Марғұлан Сейсембаев өзінің қашып кеткендігі туралы сыбысты жоққа шығарды, бірақ елге қайтуға асықпайды

Қазақстаннан тыс жерде жүрген Альянс банк директорлар кеңесінің төрағасы Марғұлан Сейсембаев банктегі ахуал туралы ашық хат таратты. Азаттық радиосының тілшісіне хат ауторын тауып, оған бірнеше сұрақ қоюға мүмкіндік туды.
ЖАҒДАЙДЫ УШЫҚТЫРУ

- Марғұлан мырза, сізді шетелден қайтпайды деген болжамдар бар. Бұл ашық хатты қандай мақсатпен жаздыңыз?

- Біріншіден, интернетте таратылып жатқан ақпараттар 90 пайыз шындыққа сай келмейтіндіктен, ақша ұрланған деген және тағы сол сияқты пікірлер қолдан жасалып жатыр.

Ана жақта біреулер әдейі жағдайды ушықтырып, біртіндеп, жайменен мені кінәлі етіп шығарғысы келіп отыр. Сол себепті мен бұл жерде жай ғана түсініктеме бердім.

Мен барлық түсініктемелердің жақтаушысы емеспін. Өйткені, Альянс банктің барлық кредиторларымен қайта құрылымдау жоспарына толық қол қоймайынша мен түсініктеме бермеуге, мәлімдеме жасамауға, қандай да бір талаптар қоймауға және т.б. құқылымын.

Мен бұл хаты жазуға мәжбүр болдым.

АҚОРДАМЕН ЖАНЖАЛДАСТЫРҒЫСЫ КЕЛЕДІ

- Марғұлан мырза, сіздіңше әлгінде сіз шындыққа сай келмейді деген ақпараттардың артында кім немесе кімдер тұруы мүмкін?

- Білесіз бе, шындыққа сай келмейтін ақпараттар өте көп. Оның ішінде ақша ұрлағаным үшін емес, маған жоғары дәрежелі шенеуніктерге пара берді-міс деген айып тақпақ... Енді мені осы арқылы қыспаққа алмақ болып шешіпті.

Бірақ, осының барлығын біреулердің әдейі ұйымдастырып, мені Ақордамен жанжалдастырмақ болғанын немесе мүмкін, білмеймін, мені қылмыскер, болмаса саяси жасағысы келіп отырғанын сеземін.

Бірақ, осы қайта құрылымдау, бізде, Альянс банкте барлығының жоспар бойынша жылжып жатқанын біреулер аса жақтырмай отыр.

ЕКІ ЖАРЫМ МИЛЛИАРД ДОЛЛАРДЫ ШЕГЕРУ

- Сіз айтып отырған осы айла-шарғының артында билік құрылымының ішіндегі немесе оған жақын қандай топ немесе қандай адамның тұрғанына байланысты болжамыңыз жоқ па?

- Әзірге нақты ешкім туралы айта алмаймын. Бұл бірнеше топ болуы да ықтимал. Сондықтан нақты ешкімді көрсете алмаймын. Әзірге нақты кім екенін өзім де толық түсінбедім.

- Марғұлан мырза, сіздің ашық хатыңызды оқып шыққан соң 1,1 миллиард АҚШ долларына байланысты мәселе банктің Жомарт Ертаев бастаған менеджментінің амбициялық жоспарларына және сіздің жазғаныңыздай, агрессивті мінезіне байланысты пайда болған ба деген пікір қалыптасты. Мен сізді, нақтылап айтқанда сіздің хатыңызды дұрыс түсіндім бе?

- Иә-иә

- Сонымен жоспардың мәні қалай еді?

- Мен сізге айтайын, банктің капиталын несиеге алынған ақшалар арқылы қалыптастыру тек Альянс банк үшін ғана емес, көптеген инвестициялық банктер үшін де әдеттегі тәжірибе болатын. Бұл жерде кереметтей өзгешелік немесе жаңалық жоқ еді. Сол себепті бұл мәселе біздің тарапымыздан еш күдік туғызған жоқ.

Қалай болғанда да бұл дәл сол кездері кеңінен таралған тәсіл болатын. Ал Ертаевтың өте амбициялы екендігі, өзі де өсіп, банкті де дамытқысы келгендігі шындық. Бұл дәл солай.

- Сондықтан сіз Альянс банктің қазіргідей қиын жағдайда қалуы Жомарт Ертаевтің агрессиялы әрекеттерімен тікелей байланысты деп есептейсіз бе?

- Жоқ. Егер банк қайта құрылымдауды соңына дейін жүргізетін болса, онда ол екі жарым миллиард доллардай ақшаны шегеріп, мемлекет екі немесе екі жарым миллиард доллар мөлшерінде пайда табады деп ойлаймын.

Сондықтан да қайта құрылымдаудан кейін банктің жағдайы өте жақсы болады.

ҚАШҚЫН ЖАСАП ШЫҒАРДЫ

- Альянс банк осындай қиын жағдайда тұрғанда сіздің демалыста ұзағынан жатып алғаныңыз қалай? Өзіңіздің жазуыңызға қарағанда банктің директорлар кеңесінің төрағасы екенсіз.

