Жылыой мешітіндегі дау

Жылыой мешіті. Жылыой ауданы, Атырау облысы, 22 ақпан 2011 жыл.

Атырау облысы Жылыой аудандық мешітінің имамдары былтырғы күзден бері түскен садақаның есебіне жете алмай отыр. Бас имам «ақша мешітті жөндеуге жұмсалды» десе, наиб имам мен мешіттің бұрынғы бас есепшісі «қомақты қаржы қолды болды» дейді.

Жылыой мешітінің имамдары мешітті күрделі жөндеуден өткізген бас имамды «ақша жеді және мешітке жат ағымдарды әкелді» деп кінәлап отыр. Алайда бас имам өзінің «Алла үйін көркейтуге» арналған әрекеті «біреулердің қалтасына түсуі тиіс ақшаны азайтты, қайшылық содан шықты» деп түсіндіреді.

Бұл дауды шеше алмайтынына көзі жеткен облыс имамы мәселеге араласуын өтініп бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәліге хат жолдаған. Бас мүфти жіберген комиссия ақпанның 19-ында Жылыой ауданындағы мешіттің бас есепшісін орнынан алып, имамына ескерту жасап кетіпті.

МЕШІТТЕГІ АҚША ДАУЫ

Жылыой ауданы орталық мешітінің бас имамы – «Нұр-Мүбәрәк» университеті түлектерінің бірі, 33 жастағы Бақытжан Иманқұлов. Ол Атырау
Жылыой ауданы орталық мешітінің бас имамы Бақытжан Иманқұлов. Атырау облысы, 22 ақпан 2011 жыл.
облысына былтырғы мамырда жолдамамен келген екен.

– Мен келгенде мешіттің ахуалы тым нашар еді. Басқаны былай қойғанда, мешітке келген жамағат сырттағы тозығы жеткен 20 тонналық құдықтан топырақ араласқан лай су ішіп отырды. Ал мешіттен шыққан қоқыс оның маңындағы шұңқырға тасталады екен. Оның барлығын жаптырып, қоқыс жәшіктерін қойғыздым, мешітке су құбырларын жүргіздік. 15 жыл бойы жөндеу жасалмаған мешітке күрделі жөндеу жасалды. Іші-сыртын әктеудің өзі үш қайтара жүргізіліп, оған 50 қалбыр эмульсия жұмсалды. Есік-терезелер түгелдей пластикке ауыстырылды. Күмбез алюминиймен қапталды, зауыттан шығарылған қазандықтар қойылды, – дейді бас имам.

Оның айтуынша мешітті күрделі жөндеуден өткізуге шамамен алғанда 1,5 миллион теңгенің үстінде қаражат жұмсалған.

«Бірақ мұндай қомақты сома бұрыннан да түсіп тұрған жоқ па? Сонда неге ұзақ жылдар бойына жөндеу жұмыстары жүргізілмеген?» деп сұрағанымызда, Бақытжан Иманқұлов өзінің мешітке түскен қаржыны бір арнаға тоғыстырып, мешіт қажеттілігі үшін жұмсауы біреулерге ұнамай отыр деген пайымын айтты.

– Мешіт қайырымдылық көрсетушілер көмегіне сүйеніп өз күнін көріп жатыр. Міне, бірнеше ай бойы коммуналдық төлемдерді демеушілер төлеп келеді. Жақында кәсіпкерлермен бірлесіп 750 мыңға қайырымдылық акциясын жүргіздік. Газ бен жарығын төлей алмай отырған міскіндердің үйін солармен бірге аралап, кәсіпкерлер олардың біріне 20 мың, біріне 50 мың, енді біріне 100 мың теңгеге дейін мұқтаждарына қарай көмек көрсетті. Ал бас есепші мұның бәрін өзіне өткізгенімді қалайды, – дейді Жылыой ауданы орталық мешітінің бас имамы.

Ал
Жылыой мешітінің бас есепшісі Қайыперен Нұрбалаев. Атырау облысы, 22 ақпан 2011 жыл.
Жылыой мешітінің бас есепшісі болған Қайыперен Нұрбалаевтың сөзі басқаша.

