Жері заңсыз деп танылған оралмандар дал боп жүр

Оралмандар Сәния Сәкеш пен Бақытбек Азамат (оң жақта) үйлерінің алдында отыр. Қоянды, 22 қыркүйек 2013 жыл.

Астананың іргесіндегі Қоянды ауылынан алты жыл бұрын жер сатып алып, үй салып үлгергендер «алаяқтарға алдандық» дейді. Әкім бас жоспар бойынша тұрғындар санын шектемек.
Мүлік Әнуарбек – Қытайдан Қазақстанға 2006 жылы көшіп келген оралман. Ол әуелі тұратын үй-жайы болмай, отбасымен Алматы облысы Талғар ауданы Туғанбай ауылындағы балабақшаға уақытша орналасады. Оның сөзінше, балабақша бөлмесін паналап отырған оралман отбасына сол кездегі Талғар ауданының әкімі келіп, Солтүстік және Орталық Қазақстанға көшу туралы кеңес береді. Сөйтіп Мүлік 2007 жылы Астана қаласынан 21 шақырым жерге, Ақмола облысының Қоянды ауылына қоныс аударады.

«ҚАЗАҚСТАНҒА РАҚМЕТ!»

Мүлік Әнуарбектің одан арғы хикаясы осында жиналған басқа да оралмандардың басындағы ахуалмен ұқсас. Келген бетте «жер сатып жүрген» моңғолиялық оралманнан 20 сотық жерді 4 мың долларға сатып алады. Сатушы аз уақыт аралығында жерді Мүлік Әнуарбектің атына аударуға уәде етеді. Ал Мүлік Әнуарбек құжат дайын болғанда, сатып алған әр жер телімі үшін қосымша 1 мың доллардан беретін болып келіседі.

Мүлік Әнуарбек. Қоянды, 22 қыркүйек 2013 жыл.

Осылай уағдаласқанымен, сатушы сертінде тұрмайды. Себебі көп уақыт өтпей ауыл әкімдігі бұл жерлердің заңсыз сатылғанын мәлімдейді. Сондықтан құжат рәсімделмей қалады.

Осы аралықта Мүлік Әнуарбек ағайынынан қарыз алып, жеріне 10 мың долларға бес бөлмелі үй тұрғызады. Қазір бұл үйде үйленген екі баласын есептегенде үш отбасы тұрып жатыр. Ал әкімдіктің «Үй заңсыз салынды» деген мәлімдемесіне жауап ретінде ол өзінің жерді басып алмағанын, сатып алғанын дәлелдемек болып қолындағы қолхатын көрсетеді. Бірақ әкімдік өкілдері оған тілдей қағазының заңдық күші жоқ екенін түсіндіреді.

– Балама деп жоспарлаған жерімнің жартысы бос тұр. Оған үй салған жоқпын. Қорқып отырмыз. Жағдайымызды айтып партияларға да бардық. Біздің сөзімізді сөйлейтін адам жоқ екен. Енді біздің ойымыз - мына үйді ысырып тастаймыз дейтін болса, осы үйдің астында өлеміз. Әйтпесе Қытай паспортымызды қолымызға берсін де, шекарадан ары өткізіп тастасын. Келген жерімізге қайтайық. Қазақстанға рақмет! – деді ол Азаттық тілшісіне.

«ӘКІМ НЕГЕ АЙТПАДЫ?»

Әкімдік заңсыз деп таныған жер телімдеріне үй салғандар қатарында Қытайдан келген Бақытбек Азамат есімді оралман да бар. Ол да Қояндыға 2007 жылы қоныс аударған.

Ол бұған дейін Алматы облысы Қапал ауылында үш жыл тұрыпты. Бақытбек Азамат та алты

Бақытбек Азаматқа берілген қолхат. Қоянды, 22 қыркүйек 2013 жыл.

жыл бұрын Қояндыдан 5 мың долларға 12 сотық жер алғандарын айтады. Жерді сатқан сатушы бірнеше күн ішінде жылжымайтын мүліктің құжаттарын реттеп беретінін айтып, Бақытбек Азаматқа қолхат ұстатады.

Бірақ содан бері алты жыл уақыт өтсе де, жер телімі құжат жүзінде сатып алушының атына өтпейді. Себебі сол аралықта, Мүлік Әнуарбектің жағдайы секілді, бұл жерге де үй салуға болмайтыны анықталады. Бақытбек Азамат осы уақытта жер учаскесіне үй салып үлгереді. Қазір інісінің отбасымен бірге тұрып жатыр.

