Қасиет Омарова 23 жасында көзінен жарақат алып, бірінші топтағы мүгедек болып қалған. Ол мектеп бітіріп, жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін біраз жұмыс істеп те үлгерді. Жанарынан айырылған соң ол қоғамдық қызметпен айналысып, мүгедектердің проблемаларын шешуге көмектесіп жүр.
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ АУДИОБАҒДАРЛАМАЛАР ҚАЖЕТ
Қасиеттің айтуынша, зағиптардың көптеген проблемаларының бірі – қазақ тілін үйрене алмауы. «Аржан» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Қасиет Омарова Азаттық тілшісіне:
– Жұмысқа алғанда қазақ тілін білуді әрдайым талап етеді. Бұл орайда зағиптардың көпшілігінің проблемасы - олар қазақ тілін білмейді. «Тілдер туралы» заңда қазақ тілін меңгеру әр азаматтың парызы екені, оған мемлекет жағдай жасауға міндетті екені жазылған. Осыған сүйене отырып, біз премьер-министрге және төрт министрлікке көмек сұрап хат жаздық, – деді.
Белсендінің айтуынша, Қазақстанда зағиптарға арналған қазақ тіліндегі әдебиеттер жоқ. Қасиет "мобильдік құрылғылар мен компьютерлердің өзге тілде (мысалы, орысша, ағылшынша, жапонша) сөйлейтін бағдарламалары болғанымен, қазақ тіліндегісі жасалмағанын" айтады.
Әзербайжан мамандары өз елдерінде мұндай бағдарламаны 50 мың евроға жасап шығарған. «Көріп отырғандарыңыздай, бұл – техникалық тұрғыда қолдан келетін шаруа» дейді Қасиет Омарова.
Зағиптар белсендісі "мұндай бағдарламаларды жасап шығару туралы әңгімелердің Қазақстанда бес жыл бұрын айтыла бастағанын, алайда істің алға жылжымағанын" айтады. Ол «Зағиптар жұмысқа тұрарда қос дискриминацияға – мүгедектігі және тіл білмеуіне байланысты алалауға ұшырайтындықтан, бұл мәселені шешудің мерзімі жетті» дейді.
Зағиптар мен көзі нашар көретіндерге арналған республикалық кітапхана директорының орынбасары Мақсұт Жұмабеков "компьютерлер мен брайльді дисплейлерде қазақ тілінде сөйлейтін синтезаторлардың жоқ екенін" айтып қынжылады.
– Бүгінгі талап – қазақ тілін үйрену. Қазір іс қағаздар қазақ тілінде жүргізіледі. Кітапханада екі брайль дисплейі бар, оларды алуға Мәдениет министрлігі көмектескен. Бір дисплейдің құны екі миллион төрт жүз мың теңге болды. Бірақ бұл – теңізге тамшыдай ғана көмек, – дейді Мақсұт Жұмабеков.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМҒА МҰҚТАЖДЫҚ
Алматының бас офтальмологі Нейля Алдашева зағиптардың қазақ тілін үйренуі жөніндегі мәселені соқырлар қоғамының өкілдерімен бірге үкіметте неше мәрте көтергендерін, бірақ оларынан нәтиже шықпағанын айтады.
– Қазақ соқырлар қоғамының өз баспаханасы бар, олар зағиптарға арналған қазақша арнайы кітаптарды басып шығарады. Көз аурулары институтында жуырда үкіметтік емес ұйымдармен, соқырлар қоғамының өкілдерімен кездесу өтіп, зағиптар проблемаларын талқыладық.
Медициналық қызмет көрсетулер жөніндегі барлық ақпаратты бедерлі шрифтіге алмастыру, дыбыстық бағдаршамдар орнату, қаланың барлық жерлерінде: банктерде, кітапханаларда, кинотеатрларда, әкімдіктерде дыбыстық сигналдар орнату қажет деген қорытындыға келдік. Үкіметке сауал жолданды, енді нәтижесі мен қаражат күтеміз, - дейді Нейля Алдашева.
Бас офтальмолог республикадағы, оның ішінде Алматыдағы зағиптар санын айта алмады. Ол мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен ақпарат алудың қиындығымен түсіндірді. Дегенмен мынадай мысалдар келтірді: бес жыл бұрын глаукомамен ауыратындар саны (олармен тікелей көз аурулары институты айналысады) 37 мың болса, қазір – 90 мың. «Яғни көз ауруымен ауыратындар саны өсіп келеді» деп ұқтырды маман.
Соқырлар қоғамының реабилитологі Жазира Мұқыбекова Азаттыққа зағиптардың қазақ тілін үйренуге қолдары жетпеуінен бөлек, өзге де проблемалары көп екенін айтты.
– Зағиптар ақшаларын банкомат арқылы алады, сондықтан ол жерге де бедерлі шрифтілер орнатылса дейміз. Мысалы, Жапонияда зағиптардың қолында автобустың нөміріне сәйкес дірілдейтін пульттері бар. Қазақстанда зағиптар үшін тіпті қазақ тіліндегі курстар да қарастырылмаған, - дейді Мұқыбекова.
«Аржан» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Қасиет Омарова келтірген мәліметтері бойынша, Алматы қаласында – төрт мың, ал елде шамамен 20 мың зағип есепте тұр. Белсенді өздері көтерген мәселелер шешіледі деп үміттенеді.