– Жаңа имам келгенде мешітің кассасында 660 мың теңге (4500 АҚШ доллары шамасында) қалдық ақша бар еді. Былтырғы Рамазан айындағы пітір-садақадан 1 миллион 595 мың 460 теңге (11000$) түсті. Бұдан бөлек демеушілерден 2 миллион 150 мың теңге (14700$) ақша құйылды. Оның 830 мыңы жөндеу жұмыстарына кетті, жартысы мешіт есебінен төленді. Сөйтіп, жаңа жылға 335 мың теңге (2300$) қалдық ақшамен аяқ бастық. Бұл – өте аз. Жылда ең кем дегенде 1 миллион 200 мың теңге, әйтпесе 1,5 миллион теңге ақша қалатын еді, –дейді Қайыперен Нұрбалаев.

Оның айтуынша, қазіргі қолда бар ақша әлеуметтік, табыс, зейнеткерлік қор мен басқа да аударылымдарды, экологиялық салықтарды төлеуге жетпейді. «Бұдан өзге газ, жарық, телефон тәрізді коммуналдық төлемдерді де өтей алмауымыз мүмкін» деген бас есепші, тіпті, жыл сайын жетімдер мен мүгедектерге беріп тұратын бес-он мың теңгелік жәрдемге де ақша жоқ дейді.

– Бас имам осы жетіспеушіліктердің орнын толтырмай жатқан соң барлық имамдарды жинап, басқа мекемелерге шағымданған едік. Жөндеу деген желеумен мешіттің ақшасы талан-таражға кетті. Түскен ақшаны менің қолыма ұстатқан емес. Демеушілер оны имамның өз қолына беріп отыр. Зекет беріп жатқандар көп, – дейді Қайыперен Нұрбалаев.

Ол «Мешітке түскен қаржыға сіз ғана бақылау жасайтын ба едіңіз?» деген сауалға:

– Жоқ, пітір ақша салынған жәшікті алқа мүшелерінің жиналысымен 3 адамнан құралған тексеру комиссиясы қатысып, бас имам бәріміз бірігіп ашамыз, – деп жауап берді.

Ал Азаттық тілшісіне арнайы жолыққан 92 жастағы Абдулла Әбдірахманов ақсақал мұның бәрі мешітке түскен садақаны бөлісе алмаған молдалардың бір-біріне жасап отырған қысастығы ғана деген ойын айтты.

– Мен тек шындықты айтамын. Маған мешіттің бас имамының ешқандай қатысы жоқ. Бірақ оның мешіт үшін сіңірген еңбегі зор. Ауылға бір жаңа ит келсе, басқасы талап күн бермей, соңында ол кетіп тынады емес пе? Сол
Жылыой мешітінің наиб имамы Серік Ясин. Атырау облысы, 22 ақпан 2011 жыл.
сияқты дүние. Сондықтан ол имам өз аппаратын алып келуі керек еді, – дейді Абдулла Әбдірахманов ақсақал.

БАС ИМАМ МЕН ЖАМАҒАТ

Азаттық тілшісі Жылыой ауданы мешітіне келген кез жұма намазының уақыты еді. Мешітке жиналған жамағат сәждеге бас ұрып, Аллаға сиынып жатты. Мешіт әкімшілігін ең маңызды қызметтерін атқарып біткенше күтуге тура келді. Бұл жолғы кезекші – Жылыой мешітінің наиб имамы Серік Ясин екен.

Ол бірден Жылыой орталық мешітінің бас имамы «жат ағымдардың мешітке ағылып келуіне мұрындық болып отыр» дегенді айтты.

– Жаңа имам Бақытжан Иманқұлов келгеннен бері мешітке келушілердің 65-70 пайызы басқа – ағым өкілдері. Олар, тіпті, өздерін еркін сезініп, біз бір нәрсе десек, «имам рұқсат берді» дегенді айтады. Сыртта жүрген талай адамдардан «сіздердің имамдарыңыз жат ағымдағылардың ықпалында жүр» дегенді ести бастадық. «Мешіт жамағаты ата-бабамыз ұстап келе жатқан имам Ағзам Абу Ханифа мазхабын ұстап, дұрыс жолда жүрсін» деген мақсатпен хаттама жасап, оны заң орындарына, облыс әкіміне, облыс бас имамына, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына жолдадық, – деді Жылыой мешітінің наиб имамы Серік Ясин.