– Жерді сатып алып жатқанымызда сол кездегі әкімнің өзі аралап жүретін. Бізге «мынау – заңсыз жер» демеді. Біз сырттан келген адамбыз. Мұнда ненің қалай екенін түсіне бермейміз. 2007 жылы жерді қадымдап өлшеп, сатып жүрген екі әйелдің қасында ауыл әкімнің өзі жүргесін, заңсыз жер деп мүлдем ойламадық. Егер заңсыз жер болса, сол кезде бізге әкім неге айтпады? – дейді ол.

Бақытбек Азамат өзі тұратын аты жоқ көшенің арғы бетіне салынған үйлердің заңды деп табылғанын айтады. Өйткені олардың иелері құжаттарын жасатып үлгерген. Оралманның сөзінше, әкімшілік көшенің бергі бетіндегі үйлерді «заңсыз салынған» деп тапқан.

БАС ЖОСПАРДЫ ОРЫНДАУ

Азаттық тілшісі арнайы барып жолыққан жергілікті әкім Қайролла Тәшетов Қоянды сияқты Астана маңында орналасқан ауылдардың тұрғындар санына

Қайролла Тәшетов, Қоянды ауылының әкімі. Қоянды, 20 қыркүйек 2013 жыл.

қатысты шектеу бар екенін айтты. Оның сөзінше, бас жоспарға сәйкес Астана қаласы маңындағы барша ауылдарда ары кетсе 120 мың адам тұруы тиіс. Халық саны осы көрсеткіштен асқан жағдайда инфрақұрылым, су мен жарық, балабақша және мектеппен қамту қиынға соқпақ.

Қоянды ауылының әкімі Қайролла Тәшетов алған жерлері мен салған үйлері заңсыз болып шыққан, баспаналары қиратылады деп қорқатын оралмандарға қатысты да ақпарат берді.

– Заңсыз салған жерде 76 үй және 30 сарай бар. Оның сыртында 61 үйдің іргетасы құйылған. Сонымен барлығы – 167. Бұл кісілер маған өздерінің алаяқтарға алданғанын айтады. Алғашында заңсыздықты білмеген шығар. Содан бері жеті жыл өтті ғой. Ол жердің заңсыз екенін қазір бәрі біліп отыр ғой. Менің әкім болғаныма үш ай болды. Бұл жағдай менен бұрын болған. Жерді оралмандарға сатқан адам алты жылға сотталған. Сот 2008 жылы учаскелерге салынып қойылған 15 үйді қирататын болып шешім шығарған. Бірақ салынып қойған соң ол 15 үйге әкімдік кейін адамгершілікпен тиіспеген. Ал одан кейін салынған үйлерді маған дейін болған әкім де өз бетімен бұзып тастай алмаған. Ол үшін соттың шешімі шығуы керек, – деді әкім Азаттық тілшісіне.

Қазір ауыл әкімі «заңсыз жер телімі» иелерінің үстінен аудандық прокуратура

Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қоянды, 20 қыркүйек 2013 жыл.

мен полицияға хат жазып, ескерту жіберіп жатыр. Ол кезінде осылайша сатылып кеткен барлық 26 гектар жерді иеленіп отырған 167 адамды сотқа беріп үлгере алмайтынын айтады. Әкімнің бұлайша қимылдауына бекітілген бас жоспардағы талаптар себеп болған. Оның сөзінше, Қояндыдағы халық саны ауылдың бас жоспарынан бірнеше есе көбейіп кеткен. Бас жоспарға сәйкес мұнда 6 мың адам тұруы тиіс болса, қазір Қоянды халқының саны 10 мыңнан асқан. Бұл ауылдан жер алу кезегінде тұрған жұрттың саны – 4 мың 326.

Ресми деректерге қарағанда, Ақмола облысы аумағында мемлекеттік қорда бос жатқан 1 мың 700 гектар жер бар. Ал Астана қаласынан 60 шақырымдық радиустан ары жатқан 1 мың 400 гектар бос жер бар. Осы аймақта тұрғын үй салу үшін кезекке тұрған адамдардың саны да аз. Бірақ Мүлік Әнуарбек пен Бақытбек Азамат сияқты оралмандар және өзге де өңірден көшіп келушілер тұрмыстың ыңғайы және көлік қатынасының қолайлылығы үшін Қоянды сияқты ірі қаланың іргесінде қоныстануды қалайды.