Алматы облысының Іле ауданында тұратын Әбдіғали Ақпаев – 1986 жылы сәуірдің 26-сында Украинадағы Чернобыль АЭС-інде болған апаттан соң ол өңірді залалсыздандыру жұмысына жегілген жүздеген мың азаматтың бірі.
Your browser doesn’t support HTML5
Жоғарғы оқу орнында «инженер-техник» мамандығы бойынша оқып жүрген Әбдіғали Ақпаевты 1985 жылы үшінші курсты бітірген соң армия қатарына шақырып, Украинаның Чернигов облысына қарасты Гончаров қалашығына апарған.
- Әскери техникаларды жөндеу батальонында жөндеуші болып жүрген едім. 1986 жылы 26 сәуірде жарылыс болды. 12 мамырда ротадан төрт жігітті жарылыс болған аумақтан 12 шақырым қашықтықта орналасқан пионер лагеріне алып барды, – дейді Әбдіғали Ақпаев.
Әбдіғали Ақпаев апат орнын залалсыздандыруға келген әскерлер мен азаматтық белсенділерді ол маңға әуелі қарапайым автобуспен тасығанын еске алды.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: 30 жылдан кейінгі Чернобыль:
- Апат аймағында әр адам күніне екі сағат қана жұмыс істейтін. Кейін ғана жабдықталған әскер техникаларды пайдалана бастады. АЭС-тен тараған радиацияның таралу аймағының жоғарғы деңгейінің диаметрі 30 шақырым деп есептелді. Сонда бізді радиацияның ішіне апарып тастапты, – дейді ол.
Әбдіғали Ақпаев Чернобыль апаты аймағында 14 мамырдан 26 маусымға дейін 40 күндей жұмыс істеген. Ол қазір соның кесірінен екінші топ мүгедегі болғанын, соңғы 15 жылдан бері құлағы үздіксіз шыңылдап тұратынын, тез шаршап, үнемі басы ауыратынын айтады.
«ЕШҚАНДАЙ ЖЕҢІЛДІК НЕ ӨТЕМАҚЫ АЛҒАН ЖОҚПЫН»
Чернобыль АЭС-індегі апаттан кейін ол маңды залалсыздандыруға барған азаматтың енді бірі – Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыжаз ауылында тұратын Берік Қылышбаев. Ол жарылыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына 1 жыл 4 ай қатысқан.
- 1986 жылы Харьков қаласына әскерге бардым. 1987 жылы 1 қаңтарда Чернобыльге жіберді. Жарылыс болған аймаққа тақау орналасқан ауыл бар екен. Апаттан кейін тұрғындарын басқа жаққа түгелдей көшіріп жіберіпті. Біз сол ауылға тұрғындардың қайтып келмеуін бақылап, күзетте болдық, – дейді Берік Қылышбаев.
Ол Чернобыльде өзімен бірге болған азаматтардың көбінің шашы мен тісі түсіп қалғанын, өзінің де шашы түсіп жатқанын айтады.
- Бұл радиацияның салдары болар. Бірақ [Чернобыльдегі апат орнын залалсыздандыруға қатысқаным үшін] ешқандай жеңілдік немесе өтемақы алмаймын, – дейді Берік Қылышбаев.
«АЙЫНА 40 МЫҢ ТЕҢГЕ АЛАМЫН»
Чернобыль АЭС-інде болған жарылыстан кейін ол маңға барған қазақстандықтардың енді бірі – қазір Алматыда тұратын Берік Садықов. Оны Чернобыльге 1989 жылы әскер қатарында жүргенде апарған.
- АЭС-тің жарылған төртінші бөлігін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылардың станцияға кіріп-шығуын қадағалап тұрдық. 10 айдан кейін станцияны жауып, бізді Новосибирскіге жіберді, – дейді ол.
Берік Садықов үшінші топтағы мүгедектігіне байланысты зейнетке шығып, қазір айына 40 мың шамасында ақша алатынын айтады.
- Мүгедек екендігімізді дәлелдеу үшін жыл сайын медициналық тексеруден өтеміз. Қазір жұмыссызбын. Тіпті көлік жүргізуге де жарамаймын, – дейді ол.
Чернобыль ардагерлері ұйымының жетекшісі Рахым Зайытбекұлының айтуынша, апатты залалсыздандыру жұмысына Қазақстаннан 31 мың 743 адам барған.
- Оның ішінде Алматыдан 5 мың 118 адам аттанған екен. Қазір соның 350-інің ғана көзі тірі. Чернобыль апатынан зардап шегушілердің соғыс мүгедектеріне арналған госпиталда тегін емделуге, қаралуға мүмкіндіктері бар. Чернобыль апаты кесірінен болған мүгедектігі үшін ай сайын 35 мың теңге жәрдемақы алады, – дейді Рахым Зайытбекұлы.
1986 жылы сәуірдің 26-сында Чернобыль АЭС-індегі төрт ядролық реактордың бірі жарылып, аса ірі ядролық апат болды. Бұдан кейін АЭС-тен радиусы 30 километр аумақта халық басқа жерлерге көшірілген. Апаттан соң Украинаның ауқымды жері және Ресейдің Брянск пен Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адамдар өміріне қауіп төнді. Апаттан кейін СССР-дің әр аймағынан 600 мыңдай адам – қарапайым азаматтар, резервистер мен әскери қызметкер жинап, оларды апаттың зардабын жоюға апарған.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: Чернобыль инженерлері. 30 жылдан соң: