. Жұрттың айтуынша, үй салынып біткен, бірақ су, жарық, жылу жүйесі тартылмаған, жол салынбаған, шатырдан су ағады, ал ғимараттың сырты түсе бастаған. Тұрғын үй кешені Астананың сол жағалауында Орынбор көшесінде орналасқан.

«КВАРТИРЫ НС-М.С.-7 инвестициялық құрылыс компаниясы» кеңсесіне кіріп бара жатқан адамдар. Астана, 5 тамыз 2015 жыл.

– «Араби» кешені неліктен әлі бітпей тұрғанын түсінбей далмыз. Мұнда бізден тікелей ақша алған директормен сөйлесу үшін келдік, – дейді Нүрия Сатыбалдинова.

Оның айтуынша, жуырда «маған бөлінетін пәтер» деген болжаммен бірпәтерге бала-шағасымен заңсыз кіріп алған. Өйткені тұратын үй жоқ, пәтер жалдауға ақша жоқ. Ол отбасының су, жарық, канализациясыз тұрып жатқанын айтады.

– Пәтерді жөндеу үшін мұнда алдын ала толтырылған акт бойынша кіріп алдық. Жиһаздарымызды әкеліп алдық, енді баратын жеріміз жоқ. Жарық пен су береді бүгін-ертең береміз деген уәдені жазбойы күттік. Мына жағдайға Қазақстан үкіметі кінәлі деп есептеймін. Ол мұндай компанияларға лицензияны қалай беріп отыр, жұрттың салған ақшасын мүлде қадағаламайды, ал кейін «ақша салған өздеріңнен көріңдер» деп шыға келеді, – дейді Нүрия Сатыбалдинова.

Кіре берістегі күзетшілер жеке куәліктерінен деректерді көшіріп алғаннан кейін үлескерлерді директор өткізетін жиналысқа кіргізді. «КВАРТИРЫ НС-М.С.-7 инвестициялық құрылыс компаниясы» қызметкерлері «Біз сізді шақырған жоқпыз» деп, Азаттық тілшісін кіргізбей қойды. Тілшіге комментарий беруден компания директоры да бас тартты.

«АҚША АЯМАЙ ЗАҢГЕР ЖАЛДАУ» КЕҢЕСІ

Әкімдіктің баспасөз қызметі құрылысы тоқтап қалған аталған кешендер туралы еш жауап бермеді, бірақ ресми хабарлама жіберді. Хабарламада соңғы кезде кейбір жылжымайтын мүлік агенттіктері құрылысы бітпеген тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді сату туралы ұсыныстарды тексерместен сатып алушыларды шатастырып жүр деп жазылған. Астана әкімдігі дерегінше, «сату үшін көбінесе құрылысы тоқтап тұрған, тиісті құжаттары жоқ, ал кейде жер теліміне тиісті меншік құқығы жоқ, яғни құрылыс жүргізу тіпті теориялық тұрғыдан мүмкін емес нысандардан пәтер сату фактілері бар».

Астана әкімдігі мәлімдемесінде «әлі тексерілуі тиіс» агенттіктер мен тұрғын үй-құрылыс кешендері тізімін келтірген. Астана билігі болашақ үлескерлерді сақ болып, құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттарды мұқият тексеруге шақырады және заңгер қызметін жалдауға ақша аямауға кеңес береді.

«Тұрғын үй қатынастары» заңына сәйкес, құрылыс компаниялары тұрғын үй-құрылыс кооперативтерін құру арқылы сатып алушылардан ақша жинап, оларға салынып бітпеген пәтерлерді сата алады. Әкімдіктің жазуынша, бұл кезде жұрт шаршы метр емес, пай сатып алады. Кооператив жоқ болса немесе оның өзі мердігер компания болса, құрылысы бітпеген шаршы метрлерді сатып алушылар сақ болғаны жөн.