Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Брюссельге сапарынан кейін Wall Street Journal газеті «2 миллион 600 мың шаршы шақырым ұлан-байтақ жері, 18 миллион халқы және мұнайдың бай қоры бар Қазақстан ептеп Еуропамен жақындасудың Ресейдің шамына тимейтіндей жолдарын іздей бастады» деп жазады.
Газет Еуропа одағы (ЕО) шенеуніктерінің «Қазақстанмен әріптестік туралы келесі жылы қол қойылуы мүмкін келісім бұл елдің Ресеймен қарым-қатынасына да, Қазақстанның Ресей және Беларусьпен құрған әрі келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразия экономикалық одағына айналатын Кедендік одаққа мүшелік етуіне де әсер етпейді» деген сөздеріне сілтеме жасаған.
Wall Street Journal газетінің пікірінше, ЕО пен Қазақстан арасындағы келісім ЕО-тың шығыс блогы елдеріне ықпалының қаншалықты шектеулі екенін көрсетеді. Мәскеу бұл мемлекеттерді өз уысында ұстауға тырысатыны даусыз. ЕО шенеуніктері Wall Street Journal газетіне «Қазақстанмен бекітілген жаңа келісімнің қыр-сырынан Ресей хабарсыз, бірақ Мәскеу бұл келісімге қол қоюға кедергі жасамайтынына сенімдіміз» деп мәлімдейді.
АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ҰМЫТ ҚАЛДЫ
Еуропа одағындағы саяси оқиғалар туралы хабар тарататын EUоbserver веб-сайты Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының Еуропа мен Орталық Азия елдері бойынша директоры Вероника Сенте Голдстонның «Қазақстан басшысының Брюссельге келуі тағы бір мүмкіндіктен айырылуды білдіре ме?» деген мақаласын жариялады.
Вероника Сенте Голдстон Қазақстан президентінің Брюссельге сапарын «Қазақстан үкіметімен қарым-қатынас орнату кезінде адам құқығын күн тәртібіне қоямыз деген ЕО-тың үлкен сәтсіздігінің анық көрінісі» деп атайды. Вероника Сенте Голдстон осыдан үш жыл бұрын ЕО жоғарғы өкілі Кэтрин Эштонның «Қазақстанмен қарым-қатынас орнату барысында елде реформа жүргізу қажеттігі ескеріледі» деген уәдесін еске салады. Бірақ автор «соңғы үш жылда елдегі адам құқығы ахуалы тек нашарлай түскен» деп жазады.
Автор бейбіт жиындарды қуып тарату мен наразы жандарды қамау; оппозиция белсендісі Владимир Козлов, белсенді мұнайшылар Роза Төлетаева мен Мақсат Досмағамбетовті, құқық қорғаушы Вадим Курамшинді соттау сияқты Қазақстандағы адам құқығын бұзуға қатысты ірі фактілерді атайды. Автор «шілде айында билік тәуелсіз адвокат Зинаида Мухортованы психиатриялық клиникаға күшпен қамада» деп жазады.
Вероника Сенте Голдстон «бұған қарамастан, Брюссель келіссөздерді Қазақстандағы адам құқығы ахуалын жақсарту үшін пайдаланбады» деп жазады. Бірақ ол «бұл келісімдер күшіне енуі үшін оны Еуропа парламенті мақұлдауы тиіс, сондықтан Қазақстандағы адам құқығы ахуалына қатысты мәселені Еуропа парламенті көтерер деген үміт бар» дейді.
ФРАНЦИЯДАҒЫ ЖАНЖАЛ
Қазақстан президентінің Брюссельге сапары кезінде француздық Le Monde газеті Николя Саркози президенттік еткен тұста Қазақстан мен Франция үкіметі арасында жасалған мәміледен заңсыз комиссиялық төлем алу фактісі бойынша ресми тергеу басталғанын хабарлады. Газеттің жазуынша, өткен айда Николя Саркозидің жақын көмекшілерін полиция ұстағанын жазады.
Ал Николя Саркозидің өзі қазақстандық үш олигархқа қатысты үкімді жеңілдету мақсатында 2011 жылы Бельгия заң шығарушыларына қысым жасаған деген күдікке ілінді. Le Monde басылымының жазуынша, Франция прокурорлары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға тиімсіз мәмілемен 45 Eurocopter тікұшағын екі миллиард еуроға сатып алу арқылы Николя Саркозиден қазақстандық үш олигархты соттан аман алып қалуға көмектесуін талап еткен.
Франция полициясының тергеу амалдары Францияның қаржылық барлау органының TRACFIN бөлімшесі Николя Саркозидің көмекшісінің есеп-шотына 300 мың еуро аударылғанын анықтаған 2012 жылы басталған. Тергеу амалдарынан кейін бұл ақшаны Бельгияда тұратын қазақстандық олигарх әрі Назарбаевтың досы Патох Шодиев өзінің француз заңгері арқылы аударғаны анықталды.
Француз полициясы 2010 жылы Франция мен Қазақстан арасында бекітілген сауда келісіміне бұл ақшаның қатысы бар деп есептейді. Қазақстанда ірі бизнестері бар олигархтар Патох Шодиев, Александр Машкевич және Алиджан Ибрагимов («Үштік») 2011 жылы Бельгияда «коррупциялық қылмыс, заңсыз жолмен алынған ақшаның ізін жасыру, құпия сөз байласу және жалған құжат жасау» айыптары бойынша тергеуге ілінген.
2011 жылы маусымда олигархтар «үштігі» Бельгия прокурорларының ірі көлемде айыппұл төлеп, істі айыпты деп танусыз реттеу туралы ұсынысымен келіскен. Бұл мәмілеге наурыз айында Бельгия парламенті мақұлдаған заң мен сол кездегі сенаттың вице-президенті және заңгер Арманд де Декердің көмегінің арқасында қол қойылған. Le Monde газетінің жазуынша, Патох Шодиев сол кездегі Франция президенті Николя Саркози мен бельгиялық заң шығарушылардың арасында делдалдық еткен Арманд де Декердің клиенті болған.
«ЕНДІ БЕЛЬГИЯ ДА СҰРАҚ ҚОЯ БАСТАЙДЫ»
VICE News агенттігі француз қарулы күштерінің генералы Жан-Винсент Бриссенің жанжал туралы мақаласынан «ретро-комиссия» деген құбылыстың заң шығару практикасында бұрыннан кең тарағаны туралы сөздерін келтірген.
Сатып алушы, сатушы және делдал мәміле үшін алынатын комиссиялық соманы әдейі асырып көрсететін заңсыз қаржылық транзакция «ретро-комиссия» деп аталады. Бұл ақша пара төлеу үшін пайдаланылады. «Ретро-комиссия» термині Николя Саркози іліккен өзге жанжалға байланысты кең тараған. Ол кезде, яғни 1994 жылы Пәкістанға сүңгіуір қайықтарын сатуға қатысты коррупциялық мәміле «Карачи ісі» деп аталған.
Бельгия парламенті депутаты Оливье Менген VICE News агенттігіне бельгиялық сенатор Арманд де Декердің Николя Саркозидің көмекшісімен кездескені туралы француз газетінде мақала шыққан 2012 жылы бұл істі тексеру үшін парламентік комиссия құруды ұсынғанын айтады.
«Кезінде бұл ұсынысымды ешкім қолдамай, парламенттік комиссия құрылмай қалған. Бірақ енді Францияда бұл істі тергеу қайта жаңғырғаннан кейін Бельгияда да сұрақтар қойыла бастайды» дейді ол.