Донбастағы соғысқа қатысы үшін сотталғандар

Украинаның Краматорск қаласы маңындағы ресейшіл сепаратистер. 5 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін Қазақстанның тағы бір азаматы сотталды. Ресейшіл сепаратистер жағында соғысқа қатысқан қазақстандықтардың ұсталғаны жайлы бірлі-жарым деректер олардың сотталғаны туралы хабарға ұласады.

Өткен аптада Өскемен қалалық соты Глубокий ауданы Алтай кентінің 37 жастағы тұрғыны Иван Дубовскийді шет мемлекет территориясындағы қарулы қақтығысқа заңсыз қатысты деген айыппен үш жылға шартты жазаға кесті.

Іс материалдарына сәйкес, Қазақстан азаматы Иван Дубовский Украинаның оңтүстік-шығысындағы сепаратистер қатарында болып, жараланғандарға медициналық көмек көрсеткен. Сот дерегінше, 2014 жылдың жазында Дубовский Луганск түбіндегі шайқасқа қатысқан, бірақ «қарудан оқ атпаған». Оның жараланып, Донецкідегі госпитальға жіберілгені хабарланады. Емделгеннен кейін Өскемен қаласына оралған Дубовскийді ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері ұстаған.

Донецкіде атыстан бүлінген ғимарат жанында тұрған қарулы ресейшіл сепаратист 7 тамыз 2014 жыл.

Өскемен соты жариялаған үкімге қарағанда, Иван Дубовский содырларға қосылудың дәстүрлі жолын таңдаған: әуелі Украинадағы оқиғалар туралы кейбір БАҚ таратқан біржақты ақпаратқа ұйып, сенген; кейін «бүлікшілерге» қосылу идеясын ойластырған; бұдан кейін интернетте үгітшілермен танысып, Ресейдің Новосибирск қаласы арқылы Дондағы Ростов қаласына ұшып барған. Үкімде Дубовскийдің белгісіз база территориясында «тиісті әскери дайындықтан өтіп, 25-30 адамнан тұратын топпен бірге «Изварино» бақылау-өткізу бекеті тұсынан Ресей-Украина шекарасынан өткені» жазылған. Кейін оны жоғарыда аталған топ құрамында Украинаның Луганск облысының Краснодон қаласына жіберіп,Украина заңдарында қарастырылмаған, өздерін «жасақ» деп атайтын әскерилендірілген құрылымға мүше болып, алғашқы әскери даярлықтың тереңдетілген курсынан өткен.

Үкімде Иван Дубовскийдің ҰҚК қызметкерлері қолына әскери киім-кешек сияқты заттай айғақтармен түскені, енді олардың жойылатыны айтылған.

СЕПАРАТИСТЕРГЕ ҚОСЫЛҒАНДАР

Ресей Қырымды аннексиялап алған соң Украинаның оңтүстік-шығысын бақылауына алған ресейшіл сепаратистер жағында соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы бұған дейін де хабарлар тараған. Биыл сәуірдің аяғында Атырау қаласының 27 жастағы тұрғыны осындай айыппен – «шет мемлекеттегі қарулы қақтығысқа қатысқаны» үшін сотталған. Бірақ, Өскемен тұрғыны сияқты шартты жазаға емес, сот оны үш жыл түрмеге кескен.

Ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Горловканы тастап шыққандар мінген автокөліктер украиналық қауіпсіздік күштерінің тосқауыл бекетінде кезекте тұр. Донецк облысы, 28 шілде 2015 жыл.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, сот Атырау қаласының У.А. деген әлдебір тұрғыны Донецкіде алғашқы әскери даярлық курсынан өткенін әрі қарудан атқанын анықтаған. «Әскери даярлықтан кейін «ДХР» қарулы күштері басшыларының түрлі тапсырмаларын орындаған. «ЗУ-23С» және «Стрела-2» зымыран қондырғысын қолдануды үйреніп, қондырғыдан ұшқышсыз басқарылатын нысанға қарсы оқ атқан» деп хабарлайды Tengrinews сайты.

