Орталық сайлау комиссиясының «хикаялары»

Cайлауға дауыс беруге келіп тұрған адамдар. (Көрнекі сурет).

Биыл наурыздың 20-сы күні өтетін мәжілістің ерте сайлауы қарсаңында Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) партияларға сайлау заңдарын сақтауды ескертті. Ал кей саясаткерлер ОСК-ның осыған дейінгі жұмысына күмәнмен қарайды.

Орталық сайлау комиссиясын ұзақ басқарған Зағипа Балиеваның 1999 жылы мәжіліс сайлауынан кейін депутаттарға «Қалай келгендеріңдерді ұмытпаңдар» деген ескертуі баспасөзге тарап кеткен.​

Your browser doesn’t support HTML5

Орталық сайлау комиссиясы

«БЮЛЛЕТЕНЬ ЖӘШІГІН ҚҰЛАТУ»

Сол кездегі депутат Серікбай Әлібаев «Балиева мұны сайлау нәтижесін бұрмалаумен өткен депутаттарға айтты» деп еске алады.

- 1999 жылы мәжіліс сайлауында оппозицияның көп дауыс ала бастағаны байқалды. Сол кезде Павлодар облысы әкімі Ғалымжан Жақияновтың сайлау нәтижесін бұрмалағысы келмеуі біздей билікті сынаушы адамдардың депутаттыққа өтуіне ықпал етті, - дейді ол.

Cаясаткер Серікболсын Әбділдин. Aлматы. 20 наурыз, 2015 жыл.

1993 жылы ОСК туралы ереже қабылданғанда Жоғарғы Кеңес төрағасы болған, кейін оппозицияға өткен саясаткер Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, «1994 жылдан кейінгі ОСК шығарған сайлау қорытындыларының күмәнді тұстары жеткілікті». 1999 жылы қаңтарда өткен президент сайлауына кандидат ретінде қатысқан ол «сайлау комиссиясы әділетсіздігін бастан кешкенін» айтады.

- Бірнеше облыста Назарбаевтан көп дауыс алғаныма бақылаушылар арқылы көз жеткіздік. Оны сайлауды ұйымдастырушылардың бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы оппозицияға шыққанда растады. Маған оны сол кездегі премьер Нұрлан Балғымбаев та айтты, - дейді ол.

Әбділдиннің сөзіне қарағанда, «әсіресе, батыс облыстарда аз дауыс алғандықтан, билік дауысты «қайта санап», Назарбаевқа берілген дауысты еселеп артық көрсеткен». Әбділдин Атырау мен Маңғыстау облысының «өзіне берген дауыстарын екі есе қысқартқанның өзінде 35 пайыз болған» дейді.

- Мұнан кейін екі облыс әкімі, 10-ға жуық қала әкімі, 100-ге жуық ауыл әкімі қызметінен кетті. Бұл әрине, кейінгі әкімдерге «сабақ» болды. 1999 жылы мәжіліс сайлауында Атыраудан Ғазиз Алдамжаров түсіп, бірінші турда 67 пайыз дауыс алды, бірақ «сайлау қате» деп, екінші рет өткізді. Ол жолы да көп дауыс жинай бастағанда бюллетень жәшігін құлатып, жанжал ұйымдастырып, ақыры «сайлау өтпей қалды» деп шешім шығарды. Іс Қазақстан жоғарғы сотына дейін жетті, сайлау комиссиясы мүшелері мойындаса да Алдамжаров сотта жеңілді, - деді Әбділдин.

«ОСК ТӨРАҒАЛЫҒЫН СҰРАУ»

ОСК-ға қатысты даудың бірі 2004 жылы Заманбек Нұрқаділов оппозицияға кеткеннен кейін шықты. Ол сұхбаттарының бірінде «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, ОСК төрайымы Зағипа Балиеваны босатып, орнына өзін қоюды сұрағанын» айтқан еді.

1993 жылы Жоғарғы Кеңесті заңсыз таратуға үлес қосқанына өкінетінін білдірген Заманбек Нұрқаділов «ОСК төрағасы болса барлық партиялар мен жоғары билік өкілдерін, халықаралық ұйымдарды шақырып, әділ сайлау шарттарын кеңесетінін, бөгет жасағандарды тәртіпке келтіретінін» айтқан.

Еуропа сапарынан оралған Заманбек Нұрқаділов Алматы әуежайында журналистерге сұхбат беріп тұр. 3 ақпан 2005 жыл.

2004 жылы көктемдегі бір сұхбатында ол «Егер әділ сайлауға қол жеткізе алмасақ, оларды мүлде өткізбеген жөн. Әзірге әділ сайлауға жағдай жасалған жоқ – сайлау комиссиялары өзгермеді, олардың құрамында оппозиция өкілдері жоқ... Ал әділ сайлау болмаса, әділ парламент те болмайды, онда [елде] мен болжаған сүреңсіз жағдай орнайды» деген болатын.

Сол жылы мамырда президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенін айтқан Нұрқаділовтің баяндауына қарағанда, Назарбаев оны «ОСК төрағасы заңгер болуы керек, оның үстіне қазір жұмыс істеп тұрған сайлау комиссиясы сайлауды әділ өткізе алады деп сендіруге тырысқан».

2000 жылдары оппозиция қатарында болған саясаткер Амангелді Керімтаев пен бұрынғы депутат Серікбай Әлібаев Азаттық тілшісіне Нұрқаділовтің ОСК төрағасы қызметін сұрауын «ширығудан (наразылықтан – ред.) туған әрекет» санайтындарын айтты. Оппозициялық партиялардың сайлау штабтарына жетекшілік еткен олар «президент нотариусы қызметін атқарып отырған ОСК төрағалығын Нұрқаділовке бермейтін еді» деп еске алады.

