Қазақстанда аутизм туралы енді біле бастады

Аутизм туралы құлақтандыру акциясы. Нью Йорк, 2 сәуір 2009 жыл. Көрнекі сурет

Сәуірдің 2-сі – аутизм туралы хабар таратудың халықаралық күні. Аутизм - әлеуметтік қарым-қатынас жетімсіздігіне соқтыратын ми қызметінің бұзылуы. АҚШ-та әрбір 88 баланың бірі осы дертке шалдыққан болса, Қазақстанда аутизммен ауыратын балалардың нақты саны белгісіз. Ондай дертті дәл анықтап, диагноз қоятын мамандар да аз.

Алматыдағы республикалық ғылыми-тәжірибелік орталықтың медициналық-педагогикалық-психологиялық кеңес беру бөлімінде ресми тіркелген аутист балалар саны бір жылдың ішінде 241-ге өсіп, қазір 706 балаға дәрігерлік көмек көрсетіліп келеді. Аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналары Қазақстанда бұл дерт туралы танымдық мәліметтер жоқтың қасы дейді.

АУТИЗМ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ АЗ

Аутизм дертіне ұшыраған 13 жасар Жарастың анасы Жанат Қаратай бұл ауру туралы осыдан 11 жыл бұрын бірінші рет естіген. Ол екі жастағы баласын Алматыдағы САТР орталығына апарып, ұзақ дәрігерлік тексеруден өткізгеннен кейін, Жарасқа аутизм деген диагноз қойылған.

- Балама аутизм деген диагноз қойылғанға дейін, менде мұндай ауру түрі бар деген еш күдік болмаған еді. Тек «Жаңбыр адамы» деген фильмнен кейін ғана осындай проблеманың бар екенін үстіртін ғана түсіне бастадым, - дейді Жанна Қаратай.

Әлеуметтік қолдау қызметкері мүгедек баламен ойын ойнап отыр. Теміртау, 2010 жыл.


Аутизмге ұшыраған бала негізінен өзімен-өзі қалып, бойын немқұрайлық дендейді де, жан-жағындағы адамдармен араласуы қиындап, қоршаған ортамен қарым-қатынасы үзіледі.

Жанат Қаратай осы дерт туралы жаңадан біле бастағанда, Қазақстанда аутизм туралы ақпараттың тым тапшы болғанын еске алады.

- Бізде қандай ақпарат болуы мүмкін? Біз тек оны [осы мәселемен] айналысып жүрген психолог мамандардан ғана алып тұрдық. Кейін қосымша интернет арқылы іздей бастадық. Қазақстанда шынымен де аутизм туралы ақпараттар өте аз, - дейді ол.

ЕМДЕУДІҢ БАЛАМА ЖОЛДАРЫ

Қазақстанда баласы аутизм дертіне ұшыраған ата-аналар алғаш диагнозды естігенде, тығырыққа тіреледі. Мұндай баламен айналысудан пайда жоқ, жағдайдың өте күрделі болып, баланың сөйлеп кетуі қиын сияқты көрінгенін айтады. Жанат Қаратай психологтармен үздіксіз жұмыс істеудің нәтижесінде баласы бес жасында сөйлей бастағанын айтты.

Жарасты емдеу жолында барлық мүмкіндіктерді қарастырған Жанат Қаратай, биомедициналық жолмен баласының ағзасын токсиндерден арылтам ниетпен осыдан екі жыл бұрын арнайы диета ұстауды бастаған.
Ұн мен сүт қосылған тағамдардағы ақуыз аутист балалардың тәуелділігін күшейтіп, бала миының дамуына кері әсер етеді.
Соңғы жылдары батыс диетологтары аутизммен ауыратын балалардың ағзасы бидай, сұлы, арпа ұнында болатын балуыз (глютен – ред.) бен сүт құрамындағы сүт ақуызына (казеин – ред.) қарсы реакция танытатынын айтады. Мамандар ұн мен сүт қосылған тағамдардағы ақуыз аутист балалардың тәуелділігін күшейтіп, бала миының дамуына кері әсер етеді дейді. Бұл жайттардың бала дамуына әсерін байқаған Жанат Қаратай бүкіл отбасымен бірге Жарас үшін диета ұстайды.

- Диетаның оң нәтижесін көргеннен кейін, оны ертерек бастамағаныма өкініп жүрмін, - дейді Жанат Қаратай.

5-сыныпта оқитын Жарас қатарынан қалмай өсіп келе жатыр. Тіпті қазір жергілікті мамандардың өзі Жарастың бойында қандай да бір проблема бар деп айта алмайды дейді оның анасы.

АУРУДЫҢ ҮШ БЕЛГІСІ

Алматыдағы республикалық ғылыми-тәжірибелік орталық жанындағы психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру бөлімінің меңгерушісі Әлия Ерсарина Азаттыққа берген сұхбатында, Қазақстанда аутизм дерті жылдан-жылға көбейіп бара жатқанын айтты.

- Біздің орталықтың статистикасы бойынша, 2003 жылы аутизм балалар саны 77 болған, 2009 жылы ол 326-ға жетті. 2010 жылы 465 болса, міне 2011 жылы ол 706-ға өсті, - дейді Әлия Ерсарина.

Психолог аутизмге шалдыққан балалармен неғұрлым ертерек айналысса, көп нәрсені түзетуге болады деп сенеді. Маман ата-аналарға балаларының қылығында өзгешелік байқалса, бірден арнайы дәрігерлік тексеруден өткізуге кеңес береді.
Сөйлесудегі қиындықтар, көзге қарамау, адамдармен араласа алмау және қайталана беретін қимыл-қозғалыс. Баланың ұзақ уақыт бойы тек бір нәрсемен айналысып отыра беруі, стереотипті әрекет жасауы.
Әлия Ерсарина аутизмге шалдыққан балалармен ең әуелі психологтар жұмыс істеуі керек дейді. Ол балалар аутизмінің негізгі үш белгісі бар дейді.

- Олар – сөйлесудегі қиындықтар, көзге қарамау, адамдармен араласа алмау және қайталана беретін қимыл-қозғалыс. Ол – баланың ұзақ уақыт бойы тек бір нәрсемен айналысып отыра беруі, стереотипті әрекет жасауы, - дейді маман.

Әлия Ерсаринаның айтуынша, балалар аутизмі психикалық дамудың ерекше ауытқуынан туады. Оның көп себептерінің бірі адам денесіндегі зат алмасудың бұзылуынан кейін, балалар ағзасында мидың нақты бір құрылымдарына кері әсер ететін токсиндер жиналып қалып, одан аутизм белгілері пайда болады. Маман бұл тұрғыда ұн мен сүттен жасалған тағамдарды шектейтін диета ағзаны тазарта алатынын айтты.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПСИХОЛОГТАР ӘДІСІ

Психолог Ерсаринаның айтуынша, аутизм диагнозы бойынша тіркелген 706 бала Қазақстанның тек облыстары мен үлкен қалаларындағы барлығы 58 орталықтан дәрігерлік жәрдем ала алады.

Ауылдық жердегі аутист балалардың тағдыры мен ата-аналардың бұл дерт туралы қаншалықты білетіні беймәлім.

Алматы облысындағы 13-ші психологиялық-педагогикалық түзету мекемесінің психолог-маманы Сандуғаш Үмбетқалиева өз қарамағындағы аутизммен ауыратынын 6 баланың төртеуі әлі сөйлей алмайтынын айтады.

Сауықтыру орталығындағы мүгедек бала. Теміртау, 2009 жылдың қысы.


- Менде бір 8 жасар бала бар, ол сұрақтарға нақты жауап береді, бірақ сөздерді байланыстырып, сөйлем құрай алмайды, кітапта оқығанын түсініп айта алмайды, - дейді ол.

Психологтар аутизмге ұшыраған балалардың ата-анасымен қарым-қатынасын анықтай отырып, олардың мінез-құлқын, іс-әрекетін зерттейді. Баланың жаңа ортада өзін-өзі ұстауы мен бөтен адамдармен қарым-қатынасын бақылау арқылы баланың дамуы қай жастан бастап кері кеткенін анықтайды. Бұл тұрғыда психолог Сандуғаш Үмбетқалиева:

- Ең басты бағытым - баланы өзіме үйретіп, жақындату үшін әртүрлі әдістер қолданамын, көзге қарату үшін, назарын аудару үшін түрлі дене-ойын терапияларын жүргіземін, - дейді.

ШЕТЕЛДІК МАМАНДАР КЕҢЕСІ

Чехия астанасы Прагадағы CMC (Канадалық медицина орталығы – ред.) орталығының психолог-маманы Кармен Глория Фернандез өз тәжірибесімен бөлісіп, аутизмге шалдыққан баламен қалай сөйлесу керектігін айтады. Ол қоршаған әлеуметтік ортамен байланысы үзілген баланың назарын аудару үшін, біріншіден тізеңізді бүгіп, ол сіздің көзіңізге қарай алатындай деңгейде, онымен қатар отыру керек деген кеңес береді.

- Мұндай балалармен сөйлескенде, сөйлемді барынша қысқа қолданып, асықпай айқын айту керек, дене қимылы арқылы оның назарын аударатындай қолды бұлғап, қимыл арқылы көрсетсе, бала назары ауады. Онымен бірге жүгіріп ойнап, кезек бойынша доп лақтырып, эмоциялық қуанышыңызды білдіргеніңіз жөн. Керемет көңіл-күйіңізді немесе оған ренішіңізді білдіру үшін дауыс ырғағын әртүрлі өзгертіп сөйлеу керек. Оған жауап беруге мүмкіндік беріп, біраз күту керек, - дейді психолог-маман.

Немересін құшақтап тұрған әйел. Алматы, 23 шілде 2009 жыл. Көрнекі сурет


Маманның айтуынша, баланы сөйлету үшін ол жақсы көретін ойыншықты немесе сүйікті тамағын көрінетін биік жерге қойған дұрыс. Сонда бала оны сұрау үшін сөйлеуге ынталанады.

- Егер сіз айтқан сөзді қайталай алмай тұрса, бірінші әрпін немесе буынға бөліп дыбыстап, я қолмен көрсету керек. Баланың қимыл арқылы, ишаратпен жауап беруі де қарым-қатынастың бір түрі, - дейді Кармен Фернандез.

Қазақстанда аутизм дертіне шалдыққан балалардың ата-аналары жиналып, «Ашық әлем» деген қоғамдық қор құрған. Олар әрдайым халықаралық мамандарды шақырып, кездесулер ұйымдастырады. Сәуірдің 2-3 күндері АҚШ-тағы Адам мүмкіндіктерін дамыту институтының вице-президенті Дуглас Доман Алматыға келіп, қазақстандық психолог мамандарға, аутизм дертіне ұшыраған балалардың ата-аналарына дәріс оқиды. Америкалық маман – миына зақым келген және дамуында ерекшелігі бар балаларды сауықтыру методикасын құрған, әлемге танымал Гленн Доманның ісін жалғастырушы баласы.

Дуглас Доман ана махаббаты аутизмге шалдыққан балаларды тығырықтан шығара алатын басты жол деп біледі. Ол алдымен аурудың белгісін емес, оның себебі - миды емдеу керек деп есептейді.