Айымбетовтің ғарышқа ұшу хикаясы

Айдын Айымбетов.

«Роскосмостың» мәлімдемесіне сәйкес соңғы сәтте келісімнен бас тартқан ғарышкер-туристің орнына ұшатын болып қалған қазақстандық Айдын Айымбетовтің сапарының зерттеушілік һәм қаржылық жай-жапсары белгісіз.

Советтік кезеңде ән мен жырға қосылып, Қазақстаннның мақтанышына айналған Байқоңыр ғарыш айлағына соңғы 10 жылда «Протон» зымыраны құлап, гептил төгілгелі «оны біржола жауып, Ресейге жалға беруді тоқтату керек» дейтін қоғамдық пікірлер де айтыла бастаған.

Соған қарамастан қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа ұшатыны туралы маусымның 22-сінде ресейлік «Роскосмос» агенттігі жариялаған хабарды әлеуметтік желілер арқылы сүйіншілеп таратқандар жиі кездесті.

«ПРЕЗИДЕНТТЕР УӘДЕСІ»

Өзін «ғарышкерлері, ғарыш айлағы және ғарыштық зерттеу бағдарламасы мен стратегиялық жоспары бар ел» ретінде көрсететін Қазақстан үшін Айдын Айымбетовтің ұшуы саяси мәнге ие. Бұған дейін «Қазақстаннан шыққан тұңғыш ғарышкерлер» деп сипатталып келген Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы СССР азаматы һәм ресейлік маман ретінде, ал Талғат Мұсабаев 1994, 1998, 2001 жылдары Ресей азаматы ретінде ғарышқа ұшқан еді. «Ресей батыры» (1994 жыл) әрі «Қазақстан халық қаһарманы» (1995 жыл) Талғат Мұсабаев 2007 жылы ғана Қазақстан азаматтығын алған соң аэроғарыш комитетінің төрағасы болып тағайындалған. Сол себепті Айдын Айымбетовтің тәуелсіз Қазақстанның атынан жаттықтырылған тұңғыш ғарышкер атану мүмкіндігі зор.

НАСА космонавты Скотт Келли Ресейдің ғарышкерлер дайындайтын орталығында жаттығу жасап жатыр. (Көрнекі сурет)

2003 жылы қазақстандық Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов ресейлік ғарышкерлер дайындайтын орталыққа қабылданғанда қазақстандық БАҚ таяу арада тағы бір ғарышкердің ғарышқа ұшатынын жарыса жазғанымен, сапар кейінге қала берген.

Бұл жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы мамыр айында Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей президенті Дмитрий Медведевпен де келіссөз жүргізген. Медведев ресейлік ғарыш агенттігіне тапсырма бергенін айтқан болатын. «Роскосмос» пен «Қазғарыш» арасында қазақстандық ғарышкердің бірін 2009 жылдың қыркүйегінде ұшыру туралы уағда да жасалған. Бірақ ол «экономикалық дағдарысқа байланысты» жүзеге аспады.

Сөйтіп қазақстандық ғарышкердің орнына канадалық миллиардер саяхатшы Ги Лалиберте ғарышқа туристік сапармен барып қайтты. Cirque du Soleil циркінің қожайыны саналатын Лалиберте бұл сапары үшін «Роскосмосқа» 35 миллион АҚШ долларын төлеген. Құрамында Лалиберте бар ғарыш кемесі қайта оралғанда Қостанайда баспасөз мәслихатын өткізген Ресей ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Виталий Давыдов таяу жылдары қазақстандық ғарышкерлер ұшпайтынын, Қазақстан қаржы бөлмегенін мәлімдеген.

ҒАРЫШКЕР-ТУРИСТІҢ БАС ТАРТУЫ

Қайткенде ғарышқа ұшу мүмкіндігіне ие болу үшін Мұхтар Аймаханов 2012 жылы Ресей азаматтығын алып, 2014 жылы «Роскосмостың» ғарышкерлер тобына енгізілді. Ал аэроғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың кеңесшісі қызметіне алынып, ғарышкер атағы берілген Айдын Айымбетов ғарышқа ұшудан үміт үзбейтінін Азаттыққа бірнеше рет айтқан.

Дегенмен қаржылық дағдарыс кезінде кеткен «есесін» Қазақстан биыл қайтаратын сияқты. Өйткені «Роскосмос» таратқан ақпаратқа қарағанда қазақстандық Айдын Айымбетов «ғарышқа ұшу жөнінде келісімін отбасылық себептерге байланысты үзуге мәжбүр болған ұлыбританиялық опера әншісі Сара Брайтманның орнына ұшпақшы».

Британдық әнші Сара Брайтман Ресейдің ғарышкерлер дайындайтын орталығында баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. Мәскеу маңы, 19 қаңтар 2015 жыл.

Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша кейінгі кездері 35 миллион долларға дейін жеткен ғарыштық саяхат құнын төлеуге келіскен Сара Брайтман Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығында жаттығуға биыл қаңтар айында кіріскен. Бірақ оның ғарышқа ұшудан бас тартатыны сәуірдің соңында мәлім болған соң ықтимал кандидат ретінде жапониялық ғарышкер-турист Сатоши Такамацу қарастырылған. Қалай болғанда жыл өткен сайын ғарыштық туризмнен қомақты қаржы түсіріп келе жатқан Ресей ғарышкер-турист ұшыратындай көрінген еді.