«БЮЛЛЕТЕНЬ ӨРТЕУ»

1999-2005 жылдары парламент сенаты депутаты болып жүріп билікті жиі сынаған, кейін президент сайлауына кандидатурасын ұсынғанмен, бірнеше мәрте сайлау комиссиясы талаптарынан өте алмаған Уәлихан Қайсаров «ОСК сайлауға қатысатын партиялар өкілдерінен құралуы тиіс» деп санайды. Оның сөзінше, қазіргі сайлау жүйесі бойынша дауыс беру бюллетеньдерін санау, жинау процесін бақылау қиын.

- Бұрын сайлау бюллетеньдерін 5 жылға дейін сақтайтын. 2000 жылдары енгізілген өзгерістер бойынша 60 күннен кейін жойылатын болды. Билік өзгере қалса, бұрынғы сайлау бюллетендерін қайта санауы мүмкін деген қауіптен солай жасаған секілді, - дейді ол.

Дос Көшім Азаттық радиосының студиясында сұхбат беріп отыр. Алматы, 12 ақпан 2015 жыл.

1999-2005 жылдары республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесі президенті болған саясаткер Дос Көшім «ОСК төрағасын президент емес, саяси партиялар ұсынып, парламент бекітсе дұрыс болар еді» дейді. Оның сөзінше, «ОСК қазіргі сайлау заңы бойынша кандидаттарға да, бақылаушыларға да бюллетеньді қайта санатуға мүмкіндік бермейді».

2004 жылы Украинада өткен президент сайлауына бақылаушылар тобын басқарып барған Дос Көшім «Украина президенттігінен үміткер, оппозициядағы саясаткер Виктор Ющенконың Виктор Януковичті бюллетеньді қайта санату арқылы жеңгеніне куә болғанын» айтады. Оның айтуынша, Украинада сайлауға түскен партия өкілдері учаскелік және округтік сайлау комиссияларына мүше болады. Егер сайлауға түсетін партия тым көп болса, мүшелік жеребе бойынша анықталады.

«​ОСК ЖҰМЫСЫ КӨБІНЕ НЕГІЗСІЗ СЫНАЛАДЫ» ​

Ал Қазақстан халықтық коммунистік партиясы (ҚХПК) мүшесі Жамбыл Ахметбеков "ОСК жұмысы көбіне негізсіз сыналатынын" айтады. Оның сөзіне қарағанда, «ОСК сайлауды ұйымдастырады. Ал кей партиялардың озып, кей партияның артта қалуына әсер ете алмайды. Саяси партиялар өз күштеріне сенгені дұрыс».

Жамбыл Ахметбеков мәжіліс депутаты ретінде сұхбат беріп тұр. Астана. 18 ақпан, 2015 жыл.

- Сайлау комиссиясының құрамында әр партия мүшесі болуы керек деген дұрыс. Бірақ олардың қолында ештеңе жоқ. Халық қалай сайласа, солай шешіледі. Кейде дауысты бұрмалайтын секілді көрінуі мүмкін. Бірақ көп дауысты бұрмалауға сайлау комиссиясының уақыты да, күші де жетпейді. 2007 жылы ҚХПК сайлау штабының жетекшісі болдым. Сонда байқағаным кейбір болмашы қателіктерді жолы болмаған партия өкілдері ту етіп көтереді. Өзінің беделі төмен екенін, халықпен жұмыс істеудің басқа тәсілі бар екенін білмейтіндер жыл сайын солай айтады. ОСК талай рет жақсы жағына қарай өзгерді, бірақ наразылар бәрібір шыға береді, - дейді Ахметбеков.

ОСК туралы ереже бойынша, «ОСК міндеті - әділ, шынайы және еркін сайлаулар мен республикалық референдумдар өткізу». 1993 жылы желтоқсанның 8-і күні шыққан Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің ОСК-ні сайлау туралы қаулысы бойынша оның құрамын Қазақстан президенті ұсынысы бойынша Жоғарғы Кеңес сайлайтын болған.

1996 жылы қарашаның 11-і күні Қазақстан президенті жарлығымен ОСК туралы жаңа ереже бекітілді. Қазіргі конституцияға сәйкес ОСК төрағасы мен екі мүшесін бес жылға Қазақстан президенті, қалған төрт мүшесін парламент мәжілісі мен сенаты тағайындайды. Қазақстандағы белсенділер мен халықаралық ұйымдар ОСК басшылығын мұндай жолмен сайлауды демократияға қарсы тәсіл деп сынап келеді.

Қазақстанда өткен президент және парламент сайлауларын ТМД бақылаушылары «талапқа сәйкес өтті» деп бағалап келе жатса, ЕҚЫҰ олардың «демократиялық талаптарға қайшы өткенін» мәлімдеумен келеді.

1995 жылғы Қазақстанның «Сайлау туралы» заңы бойынша «сайлау комиссияларын саяси партиялар ұсыныстары негізінде мәслихаттар сайлайды». Қазақстанда былтыр жасақталған сайлау комиссиялары 2019 жылға дейін жұмыс істейді. Ол сайлау комиссияларына негізінен «Нұр Отан», «Ақжол», Қазақстан халықтық коммунистік партиясы, «Бірлік» және «Ауыл» партиясының өкілдері мүше болғаны айтылады.

Орталық сайлау комиссиясысының қазіргі құрамындағы партия мүшелері жөніндегі сауалдарға комиссия ауызша жауап беруден бас тартып, сұрақтарды жазбаша түрде жолдауды сұрады.​