Советтік кезеңнен бері жоғары лауазымды қызметтер атқарып келе жатқан Бердібек Сапарбаевты сарапшылардың кейбірі «ірі саяси менеджер, іскер әкім» десе, кейбірі «жұмысын жарнамалауды меңгерген әкім» ретінде сипаттайды.
Your browser doesn’t support HTML5
ЖҰМЫС СТИЛІ
Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысы әкімі қызметін бес жыл атқарып, 2014 жылы күзде премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалғанда да, бір жыл өтпей Ақтөбе облысы әкімі қызметіне барғанда да «іскер, шаруақор» бейнесінде баспасөз бетінде жиі көрінді.
Былтыр күзде «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында Бердібек Сапарбаев жұмыс стилін «Кей басшылардың кемшілігі – халықпен араласпайды, халықтан қорқады. Оның себебі, жұмыс жүрмегеннен, іс алға баспағаннан деуге болады. Яғни, халыққа айтар сөзі жоқ, өйткені көрсетер ісі жоқ. Кез келген әкім халықпен етене жұмыс істеуі керек» деп түсіндірген.
«Аудан, ауылды галстуксіз аралап», «жергілікті шенеуніктерге ұрысқан», «базардағы бағаны тексерген», «мемлекеттік тілді қорғаған» Сапарбаевтың жұмыс стилі әлеуметтік желілерде де жиі насихатталды.
Мәселен биыл ақпанның 3-і күні Мұғалжар ауданы әкімінің есеп беруіне қатысқан Сапарбаев «Қайыңды ауылын 10 жылдан бері электр жарығымен дұрыс қамтамасыз ете алмай (жарық бірнеше рет өшкен – ред.) отырған Мұғалжар ауданы әкімі мен орынбасарының үйіндегі электр жарығын ажыратып тастау қажет» деп салды. Оның мұндай басқару стилі әлеуметтік желіде де қолдау тауып, халықшыл қадам ретінде бағаланды.
Осы оқиғадан кейін хабарласқан Азаттық тілшісіне Ақтөбе облыстық «Энергосистема» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары, осы мекеменің бас инженері Марат Аманғалиев аудан әкімі мен орынбасарының үйінің электр қуаты ажыратылғанын растады. Бірақ оның айтуынша, «олардың үйіндегі электр қуаты облыс әкімінің бұйрығымен емес, аудан әкімі мен орынбасарының өз өтініштерімен өшірілген» болып шықты.
Азаттық тілшісі Қайыңды ауылының тұрғындарымен де сөйлесіп көрді. Аты-жөнін айтқысы келмеген, өзін «зейнеткермін» деп таныстырған тұрғын «ауылда электр жарығы бар екенін, бірақ жиі өшетінін» растады. Ол «Сапарбаевтың әкімдерге қатысты бұйрығын да естігенін» айтады.
САПАРБАЕВТЫҢ «ОБРАЗ ЖАСАУ ШЕБЕРЛІГІ»
Қызылорда қаласында тұратын қоғам белсендісі Сағат Жүсіптің сөзіне қарағанда, Бердібек Сапарбаев популистік амалдарды жақсы қолданады. «Сапарбаев өзіне зиянды ақпараттарды ретін тауып жапқызып отыратынын» айтқан ол:
- Бұрын үш облысты және министрлікті басқарған Сапарбаев халыққа ұнамды образ жасауды шебер пайдаланады, - дейді.
Бірақ Сапарбаевты шынында да «еңбекқор әкім» деп санайтындар да бар. Мәселен алматылық саясаттанушы Айдос Сарым:
- Бүгінде шенеуніктер туралы жақсы пікір айту қиындап кетті. Бірақ Бердібек Сапарбаевтың елді жиі аралап, мәселеге өзі тікелей араласатынын көпшілік көріп отыр. Ол Шығыс Қазақстан облысы әкімі қызметіне тағайындалғанда наразылар болған, кейін олар да жақсы пікір айтатыны байқалды, - дейді.
Саясаттанушы «Сапарбаевтың баспасөзде еркін көрінуі белгілі бір саяси ойын болуы да мүмкін. Өйткені саяси биліктен ығыстырылған Аслан Мусиннің Ақтөбе облысындағы кейбір ықпалдарын әлі де болса азайту үшін беделді әкім керек» деген де пікір айтты.
Азаттық тілшісі сөйлескен оппозициялық саясаткерлердің де пікірлері осыған ұқсас шықты. Бердібек Сапарбаевпен 1990-жылдардан қызметтес болған белсенді Әміржан Қосанов оны «сол кезде реформа жасаған үкіметтің беделді тұлғаларының бірі» санатына қосады. Оппозиционердің айтуынша, «Сапарбаевтың БАҚ пен әлеуметтік желіде жиі көрінуі жалаң пиарға ұқсамайды».
