"МОРАЛЬДЫҚ ЗАРДАП ШЕГУ"
Биыл қаңтардың басында Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сол кездегі директоры "Ерлан Біләлдің талап етуімен 1,5 миллион тең пара беруге мәжбүр болып, сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне хабарлады" делінген "Сезам" қуыршақ театрының жетекшісі Қайрат Баянов Біләл ұсталғаннан кейін тыныштығынан айырылғанын айтады.
- Ерлан Біләлді ұстап бердің деп айыптаушылар шықты. Менде өзге жол қалмаған еді, - дейді ол.
Ерлан Біләлдің соты кезінде ақпарат құралдарына берген сұхбатында Қайрат Баянов қоғамдық пікір қысымына ұшырағанын, өзін "халық жауы" тәрізді көрушілер пайда болғанын мәлімдеген еді. Баянов Біләлдің сотына жәбірленуші ретінде қатысқысы келгенін, бірақ сотта куәгер статусында қатысуға мәжбүр болғанына таңырқайды.
Ерлан Біләлдің ісі бойынша сот туралы видео (31 қаңтар 2018 жыл)
Your browser doesn’t support HTML5
Қайрат Баянов сот барысында "қоғамда өзі туралы теріс көзқарас қалыптастырғаны үшін Ерлан Біләлден бір миллион теңге моральдық өтемақы талап ететіні" туралы сотқа арыз беріп, талапкер статусына өткен болатын. Бірақ сот оның талап-арызын қанағаттандырмады.
7 ақпанда Алматының Алмалы аудандық соты "пара алуға әрекеттену" айыбы тағылған және кінәсін толық мойындаған Ерлан Біләлді Қылмыстық кодекстің "Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу" және "Пара алу" баптары бойынша айыпты деп танып, сотталушыға 52,5 миллион теңге айыппұл салу, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасын кесті. Сот бұған қоса Біләлді "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағынан, "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс жасады.
Оқи отырыңыз: Ерлан Біләлге 52 миллион теңге айыппұл салды
Сот үкімін тыңдауға келмей қалған Қайрат Баянов та, оның адвокаты Рамиля Мұхамедиева да моральдық өтемақы өндіру туралы талап-арызды қайта беру мәселесін әлі де ойланып көрмекші.
Азаттық тілшісі хабарласқан Қайрат Баянов қалай моральдық зардап шеккені туралы таратып айтуға құлық танытпады. Ол бұл оқиғадан кейін өзі басқаратын "Сезам" қуыршақ театрының жұмысында кедергілер пайда болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
- 20 жылдан бері мемлекеттен ақша алмай, өз күшімізбен келе жатқан театрмыз, - дейді ол.
Азаттық тілшісінің Ерлан Біләлдің өзінен қандай да бір комментарий алуға тырысқан әрекеті нәтиже бермеді.
ҚОҒАМ РЕАКЦИЯСЫ
Қазақстанда кейінгі жылдары жемқорлыққа байланысты әлдебір шенеуніктің үстінен іс қозғалғаны туралы ақпараттар жиі естілетін болған. Мұхтар Әуезов атындағы драма театрдың директоры қызметіндегі Ерлан Біләлдің "парамен ұсталғаны" туралы тақырыпты жұртшылық әлеуметтік желіде қызу талқылаған еді.
Театрда бірнеше жыл басты рөлдерді сомдаған танымал актер әрі театр басшысы Ерлан Біләлдің "пара алғанын мойындағаны" туралы хабардан кейін әлеуметтік желіде оны өнегелі азамат ретінде сипаттап, "мұндай іске қимайтын" посттар да жарияланған. "Пара беруге мәжбүр болды" делінген Қайрат Баяновтың ісін құптағандар да, ұнатпағандар да болды.
Журналист Қуандық Шамахайдың пікірінше, жемқорлық жайлы айтқан адамды айыптау - "қоғамның өзі кей ретте қылмысқа көз жұма қарауға дағдыланғанының белгісі болуы мүмкін".
- Парақордың ісін әшкерелеушіні қылмысты іштей қолдайтын, өздері де пара алатындар ғана жақтырмаса керек. Қылмыс жасаған адамды қолдап, онымен ымыраласатын болсақ қоғам түзелмейді, - дейді ол.
Қылмыс жасаған адамды қолдап, онымен ымыраласатын болсақ қоғам түзелмейді
Қуандық Шамахайдың сөзінше, пара алушы мен пара беруші жайлы білетіндер аз болмағанымен тиісті орындарға хабарлайтындар некен-саяқ. Оның түрлі себебі бар. Кейбірі өздері де пара беруге кетәрі емес немесе тіпті "қолынан келіп, қонышынан басқан" кезде пара алғандар болса, енді біреулері әлдебір шенеуніктің пара сұрағаны жайлы хабарлауға сескенеді дейді ол. Өйткені, "парақорларды ұстайтын орындарда да олардың танысы болуы әбден мүмкін".
- Біздің қоғам парақорлардан құтылғысы келеді. Күрескен сияқтанады. Бірақ ешкім өзі бастамашы болғысы келмейді. Қазіргі кезде жұмысында қандай да бір әділдік талап еткен адамның пәлеқор атануы оп-оңай. Оны ұжымнан шеттетіп қана қоймай, басқа жұмысқа ауысса, сол жерге де хабарлап қояды, - дейді Қуандық Шамахай.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жемқорлық фактісін хабарлаушы жайлы қоғамда теріс көзқарастың орнығуын жеке адамның азаматтық ұстанымымен, азаматтық қоғамның жетілмеуімен байланыстырады.
