Accessibility links

Қорғас кеденінен жүк өткізу машақаты


Қорғас кеден бекетіндегі жүк өткізу машақат. Сурет Серік Суатаевтан алынды.
Қорғас кеден бекетіндегі жүк өткізу машақат. Сурет Серік Суатаевтан алынды.

Азаттыққа Алматы тұрғыны хабарласып, «Қорғас» кеден бекетіндегі заңсыздықтарға шағымданған еді. Ал кеден мен жеке тұлғалардың тауар тасымалын іске асыратын «Қазпочта» өкілдері «бәрі заң аясында» дейді.

Алматы қаласының Серік Суатаев атты тұрғыны маусым айының басында «Қорғас» кеден бекетіне (Қазақстан мен Қытай шекарасы – ред.) барғанын, «шекараның арғы бетінен тауар алып өтетін азаматтардың жапа шегіп жатқанын» айтып, Азаттық тілшісіне хабарласқан еді.

«АҚШАСЫНА КЕЛІССЕҢ, ТАУАРЫҢДЫ ШЫҒАРЫП БЕРЕМІН»

Серік Суатаев «Қорғас» кеден бекетіне бұдан бұрын да барып тұратынын айтады.

- Бұдан алдын екі рет бардым. Ол кезде де тексеру қатаң болатын. Бірақ бәрі заң аясында еді. Бұл жолы заңның белшеден басылып, қарапайым адамдардың құқығының тапталып жатқанын көрдім,- деп бастады ол сөзін.

Оның айтуынша, «құжат тексеру жұмысы кеденге жетпей-ақ ОМОН қызметкерлерінің (кеден аумағын күзететін арнайы жасақ – ред.) араласуымен сыртта жүргізіліп жатыр». Бұдан ары Серік Суатаев кеден бекеті аумағында жүретін, кеден қызметкерлері тауарларын өткізбей қойған азаматтардың жүгін «ақшаға шығарып беретін» «көлденең адамдар» туралы айтты.

- Өйтіп-бүйтіп шекараның арғы бетіне өттік. Кері қайтқанда тауарымызды «Қазпочта» арқылы өткізетінімізді естідік. Онда да тауардың әр килограмына 50 теңгеден төлеуге, арғы беттен сатып алған заттарымызды енді «Қазпочтадан» сатып алуға тиіс екенбіз. Оған да көнген едік. Бірақ заңсыздықтың көкесін сол «Қазпочтадан» көрдік. Тауарымызды бермей, бес сағат қаңтарып қойды. Кейін бір жігіт келіп, егер ақшасына келіссем жүгімді шекарадан шығарып беретінін, ақшаны өзі емес кеден қызметкерлерінің сұрап жатқанын айтып, форма киген бір жігітті көрсетті, - дейді ол.

Серік Суатаевтың сөзіне қарағанда, «шекарадан біркелкі тауардан екі данадан артық алып өтуге де болмайды».

- Үш балам бар. Сонда, үшеуіне не үшін бірдей етіп алмауым керек?! - дейді ол ашуланып.

Қорғас кеден бекетіндегі жүк өткізу кезегі. Видео Серік Суатаевтан алынды:

Қорғас кеден бекетіндегі жүк өткізу кезегі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:49 0:00

КЕДЕН МЕН «ҚАЗПОЧТАНЫҢ» ЖАУАБЫ

Азаттық тілшісі Серік Суатаевтың айтқандары бойынша «Қорғас» кеден бекетіне хабарласқан еді. Телефон тұтқасын көтерген бекет қызметкері (аты-жөнін айтудан бас тартты – ред.):

- Бәрі заң аясында жүріп жатыр. Ешқандай заңсыздық жоқ. Ал тауарларды тасымалдауды «Қазпочта» мойнына алған. Қалған сауалдарыңызды «Қазпочтаға» қойыңыз, - деп қысқа қайырды.

«Қазпочта» АҚ-ның баспасөз қызметінің өкілі Азаттық тілшісіне «ірі габаритті тауарларды өткізу үшін жүктің әр килограмына 50 теңге тариф бекітілгенін» растады. Оның айтуынша, біркелкі екі тауардан артық зат өткізбеу талабы «Қазпочтада» жоқ, мекеме жүктің салмағын ғана өлшейді.

«Қазпочтаның» Азаттыққа кейіннен берген жазбаша жауабында «Қазіргі уақытта жеке тұлғалардың тауарларын «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығынан №1 «Тексеру-өткізу бөлімшесі» кешеніне дейін тасымалдау қызметін «Қазпочта» жүзеге асырады. Сондықтан, «Қазпочта» АҚ басқармасы шешімімен үздіксіз қызмет көрсету үдерісін қамтамасыз ету мақсатында ірі габаритті пошта жөнелтілімдерін қабылдау, сұрыптау, тасымалдау және тапсыру сияқты қызметтері үшін тауарлардың әр килограмына 50 теңге тарифі бекітілген» деп жазылған.

«Қазпочтаның» жауабында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығынан №1 «Тексеру-өткізу бөлімшесі» кешеніне дейін жеке тұлғалардың тауарларын тасымалдаушы болып «Қазпочтаның» қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің шешімі бойынша бекітілгені» жазылған.

Қазақ-қырғыз шекарасы. Қордай кедені. Жамбыл облысы, 16 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет).
Қазақ-қырғыз шекарасы. Қордай кедені. Жамбыл облысы, 16 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет).

Қазақстанда кеден бекеттеріндегі заңсыз «алым-салық» мәселесі жиі көтеріледі. Осы айда Азаттық Қырғызстанмен арадағы шекарада орналасқан Қордай кеден бекетіндегі тауар тасымалына кедергілер туралы мақала жариялаған еді. Азаттыққа сұхбат берген кәсіпкер Гүлмира Жарқынбекова да біркелкі тауарды екеуден артық алған жағдайда «тексермес үшін әр сөмкеге бес жүз, мың теңге береміз» деген болатын.

Ал Ал Қордай кеден бекеті бастығының орынбасары (аты-жөнін айтудан бас тартты) «Қаржы министрлігі қаулысы бойынша жеке тұлғаларға кеден бекетінен бір затты екі данадан артық алып өтуге болмайды. Мысалы, үш көйлек алса, коммерциялық мақсаттағы зат ретінде рәсімделеді немесе кері қайтарылды» деген уәж айтқан.

2014 жылы сәуірде «Қорғас ісі» бойынша 45 адам әртүрлі мерзімге сотталған. Олардың көпшілігі кеден қызметі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аймақтық органдарында жоғары қызметтер атқарған. Сот қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы контрабандалық жолмен Қытайдан Қазақстанға заңсыз тауар тасып, қылмыс жасаған деп тапқан еді.

XS
SM
MD
LG