Қазақстанда қытай тіліне сұраныс артып келеді

Алматы-Қапшағай жолының бойында мұнай құбырын салып жатқан қытайлық компания. 9 шілде 2008 жыл

Әлеуметтік сауалнамаға жауап берген қазақстандықтардың көпшілігі Қытаймен қарым-қатынас жасауға оң қарайды. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Астана мен Пекин арасындағы тауар айналымы 2016 жылы 40 миллиард АҚШ долларына жетеді деп болжайды.
Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің студенті София Каминская қытай тілін үйрену үшін Алматыдағы Конфуций орталығына барып жүр. Мұнда тілді Қытайдан келген мамандардың өздері үйретеді.

ТАНЫМАЛ ТІЛ

Софияның айтуынша, қытай тілі қазір жастар арасында өте танымал, нарықта оған сұраныс та көп.

- Мен басында жапон тілін меңгерейін деп ойлағам. Бірақ оған көріп тұрғанымыздай қазір сұраныс болмай қалды. Жабық мемлекет. Бармағаныма да құдайға шүкір деймін. Оны меңгерген жастар қазір екінші диплом алуға ұмтылып жатыр. Ал қытай тіліне қазір сұраныс көп. Бірақ мен сәл кешігіп те қалған шығармын. Себебі осыдан біраз жыл бұрын қытай тілін білетін адамдар өте аз болатын. Қытай тілін көп адам біле бермейтін. Ал қазір бұл тілді білу қалыпты болып есептеледі, - деді София Каминская.

София Каминская, ҚазҰУ шығыстану факультетінің студенті


Үшінші курста оқып жүрген бойжеткен қытай тілін меңгерген жастардың жұмысты еш қиындықсыз тауып жатқанын айтады. «Әдетте 4-ші курста-ақ олар қытай компанияларында істей бастайды. Факультетте қытай тілінің аудармашысы керек деген сияқты хабарландырулар ілініп тұрады» деді ол. Оның айтуынша, қазір мектеп бітірген түлектер арасында да Қытайға барып, білім алу «сәнге айналған».

УНИВЕРСИТЕТТЕРДЕГІ ҚЫТАЙТАНУ

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда тұңғыш рет 1989 жылы Қазақ ұлттық университетінде қытай тілі кафедрасы ашылса, қазіргі кезде қытай тілі факультеті Қазақстанның көптеген оқу орындарында бар. Елде 2007 жылы әлемдік Конфуций институттар желісінің бөлімі ашылды. Қазір оның төрт қалада (Алматы, Астана, Ақтөбе, Қарағанды) кеңсесі бар. Қытай тілін үйрететін курстардан бөлек, тұтастай институт, колледждер де бар. Бірақ олардың саны туралы нақты дерек жоқ.

Сондай оқу орындарының бірі – Алматыда 2007 жылы ашылған Халықаралық қазақ-қытай тіл академиясы. Мұнда дизайн, туризм, аударма ісі сияқты - бар жиыны алты мамандықтан бөлек, шәкірттерге қытай тілі де үйретіледі. Академияның президенті Талғат Мамырұлы: «оқу орны көп жағдайда Қытайда, жалпы шетелде білім алғысы келетін жастардың оқуға түсуінде баспалдақ болып отыр» деп санайды. Оның айтуынша, 2008 жылы академияда 100-ге тарта студент оқыса, қазір олардың саны 300-ге жеткен.

Талғат Мамырұлы, халықаралық қазақ-қытай тілі академиясының президенті. Сурет жеке мұрағаттан алынған.


- Жастар арасында қытай тілін үйренушілер көп. Оның ішінде тек тілді үйрену үшін ғана емес, Қазақстанға керек мамандықтарды, әртүрлі техникалық ғылым салалары бойынша үйренуге, бакалавриат бағдарламасына түсуге, магистратураға түсуге қызығушылық танытып жатқандар көп. Бұл кәсіби-техникалық білім берудегі отандық оқу орны болып саналады, - деді Талғат Мамырұлы.

Оның айтуынша, мысалы академияны тігінші мамандығы бойынша бітірген маман қытай тілін де үйреніп, екі ел арасындағы осы саланы дамытуға үлес қоса алады.

- Қытайда тігін өндірісі өте-мөте дамыған. Қазір халықаралық деңгейде әлемдегі ірі киім өндірісі компанияларының негізгі өндірістік базасы Қытайда екені белгілі. Біріншіден, бұл Қытайдың сыртқы саясатына байланысты, екіншіден Қытайдағы арзан еңбек күшіне байланысты. Сондықтан бұл мамандар оларда жеткен жетістіктің белгілі бір тәжірибелерін біздің еліміздің осы саласын дамытуға болашақта қызмет атқаратын болады, - деді ол.

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫТАЙ НАРЫҒЫНА АРНАЛҒАН КОЛ-ЦЕНТР»

Сәуір айында ақпараттық коммуникация саласындағы ірі корпорациялардың бірі, жапониялық TransCosmos компаниясы Қазақстанда қытайлық нарыққа қызмет көрсету мақсатында елдегі 200 оралманды жұмысқа тарта отырып, кол-центр (call centre, яғни тұтынушыларға телефон арқылы қызмет көрсету орталығы – ред.) ашу туралы жергілікті ұлттық компанияларға ұсыныс айтты. Бұл туралы сәуір айында экспорт және инвестициялар бойынша «Kaznex Invest» ұлттық агенттігі хабарлады.

Агенттіктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада «Қазақстан жағы электрондық сауда саласында және ақпараттық-коммуникация технологиясын дамыту ісінде әріптестік орнату туралы меморандумға қол қою туралы ұсыныс айтты» деп жазылған.

Мамыр айының соңында Астанада өткен экономикалық форумда TransCosmos пен «Қазақтелеком» ІТ-қызмет көрсету саласында келісімге қол қойғаны белгілі болды.

9-шы Қытай тауарларының көрмесінде кездесіп тұрған Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлері. Атакент, Алматы, 18 мамыр 2011 жыл


Мамандар қоғамда қытай тіліне деген сұраныстың арту себебін екі ел арасында жан-жақты байланыстардың қарқынды түрде дамуынан көреді. Олардың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасында қарым-қатынас енді одан сайын күшеймесе, әлсіремейді.

Қазақстандағы саяси шешімдер институты жақында жариялаған зерттеу бойынша сауалнамаға жауап берген қазақстандықтардың 56,3 пайызы Қытаймен қандай да бір байланыс түрін қолдайтын болып шықты. Респонденттердің 27,7 пайызы қазақ-қытай байланысын жандандыруға қарсы. Ал 16 пайызы бұл сұраққа жауап беруге қиналған.

Мамыр айында Қазақстанның сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов екі ел арасындағы тауар айналымы 25 миллиард АҚШ долларына (Ресеймен деңгейлес) жеткенін хабарлап, 2016 жылға қарай 40 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырғанын мәлімдеген.