Қытайды Еуропамен жалғайтын "Қорғас" құрлық порты әлемдік саудаға ықпал ете ала ма?

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы "Қорғас" құрлық порты. Желтоқсан, 2017 жыл.

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы түз далаға Қытай тауарларын Еуропа, Ресей және Орталық Азияға экспорттайтын орасан үлкен құрлық порты салынды. Болжам бойынша, "Жаңа Жібек жолы" жобасы жүк жеткізуді бірнеше есе тездетуі тиіс. Скептиктер оны авантюралық жоба деп атап, ол өзін өзі ақтамауы мүмкін деп санайды.

Шекара бойындағы бұл жол – постсоветтік кеңістікте ашылған арнайы экономикалық аймақ. Қытай өз территориясы жағынан қала салып тастаған. Ал қазақстандық жоба коррупциялық жанжалдар мен құрылыстың созылып кетуі кесірінен кешеуілдеп тұр.

"Қорғас" құрлық порты туралы видеосюжет (орысша):

"Қорғас" – Орталық Азиядағы ең ірі құрлық порты. Қазақстанның Қытаймен шекарасына жақын маңға салынған ол ең жақын деген қаладан жүздеген километр қашықта орналасқан.

Кейбіреулердің пікірінше, ол әлемдік саудадағы жағдайды түбегейлі өзгертуі тиіс. Ал енді біреулер оны соқыр тәуекелмен іске қосылған аса үлкен авантюралық жобаға балайды.

Жобаның мақсаты – шығыстан батысқа жаңа сауда жолын салып, компьютерлер тәрізді тауарларды Қытайдан құрлық жолы арқылы Еуропаға тезірек жеткізу.

"Қорғас" құрлық портының директоры Жасұлан Хамзин "Бұл жер түз дала болатын. Ал қазір шөл даладағы оазиске ұқсайды" дейді.

ЖОЛ ҚЫСҚАРАДЫ

Қытайдан тартылған тар табанды темір жол осы құрлық портында кең табанды жолға түйіседі. Жүк тиелген пойыз Совет одағының бұрынғы территорияларын кесіп өтеді. Крандар Қытайдан келетін пойыздағы жүк контейнерлерін түсіріп, қазақстандық пойыздарға тиейді.

Бұрын теңіз арқылы жүк 50-60 күнде жеткізілетін, ал қазір Қазақстан арқылы транзитпен 14 күнде жеткізіледі

"Тәулігіне 5-6 пойыздың жүгін түсіріп, контейнерлерді қайта тиейміз. Болашақта тәулігіне оннан көп пойызға жүк артуды жоспарлап отырмыз. Бұрын теңіз арқылы жүк 50-60 күнде жеткізілетін, ал қазір Қазақстан арқылы транзитпен 14 күнде жеткізіледі" дейді Хамзин.

"Қорғас" – Қытайдың "Жібек жолы экономикалық белдеуі" жобасының маңызды буыны.

Қазір Қытай экспортының көп бөлігі теңіз жолы арқылы тасымалданады. Ал жаңа маршрут Еуропа мен Ресейге дейінгі жолды қысқартуға мүмкіндік береді әрі Орталық Азия базарларына тауар жеткізудің арзандау жолына айналады.

ЖҮК ЖЕТЕ МЕ?

Бірақ кей сарапшылар жаңа маршруттың экономикалық тиімділігіне күмән келтіреді.

"Ауыр әрі көлемі көп жүкті теңіз арқылы тасу әлдеқайда арзанға түседі. Ал құнды әрі салмағы онша ауыр емес тауарларды әуе жолы арқылы жеткізуге болады. Бірақ коммерциялық тұрғыдан алғанда, аса құнды да, аса арзан да емес үлкен жүкті темір жолмен тасу біршама ұтымдырақ болады. Бірақ олардың көлемі жаңа темір жол тартып, жаңа пойыз, вагондар сатып алуға жұмсалған ақшаны ақтай ма деген сұрақ туады" дейді "Қытайдың азиялық арманы" кітабының авторы Том Миллер.

"Қорғас" кеден бекетінің Қытай жағы. 18 ақпан 2013 жыл

Құрлық портында жұмыс істеу үшін адамдар Қазақстанның түкпір-түкпірінен барып жатыр. Мұрат Жолдасов елдің солтүстік-шығысынан барған.

"Әуелгіде үйрене алмай, біраз қиын болды. Біздің жаққа қарағанда, ауа райы да өзгеше екен. Мына жақта күн жылы. Ал бізде суық қой – күнде боран, жел. Бұл жаққа алғаш келген кезде тіпті климатына үйрене алмай ауырып қалдым" дейді ол.

НҰРКЕНТТЕ БАСПАНА ТЕГІН, БІРАҚ АҚША ЖЕТПЕЙДІ

Қазір Мұрат порт жұмысшыларына арнап салынған әрі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұркент деп аталған қалада тұрады. Қала көшелері президенттің портреттерімен безендірілген. Шалғайдағы аймаққа адамдарды тарту үшін баспананы тегін береді.

Жоспар бойынша Нұркентте 100 мың адам тұрады деп болжанған, бірақ әзірше ол жаққа көшіп барған адам саны үш мыңдай ғана.

Қытаймен шекарадағы "Қорғас" кеден бекеті. Алматы облысы, 20 наурыз 2014 жыл.

2016 жылы порт арқылы 25 мыңнан аса жүк контейнері, ал 2017 жылы – екі еседей көп өткен.

Қазір өсімді көбінесе Қытай бөліп жатқан субсидия есебінен қамтамасыз етіп тұр. Бірақ келешекте бөлінетін субсидия көлемі қысқаруы мүмкін, сондықтан темір жол транзитінің бәсекелестікке төтеп беруі қиындайтын тәрізді. Тағы бір түйткілді мәселе – құйылып жатқан инвестициялар өзін өзі ақтай ала ма деген сұрақ. Экономистерді көбі "онша ақтамайды, өйткені жобаның толық көлемде іске асуы екіталай" деп санайды. Сондықтан жобаға салынған ақшаның болмашы бөлігі ғана кіріс түрінде қайтуы мүмкін.

Презентацияларда Қазақстанның бұл аймағын жаңа Дубай деп атайды. Бұл әзірше арман ғана, бірақ "жаңа Жібек жолының" құрылысы қарқынды жүргізіліп, аймақ біртіндеп өзгеріп барады.

("Осы шақ" материалын әзірлеуге Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлы қатысты.)