«Автокресло» әлеуметтік желіде мысқылға ілікті

"Әжуаға айналған автокресло". (Карикатура авторы - Аңсаған Мұстафа).

Жаңа жол қозғалысы ережесінің әсіресе 12 жасқа дейінгі баланы көлікте арнайы құрылғыға отырғызу талабы жұртты көп наразы етті. Әлеуметтік желі қолданушылары мұны әжуаға айналдырды.

Қаңтардың 7-сінде күшіне енген жол қозғалысы ережесіндегі шарттың бірі – 12 жасқа дейінгі баланы көлікке арнайы құрылғымен мінгізу талабы болған. Әлеуметтік желідегі қолданушылардың бірі жаңа талапқа наразылық білдірсе, енді бірі оны әзілге айналдырып, карикатураға ұластырды. Өзге азаматтар заңдағы арнайы құрал туралы талапты тек автокресло деп түсінбеу керегін айтады.

«АНТИ-АВТОКРЕСЛО»

Блогер-суретші Аңсаған Мұстафа жаңа жол ережесі күшіне енерден бір күн бұрын, қаңтардың 6-сында салған карикатурасында заңдағы балаға қатысты талапты сипаттаған.

Ол суретте әйел адам: «Тоқта, балам. Әкең Жанарды мектепке апарып тастап келсін. Қайтып келіп сені мектепке апарады, сосын ініңді... Аптокресло деген әле біздің ауылда біреу ғой» деп, үш баласын жұбатып тұр.

"Әжуаға айналған автокресло". (Карикатура авторы - Аңсаған Мұстафа).

Аңсаған Мұстафаның жаңа жол қозғалысы заңындағы өзгеріс жайлы екінші карикатурасында немересін арқалап келе жатқан әжей бейнеленген. «Әлгі жүгірмектер аптақресло жоқ деп тастап кетті ғой» дейді наразы әжей.

Автокресло мәселесі жайлы тағы бір материал Facebook әлеуметтік желісінде бірнеше күн пайда болды. Жарты минуттық шағын видеода әкесі көліктегі арнайы орындығы жоқ баласына полициядан тығылып қалу амалын үйретіп жатыр. Әкесі «ГАИ» (жол тәртібін бақылайтын полицияның жұрт аузындағы ескі атауы - ред.) деген кезде баласы бұға қалып, алдыңғы орындықтың тасасына тығылады. «Мамаң сенімен жүргенде, садикке барғанда ГАИ десе ананың ішіне кіресің» деп пысықтайды әкесі.

Facebook әлеуметтік желісіндегі Нұрлан Сәдір есімді қолданушы жол ережесіндегі бала қауіпсіздігі құралы туралы талапты «полицей мен жүргізушінің диалогы» формасында берген. Оның әзілінде салмағы 36 килограмм 48 грамм болған баланың «артық грамы» жайлы полиция мен әкенің дауласуы айтылады.

«КӨРПЕШЕ ДЕ ЖАРАЙДЫ»

Facebook әлеуметтік желісіндегі қолданушылар арасында жол қозғалысы заңындағы жаңа өзгерісті қолдаушылар да болды.

«Автокресло дауына» араласқандардың бірі – заңгер Джохар Өтебеков өзгелерге заң талабын түсіндіруге тырысты. Ол заңда «кресло деген сөз жоқ, баланы ұстап тұратын арнайы құрал деген тіркес бар» екенін айтады. «Баланы ұстап тұратын арнайы құрал – ұлттық стандартқа сай келетін кез келген өнім. Орындық не бесік болуы міндетті емес. Бустер, фиксатор, адаптер (ФЭСТ және басқасы) бола береді» дейді Джохар Өтебеков.

Оның сөзінше, баланы ұстап тұратын арнайы құрал инспекторға ұнамаса, ұлттық стандартқа сай емес екенін өзі дәлелдесін – жүргізушіден оның сертификатын сұрауына қақысы жоқ.

Джохар Өтебековтің пікірін Facebook қолданушысы Сандуғаш Баймаханқызы да қостайды. «Айттық қой, әне, көрпеше де жарайды деп. Көпшік қойып, ременьмен байлап тастаңыздар» дейді ол.

Былтыр қазанның 20-сында бекітілген жол қозғалысы заңындағы өзгеріс күшінен енер сәт таяғанда – әсіресе биыл 1 қаңтардан бері елде балалар автокреслосы күрт қымбаттап, тапшы затқа айналған.

Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті баспасөз қазметінің өкілі Ирина Лукьянинаның айтуынша, 12 жасқа толмаған баланы көлікке арнайы құрылғысыз мінгізген жүргізушілерге 5 айлық есептік көрсеткіш (1 айлық есептік көрсеткіш – 1852 теңге) көлемінде айыппұл төлету мәселесін «әр регион өзінше шешіп жатыр».

Астана қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі София Қылышбекова қаңтардың 12-сінен бері көшеде жарық жақпай жүрген көлік иелеріне хаттама толтырып жатқандарын хабарлады.

– Ал автокреслоға қатысты әзірге тек түсіндірме жұмыстарын ғана жүргізіп жатырмыз. Бірақ қанша уақытқа дейін болатынын айта алмаймын, – деді София Қылышбекова.

Елдегі халқы көп ірі қаланың бірі Алматының ішкі істер басқармасынан жол ережесінің бала қауіпсіздігіне қатысты талабы орындалуы жөнінде жауап алу мүмкін болмады.

Қазақстан жол-көлік апатынан кісі өлімі көп болатын елдер қатарында. Былтыр жол қауіпсіздігі рейтингінде Қазақстан 192 елдің ішінде 128-орында болған. Елде әр 100 мың тұрғынға шаққанда 22 адам жол апатынан көз жұмады. Бұған көлік жүргізушілерінің жол үстіндегі жүгенсіздігі, даңғойлығы басты себеп деп саналады.