- Біріншіден, бұған дейін дәл осындай ұзақ демалыс алмағандығымды қаперге алсақ, менің бұл екі айлық демалысым соншалықты көп емес. Былайша айтқанда, екі ай –соншалықты ұзақ демалыс емес.

Екіншіден, ағымдағы шаруаларға байланысты қазір менің жұмысым соншалықты көп емес. Және үшіншіден, мен директорлар кеңесінің барлық шешімдеріне қол қойып, DHL поштасы арқылы жіберемін. Сөйтіп, екінші күні-ақ барлық құжаттар үстелде жатады.

- Жақында ғана сіздің шетелге қашып кеткеніңіз туралы сыбыстың шыққанынан хабардар шығарсыз?

Бұл хатты жазудағы менің мақсаттарымның бірі – жағдайды түсіндіру болатын. Әйтпесе, осы аралықта мені қашқын да қылды, жасамаған адамы жоқ. Саяси да, қылмыстық та қылды, ойларынан нені шығармады десеңізші!

Менің мақсатым да осыған, сыбыстар мен болжамдардың азырақ болуына бағытталған. Әйтпесе, өтірігі қайсы, шындығы қайсы екенін ажырату мүмкін болмай қалды.

- Хатыңыздың соңында сіз Қазақстанға демалыстан 30 тамызда келіп, жұмысқа кірісетіндігіңізді жазасыз. Бұл шынымен де сіздің демалысыңыздың соңы ма, әлде бұл уақытқа қарай бір нәрсе күтілуде ме?

Жоқ, ешнәрсе күтіліп отырған жоқ. Мен жай ғана шілденің соңында (шындығында, маусымның соңы – шілденің басы) демалысқа кеткенімде әуел бастан-ақ 30 тамызда қайтып келемін деп жоспарлағанмын. Сондықтан, мен бұны тағы бір рет растадым.

Бірақ осы уақытта мені қашқын етіп шығарды, жасамаған адамы жоқ... Мен 30 тамызда келемін деп жоспарлағанмын. Және 30 тамызда келуді жоспарлап отырмын.

БАСТЫ МАҚСАТ – КЕЛІСІМГЕ КЕЛУ

- Марғұлан мырза, үлкен дүниелер алыстан көрінеді дейді. Сіз алыста жүріп Альянс банктің мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

- Мен Альянс банкте оның бірде бір салымшысы ештеңе жоғалтқан жоқ деп есептеймін. Мемлекет те жоғалтқан жоқ. Өйткені, мемлекет шындап келгенде ештеңе төлеген жоқ. Айтып отырғаным, ол банктің акциялар пакеті үшін үлкен ақшалар төлеген жоқ.

Өзіңіз білетіндей, мен мемлекетке банктің 76 пайыз акциясын 100 теңгеге сатып алуға ұсыныс жасадым. Зардап шегетіндер тек шетелдік инвесторлар мен акционерлер. Менің қазіргі басты мақсатым – шетелдік инвесторлармен соңына дейін келісімге келу. Шетелдік инвесторлармен келісімге келген соң олар қандай да бір ақша алады. Мен қолымдағының барлығынан айрыламын. Мемлекет пайдаға шығады.

Және мен үшін басты мақсат – қайта құрылымдауды ақырына дейін жеткізу. Солай болған жағдайда, Альянс банктің ұзақ өмір сүретінін білемін. Мемлекет өте жақсы банк пен пайдаға ие болады. Шетелдік инвесторлар барлық болмаса да, бәрібір қандай да бір ақша алады. Бірақ, ең бастысы: салымшылар, клиенттер мен қызметкерлер зардап шекпейді.

ТҮСІНІКТЕМЕ ЖОҚ

- Жақсы. Бірақ бізге инсайдерлік көздерден белгілісі, Альянс банктің болашағына байланысты болжамдар сіз айтқандағыға қарағанда бұлыңғырлау болып тұр. Қазір банкте қызметкерлерді қысқарту жүруде, ал жұмыста қалған қызметкерлердің жалақыларын қырқуда. Бұған сіз не дейсіз?

Болжам жасау оңай дүние емес. Әрине, банкте жаппай қысқарту жүруде. Дәл қазір менеджмент жасап жатқан дүниелердің барлығына мен келісемін. Бұл ... дәл қазір қайта құрылымдауды соңына дейін жеткізу сияқты маңызды емес.

- Сіз БТА банктің тағдырына қатысты пікіріңізді білдіресіз бе? БТА банктің жалпы аман қалу мүмкіндігі қалай?

-Түсініктеме жоқ. Болжам жасау – қиындау шаруа. Мен өз хатымның шеңберінен шығатын мәселелерге түсінік бермеймін.

- Сіз сонда Мұхтар Әблязов пен Мұхтар Жәкішевтің бұдан арғы тағдырларына байланысты да ешнәрсе айтпайсыз деген сөз бе?

- Ешқандай түсініктеме жоқ. Менің бір-ақ мақсатым бар: қайта құрылымдауды соңына дейін жеткізу.

- Марғұлан мырза, сұхбатыңыз үшін рахмет.