- Меніңше, тәжірибелі шенеунік ретінде ол өз-өзіне жоғары жақтың наразылығын туғызатындай кесірлі пиар жасауға тапсырма бермейді. Әрине, саяси амбициясы жоқ адам саясатқа бармайды. Бірақ әкімдердің бәрін саясаткер деуге болмайды. Олар – елбасы жеке жалдаған шенеуніктер ғана, сол себепті елдегі саяси режимнің жақсы ісіне де, жаман ісіне де жауапкершілікті бірдей алады. Өркениетті елде елге танымалдық, ел қолдауына ие болу – әкімдік карьераның бірден-бір шарты. Бізде ондай шарт біреу: президенттің көңілінен шығу, - дейді ол.
Оппозициядағы саясаткер Серікболсын Әбділдин «облыс әкімінің жұмысын сол облыс тұрғындарының өмір деңгейімен бағалау керек» деп есептейді. Оның айтуынша, «Бердібек Сапарбаев совет кезінде кейбір басшылар ұстанған жауапкершілікті сақтап қалған. Ол өзінің жұмысын насихаттау арқылы өзін өсірейін деп отырған адам емес, сондықтан президент одан қауіптенбейді. Президент айналасына қауіп төндіретіндерді жинамайды. Ол – шынымен өзінің іскерлігімен өзіне берілген тапсырманы орындауға күшін салып жүрген әкім».
«БОРДЮРБЕК»
Бердібек Сапарбаев Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарына әкім болған кездері берген сұқбаттарында туған-туыстарының бизнесіне қатысы жоқ екенін бірнеше рет қайталаған болатын. Шығыс Қазақстан облысы әкімі қызметіне тағайындалғаннан кейін ірі қалалардағы жол бордюрлерінің жаппай ауыстырылуын Сапарбаевқа қатысы бар бизнеспен байланыстырушылар облыс әкіміне «Бордюрбек» деген лақап ат қоя бастағаны байқалған. Мұнан соң, 2009 жылы, Сапарбаев «өзінің бордюр шығаратын фирмасы жоқ екенін» жергілікті телеарналардың бірінен мәлімдеуге мәжбүр болған. Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар да оның қандай да бір бизнеспен байланысы бар екенін естімеген.
Алайда былтыр 2015 жылы шілде айында вице-премьер ретінде бизнесмендерді «Туған жерге тағзым» әлеуметтік акциясына шақырған кезде «бизнесмен Нұрлан Смағұловтың қалай байығанын білетіні» туралы айтқан сөзі және ұлының жоғары лауазымды қызметке өсуіне «ықпал еткен» орынбасары Сара Нұрқатованы (Нұрқатова балаларының әкімдіктегі жоғары лауазымдарына қатысы жоқ екенін мәлімдеген – ред..) қызметінен босатқаннан кейін ақпарат құралдары Сапарбаев туыстарының бизнесі жайлы жариялады.
Қазақстанда белгілі бір аймаққа «шеттен» (басқа облыстан) барған басшыны жергілікті ықпалды тұлғалар жатырқай қабылдайтын жайттар болып тұрады. Сапарбаевтың туыстарының бизнесіне назар аудартып, оған непотизм (лауазымды тұлғаның туыстарын қызметте өсіруі - ред.) белгілерін таңуға тырысқан ақпараттардың жариялануына орынбасарымен қақтығысы түрткі болған-болмағаны белгісіз.
Қазақстандағы жергілікті БАҚ жариялаған ашық ақпараттарға қарағанда, «Бердібек Сапарбаевтың үш інісінің бірі Әлібек Нәлібаев - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы табысты кәсіпкер, Жаңақорған санаторийі акционерлерінің бірі. Туған інілері Пазылбек Нәлібаев Қызылорда облыстық жол полициясының бастығы болған, Нұрлыбек Нәлібаев - қазір Қызылорда қаласының әкімі».
Қызылорда қаласында тұратын қоғам белсендісі Сағат Жүсіп жергілікті елдің Сапарбаевтың інілерінің аймақта ықпалды болуын оның қолдауынан көретінін айта келіп:
- Өзі өскен ауылға әкесі Мәшбектің атын алып беріп, жыл сайын күрестен турнир өткізеді, - дейді. Жүсіп «Сапарбаев өзін жақсы насихаттайды» деп санайды.
Бердібек Сапарбаев өзіне қатысты ақпараттарға көбінесе жауап қатып отыруға тырысады. Жақында шыққан сондай ақпараттардың бірінде айтылған «шетелдік қымбат көлік мініп суретке түскен баласына» байланысты Сапарбаев БАҚ-қа жауап беріп, «баласының қымбат көлікпен жүруіне жол бермейтінін» мәлімдеген еді.