Нұрлан Смағұловтың өнерді қолдау мәнері

Бизнесмен Нұрлан Смағұлов жеке коллекциясы қойылған көрменің ашылуында сөйлеп тұр. Алматы, 27 тамыз 2015 жыл.

Алматыда бизнесмен Нұрлан Смағұловтың жеке коллекциясының көрмесі өтіп жатыр. Әдетте қазақстандық топ-бизнесмендердің картиналар коллекциясын көрудің сәті сирек кездеседі.

Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында Нұрлан Смағұловтың коллекциясынан ашылған көрмеде Әбілхан Қастеев, Молдахмет Кенбаев, Айша Ғалымбаева, Павел Зальцман, Жаңатай Шарденов, Марат Бекеев, Андрей Нода, Вячеслав Люй-ко сияқты көптеген классиктер мен қазіргі заман суретшілерінің шығармалары бар.

Көрменің ашылуына орай таратылған баспасөз хабарламасына қарағанда, қазір коллекцияда бір мыңнан аса туынды бар. Көрмеге оның аз ғана бөлігі қойылған.

«ЕҢ ӘУЕЛГІ ЭКСПОНАТЫМ – МАСКА»

– Ән айтатын да, сурет салатын да, мәнерлеп өлең оқитын да өнерім жоқ. Дарын атаулыдан жұрдай болғаныммен, өнерді түсінетін қабілетім бар, мен үшін осы маңызды, - дейді өнер туындылыры коллекциясын жинауды қалай бастағанын әңгімелеп берген бизнесмен Нұрлан Смағұлов.

Алдыңғы қатардағы – Рысбек Ахметовтың қолынан шыққан мүсіндер. Нұрлан Смағұлов олардың бір бөлігін «Кристис» аукционынан сатып алған. Алматы, 27 тамыз 2015 жыл.

Нұрлан Смағұлов суретшілердің туындыларын 1990 жылдардың орта тұсынан жинай бастаған. Ең бірінші сатып алған дүниесі – Бурятия тумасы, 1968-1994 жылдары Алматыда тұрған, жұртқа ағаш мүсіндерімен танылған белгілі скульптор Сэрэнжаб Балданоның қолынан шыққан маска. Оны бизнесмен 100 долларға сатып алған екен. Қазір оның коллекциясында Сэрэнжаб Балданоның «Мен және менің маскаларым» топтамасынан алты туынды бар, олардың бәрі осы көрмеге қойылған.

– 1990-жылдардың ортасында Қазақстан өнер туындылары қазіргіден арзан болатын. Оларды арзанға сатып алғанмын, - дейді коллекционер.

Нұрлан Смағұлов коллекциясының алғашқы бөлігін советтік Қазақстанның ең үздік коллекционері саналатын Юрий Кошкиннің коллекциясы негізінде құрған. Кейін суретшілермен танысып, олардың шеберханаларын аралап, көрмелеріне бара бастаған. Алғашқы кезде картиналарды өнертанушы, суретшілердің көмегімен таңдаған. Қазір тек өз талғамына ғана сүйенеді.

МҰРАЖАЙ АШУ ИДЕЯСЫ

Нұрлан Смағұлов қазақстандық авторлардың көп картиналарын шетелден әкелген әрі қазір олардың Қазақстанда екеніне риза екенін айтады.

– Шекарада тартып алмас үшін Сэрэнжаб Балданоның маскаларын Қытайда шығатын кенеп сөмкелерге салып, Мәскеуден әкелдім. Ал Павел Зальцманның еңбектерін Израильден әкелдім. Зусмановичтер отбасы – Павел Зальцманның қызының үй-іші өнерді қаншалықты сүйетінімді ұзақ тексерді. Олар мені әбден тексеріп алған соң ғана бірнеше еңбегін маған сатуды ұйғарды, - дейді бизнесмен.

Кейбір картиналар Нью-Йорк пен Еуропаның «Сотбис» және «Кристис» аукциондарында сатып алынған. Мысалы, қазақстандық суретшілер Евгений Сидоркин, Рысбек Ахметов, Салихитдин Айтбаев және өзгелердің еңбектері «Кристис» аукционына шығарылған.

Бірақ, Қазақстан азаматы ретінде осы туындыларды елге қайтаруды абыройлы парыз санаған мені олардың жеңуі мүмкін емес еді.