Алайда маусымның 2-сі күні «қазақстандық ғарышкердің таяуда халықаралық ғарыш кемесіне аттандыру жөнінде Ресеймен келісім жасалғаны туралы» премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың мәлімдемесі жаңа келісімнің пайда болғанын аңғартқан.

«ӨТЕМАҚЫҒА АЙЫРБАС»

Шығыс Украинадағы іс-қимылына байланысты Батыстың тарапынан санкция салынып, оқшаулауға ұшыраған және экономикалық-қаржылық дағдарысты бастан кешіп жатқан Ресейдің күтпеген жерден қазақстандық ғарышкерді ұшыру жоспары әрқилы жорамалдарға түрткі болды. Ғарыштық экипаж құрамындағы қомақты қаржы төлеп, ғарышқа қыдыру үшін ғана баратын туристің орнына Айдын Айымбетовтің қандай шарттармен алынғаны туралы сауалға да жауап табу қиынға соқты.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың көмекшілері бұл мәселені аэроғарыш комитеті ғана білетінін, нақты ақпарат жоқ екенін айтып ақталды. Ал Талғат Мұсабаев жетекшілік ететін Қазақстан аэроғарыш комитеті арнайы хат жолдауды сұрады.

«Айдын Айымбетов екі мемлекет арасындағы келісім бойынша ғарышқа ұшырылады» деген «Роскосмостың» баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне басқа ақпарат бере алмайтынын хабарлады.

Кенеттен босаған ғарышкер-туристің орнына ұшатын болып қалған ғарышкерінің сапары үшін Қазақстанның «Роскосмосқа» ақы төлейтіні, я төлемейтіні және белгісіз.

Ресейдің "Протон" зымыран тасығышының апатқа ұшыраған сәті. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл.

Айдын Айымбетовтің ғарышқа ұшатыны туралы «Роскосмостың» хабарын талқылау кезінде қазақстандық әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі оны Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшып, бірнеше рет апатқа ұшыраған «Протон» зымыраны үшін өтемақы төлемеудің амалы деп те сипаттап жатты. Бұл қисынды қолдаушылар Байқоңыр ғарыш айлағын 2050 жылға дейін жалға алған Ресей нақты қаржы аударғаннан гөрі осындай айырбас жасағысы келеді деп санайды.

Азаттық тілшісімен сөйлескен парламент мәжілісінің депутаты Тұрсынбек Өмірзақов мұндай болжамдарды жоққа шығармайды.

- Өз басым әлі күнге Ресей «Протон» апатынан келген зардап үшін өтемақы төлегенін естіген емеспін. Оның үстіне санкцияға алынған Ресейдің қаржылық жағдайы мәз емес. Сондықтан үшінші ғарышкерді өтемақы есебінен ұшыруы да ғажап емес. Меніңше, ол да болса Қазақстанға тиімді. Өйткені ғарышты игеруді мақсат етіп отырған Қазақстанға ғарышкердің көбейіп, нақты салаға пайдасын тигізгені жөн, - дейді ол.

Мәжіліс депутатының айтуынша, ғарышқа ұшатын әрбір ғарышкерге ыңғайлап арнайы бағдарлама жасалады. Мақсат ғарышқа турист ретінде барып қайту емес, мақсат – зерттеу жүргізу.

Азаттық тілшісі «Айдын Айымбетовке арнап аз уақыт ішінде Қазақстан арнайы ғарыштық бағдарлама жасай ала ма» деген сауалды ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялық орталығына қойғанымен жауап алу мүмкін болмады. Қазақстанда ғарыш қызметін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырып, арнайы ғылыми-зерттеу жүргізетін бұл ұйым өзін құпия құжат ұстайтын мекеме ретінде атап, Азаттық тілшісін ғимарат есігінің алдынан қайтарып, сауалды жазбаша түрде жіберуді сұрады.

Зымыранның құлауына байланысты құрылған мемлекеттік комиссия өкілдері Байқоңырды аралап жүр. Қызылорда облысы, 31 шілде 2013 жыл.

Қазақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ресейлік «Днепр» және «Протон» зымыран тасығыштары бірнеше рет құлап, бұл апат үшін Ресейден өтемақы алу мәселе бірнеше рет сөз болған. 2013 жылы шілде айында құлаған «Протон» зымыран тасығышының зардабын Қазақстан мен Ресей екі бөлек әдістер бойынша есептеген.

Қазақстан тарабы залалды 13,9 миллиард теңгеге бағалаған. Ал Ресей «зымыран апатынан келген залал дәлелденген жағдайда өтемақы төлеуге дайын екендігін» мәлімдеген. Азаттық тілшісі маусымның 23-і күні экологиялық реттеу комитетіне хабарласқанда осы комитеттің бас маманы «Ресей өтемақы төлемегенін» айтты.

Ресей сонымен қатар, Байқоңыр ғарыш айлағын 2050 жылға дейін жалға бергені үшін Қазақстанға жыл сайын 115 миллион доллар төлеуі тиіс. 1990 жылдардың соңында Байқоңыр ғарыш айлағы үшін төлемақының орнына заттай айырбас жасалып, ол Қазақстандағы даулы істердің біріне айналған еді.