Жергілікті ақпараттық агенттіктердің хабарлауынша, биыл ақпанда Қостанайдың екі тұрғыны шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысты деген күдікке ілінген. «Теркин» және «Ниндзя» деген лақап есім алған екеуі Украинадағы ресейшіл сепаратистер жағында қарулы қақтығысқа қатысқан. Қазақстанға оралғаннан кейін оларды ұстаған, бірақ істің сотқа жеткен-жетпегені жөнінде әзірше белгісіз.

2014 жылдың желтоқсанында Астана қалалық соты Украинада ресейшіл сепаратистер жағында соғысқан Евгений Вдовенконы бес жылға соттаған. Ол кезде Евгений Вдовенко «айыбын мойындап, Украинадағы соғысқа қатысқанын растады» деп хабарланған. Ол «соғыста ешкімді өлтірген жоқпын» деп мәлімдеген.

ДОНБАСТАҒЫ ҚЫРҒЫЗСТАНДЫҚТАР

Биыл наурызда Азаттықтың Қырғыз қызметі ресейшіл сепаратистер жағында Украинадағы қарулы қақтығысқа ерікті түрде қатысқан Қырғызстан азаматынан алған сұхбатты жариялаған еді.

Украинадағы қарулы қақтығыстарға қатысқан Қырғызстан азаматы Азаттықтың Қырғыз редакциясының студиясында сұхбат беріп отыр. Наурыз, 2015 жыл.

Манас – 1990 жылдардың басында жоғары әскери-саяси училищені бітірген бұрынғы офицер. Сепаратистер жағында жарты жылдан сәл көбірек соғысып, елге оралуды жөн көрген. Ол Украинадағы жағдай туралы Ресейдің жалған хабарларынан көңілі қалғанын, ал Украина жағында соғысып жатқан «бандерашылар мен ұлтшылдар» туралы әңгімелер шындыққа жанаспайтынын айтқан.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, әлгі сұхбаттан кейін Манаспен байланыс үзіліп қалған. Ал қырғыз билігінен оны қылмыстық қудалау туралы ресми хабар түскен жоқ.

Манастың сұхбатынан бір айдан сәл астам уақыт өткен соң ресейшіл сепаратистер интернетте әскери киімдегі ер адамның өзі туралы айтқан видеороликті жариялады. Ол видеожазбада өзін Нұрлан деп атап, «Қырғызстаннан», лақап есімі – «қырғыз» екенін айтқан.

Украинадағы Қырғызстан елшісі Ұлықбек Чиналиев.

Бірақ биыл шілдеде Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында Украинадағы Қырғызстан елшісі Ұлықбек Чиналиев «менің дерегімше, Украинада соғыс жүріп жатқан аймақтарда Қырғызстан азаматтары жоқ» деп мәлімдеген.

Қырғызстандық кейбір саясаткерлер «Украинадағы соғысқа қырғызстандықтардың қатысу фактілеріне ресми Бішкек тиісті мән бермейді және мұны қауіпсіздікке қатер деп ойламайды» деп санайды. Саясаткер Қайып Шер бірқатар ұйымдар Украинадағы ресейшіл сепаратистер жағында соғысуға қырғызстандықтарды жасырын үгіттейді деп мәлімдеген. Украинада қақтығыс басталғаннан кейін көп ұзамай Қазақстанда сепаратизм мен заңсыз қарулы топтарға қатысуға шақырғаны үшін жаза күшейтілген. Сарапшылар мұны Ресей ұлтшылдары Солтүстік Қазақстанды Украинаның Қырымы сияқты тартып алуға шақырған соң ресми Астананың алаңдауы күшеюімен байланыстырған.

Ал жергілікті ақпарат құралдарында Қазақстан мен Қырғызстанды паналаған украиналық босқындар туралы хабарлар да ұшырасып қалады. Украинадағы қарулы қақтығыстың осындай да қырлары бар.