– Әлгі аукциондарда Батыс Еуропа коллекционерлерімен таласқа түстім. Жолымыз болып, біз жеңдік те аукционға шығарылған барлық туындыны сатып алдық. Бірақ, Қазақстан азаматы ретінде осы туындыларды елге қайтаруды абыройлы парыз санаған мені олардың жеңуі мүмкін емес еді. Қымбатқа түскенімен, оларды сатып алғаныма өкінбеймін. Қазақстандықтар бұл туындылардың бағасын біледі деп ойлаймын, - дейді Нұрлан Смағұлов.

Оның коллекциясының негізгі өзегі де, жалпы бүкіл коллекцияның 99 пайызы да – қазақстандық авторлар.

– Бұл коллекцияны жинағанымызға, каталогтар шығарып, репродукциялар жасаумен айналысқанымызға қуанамын. Коллекция негізінде курстық, диплом жұмыстары және ғылыми жұмыстар жазылады. Бұл шаруаны тастамай, кейінірек әлдебір жеке меншік мұражайға айналдырамыз деген ойым бар, - дейді ол.

Нұрлан Смағұловтың айтуынша, мұндай мұражайды құру идеясын тағы бір қазақстандық бизнесмен – Сержан Жұмашев те қолдаған.

Коллекциядағы картиналардың бір бөлігін бизнесменнің иелігіндегі автосалондар мен «Мега» сауда-ойын орталығынан да көруге болады. Мысалы, коллекциядағы құны жағынан ең қымбат экспонат – Фернан Леженің «Әйелдер және тотықұс» барельефі «Мега» орталығында тұр. Нұрлан Смағұлов оны Лондондағы «Сотбис» аукционынан миллионнан асатын қаржыға сатып алған. Қалғандары үйінде және арнайы орындарда сақталған.

АЛПЫСЫНШЫ ЖЫЛДАР ӨНЕРІНЕ ТӘНТІ БОЛУ

Жеке талғамы туралы сырын ашқан Нұрлан Смағұлов өзіне дәстүрлі туындылар, әсіресе 1960 жылдары салынған суретшілер еңбектері ұнайтынын айтады.

– Алпысыншы жылдар суретшілерінің ғажайып әлемі коллекциямның негізін құрайды. Ең таңдаулылары жеке коллекциямда бар, - дейді ол.

Бизнесмен әрі коллекционер Нұрлан Смағұлов өз коллекциясындағы туындылар қойылған көрмеге келушімен сөйлесіп тұр. Алматы, 27 тамыз 2015 жыл.

Бизнесмен әрі коллекционер 1960 жылдардың еркіндігін сағынатынын, бірақ ол заманның «жылымығын» жұрттың әлі бағалай қоймағанын айтады. Нұрлан Смағұлов қазіргі заман өнерін де сынайды. Оның пікірінше, қазақстандық суретшілерідің өнерінде қазір конъюктура басым.

– Қазіргі жас суретшілердің арасында дүниеге еркін көзқарас жұтаң екенін байқаймын. Әлдебір дәстүрлі қолданбалы өнер деңгейіне құлдырап бара жатырмыз ба деп қорқамын. Батырларды әспеттеу, жырлау негізгі бағытымызға айналды. Ал алпысыншы жылдардың суретшілері замандастарының келбетін ашып, әлеуметтік құбылыстарды көрсету арқылы адамды еріксіз ойландыратын. Ал біз жоңғарларды жеңген айбынымызды мақтан етуден аса алмай жатырмыз. Бұл да керек шығар, бірақ тым шектен асырып жібердік, - дейді ол.

Нұрлан Смағұловқа бейнелеу өнерін коммерцияға айналдыру да ұнамайды. Оның пікірінше, суретші еркін ойлы, тәуелсіз болуы тиіс. Қазақстандағы арт-нарық саласының даму деңгейіне де көңілі толмайды.

– Өкінішке қарай, соңғы кезде арт-рынок азып барады. Жасанды, жалған дүниелер көп те, коллекционерлер аз. Бұл көрмені ұйымдастырудағы мақсатымның бірі – ақшасы бар жандар оянып, суретшілерді қолдаса деген ниет. Қымбат жихаз сықасқан, ал қабырғасына қытайдың түкке тұрғысыз күміс заттарын немесе қымбат табақтарын іліп қойған талай үйді көріп жүрмін. Кей үйлерде Италияның қолданбалы өнеріне жататын заттар тұрады. Бірақ өзіміздің төл мәдениетімізге қатысты дүниеден жұрдай. Ақшасы бар қалталы қазақстандықтар суретшілерге назар аударса жақсы болар еді. Сол кезде рынок та, сұраныс та пайда болады. Менің міндеттерімнің бірі – қоғамға ой салып, суретшілердің картиналарын сатып алуға қозғау, - дейді Нұрлан Смағұлов.