- Біз пара алушыны ұстап берген адамға алғыс айтуымыз керек. Ол адам өзінің азаматтық ұстанымын білдірді, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінді. Жеке адамдар қандай да бір қылмысқа қарсы тұруға пейілді болса, соған әрекеттенсе ғана азаматтық қоғам қалыптасады. Біз әлі ол деңгейге жеткен жоқпыз, - дейді ол.
"БӘРІНЕ ЖҮЙЕ КІНӘЛІ"
Ерлан Біләл парақорлық қылмысына күдікті ретінде ұсталғаннан кейін іле-шала Мұхтар Әуезов атындағы драма театр ұжымы мен әріптестері жиын өткізген еді. Онда "миллиардтарды алып жатқандар еркіндікте жүрсе, мизер алғандар осылай ұсталатынын" айтқан актер Асанәлі Әшімов "мұндай сатқындықты ұйымдастырған адамды сотқа шақыратын" болған.
Әуезов атындағы театрдағы жиын (8 қаңтар 2018 жыл):
Your browser doesn’t support HTML5
Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин "Әуезов театрының жетістігі – Ерлан Біләлдің арқасы. Ол біреуге сеніп, құрбан болып отыр" деп мәлімдеген.
Азаттық тілшісі осы жиында сөйлеген жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевқа хабарласқан еді. Ол қылмыс жайлы хабарлаған адамды айыптауға болмайды деген пікірін жеткізді. Жазушының сөзінше, жиналғандар Ерлан Біләлдің осындай әрекетке баруына себеп болған жүйені кінәлаған.
- Ерлан Біләл жасаған қылмысына қарай жазасын алсын. Бірақ, "Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері" деген атағын қалдырса болар еді. Өйткені, ол өнерге еңбек сіңірген, өнерге керек адам. Ондай адам табыла бермейді, - дейді Сұлтанәлі Балғабаев.
Оның пікірінше, "парамен қаншама адам ұсталса да жемқорлық жалғаса береді. Себебі, кез-келген сала пара беруге және алуға ыңғайлы етіп құрылған".
Қазіргі театр жүйесі мемлекет ақшасын жаратуға арналған. Ол ақша табуды көздемейді
- Мәселен, театрда пъесаны қабылдау, оған ақша төлеу жүйесі де пара алуға ыңғайланған. Директор пъесаны өзі жазады, не болмаса біреуге жаздырады да, ақшасын бөліп алады. Қазіргі театр жүйесі мемлекет ақшасын жаратуға арналған. Ол ақша табуды көздемейді. Егер ақша табуды көздесе, "Сезам" театрын өзі шақырып, "қойылым қой да, ақша тап" дер еді. Егер театрдағы осындай тетіктер сақтала берсе кез-келген директордың пара алуға мүмкіндігі болады. Олардың бәрін жазалаған дұрыс па, әлде жүйені өзгерткен дұрыс па? - дейді ол.
Сұлтанәлі Балғабаев сөзіне дәлел ретінде 2016 жылдың желтоқсанында Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының бұрынғы директоры мен тағы екі қызметкерінің "ірі көлемдегі ақшаны талан-таражға салған" деген айыппен бірнеше жылға бас бостандықтарынан айырылғанын мысалға келтірді.
ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ХАБАРЛАУШЫҒА СЫЙАҚЫ
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңның 24-бабында "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып табылады" деп көрсетілген. Осыған байланысты көп жағдайда жемқорлық туралы хабарлаушының аты-жөні белгісіз қалады.
Азаттық бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы, әдеп кеңесінің жетекшісі Айгүл Байхановамен де сөйлескен еді.
Оның айтуынша, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адам туралы ақпарат" тек сол адамның рұқсатымен ғана көпке жарияланады және осыдан кейін оның өзіне немесе туыстарына қандай да бір қатер төнсе, мемлекет оларды қорғауына алады.
Айгүл Байханова сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адам туралы қоғамда жағымсыз көзқарастар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
- Жемқорлықпен күресу қажеттігін бәрі айтады. Бірақ оны біреу жүзеге асыруы керек қой. Адамдар ең болмаса пара бермеу мәдениетін қалыптастыруы керек, - дейді ол.
2017 жылы жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 187 адамға 26 миллион теңге сыйақы берілді. Сыйақының көлемі 200 мың теңгеден жоғары және ақпараттың маңызына қарай өсе түседі
Байханованың сөзінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсетушілер соңғы жылдары біртіндеп көбейе бастаған.
- 2015 жылы жеті адам жемқорлық туралы хабарлаған, оларға 870 мың теңге сыйақы берілген. Ал 2017 жылы жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 187 адамға 26 миллион теңге сыйақы берілді. Сыйақының көлемі 200 мың теңгеден жоғары және ақпараттың маңызына қарай өсе түседі, - дейді ол.
2015 жылы қабылданған "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңда "Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін адам мемлекет қорғауында болады және Қазақстан Республикасының үкіметі белгілеген тәртіппен көтермеленеді" деп көрсетілген.
9 ақпанда Астанада үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "соңғы екі жылда 2200 лауазымды қызметкер жемқорлық бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, оның ішінде министрлер де, облыс әкімдері де, барлық деңгейдегі ведомство басшылары бар екені" туралы мәлімдеген.