Бұл хаттамаға Қосшағыл ауылының имамы Т.Айдарбекұлы, Жаңа Қаратон ауылы имамы Ж.Нейімов, Шоқпартоғай ауылы имамы Ж.Ыбыраш, Тұрғызба ауылы имамы Ғ.Қожанапесовтер де қол қойыпты.

«Мешітке жат ағымның толып кеткенін қалай анықтадыңыз? Сырт қарағанда
Жылыой мешітіндегі жамағат. Атырау облысы, 22 ақпан 2011 жыл.
бәрі де бастарын құбылаға беріп, құлшылықтарын жасап жатқан жоқ па?» деген сауалға:

– Мұнда келіп жатқандардың бәрі дерлік – салафи ағымындағылар. Оны білу қиын емес. Мәселен, олар намаз уақытында аяқтарын алшақ қойып, қолдарын кіндік тұсы емес, кеудеде ұстайды және «Фатиха» сүресінен кейінгі «Әмин» сөзін жария қылып айтады. Айта берсем, айырмашылық жетерлік. Олар біздің барлық салт дәстүрімізге қарсы. Егер бұл осылай жалғаса берсе, азамат соғысы болып кетуі мүмкін, – дейді наиб имам Серік Ясин.

Жылыой ауданы орталық мешітінің бас имамы Бақытжан Иманқұловтың да бұған қарсы уәжі бар.

– Бұл ағымдар – менен бұрын да болған адамдар. Бірақ біз оларға ең алдымен жамағат ретінде қарауымыз керек. Себебі мешіт – мұқтаж, тәлкек көрген адамдарға сүйеніш болатын орын. «Оларды мешітке кіргізбеңдер» деген заң жоқ. Оларға «насихат қылыңдар» деген талап бар. Біз оларға сендер мешіттен, имамдардан сабақ алыңдар деп шақырамыз. Мен оларға қолдау емес, тәлім беріп жүрмін, – дейді бас имам.

Жылыой мешітіндегі имамдар арасындағы текетірестің келушілерге де ықпалы тиіп жатқанға ұқсайды. Әйелдерге дәріс беріп жүрген Ақпатша Толышева да әлдекімдердің облыс имамына өзін сыртынан «ваххабист» деп арызданғанын айтады.

– Біз «сол ваххабист дегенің» кім десек, бірсыпыра имамдар түсіндіріп бере алмайды. Сөйтіп бәріміз ваххабист болып шыға келдік. Осылайша мешіттегі кей молдалар «жат ағым» деген ұғымды да біреуді даттау үшін жамылып отыр, – дейді діндар әйелдердің бірі.

«...БАС МҮФТИДІҢ РҰҚСАТЫ КЕРЕК»

Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбет Жылыой ауданындағы мешіттегі дауды шешуге әлі келмеген соң
Атырау облыстық орталық мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Есмағамбет. Қараша, 2010 жыл.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына арнайы хат жолдағанын жасырған жоқ. Ақпанның 19-ында ҚМДБ-ның бас есепшісі, Алматы орталық мешітінің есепшісі, кадр бөлімі мен іс басқарушысы – барлығы 4 адамнан құрылған комиссия Жылыой мешітін тексеруден өткізген.

Бұл арнаулы комиссияның жалпы Батыс Қазақстан облыстарын тексеруден өткізіп, есеп-қисаптан өзге мешіттер тазалығы, имамдардың киім киісі, уағыз айтуына да мән беретінін айтады облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.

– Әрине, Жылыой ауданы мешітінің бас имамы атқарған жұмыс көзге көрініп тұр. Бірақ ол қағаз жүзінде рәсімделмеген. Біздің ішкі тәрітбіміз бойынша, кез-келген жөндеу жұмысына бас мүфтидің рұқсаты алынады. Мәселен, мен қазір дәретхана салып жатырмын. Оның сметасын жасап, ол үшін де мүфтидің рұқсатын сұраймын. Сондықтан бұл мәселенің де тоқ етерін бас мүфти айтады, – дейді Нұрбек қажы Есмағамбет.