БИЗНЕСТЕН БӨЛЕК ӘЛЕМ

Көпшілік жұрт бизнесменге «Коллекцияны не үшін жинайсыз?» деген сұрақ қойды. Нұрлан Смағұлов бұл іске бизнес ретінде қарамайтынын, тіпті коллекциясының құнын ақшамен бағаламайтынын айтады.

Нұрлан Смағұловтың коллекциясындағы «Саяхатшылар үй» туындысының авторы Эдуард Казарян (сол жақта) көрмеге келушілерге өз шығармасы туралы айтып тұр. Алматы, 27 тамыз 2015 жыл.

– Мен үшін бұл – эмоциялық ләззат. Бұл, керісінше, бір сәт көңіліңді бизнестен бұрудың амалы. Ақшаны таңның атысынан күннің батысына дейін «бизнес» деп аталатын ойында табамын, ал картиналар мен үшін бір сәт тынығатын әлем. Ешкіммен бәсекелеспеймін. Мұндай туындының көбін сыйға тарту еттім, бірақ ешқашан сатпаппын. Бұл дәстүрімді келешекте де бұзбаймын деп ойлаймын. Коллекциямды мұраға қалдырғым келмейді, ол барша жұртқа ортақ қоғамдық дүние болса деймін. Түбі ол Қазақстан халқының ортақ игілігіне айналады, - дейді коллекционер.

Нұрлан Смағұлов өнер туындыларын жинаумен айналысатын өзге де бизнесмен коллекционерлер барын айтқанымен, олардың есімін атамады.

– Белгілі бір себептерге байланысты олар коллекциясын жұртқа көрсетпейді. Бірақ, олар да еліміздің патриоттары, Қазақстанды менен кем жақсы көрмейді. Ал онсыз да жұрттың сөзіне ілігіп жүрген мен ештеңе жоғалтпаймын. Ертең жұрт «олигарх Смағұлов байлығын көрсетіп, тағы мақтанып қалды» деп айтатынын да білемін. Бірақ, «жол жүргенге бітеді» деген сөз бар емес пе? Қазақстанды ашық, зайырлы мемлекетке айналдыру үшін біреу бастауы тиіс қой. Азаматтығымызды танытудан, патриоттығымызды сөзбен емес, іспен көрсетуден қорықпау керек, - дейді бизнесмен.

ӨНЕРТАНУШЫНЫҢ ПІКІРІ

Өнертану ғылымы кандидаты, ARK көркем галереясы директоры Елизавета Малиновская бизнесмен Нұрлан Смағұловтың коллекциясында шоқтығы биік туындылар жиналған деп санайды.

Өнертану ғылымы кандидаты Елизавета Малиновская. Алматы, 27 тамыз 2015 жыл.

– Мұнда экспозиция хронологиялық емес, мүлде өзгеше принциппен орналасқан. Суретшілердің бүкіл буыны бір контекстпен, бір-бірімен «таласпайтындай» етіп шоғырланған. Әрі Қазақстан өнерінің 70-80 жылдық бедері жақсы ашылған, - дейді Елизавета Малиновская.

Нұрлан Смағұловпен 1994 жылы танысқан Елизавета Малиновская оны шығармашылыққа бейім тұлға ретінде таниды.

– Бизнесмендер галереяға келмейді емес, ара-тұра келіп тұрады. Бірақ, көбі «интерьер үшін бірдеңе алмақ едім» деп келеді, мұндайлардың өзі сирек бас сұғады. Олардың талғамы жасау-жихаз, перде, құмыра, шам-шырағданнан аспай қалған, батыстың өте қымбат дизайнерлерін әкеледі. Сонымен бітті! Ал шынайы өнерді бағалайтын жандар аз, сұраныс жоқ болғандықтан біздің суретшілер өнерді тастап кетіп жатыр, көрме өткізбейтін болды. Біздің көрмелерімізге қызығатын жандар кем. Көбінесе балетті де, музыканы да талғамай бара беретіндер келеді. Ал сатып алуға шамасы барлар келмейді. Нұрлан Смағұлов – ондайлардың қатарына жатпайтын ерекше жан, - дейді өнертанушы.